Сұхбат • 27 Маусым, 2021

Герд ЛЮДВИГ: Қазақ халқының болмысы ғажап

1122 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Герд Людвигті National Geographic журналының корифей фотожурналисі десек, қателеспейміз. Германияның Альсфельд кентінде дүниеге келген ол 1990 жылдары National Geographic-ке қыз­мет­ке тұрып, қоршаған орта, әлеуметтік мәселелерді объектив нысанасына алады.

Герд ЛЮДВИГ: Қазақ халқының болмысы ғажап

Людвиг ұзақ уақыт бойы бұрынғы Кеңес Одағы елдерінен фоторепортаждар жасап, оқырман ықыласына бөленді. Оның жинаған құнды фотодеректері 2001 жылы National Geographic журналы тарапынан кітап болып басылып шықты. Сондай-ақ Герд  Чернобыль қаласынан да тұшымды репортаж жасаға­нын бүкіл әлем біледі. 2011 жылы Герд Людвиг елордамызға арнайы ат басын тіреп, қаладағы әсем ғимараттарды суретке түсірді. Кейінірек оның фотолары National Geographic журналы Tomorrowland, яғни «Келешектің мекені» тақырыбымен жарияланды. Он жылдан кейін Герд Людвиг Қазақстанға қайта келді дегенді естіген соң сұхбат алып қалуға тырыстық. Әр қадамын жоспарлап қоятын фотографты «қолға түсіру» қиынға соқты. Бірнеше күнге созылған талпыныстан соң жұма күні таңертең жүздесудің сәті түсті.

Герд мырза, Қазақстан­ға бірнеше мәрте келген екен­сіз. Осы сапарларыңыз туралы айтып берсеңіз?

– Мен алғаш Қазақстанға 1991 жылы келдім. Ол кезең КСРО құ­рамында болған мемлекеттер кеңес жүйесінің кемшілігі мен Ба­тыстың капиталистік ұста­ны­мы­ның зиянын тартып жатқан шақ еді. Бүкіл елге оңай болған жоқ.

Осы сәттен мәлімет тарату үшін National Geographic журналы A broken Empire (Құлаған империя – А.А.) деген мақала жа­риялады. Онда біз Ресейге, Қа­зақ­станға, Украинаға назар аудар­дық. Себебі олар ең үлкен мем­лекеттер ғана емес, әрқайсысы дамудың түрлі сатысында бола­тын. Қазақстанға келгенімде Алма­тыдан бастап, Павлодар, Қа­рағанды, Өскемен, Шымкент, Тараз қалаларын араладық. Тіпті алыс елді мекендерге де бардық. Бір­ақ ол кезде Ақмолаға соқпаған екенмін.

Кейінірек журналға Soviet pollution (Кеңестік ластану – А.А.) деп аталатын жинаққа фото түсіру үшін қайта келдім. Сөйтіп, Кеңес Одағы құрамында болған, бірақ көп зардап шеккен аймақтарды араладым. Әзербайжан секілді басқа елдерге де бардық. Қазақ­станға келгенде Семейге барып, полигонды суретке түсірдім. Кур­чатов қаласында болдық.

Қазақстанға бұдан кейін 2011 жылы тағы оралдым. National Geographic журналына өзім ұсы­ныс жасап, заманауи Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласы туралы фотомақала жарияладым.

Елордамыз содан бері қан­шалық­ты өзгерген?

– Содан бері қала көп өзгеріп­ті. Ха­лық саны көбейген. Алғаш келгенде бос жатқан жерлерге салынған әде­мі ғимараттарға куә болсам, бүгінде ша­һардың өн бо­­йына қан жүгірген. Кө­шелер са­маладай жарық, саябақтарда қы­дырған тұрғындар көп. Жаңа ғимараттар салынған. Бірақ өз­гермеген бір нәрсе бар. Қазақ хал­­­қының болмысы ғажап. Келе­шек­те де бұл өз­гермейді деп үміт­тенемін.

Қазақ халқының менталитеті көңілімнен шықты. Өте толе­рант­ты, мейірімді қоғам екені айқын аңғарылады. Түртпектеу мен агрессия көргенім жоқ. Адам­дардың болмысы шы­ны­мен де жұмсақ, жайбарақат және шы­дам­ды көрінеді. Мұның еш­қа­шан өзгермейтініне үмітім мол.

 Нұр-Сұлтан қаласының тағы бір ерекшелігі – қала негізгі жос­парға сай дамып келеді. Мен бұған дейін басқа да үлкен-үлкен қалаларға барғанмын. Ол жақтан мұндай ерекшелікті байқау қиын. Мысалы, Мәскеу жылдан-жылға үлкейіп келеді. Бірақ шаһар да­муы­­ның нақты жоспары байқал­майды. Ал елорда дамуы бас жос­парға сай жүргізіліп жат­қаны анық байқалады. Келе­шек­те де ша­һардың көркеюі осы қал­пынан таймайды деп үміттенемін.

– Жалпы, Кеңес Одағы ел­деріне қызығушылығыңыз ер­те басталған екен. Бұған не әсер етті?

– Мұның жеке басыма тікелей қатысы бар. Менің ата-аналарым, нақтырақ айтсақ, бабаларым саяси жағдайға байланысты шека­расы жиі өзгерген, қазіргі таңда Германияның құрамындағы ­ай­мақ­та өмір сүрген. Мәселен, атам өзінің шағын ауылынан еш­­қайда шықпай-ақ төрт мәрте аза­маттығын ауыстырған.

Алғашқыда Аустрия-Венгрия империясының құрамында болса, кейіннен Германияға өткен. Со­дан кейін Чехословакияға тиесілі саналды. Ақыры Үшінші рейхтің меншігіне берілді.

Әкем Чехия әскері сапындағы неміс ретінде Германияға қар­сы соғысты. Нацистік Германия Чехо­словакияны басып алған соң, жау әскерінің сапына күштеп қосылды. Сөйтіп, Кеңес Одағына шабуыл жасағандар қатарынан табылды. Ол Сталинградқа дейін барып, жараланып, аман қалыпты.

Соғыс аяқталған соң бізді Ба­­­тыс Германияға қоныс аудар­ды. Бүкіл дүние-мүлкіміз жұртта қал­ды. Балалық шағымда бос­қын ретінде өте кедей өмір сүр­дік. Әкем өмір бойы бұдан ке­йін соғыс болмаса деп тілеп өтті. Жасөспі­рім шағымда ата-анам­ның әре­ке­ті үшін өзімді кінәлі сезіндім. Нәтиже­сін­де, ме­нің бүкіл жұмысым кінәлі се­зінуіме, тарихында Еуропамен соншалықты көп соғысқан елге арналды. Сондықтан бұл өңірге қызығуымның сыры менің кінәлі сезінуімде жатыр.

– Алғаш келгеннен бері Қа­зақстан талай өзгерісті бас­тан өт­керді. Қазір қандай, бұ­рын қандай еді?

– Қазақстанға алғаш келге­­нім­де Шымкентке барған сапа­рым есімде. Қаланы суретке түсі­ріп жүр­дік. Біз жатқан қонақүйде мүл­дем тамақ жоқ болды. Бір жолы мейрамханада стейкке тап­сы­рыс бердім. Тамағым келген соң жей алғаным жоқ. Пышақпен кесілмейді, оны аяқ киімге ұлт­арақ қылсам да былқ етпес еді.

Ал қазір бәрі өзгерген. Дүкен­дерде азық-түлік самсап тұр. Тұрғындар бақытты. Алғаш кел­генде көрген тозығы жеткен өн­­дірістердің бәрі жаңарған. Ме­ніңше, өзгеріс өте үлкен. Тіпті кей жағдайда, мысалы, тех­нология саласында Қазақстан Батыстың кей елдеріне қарағанда әлдеқайда дамып кеткен деп айта аламын.

Кеңес Одағы құрамында бол­ған елдерде алғашқыда қара­па­йым телефон желісі жүйесі өте нашар еді. Телефон қыз­ме­ті жұмыс істеген жоқ. Бірақ Қазақстан басқалардан бұрын ұялы байланыс қызметіне көш­ті. Қазір тұрғындардың бәрі қол­данады. Батыстың кей ел­де­рі­не қарағанда озық әрі білімді деп айта аламын.

– Мәселен?

– Мысалы, халықтың көбі Kaspi бағдарламасын қолданып, сол арқылы төлем жасайды. Бұл таңғаларлық жетістік. Инстаграм секілді әлеуметтік желіні көп қол­­данады. Бұл да айтарлықтай табыс.

Оған қоса, ел билігінің эко­логияға көңіл бөлгеніне, қорша­ған ортаны жақсартуға назар аудар­­ға­нына ризамын. Мәселен, аста­на­ның айналасындағы жа­сыл белдеуді алып қарайық. Әри­не, оны түсіру маған қиынға соқ­­ты. Бірақ жасыл белдеудің қан­ша­лықты үлкен екенін көрудің өзі өте қызық. Айта кетерлігі, маған ілесіп жүрген гидтердің кейбірі ол туралы білмейтініне таңғалдым.

– Сөзіңіз аузыңызда. Эко­логия туралы айтып қалдыңыз. Арал теңізіне бардыңыз ба?

– Иә, Арал теңізін көзім­мен көрдім. Бұл – өте үлкен апат. Оның қоршаған ортаға тигізетін зиянын, келешекте әкелетін зардабын әлі түсініп үлгермедік деп ойлаймын. 1990 жылдар­дың басында Арал қаласына бар­дық. Қалаға Чернобыльден кейін ат ба­сын тіреген едік. Өзімізбен ­Гей­зер-Мюллер есептегіш ала жүр­ген едік. Мен оны өшіруді ұмы­тып кетіппін.

Арал қаласында қонақүйде жатқанда есептегіш радиацияның бар екенін білдіріп, белгі берді. Қонақүйде бізбен бірге ғалым қонған екен. Одан есептегіштің шиқылдауының мәнін сұрадық. Ол біздің мұны аңғарған ал­ғаш­қы адам екенімізді айтты. Сон­дай-ақ мұның бірнеше себебі болуы мүмкін екенін де жет­кіз­ді. Радиация уран өңдеу орын­да­рынан аққан судың Арал теңі­зіне құйылып жатқан өзенге қо­сылуынан болуы ықтимал. Бәл­кім, ра­диа­ция Байқоңыр ғарыш айлағынан тарауы да мүмкін. Ке­лешекте Арал теңізіне барып, қазіргі жағ­дайын көзіммен көргім келеді.

– Жоспарыңызда бар ма?

– Бәлкім, алдағы бірнеше жылда барып қалармын...

– Инстаграм аккаунтыңыз­да елордамыз туралы пост са­лып, қалаға қатысты жоспа­ры­­ңыздың шетін шығарыпсыз. Толығырақ айтып берсеңіз?

– Негізі инстаграмдағы ак­каунтыма түсірген суреттерімді салып отырамын. Менде шамамен 375 мыңдай фоллоуер бар шы­ғар. Сондай-ақ фотоларымды Natio­nal Geographic журналының аккаунтына да жариялаймын. Онда шамамен 160-170 миллионға жуық фоллоуер бар. Бұл – әлемдегі шоубизнеске қатысы жоқ ең көп оқырманы бар аккаунт. Оның үстіне, басқа компаниялардан да оқ бойы озық. Бұдан бөлек, National Geographic журналының фотографтары негізін қалаған ұйымымыз бар. Онда да өзіміз тү­сірген суреттерді жариялап отырамыз.

Алғаш 2011 жылы келгенде Астанаға ғашық болдым. Сол кезде көргендерімді қайта түсір­гім келді. Алғашқы сапа­рым­да негізінен шаһардың архи­тек­­турасына ғана көңіл бөлдім. Ара­сында үйлену тойларын, пик­­­никке шыққан адамдарды, өзен­­нің жағалауын да суретке тү­­сір­дім. Енді қыста келсем бе деп жос­парлап отырмын. Қыс мезгілінде мүлдем келмеген екенмін.

– Қыста келуге кеңес бермес едім.

– Ресейдің Якутск аймағында жүргенде суық ауа райында жұ­мыс істегенмін. Сондықтан аяздан қорқа қоймаймын. Оның үстіне, қыста неше алуан қызық кадрлар түсіруге болады.

– Ұлттық тағамдарымыз­дан ауыз тидіңіз бе?

– Әлбетте. Маған қатты ұна­ды. Негізі, жылқы еті мен үшін таңсық емес. Бала кезімде ауы­лымда жылқы етін сойып сататын, сондықтан оны жиі жейтінбіз. Студент кезімде француз қыз­бен араластым. Өзіңізге мәлім, француздар үшін жылқы еті –жеңсік ас.

Айтпақшы, 1990 жылдары кел­генде өмірімде жемеген дәмнен ауыз тидім. Маған қойдың көзін шанышқыға шаншып ұсынды. Бізді қонақ еткен үй бізге арнап қой сойған екен. Үлкен тамақ келгенде бүкіл әлемді суретке түсіріп жүрсің деп, қойдың көзін ұсынды.

– Қазақ халқының дәстүр­лі ме­рекелерін, ұлттық спортта­рын суретке түсіре алдыңыз ба?

– Жоқ, спорт фотографиясы ерекше дайындықты қажет ете­ді. Мен спорт фотографы емес­пін. Оның үстіне, қазір көкпар болып жатқан жоқ. Бірақ келесі келгенде жоспарыма қосып қоя­мын. Өйткені көкпар – өте қызық спорт.

– Ендігі жоспарыңызбен бө­ліссеңіз?

– Алдағы уақытта үлкен сая­хатқа шығып, Қазақстанды, Ук­раинаны және Ресейді қайта айналып шыққым келеді. Бірақ ол үшін миллиондаған доллар қара­жат керек. Оны краудфандинг ар­қылы жинайтын шығармын. Бұдан бөлек, сапар кезінде «виртуалды шындық» технологиясын пайдаланып, бейнежазба қосуды жоспарлап отырмын. Бұл сапарға дайындық бірнеше жылды қажет етеді. Бірақ Қазақстанға қайта ке­летінім анық.

– Фотожурналистиканың ке­­лешегі қандай? Жас фото­жур­налистерге қандай кеңес бе­ресіз?

– Фотожурналистика бүкіл өмірімде талай мәрте өзгерді. Фото­журналистика ғана емес, фото­графия да өзгерді. Мен бас­тағанда фотография, негі­зінен, техникалық қабілетке бай­ла­нысты еді. Мәселен, суретке түсір­генде оның әдіс-тәсілін жетік білу қажет болатын. Қазір фотоаппараттар мұның бәрін орындайды. Сондықтан оған назар аудару қажет емес. Бірақ оқиғаны баяндауға көңіл бөлген жөн. Яғни репортаждың негізгі ойы маңызды бола түсті.

20-30 жыл бұрынғыға қара­ғанда фотограф жазу қабілетіне де ие болуы тиіс. Фотомен ғана шектеліп қалмай, оқиғаны баяндау тәсілін жетілдіріп, «виртуалды шындық» секілді әдістерді қолдануға кеңес береміз. Бастысы – композиция. Техникалық тәсіл­дің бәрін фотоаппарат жасайды. Тіпті iPhone-ның өзімен ғажайып сурет түсіруге болады.

Оны қалай құрастыруды, қа­лай дұрыс жасау керектігін білу қажет. Сондай-ақ не айтаты­ны­­ңызды білу үшін көп іздену ке­рек. Нені суретке түсіріп, не жет­кізесіз, сол маңызды.

Уақытыңызды бөліп, «Еge­men Qazaqstan» газетіне сұх­­­­бат беруге келіскеніңізге ал­­ғыс айта­мыз. Әңгімеңізге рахмет!


 ©️Axel Pries