Қазақстан • 28 Маусым, 2021

Қазақстан мен Германия цифрлық трансформация мүмкіндіктерін бірлесіп кеңейтпек

740 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Неміс компанияларымен өткен кездесу барысында цифрлық трансформацияны дамытудағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері және экономиканы цифрландыру, өнеркәсіпті автоматтандыру саласындағы бірлескен жобалар жайы талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан мен Германия цифрлық трансформация мүмкіндіктерін бірлесіп кеңейтпек

Онлайн кездесуге ҚР Германиядағы елшісі Даурен Карипов, ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі Вице-министрі Асқар Жамбакин, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму Вице-министрі Динара Щеглова, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Жандос Темірғали, Astana Hub Бас директоры Мағжан Мәдиев, сондай-ақ Siemens Advanta Lanxess AG, Gigaset AG, SAP SE, Baumüller Group, DMT GmbH & Co. KG, WILO SE сияқты 40-қа жуық жетекші неміс компанияларының басшылары мен өкілдері қатысты.

Кездесу барысында Герман экономикасы Шығыс комитетінің басқарушы директоры Михаэль Хармс екі ел бизнесмендерінің іскерлік байланыстарын орнатудың маңыздылығын атап өтті. Ол сондай-ақ Қазақстан мен Германиядағы цифрлық трансформацияны кеңейтуге одан әрі серпін беруге мүмкіндік беретін жаңа түйісу нүктелерін іздеу қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар пікірталас барысында Қазақстанда жүргізіліп жатқан цифрлық трансформация жөніндегі қызмет атап өтілді. Және қатысушылар «Astana Hub» IT-стартаптар халықаралық технопаркі шеңберінде инвесторларға ұсынылатын мемлекеттік қолдау құралдары туралы ақпарат берді.

Онлайн-кездесу барысында жетекші неміс компанияларының басшылары цифрлық дамудың ортақ перспективаларын, екіжақты ынтымақтастықтың әлеуетін және Қазақстанның электр энергиясына арналған тарифтерге қатысты артықшылықтарын, инфрақұрылымды және адами ресурстарды ескере отырып, бірлескен жобаларды іске асыруға ерекше назар аударды.

Кездесу соңында «сұрақ-жауап» форматында пікірталас өтті, онда әлеуетті инвесторлар өздерін қызықтырған мәселелер бойынша сұрақ қойып, ал сауалдарға кәсіби мамандар жауап берді.