Осылайша, 2021 жылғы 1 қарашадан бастап таңбаланбаған аяқкиімді өндіруге және ел аумағына әкелуге тыйым салынады. Ал бөлшек сауда өкілдері таңбаланбаған тауар қалдықтарын 2022 жылдың 1 қарашасына дейін сатып үлгеруі керек.
Жоғарыда айтқанымыздай, аяқкиімді міндетті цифрлық таңбалау 2021 жылдың шілдесінде енгізіледі деп жоспарланған. Алайда импорттаушылардың көбі күз-қыс маусымына арналған тауарларға шетелдік өндірушілерден алдын ала жарты жылға ертерек тапсырыс береді. Сондықтан көктемде тапсырыс берілген таңбаланбаған аяқкиімдер 1 шілдеге дейін Қазақстан шекарасынан өтпей қалу мүмкін деген қауіп туындаған еді.
– Енді нарықта жаңа нормаларға мұқият дайындалу үшін тағы бес ай және таңбаланбаған тауарлардың қалдықтарын сату үшін бір жылдан астам уақыт бар. Бизнес үшін тәулік бойы цифрлық таңбалау бойынша жедел желі жұмыс істейді. Цифрлық экономиканы дамыту орталығы үнемі мамандандырылған вебинарлар өткізеді, сала өкілдеріне жеке кеңестер береді. Аяқкиімді цифрлық таңбалау туралы пайдалы ақпарат markirovka.kz порталында бар. Сондықтан әрбір кәсіпкердің нарықтағы жұмыстың жаңа ережелеріне мұқият дайындалу мүмкіндігі мен уақыты жеткілікті, – дейді Цифрлық экономиканы дамыту орталығының бас директоры Бикеш Құрманғалиева.
Міндетті цифрлық таңбалауды енгізуге кеден қоймалары да дайындалуда. Қойма аумағында кедендік рәсімдер кезінде шетелдік зауыттарда таңбаланбаған тауарға Data Matrix цифрлық коды бар стикерлер немесе этикеткалар орнатылады.
Естеріңізге сала кетейік, тауарларды цифрлық таңбалау – ЕАЭО деңгейінде жүзеге асырылатын ұлтаралық жоба. Аяқкиім саласы елімізде міндетті цифрлық таңбалау енгізілетін алғашқы салалардың бірі. Мұндай шешім нарықтағы контрафакті деңгейін ескере отырып қабылданды. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, аяқкиімнің «көлеңкелі» нарығы жалпы көлемнің шамамен 48,5 пайызына тең. Аяқкиімнің цифрлық таңбалануы нарықты «ағартуға» және оны контрафактіден тазартуға ықпал етеді. Сонымен қатар аталған шара қоғамдық бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. Naqty Onim мобильді қосымшасы арқылы тұтынушылар таңбаланған тауардың түпнұсқалығын оңай тексере алады.
Осы жылдың 1 шілдесінде Қазақстанда аяқкиімді міндетті цифрлық таңбалау енгізілуге тиіс еді. Алайда оның уақыты 1 қарашаға шегеріліп отыр. Сала өкілдерімен болған кеңестің қорытындысы бойынша осындай шешім қабылданды.
Ақтөбеде 500 адам баспана құқығынан айырылған
Аймақтар • Кеше
ҚазҰУ-да қолданбалы микробиология зертханасы ашылды
Оқиға • Кеше