Аймақтар • 26 Маусым, 2021

ШҚО-ның бірқатар ауылдарында ірі қара қырылуда

185 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданына қарасты бірнеше елді мекенде орналасқан шаруа қожалық иелері ірі қараның қырылуына алаңдаулы, деп хабарлайды Egemen.kz.

ШҚО-ның бірқатар ауылдарында ірі қара қырылуда

Жергілікті фермерлердің сөзінше, бұл жағдай сәуір айының соңына қарай басталған. Шілікті, Жалши, Қарасай ауылдарында мал шығыны едәуір.

«Менде 150 бастан астам қозы қырылды. Ауылда ірі қара да өліп жатыр. Ауру белгілері: ұсақ мал алдыңғы екі тізесінен кібіртіктеп ақсайды. Ауыз және мұрын қуыстарының шырышты қабаттары жараланып, тынысы тарылады. Кейін ыстығы көтеріліп өледі», дейді «Нұр­дәулет» шаруа қожалығының иесі Айболат Лекеров.

Облыстағы ветеринарлар алғашында қозы мен бұзау қыстан көтерем шыққандықтан аштан өліп жатқанын айтқан еді.

«Ешқандай жұқпалы ауру жоқ. Ауылдық округтегі барлық мал қыстан көтерем шыққан. 25-28 сәуір аралығында күн суытып, жауын жауды. Осыған байланысты иммунитеттері әлсіреген мал қолайсыз ауа райы салдарынан өліп жатыр», деген болатын сол кезде ШҚО Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ертай Батхолдин.

Қазіргі уақытта сараптама нәтижесі де шығып қойған. Қорытындысына сүйенсек, малдың «анаэробты интер таксин» деген инфекциядан өлгені анықталып отыр. Алайда мал иелері әлі күнге дейін не себепті карантин жарияланбағанын түсінбейтіндіктерін айтуда. Айболат Лекеровтің сөзінше, жергілікті билік мал шығынын азайтып көрсеткісі келеді.

«Өткен аптадан бастап ірі қараның да ауру жұқтыру фактілері тіркелген. Қазіргі уақытта ветеринарлар осыған байланысты тиісті шараларды қабылдауда. Алайда біздің мамандар ірі қараның қырылу фактісін көрген жоқ», дейді ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Шығыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Кадес Шелекенов.