Парламент • 28 Маусым, 2021

Қазақстан мен Ресей арасындағы трансшекаралық өзендер мәселесі талқыланды

417 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақстан Республикасының Парламенті Сенаты мен Ресей Федерациясы Федералды Жиналысының Федерация Кеңесі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссияның 16-отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан мен Ресей арасындағы трансшекаралық өзендер мәселесі талқыланды

Іс-шараға аталған Парламент Палаталарының төрағалары Мәулен Әшімбаев пен Валентина Матвиенко қатысып, сөз сөйледі.

«Қазақстан мен Ресейдің ғасырларға ұласқан достық байланысы қазіргі таңда сындарлы және өзара тиімді мемлекетаралық қарым-қатынастың негізіне айналды. Біздің ынтымақтастығымыз тәуелсіздікке, аумақтық тұтастыққа және мемлекеттілікке деген құрметке негізделген», деді Комиссия отырысын ашқан Мәулен Әшімбаев.

Өз кезегінде Валентина Матвиенко екі елдің өзара құрметке табан тіреген байланысына баса мән берді.

«Бүгінге дейін біздің елдеріміз арасында 400-ден астам шарттар мен келісімдерге қол қойылған. Бұл мемлекетаралық ынтымақтастығымыздың мызғымас заңды және құқықтық негізі екені сөзсіз. Осы жұмыстарға елдеріміздің Парламенттері де үлкен үлес қосты. Мұндай құжаттардың бастыбағыттары мемлекеттілікті, егемендікті, тәуелсіздікті, елдеріміздің аумақтық тұтастығын өзара мойындауда және бір-бірінің ішкі істеріне араласпауда көрініс табады. Бұл ешқандай саяси жағдайға қарамастан өзгеріске ұшырамайтын ең негізгі іргетас болып қала береді», деді Ресей Федерация Кеңесінің Төрайымы.

Сондай-ақ ол 30 жылдың ішінде Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде толық қалыптасқанын атап өтті.

«Қазақстан посткеңестік кеңістікте дамыған нарықтық экономикасы, тұрақты мемлекеттік институттары, демократиялық басқару жүйесі және қос Палаталы Парламенті бар тиімді мемлекеттердің бірі. Қазақстанның досы әрі серіктесі ретінде біз сіздердің дамудағы табыстарыңыз бен жетістіктеріңізді әрдайым қуанышпен қабылдаймыз», Валентина Матвиенко.

Отырыс барысында Қазақстан мен Ресей сенаторлары екіжақты күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселеге назар аударды. Атап айтқанда, аэроғарыш саласындағы ынтымақтастықты арттыру перспективалары сөз болды. Соның аясында ғарышты игеру және «Байқоңыр» кешенін бірлесіп пайдалану бағыттары бойынша өзара іс-қимылды дамыту мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ Комиссия мүшелері өңіраралық және шекара маңындағы байланысты нығайту тетіктеріне назар аударды. Оның ішінде, Қазақстан-Ресей шекарасынан өткізу бекеттерінің жұмысын жетілдіру ісі де бар.

Қазіргі таңда шекарада 30 өткізу бекеті жұмыс істеп тұр. Оның 17-сі көпжақты, ал, қалған 13-і екіжақты. Қазақстан тарапы жүктеме мен өткізу қабілетін ескеріп, 27 бекетті қайта жаңарту мәселесін көтерді.

Мәулен Әшімбаев мұндай өткізу пункттерінің тиімді жұмысы екі елдің де азаматтары мен бизнес өкілдері үшін маңызды екенін айтты. Сол себепті Сенат Спикері аталған бекеттерді қайта жаңарту бойынша бірлескен шараларды жандандыру қажеттігін тілге тиек етті.

«Бұл өткізу бекеттері екі елдің де азаматтары үшін аса маңызды. Жыл сайын сол бекеттер арқылы 44 миллионнан астам азамат және 7,5 миллион автокөлік өтеді. Қазіргі таңда Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымының айтарлықтай бөлігі шекара маңындағы өңірлерге тиесілі. Бұл – бизнес өкілдері мен көлік-логистика компаниялары аталған өткізу пункттерін өте белсенді қолданады деген сөз», деді Сенат Төрағасы.

Осыған орай Мәулен Әшімбаев екі тарап та шекарадағы өткізу бекеттерінің тиімді әрі кедергісіз жұмыс істеуіне мүдделі екеніне сенім білдірді.

Сонымен қатар депутаттар трансшекаралық өзендердің экологиялық мәселелеріне де айрықша көңіл бөлді. Мәулен Әшімбаев бұл мәселелерді оңтайлы шешу аталған өзендерді жағалай қонған елдімекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына және жергілікті азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға тікелей ықпал ететінін атап өтті.

«Бұл ретте, бірінші кезекте, Жайық өзеніндегі су деңгейінің төмендеп кетуі сөз болып отыр. Соған байланысты өңірдегі экологиялық жағдай нашарлап кеткені белгілі. Аймақ тұрғындары үшін аталған өзеннің стратегиялық маңызы зор. Ауыл шаруашылығының дамуы, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету осы өзеннің жағдайына тікелей байланысты. Сондай-ақ Ертіс өзеніне де қатысты бірқатар мәселелер бар», деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы былтыр қабылданған екіжақты 2021-2024 жылдарға арналған трансшекаралық Жайық және Ертіс өзендерінің экожүйесін қалпына келтіру бағдарламасы аясында бірлескен жұмыстар қолға алынатынына сенім білдірді.

Одан бөлек, тараптар депутаттардың белсенді өзара іс-қимылы және тиісті атқарушы органдармен бірлескен жұмыс маңызды экологиялық проблемаларды тиімді шешуге өз әсерін тигізетінін атап өтті.