Мәселен, BBC агенттігінің хабарлауынша, БҰҰ-ның Ауғанстандағы арнайы өкілі Талибан содырлары шетелдік сарбаздар шығарыла бастағалы бері шабуылды күшейтіп, Ауғанстанның ондаған ауданын басып алғанын айтып дабыл қақты.
БҰҰ-ның арнайы өкілі Дебора Лион Қауіпсіздік Кеңесінде өткен жиында Талибан мамыр айынан бастап 370 ауданның 50-ден астамын алғанын ескертіп, елдегі ахуалдың күрделене түскенін жеткізді. Оның айтуынша, қақтығыстың көбеюі алыс және жақын мемлекеттерге де қауіп төндіруі мүмкін.
Дебора ханымның алаңдауы бекер емес. Таяуда Талибан содырлары Ауғанстанның Құндыз провинциясындағы Шерхон-Бандар шекара комиссариатына шабуыл жасап, басып алған. Қарулы қақтығыстан шегінген Ауғанстан үкіметінің сарбаздары көршілес Тәжікстан аумағына өтіп кеткен.
Мұны Тәжікстан ұлттық қауіпсіздік қызметі де растады. Соған сәйкес, 22 маусымда Ауғанстан үкіметі әскеріне қарасты 134 шекарашы Тәжікстан аумағына «Пяндж» шекара жасағының 3-ші және 4-ші заставалары арқылы шегінген.
«Тәжікстан шекарашылары гуманизм мен тату көршілік принциптерін басшылыққа ала отырып, мемлекеттік шекарадан өткен ауған сарбаздарына Тәжікстан аумағына кедергісіз кіруге рұқсат берді. Ауғанстан әскери қызметшілерінің арасында 4 адам жараланып, 1 адам қаза тапты», делінген Тәжікстан ұлттық қауіпсіздік қызметі таратқан мәлімдемеде.
Сондай-ақ Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі Ауғанстанның әскери тобының шекараны заңсыз кесіп өткені туралы мәлімдеме жасады. «2021 жылғы 23 маусымда Ауғанстан шекара әскерлерінің 53 әскери қызметкері мен жергілікті жасақ жауынгерлері Шортеп уезі маңынан Өзбекстан аумағына өтті. Қажетті анықтау рәсімдері мен тергеу іс-әрекеттері жүргізілгеннен кейін аталған ауған азаматтары кері қайтарылды. Өзбекстан аумағына заңсыз кіруге шектеу қойылып, шекараны бұзушыларға қатысты қатаң шаралар қабылданады», делінген хабарламада.
Осы оқиға қарсаңында Ауғанстан президенті Ашраф Ғани мен АҚШ президенті Джо Байден кездесіп, елдегі ахуалды талқылады. Ақ үй басшысы ауғандықтар өз болашағын анықтауы қажет екенін айтқан. Әйтсе де, Байден АҚШ пен НАТО әскери күштері 11 қыркүйекте жауынгерлерін елден шығарғанымен, қолдау көрсете беретінін жеткізді.
Сонымен қатар АҚШ пен Ауғанстан арасындағы серіктестік жалғаса беретінін де атап өтті. «Әскеріміз шығуы мүмкін, бірақ Ауғанстанға қолдау аяқталмайды», деді Байден.
Өз кезегінде Ашраф Ғани АҚШ-тың сарбаздарын шығару туралы тарихи шешімді қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ ол Ауғанстан қауіпсіздік күштері жақында Талибан басып алған алты ауданды қайтарып алғанын мәлімдеді.
Ауғанстандағы ахуалдың бұлай өрбуінің негізгі себебі – АҚШ пен НАТО сарбаздарының ел аумағынан шығарылуы. Естеріңізде болса, АҚШ Талибан ұйымымен келісім жасасқан. Аталған құжатқа сәйкес, америкалық сарбаздар Ауғанстан аумағынан шығарылуы тиіс, ал Талибан қозғалысы аймақтың тұрақтылығы мен бейбітшілігін қорғауды мойнына алмақ. Дегенмен, бұл келісімнің шикі тұсы көп екенін бұған дейін де жазған едік.
Мәселен, АҚШ-ты террористерден мұхит асып келген сарбаздар емес, тікелей Талибан ұйымы қорғамақ. Бұл қадам экономикалық тұрғыдан АҚШ үшін тиімді. Өйткені ауған жерінде әскери база ұстау арзан емес. Бұдан бөлек, түрлі жағдайда қаза табатын сарбаздарды, Ауғанстандағы соғысты сынайтын америкалықтарды қосыңыз. Осының бәрі Ақ үй қожайынының мойнына артылған ауыр жүк болмақ.
Ендігі жерде АҚШ аталған жауапкершіліктің бәрінен құтылады. Әйтсе де, мұндай қадам осыған дейін атқарылған жұмысты бәске тігумен тең. АҚШ өзіне алған міндетін орындауға қаншалықты ықылас танытса, Талибан ұйымы соншалықты өз міндетін орындауға ынта білдірмеуі әбден мүмкін.
Талибан кез келген террористік топтың Ауғанстанда бас көтеруіне тосқауыл жасауы тиіс. Бірақ «Өзі жоқтың көзі жоқ» демекші, Талибан америкалықтар жоқта қалай әрекет етпек? Кімді террорист деп санайды? АҚШ пен оның жақтастарына қауіп төндіретін топтарды қалай анықтайды? АҚШ пен Талибанның түсінігіндегі «террористік топ пен террорист» ұғымдары сай келе ме? Сұрақ көп, жауап жоқ.
Мәселен, «Әл-Каида» тобына Талибан қозғалысы жетекшілік ететіні талай мәрте айтылды. Ұйым басшылығы мұны жоққа шығарған. Кейіннен, тіпті талибандардың өкілі 2001 жылғы
11 қыркүйектегі террористік шабуылға «Әл-Каида» жауапты емес деген әңгіме айтып қалды.
Сонымен қатар БҰҰ тарапы да Ауғанстандағы бірқатар топты экстремистік және террористік деп таныған. Талибан қозғалысы олардың біразымен әлі күнге дейін әріптес. Ендігі жерде ұйым аталған топтармен байланысын үзе ме, әлде жалғастыра бере ме?
Сондай-ақ АҚШ әскерінің шығарылуына байланысты Ауғанстандағы америкалық барлау қызметінің мүмкіндігі де шектеледі. Яғни Талибанның әрекетін бақылап отыру да қиындай түспек.
Бұған дейін АҚШ әскерінің Ауғанстаннан шығарылғаннан кейін әрекетін бақылайтын «үлкен ағаның» жоқтығын пайдаланып, Талибан да емін-еркін іс-қимылдарға баруы мүмкін екені айтылған. Көп ұзамай-ақ бұл сөздің растығына көз жеткізіп отырмыз. Кейінгі кезде Ауғанстандағы үкімет пен Талибан арасындағы қақтығыстың артуы соны айғақтайды.
Өткен аптада Wall Street Journal газеті АҚШ-тың барлау қызметінің зерттеуінде Ауғанстан билігінің ақыры таяп қалғаны айтылғанын хабарлады. Басылымның мәліметіне сай, бұған дейін барлау қызметі Ашраф Ғани америкалық сарбаздар шығарылғаннан кейін 2 жыл билікте отыратынына сенімді болған. Алайда кейінгі оқиғаларды зерделей келе, алты айдың ішінде Ауғанстан астан-кестен болуы мүмкін деген болжам жасап отыр.
Талибандардың белсене түскеніне жергілікті халық наразы. Солтүстік аймақтарға жасалған шабуылдардан кейін тұрғындар қолына қару ала бастады. Al Jazeera агенттігінің хабарлауынша, Кабулда еріктілер әскерилерге келіп қосыла бастаған. Дегенмен, кей сарапшылар бұл әрекеттен ештеңе шықпауы мүмкін дейді. Өйткені Ауғанстан үкіметінің сарбаздары, полиция қызметкерлері мен шекарашылар қорғауы тиіс нысандарды беріп қойған. Мұндай жағдайда арнайы дайындықтан өтпеген еріктілерден келетін қайран бар ма?
Қорыта айтқанда, АҚШ сарбаздарының шығарылуымен Ауғанстандағы ахуал күрделенбесе, жақсарған жоқ. Талибан осындай ұрымтал сәтті пайдаланып, өз әлеуетін күшейтіп алуды көздейді. Тіпті билікті басып алудан да үмітті. Әлбетте, ондағы оқиғаның көршілес елдерге де әсері болатыны анық.