Білім • 29 Маусым, 2021

Аудармасы ала-құла оқулықтан қашан арыламыз?

654 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі отырысында оқулықтар мәселесін қозғап, оқулықтардың апробациясын түпкілікті көтеруді тапсырған еді. Десек те жалпы орта білім беру саласы ғана емес, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтардың да сапасы әлі күнге сын көтермейді.

Аудармасы ала-құла оқулықтан қашан арыламыз?

Бағдарлама дұрыс болмай, кемшілік жойылмайды

Әсіресе, аударма бағдарламалар мен стандарттар негізінде жазылған оқулықтардағы шикілік білім сапасына кері әсер етуде. Сарапшылар тәуел­сіз елдің төл оқулығы болмай, саладағы түйт­кілді мәселелер шешілмейтінін айтып отыр. Ал ұлт­тық құндылықтар негізінде оқулық жазу үшін білім стандарттарына заманауи көзқарас пен ұлттық сипат қажет.

Қазақ елінің үздіксіз білім беру жү­йесінде интел­лек­туал ұлт өкілін тәрбие­леу мен нәтижеге бағыт­талған білім беру көз­делген. Бұл мәселелер ұлт­тық сананы қалыптастыратын, өркениетті ұр­пақ­қа сапалы білім беретін оқулық дайындау­мен тығыз байланысты. Сондықтан оқулық жазу­да, біріншіден, рухани құндылықтарға негіз­дел­ген білім мазмұнын, екіншіден, халық­аралық стандарттың білім алуға қажет ұстаным­дарын ескеру қажет. Мұн­дай пікірді ҰҒА кор­рес­пон­дент-мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы Фаузия Оразбаева келтірді.

Ғалымның айтуынша, аударма оқу­лық­тар ұлттық сананы дамытуға, қазақ тілінің қолданымдық қызметін жүзеге асыруға, пән мазмұнын толық меңгеруге жауап бермейді. Өйткені аударма оқулықтарда кәсіби лексика, қазақтың сөздік қоры, сөз байлығы ескеріле бермейді. Бұл оқулық­тар, көбінесе, пән мазмұнына ғана назар аударады да, онда жасанды аударыл­ған сөздер, терминдер, қате ұсыныл­ған лексика­­лық бірліктер жиі кездеседі.

Жалпы, әрбір сынып оқулықтары ба­ла­­ның жасына, психологиялық жай-күйіне, ізденісіне байланысты өзіне де, өмірге де қажет лек­сикалық, грам­мати­калық минимумды қамтуы тиіс. Мысалы, бастауыш сынып оқулықтары пәндік лексикалық минимуммен қатар, коммуникативтік қарым-қатынаста жиі қолданылатын, бала санасына лайық, қажет сөздерден және оларды байланыс­тыратын грамматикалық ережелерден тұру арқылы пәндік мақсатты, оқушы сұра­нысын біріктіре атқарады. Жоғары сынып оқулықтары да, жоғары оқу ор­нының пән тізбегі де сондай.

«Төл оқулықтар да, аударма оқулық­­­тар да, біріншіден, қазақ тілінің сөздік қо­­рын пайдалана отырып түзілген. Екінші­ден, оқушының жасына бейімделген. Біз пәнді ғана оқытып қоймай, баланың са­насын, өркениетін, білімін жетілдіру үшін оқытамыз. Ақпарат тасқындаған, ғаламтор дамыған кезеңде нәтижелі білім беру баланың жасына, сұранысына қарай, оның ертеңгі болашағын ойлай отырып, жүйелі, пайдалы білім беруді мақсат етуі орынды», дейді Фаузия Шамсиқызы.

Осы орайда үздіксіз білім беру жү­йе­сінің тиімділігін негізге алған ға­лым ба­­ла­бақшадан бастап, бастауыш, жо­ға­ры сынып, жоғары оқу орны және мем­лекеттік қызметшілерге дейінгі ке­зеңде нәтижеге бағдарланған білім бе­рудің са­­па­сына тоқталып өтті. Яғни жа­ра­ты­лыс­т­ану немесе гуманитарлық сала­ның қай-қайсысын алсақ та нәтижеге бағ­дар­лан­ған білім баланың болашағына, қо­ғамда өсуіне пайдалы болуы керек. Ал оқу­лық жазатындар мен сын айтушылар оқу­лықтардың бағдарламаға негізделіп жазылатынын түсіне бермейді. Ғалымның айтуынша, бағдарламаның негізі дұрыс болмағаннан кейін оқулықтарымыздың да кемшілігі көп. Бұл жерде ескеретін жайт, бағдарламада берілген және бекі­тілген материалдардың мазмұны, құры­лымы оқулық әзірлеуде сақталмаса, оқу­лық сараптамадан өтпейді.

«Оқулық сапалы болу үшін оған не­гіз­деме болатын мемлекеттік норматив­тік құжат – тұжырымдама, стандарт, тип­тік бағдарлама дұрыс болуы керек. Бұл құжаттарда бекітілген білім берудің мақ­саты, міндеттері, басты ұстанымдары, ба­за­лық мазмұны мен құрылымы, бағалау жүйесі оқулық сапасын анықтайды. Мы­салы, қазақ мектептері мен орыс мек­теп­теріне арналған «Қазақ тілі» пән­дерін оқытудың мақсаты екі бөлек. Қа­зақтілді мектептерге арналған қазақ тілі пәні ұлт­тық тілдің лингвистикалық негі­зін тео­риялық тұрғыдан (фонетика, лек­сика, грам­матика, т.б.) оқытуды көз­десе, орыс мек­тептеріне арналған қазақ тілі мем­ле­кеттік тілді коммуникативтік тұрғыдан үйретуді мақсат етеді. Бұл – қазақша сөй­лей білу, сауатты жаза білу, ой-пікірді әр тарапқа түсінікті етіп айта білу, қа­жет лек­сика-грамматикалық минимумды ­жү­­­йелі меңгеру сияқты мақсаттар. Мұн­дай бағ­дарламада көрсетілген мақсат пен сөй­леуге негізделген коммуникативтік бі­лім мазмұны, әдістемелік жүйе құрамы, нәти­жеге жетудің жолдары ұтымды, жан-жақты болуы шарт. Осындай бағыт-бағ­дар­лар оқулық пен оның құрамында­ғы оқу-әдістемелік кешен арқылы жүзеге аса­ды. Демек оқулық жазу білім, білік, дағ­ды, тәжірибе, әдістеме, оқыту талапта­рын жетік білуді қажет етеді. Сонда ғана бі­лім беру мазмұны, міндеті, сапасы, пән­дік ерекшелігі нәтижелі болады», деді Ф.Оразбаева.

Дегенмен сапалы білім беру мақ­са­тында озық үлгілерді, жаңа технология­ларды сабақтарында пайдаланып жүрген мұғалімдердің жұмысын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ жүйесіз білім жинап, сабақ тақырыбын интернеттен көшіріп алып, өз жазғанын өзі игермеген оқушылар мен студенттер түптің түбінде білімі әлсіз ұрпақ болып шығатыны алаңдатады. Осы орайда ғалым «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасының екі үлкен қанаты бар екенін атап өтті.

«Біріншісі, бұрыннан келе жатқан тектік, дәстүрлік, ұлттық, тарихи сана­мыз. Бүкіл әлем алдында қазақ деген ұлт­­ты сақтау үшін рухани тегімізді сақ­тау парыз екені аян. Екінші қанаты – адам­зат құндылықтарына қызмет ететін әлем­дік өркениеттің озық үлгілері. Әлем­дегі бі­лім беруден халықаралық стан­дарты­ның ұстанымдарын ескере отырып, со­ның ішінде керегін алып, рухани құн­ды­лығымызға бағындыру арқылы ғана біз жаңа тұжырымдама жасаймыз. Осы еке­уінің тоғысынан барып тәуелсіз ел­дің бі­лім беру тұжырымдамасы, стандарты, бағ­­дарламасы шығады. Сонда оқулық жү­йесі Алаш арыстары аңсаған, ұлттық сана мен сапаны алға апаратын, озық өркениет үлгі­лерін меңгерген, білімді де білікті өкіл тәрбиелеуге ықпал етеді», дейді ол.

Ұлттық кодқа негізделген оқулық жазылуы керек


Білім сапасына қатысты мәселелерді көтеріп жүрген Әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университетінің профессоры, фи­ло­­логия ғылымдарының докторы Анар Сал­­қынбай ең алдымен мектепте аудар­ма бағдарламаларға негізделген оқу­лық­тардан арылу қажет екенін алға тартты.

«Бүгінде республикада әдістемелік ғы­лым жақсы дамыған, осы салада еңбек етіп жүрген өз ғалымдарымыздың еңбегіне зер салу қажет. Отандық ғылымның көрігін қыздырып жүрген мықты ғалымдардың зерттеулеріне негіздей, жаратылыстану мен гуманитарлық ғылымда төл оқулық­ты қайта жазатын кез келді. Осы орайда ми­нистрліктің «Әліппе» оқулығының қай­­тару бастамасын құптай отырып, бас­тауыш сыныптарынан бастап, әр сала бойынша төл оқулықтарды шығаруды да­­мыту керек. Бүгінгі өркениет көшінен қалмас үшін, әлемдегі жаңалықтар­дан ха­бардар болып отыру да қажет. Осы мақ­­­­сатта Елбасының бастамасымен қол­­ға алынған «Жаңа гуманитарлық бі­лім. Қа­зақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жо­­­ба­сы аясында әлемдік кеңістікте мо­йын­­дал­ған оқу­лықтар, философия, сая­сат­­тану, со­ны­мен бірге лингвистикаға қа­­тыс­ты біраз дүние аударылды. Әлемде мо­йын­дал­ған ғылыми жаңа теорияның қа­зақ ғы­­лы­мының өркендеуіне қосар үлесі бар еке­ні анық. Әлемнің алдыңғы қатарлы жо­­ға­ры оқу орындарында – Оксфорд, Кем­­­бридж, т.б. университеттерінде білім алып жат­қан студенттер үшін шетелдік бі­л­ім қол­жетімді, ал еліміздегі оқушылар да ше­­­телдік ғылым кеңістігіндегі жаңа­лық­­­тар­­мен өз ана тілінде танысып жатса, құба-құп. Бұл үдерістің ары қарай да да­мы­­ға­­нын қалар едік», деді Анар Бекмыр­зақызы.

Ғылымдағы кез келген ірі жаңалықты өз тіліне аударып басу үрдісі барлық елде бар. Мысалы, Тайландта, Үндістанда, Қы­тайда, Жапонияда, тіптен Ресейдің өзін­де шетелде жаңадан шыққан оқулықты не­месе монографияны уақыт оздырмай өз тіліне аударып алады. Алайда А.Сал­қын­бай «әйтеуір шетелдік болса, жақсы бо­лады» деген қалыптасып қалған қасаң ойдан аулақ болатын уақыт жеткенін айтты.

«Ағылшын, француз не орыс тілінен аударылған оқулықтарға да сыни тұр­ғы­дан қарай білуіміз керек. Өйткені еуро­центристік көзқарасқа суарылған ғылы­ми зерттеулер мен соның негізінде жазыл­ған оқулықтар мен оқу құралдары жоқ деп айта алмаймыз. Жақсы мен жаманды айырып оқи алатын, қажетін ғана сіңіре­тін жоғары оқу орнының студентіне қара­­ғанда, мектеп оқушысының дайын ақ­­пар­­дың бәрін бірдей іріктей алмайтыны, сыни ойлау­мен, сыни көзқараспен қараудың жетілмегені­ де түсінікті. Елбасы «Болашаққа бағдар: ­рухани жаңғы­ру» бағ­дарламалық мақаласында «Қатер ­жаң­­­ғыруды әркімнің ұлттық даму үлгісін бәріне ортақ, әмбебап үлгіге алмастыру ретінде қарастыруда болып отыр. Алайда өмірдің өзі бұл пайымның түбірімен қате екенін көрсетіп берді. Іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дер­бес даму үлгісін қалыптастыруда. Ұлт­тық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыка­мыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөз­бен айтқанда ұлттық рухымыз бойы­мызда мәңгі қалуға тиіс» деп атап көрсет­кенін естен шығаруға болмайды. Білім бе­ру жүйесін шетелдік бағдарға салуда, мек­теп оқулықтарын шетелдік жүйеге не­гіз­деуде ойлану қажет. Кешегі білім беру жүйе­сіндегі кеткен кемшіліктер 15-20 жылда өз салдарын көрсетері дау­сыз. Сондықтан оқулық жазу ісінде байсал­ды­лық, ғылыми негіз керек», дейді ғалым.
Оқулықтарға қатысты пікірін білдір­­ген Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушы­сы, филология ғылымдарының докторы Оры­най Жұбаева Ахмет Байтұрсынұлы баста­ған алаш зиялыларының оқулық аудару тәжірибесінің озық үлгілерін не­гізге алды.

«Архив деректеріне зер салсақ, ХХ ғасырдың басында Ә.Бөкейхан «Гео­гра­фия», «Астрономия», Е.Омаров «Ал­геб­­ра», «Геометрия», «Физика», М.Жұ­ма­баев «Педагогика», Ж.Аймауытов «Ди­­­да­к­тика», Ф.Ғалымжанов «Физика»‚ Б.Сәр­­сенов «Геометрия», И.Тұрған­баев «Ариф­­метика», Қ.Кемеңгерұлы «Хи­мия», «Жара­тылыстану» сияқты пән­дер бо­йынша оқулықтарды қазақ тілі­не аудар­ған. Ол кезде білім жүйесі түбе­гей­лі өзгерді, маман жетіспеді. Сол се­беп­ті орыс тіліндегі оқулықтарды қазақ ті­лі­не аударуға мәжбүр болды. Сол оқу­лық­­тарда қазіргі кезде орыс тіліндегі нұс­­қасы қолданылып жүрген көп сөздің ба­ла­масы берілген. Мысалы, Елдес Ома­ровтың «Физика», «Геометрия» деген оқулықтарында теорема – түйiн, биссектриса – жарма, радиус – өре, хорда – керме, параллелограмм – қиықша, пропорционал – құрылымдас, фигура – пiшiн, трапеция – қостабан түрінде берілсе, Қаныш Сәтбаев «Алгебра» деген оқулығында ға­лым­ның ұстанымдарын басшылыққа алып, формула – өрнек, теорема – түйін, числитель – жарнақ, диаметр – өре, ра­циональная величина – өлшемді шама, иррациональная ве­личина – өлшемсіз шама, биквадратное уравнение – қос шаршылы теңдеу, прогрессия – дәуірлеу, функция – берне деп берген. Яғни 1920-30 жылда­ры қазақ тілінде сәтті баламалар жасал­ды, ғылыми стиль, терминдер оқулық­тар ар­­қылы қалыптасты. Ал қазіргі кезде оқу­­лық авторлары кейде терминдердің біріз­ді­лігіне, сабақтастыққа мән бермейді. 5-7-сы­ныптың оқушыларына арналған оқу­лықтарда қазақша атаулар берілсе, жоғары сыныптарда шет тілдегі нұсқасы беріледі. Бұл – балалардың теорияны тү­сініп кетуіне, терминдер бірізділігінің сақ­талуына кедергі. Сонымен қатар қа­зақ тіліндегі ғылыми стильдің дамуы­на, терминдердің тұрақтануына, қалып­та­нуына (кодификациялануына) тосқауыл болып отыр. ХХ ғасырдың басындағы алаш зиялыларының оқулықтары, тер­мин­­дерінің көбі бүгінде ғылыми айналымда жоқ. Қазіргі оқулық авторлары, зерттеуші, ғалымдар шет тілдік атаулар­ға балама табуда сол кезде жарық көр­ген оқулықтар мен терминдер сөздігін пай­даланса, көп терминнің баламасы та­былар еді», дейді О.Жұбаева.

Осы орайда А.Байтұрсынұлы атын­­дағы Тіл білімі институтында қызмет етіп жүр­генінде оқулықтарды сараптау ісі­не қа­тысқан О.Жұбаева қазіргі кезде «Мате­матикадан» бастап «Музыка», «Еңбек» пәнінің оқулықтарына дейін бәрі аударма екенін атап өтті.

«Аудармалардың тілі жатық емес, көп жағдайда асығыстық байқалды. Қа­зақы ұғым, түсінік, қазақы ментали­тет, дүниетаным ескеріле бермейді, түп­нұс­қадан ауытқымауға тырысады. Сөйлем құрылымдарынан-ақ оқулықтың аударма екені сезіліп тұрады. Тапсырмалардың шарттары, анықтамасы мен ережеле­рі бала түгіл ересек адамның түсінігіне қиын. Терминдер ала-құла. Сол саланың маманы болмағаннан кейін атауларында да бірізділік сақтала бермеген. Оқулығы дұрыс болмаса, бала қалай сапалы білім алады?» деп қынжылысын білдірді ол.

О.Жұбаеваның айтуынша, Әлихан Бөкейхан ХХ ғасырдың басында жарық көрген оқулықтардың тіліне, ұлттық тер­минология, аударма мәселесіне ерекше көңіл бөліп, шыққан кітаптардың ті­лін, материалдың берілуін, қазақ діліне қаншалық сәйкес келетінін, терминдер­дің берілуін талдап отырған. «Орыстың кіта­бын қазақшалағанда білімін, дәлел-әдiсiн бөктеріп, қанжығаға байлап, «Қараңғы қазаққа апарып берем» деп, кітапшаның басына тымақты кигізіп, кісенін беліне буындырып, қазақтың қылыш құлан жа­лына мінгізіп әкеткен оң болады. Қазақ­шалаған кітаптарды сынға алғанда мен осы жолмен сынаймын», дейді Ә.Бө­кей­ханның өзі. Бұл орайда сыншы аудар­машыларға Ахмет Байтұрсынұлын үлгі етіп «Орыстың кітабын қазаққа деп өз­герткенде Крыловтың басына тымақ ки­гізген Ахметті ұмытпау керек», дейді.

Қазіргі оқулықтарда қазақ тілінің өзін­­­дік ерекшелігі ескерілмей, сөй­лем құ­­рылымдары орыс тілінің үлгісі­мен бе­­ріліп, көп­тік қосымшасы жалған­бай­тын жерлер­ге орыс тілінің үлгісімен жал­­­ғанған тұс­тар жиі кездеседі. Әрине, оқу­­лықта қате жа­зылып тұрса, оқушы оны дұрыс деп қа­былдайды, солай дағ­ды­­ланады. Өзге тіл­дегі дүниені сол қал­пында қазақ тіліне тели беруге бол­май­ды. Әр ұлттың өзіндік ерекшелігі, дү­ние­та­нымы, менталитеті болады. Оқулық­тарды аударған кезде соған мән беру керек.

«Қазір грамматикаға мән беріл­ме­геннің ке­сірінен көбісі, біреусі, екеусі, айту керек­піз, білу керексіңдер, барлық оқушылар, барлықтарыңыз деп қате сөйлеушілер көбейді. Бұған бейжай қарауға болмайды. Тіл – ұлттық код, рухани код. Ұлттық ко­ды­мызды сақтау үшін алдымен ойымызды, сөзімізді түзе­уіміз керек. Ол үшін грамматиканы ережелер жиынтығы ретінде емес, тіліміздің өзегі ретінде түсіндіруіміз керек әрі ол қол­даныстағы тілімізбен сәйкес келуі керек. Тарих, география, қазақ тілі – бар­лық сабақ бір лексикалық тақырыпқа байлау­лы болуы дұрыс емес. «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» пәндерін біріктіру де түбегейлі қате. Әрине, пәнаралық байланыс болуы қажет. Бірақ әр пәннің өзіндік мақсат-міндеті бар. Материал соған сәйкес берілуі керек. Шет тілдегі әдіс-тәсілді қол­данған кезде қазақ оқушылары үшін, қазақ менталитеті, дүниетанымы үшін қайсысы дұрыс болатынын ескеру қажет», дейді О.Жұбаева.

Ғалымдардың сөзінен аңдағанымыз, оқу­лық әзірлеудегі олқылықтар көбіне ұлттық дүниетанымымызды ескермеуден туын­­дайды. Бұл ана тілімізде білім беру­­ді ақсатып қана қоймай, тіліміздің де бұзы­луына ықпал етеді. Сондықтан аталған мәселеге атүсті қарауға болмайды.

АЛМАТЫ