Руханият • 27 Маусым, 2021

Ұшқыр ой – ұтымды сәт

378 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

2017 жылы Алматыда өткен қысқы Универсиадада Владимир Бугаевпен жақын араласпағанда, сіз оқып отырған мына бір дүние де жазылмас еді. Өйткені аман-саулықтан әрі аспайтын таныстығымыз, дәл осы Алатаудың баурайын­да айрықша тамыр жайған болатын.

Ұшқыр ой – ұтымды сәт

Осыдан төрт жыл бұрын Алматы дүниежүзілік қысқы Универсиаданы қабылдады. Жүздеген журналистің басын қосқан сол додаға дорбамызды сүйретіп біз де жеткенбіз. «Қайда тоқтаймыз, қалай жүріп тұрамыз» деген сауалға бас қатырмадық. Себебі бәрін Владимир Николаевич реттеп қоямын деген. «Пәтерді бірге жалдап тұрайық. Бірлесіп жұмыс істейміз. Оның үстіне Алматыда оқығанмын, қаланың әр бұрышын білемін» деп ұсыныс тастаған да өзі болатын. Басында қалай болар екен деп қипақтасақ та, үлкен кісінің бетін қайтармағанды жөн көрдік.

Расында да, уақыттың қадірін жақсы білетін әріптес аға барлығын күні бұрын жоспарлап қойған екен. Пойыздан түсе сала, пәтерге тура тартпай, жарыс барысында емін-еркін жүріп тұруға мүм­кіндік беретін ресми аккредиттеуді қолға түсірдік. «Бұған тілдей қағаз деп қана қарама, бұл білдей журналистің жолын ашар құдыретті күш» деген фотограф ағаймен межелі мекенжайға да келдік. «Е-е жол үстінде, жарыс бары­сын­да жүр­генде құжатқа мұқият болу керек екен» деген ой түйдік іштей.

– Пәтерді неліктен Абай даңғылының бойынан жалдағанымды білесің бе? – деді. Бұл жайлы мүлдем ойланбап­пыз. Басымызды шайқадық. – Бі­рін­­шіден, осы көшенің бойында ме­тро бар, жүріп-тұруға ыңғайлы. Екін­шіден, жарыс жеңімпаздарын үнемі кеш­кісін Республика сарайының алдында марапаттайды. Ол дәл осы көшенің екінші басында орналасқан. Үшіншіден, хоккей матчтары Балуан Шолақ атын­дағы спорт сарайында өтеді. Ол да Абай даңғылының бойында жатыр. Төртіншіден, біз тоқтайтын пәтер басқа спорт нысандарына қатынау үшін қолайлы орналасқан, тоғыз жолдың торабы десе де болады.

Бұл да алдағы уақытта ескере жүрер дүние екен деп жаһандық жарысқа тынғылықты дайындықпен келген Вла­димир Николаевичтің мына бір ұш­қырлығына бас шайқап, таңдай қақ­қанымыз түк емес екен. Оның күнделікті жұмыс стилін көріп тіпті естен танып түсе жаздадық. Таңғы бестен оянады. Алты болмай «Сұңқар» шаңғы трам­плин кешенінің алдында тұрады. Жур­налистерді тасымалдайтын алғашқы автобуспен «Медеу», «Шымбұлақ», «Та­баған» секілді спорт нысандарына барады. Міндетті түрде алғашқы рейске үлгеру керек. Кейінгі автобустар кеш шығады. Жарысқа үлгермеуің мүмкін. Кешкісін Республика сарайының алдын­дағы марапаттау рәсімі бар. Іле хоккей матчтары басталады. Қысқасы, сүрініп-қабынып үйге келгенде сағат тілі түнгі 12-ні көрсетіп тұрады. Енді ұйықтайтын шығармыз деп ыңғайлана бергенде, Владимир Николаевич ноутбугын қосып, күні бойы түсірген суреттерін іріктеуге көшеді. Әлі құрыса да әкеңдей адамның жұмыс істеп отырғанын көріп, біз де амалсыз компьютерге үңілеміз.

– Шаршап жүргеніңді түсінем, әрине. Бірақ Қазақстан Универсиаданы жылда қабылдап жатқан жоқ. Оның үстіне жарыс екі-ақ аптада өте шығады. Ендеше мұндай мүмкіндікті мүлт жі­беруге болмайды. Ұйқың бұзылып, бе­рекең қашар. Бірақ мынадай дода үшін ол деген түк те емес. Есесіне қоржының материалға толады, тәжірибең толысады. Алда кездесер қиындықтарға психологиялық тұрғыдан дайын бол. Әр күніңді жоспарлап шық, әр сәтіңді бағала, – деді алғашқы жарыс күнінен кейін-ақ қалғып-мүлгіп отырған бізге қарап.

Жас әріптесін осылай қамшылаған Владимир Бугаевтың сол жолы ағалы­ғына да дән риза болғанбыз. Риза болмай қайтейік, қасынан бір елі тастаған жоқ. Жөн сілтеп, жол нұсқайды. Белгілі спорт журналистерімен, әр сәтті мәңгілік тарихқа айналдыратын фотографтармен таныстырады. Сол жолы аты алысқа тараған Гений Төлегеновпен, Юрий Бек­кермен, Анатолий Устиненкомен таны­сып, дидарласқанымызды қалай ұмы­тайық.

Владимир Николаевичтің тағы бір қадап айтқаны, Универсиада секілді ірі додаға келген соң, жарыс өтетін спорт нысандарының барлығына бар­ған абзал және барлық спорт түрін тама­ша­лап үлгерген дұрыс. Солай бол­ды да. Фотограф ағайға еріп фрис­­тайл­шылардың өнерін көреміз деп Шым­бұлақтың шыңына қалай шыққанымызды да білмей қалдық. Конькишілерді тамашалау үшін «Медеуге» келгеніміз де бір хикая.

Арагідік әңгіме ауанын өзгертіп, фототілшіліктің жайын да сұрап қоямыз. Әдемі кадрларды қалт жібермеудің сырын білгіміз келеді баяғы.

– Жақсы ойлайтын адам жаман кадр түсірмейді. Ұшқыр ой – ұтымды сәт. Бірнеше секундтің ішінде бәріне үлге­руің керек. Мобильді болу керек. Сурет­ке түсіру бір бөлек. Оны жедел түрде жолдау да маңызды. Фототілші үшін уа­қыт тапшы, мүмкіндік мүлдем қай­та­лан­байды. Ізденіс үлкен жетістікке же­телейтінін де ұмытпаған жөн, – дейді В.Бу­гаев.

Біз әс көтеріп отырған Владимир Николаевич – Алматыдағы ҚазМУ-дың түлегі. Журналистиканы меңгерген. Кейін фотожурналистикаға ауысыпты. «Аргументы и факты – Казахстан» апта­лығында, «Огонек – Казахстан» жур­налында, «Звезда Прииртышья» газе­тінде жұмыс істеген. 2000 жылдан бастап оның суреттері әлемге әйгілі REUTERS, EPA, ТАСС ақпараттық агент­тіктерінде жиі жарияланатын болды. NAPA-CANADA – Канада Ұлттық фото өнер қауымдастығының мүшесі. Бір­неше фотожинақтың авторы. Оның объективіне ілінген суреттер әлемнің 17 елін­дегі көрмелер мен фотосалондарға қо­йылған. 1971 жылдан бастап спорттық до­даларды түсіруді қолға алған. Содан бері осы бір сүйікті әдетінен айныған емес.

Атап өтерлігі, Владимир Бугаевтың інісі Валерий Николаевич те белгілі фо­тотілші. Ол Павлодар облысы әкі­мі­нің жеке фотографы ретінде ұзақ жыл­­дан бері жемісті еңбек етуде. Осы күн­ге дейін бірнеше фотокөрме ұйым­дастырып та үлгерді.

Ағайынды Бугаевтардың жолын Валерийдің қызы Ольга ойдағыдай жал­ғастырып келеді. Ол жуырда ға­на шайбалы хоккейден Латвияда өт­кен әлем чемпионатынан оралды. Бей­сен Құранбек атындағы «Жігер» сый­лығының алғашқы лауреаттарының бірі. Айтпақшы, осы Ольганы фото әлеміне алып келген біздің кейіпкеріміз В.Бугаев болатын.

Түйіндей келе айтарымыз, белгілі фотограф Владимир Бугаевпен Алматыда өткізген екі апта қысқа ғұмырда нұсқа болар сәулелі сәт екенін ол кезде ұғына қоймадық. Ал қазір сол күндерден ерекше бір жылылық еседі де тұрады.