Құдіретті «қасқа жолдың» бүгінгі қоғамдағы қулар мен алаяқтардың сүреңсіз ісін сипаттайтын жұлым-жұлымы шыққан сұрқай синониміне айналғанының айна-қатесіз мысалы сол, кино төңірегінде жүрген ұлықтар сол баяғы өздері қарпып үйренген «қасқа жолмен» 30 млн-нан артық ақшаны фильм түсірілмей жатып талан-таражға салып жіберді. Әйгілі алтын заңымыздың авторы Қасым ханнан қалған ұлағатты ұран ұрпағының қиянатына осылай ұшырады.
«Түсіріледі» деген дерегі шыққан күннен бастап, соңы дау-дамай мен дақпыртқа жалғасып кеткен «Қасым хан» туындысына бөлінген қаржыға нұқсан келген соң жасақталған алғашқы шығармашылық топ таратылып, «тізбектелген тараулардан тұрады» деп жоспарланған бірнеше серияның жал-құйрығы күзеліп-түзеле келе, бір сериялы толықметрлі көркем фильммен түйінделетін болып шешілді. Әйгілі түрік режиссерімен арадағы келіспеушіліктен кейін фильмге жаңа режиссер бекітілді. Бәрін басынан қайта бастауға тура келген жаңа міндет бұрын тарихи туындылар түсірумен танылған Ақан Сатаевқа жүктелді. «Ұлы дала таңы» деген атаумен қайта қолға алған жобаның қалай түсіріліп жатқанын көрсету үшін «Казақфильм» киностудиясы тілшілердің үлкен тобын түсірілім алаңына шақырды.
«Қыз Жібек» түсірілгелі бері киногерлердің сүйікті мекеніне айналған Қапшағайдан 20 шақырымдай қашықтықта, көз сүрінер бұтасы жоқ құла түзге қос етіп тігілген шатырлар фильмнің сол маңайда түсіріліп жатқанынан хабар бергендей алыстан менмұндалайды. Ашық аспан астындағы бір қостың маңдайшасында «шайбанилер», бірінде «костюмдер», тағы бірінде «асхана» деп жазылып, рет-ретімен сап түзеген әр шатырда өзіне белгіленген шаруа атқарылады. Әріректегі атқораларда үйездеген жылқылар тұр. Алжапқыш шалған әйелдердің кешкі ас-судың қамына кірісіп кеткені байқалады. «Қазақфильм» деген машина, әр-әр жерге қойылған техникалық құрал-саймандар бұл жердің кино түсіретін алаң екенін айтқызбай-ақ аңдатып тұр. Алабұртып келген көңілімізбен де, көзімізбен де актерлерді, режиссерді іздейміз көрінбейді.
«Фильм он-он бес минуттық жерде түсіріліп жатыр, қазір сол жаққа барамыз», деді ковбой қалпақ киіп, мопед мініп алған фильм директоры. Жолсыз жермен шоқырақтап тағы жүріп келеміз. Міне алдымыздан қою шаң, қаптаған қалың әскер, самсаған қол көрінді. Батальды көріністерді түсіріп жатқанның үстінен түстік. Түсірілім алаңында журналистер шығармашылық топтың күрделі сахналардың бірі – Ұлытаудағы шайқасты түсіріп жатқанын тамашалады. Қолына қылыш, шоқпар ұстаған жауынгерлер екіге бөлініп алып кескілесіп жатыр. Грим жасайтындар сарбаздарды шетінен шақырып алады да, шелек-шелек болып тұрған қызыл бояудан кішкентай құтыларға құйып алып, бетіне, киіміне аяусыз шашады. Бетінен, үстінен қызыл ала қаны сорғалаған сарбаз атына міне салып, шайқасты бетке алып қайта шабады. Қолынан даланы даңғырлатқан дауыс күшейткіш аппараты түспейтін фильмнің екінші режиссері ойқастаған аттардың аяғына оратылардай ақ шуда шаңның ішінен көрінбей, айғайды салып жүргені ғана естіледі. «Берік, сен мұнда, ортаға қарай келесің. Қазір сенің жекпе-жегің. Дайындаламыз! Камера! Бір, екі, үш, мо-то-о-оррр!» Қасым ханның рөліндегі танымал актер Берік Айтжанов үстіндегі сауыт-сайманының ауырлығына қарамастан, шапшаң қимылмен қылышын суырып алып, төрт-бес тәсіл қолданып, қарсыласын сұлатып түсірді.
Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арнайы ұйымдастырылған баспасөз турының нәтижесінде тарихи фильмнің түсіру барысын қызықтап тұрғанда, қапталдағы жұрттың қарасы қалыңдап, қарбаласып кетті. «Министр келе жатыр!» Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бастаған бір топ делегация мүшелерінің де Қасым хан туралы фильмнің түсірілу жайымен арнайы танысуға келген беті екен.
– Түсірілім алаңында бар күшін салып жұмыс істеп жатқан шығармашылық топқа ерекше алғысымды білдіріп, сіздерге артып отырған үмітіміздің зор екенін жеткізгім келеді. Бұл жоба Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған маңызды әрі күрделі жобаларымыздың бірі. Фильмге Nomad Stunts секілді әлем таныған каскадерлар тобы да қатысып, шайқас сахналарын бірге түсіріп жатыр. Берекет Кәрібаев секілді білікті тарихшыларымыз, басқа да ең мықты мамандарымыз кеңесшілік жасап отырған жоба сәтті шығады деп сенемін. Бүгін бізбен бірге Оңтүстік Кореядан келген әріптестеріміз де фильм жұмысымен арнайы танысуға келді. Киносы дамыған елдің өкілдері біздің өркениетімізді, мамандарымызды көріп, бағасын берер, – деді А.Райымқұлова.
Қасым хан қазақ тарихында жай тұлға емес, ірі тұлғалардың бірінен саналады. Оның хандық құрып, билік жүргізген дәуірі қазақ мемлекеттілігі тарихының қайнар көздерінің бірінен саналады. Бүгінгі егемендіктің бағасы да сол қаһарман қолбасшылардың мінезімен өлшенеді. Осы идеяны негізге алған «Ұлы Дала Таңы» тарихи фильмі Қасым ханның өмірі, хандық билігі мен Қазақ хандығының гүлденіп, нығаюы жолындағы күресі туралы баяндайды. Ер Жәнібек ханның тоғыз ұлының бірі Қасым туралы тарихи дерек тым жұтаң емес. Қазақ хандарының тарихын зерттеп, оның ішінде Қасым хан туралы толымды тарихи еңбектер жазып, сонау 1990-жылдардың басынан бері үздіксіз ізденісте келе жатқан тарихшы ғалым, ҰҒА корреспондент-мүшесі Берекет Кәрібаев фильмге кеңесшілікке тағайындалғаннан бастап сценарий авторы мен режиссерді барлық мәліметтермен жан-жақты таныстырып, қамтамасыз етіп келеді. Тарихшы ғалыммен бірге тарихи жобаның ғылыми кеңесшілігіне тартылған философия және сәулет өнері докторы Алмас Ордабаев, суретші-кескіндемеші, тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф-қару жасаушы Қалиолла Ахметжан және басқа да сала мамандары ортақ мақсатты орайлы іске айналдыруда тізе қосып қатар жұмыс істеп жатыр.
«Тарихты жүз пайыз қамту мүмкін емес. Ондай жағдайда, фильм деректі фильмге айналып кетеді. Фильмнің негізгі оқиғасы XV ғасырдың 70-жылдарынан XVI ғасырдың 20-жылдарына дейінгі жарты ғасырлық мезгілді қамтиды. Қазақ хандығы құрылғаннан кейін Керей қайтыс болады. Жәнібек те о дүниелік болған кез. Билеушілердің екінші буындағы ұрпағына Қазақ хандығын күшейту, жер аумағын қалпына келтіру міндеті тұрды. Оның ішінде Сыр өзенінің орта-төменгі ағысы бойындағы дәстүрлі қысқы жайылымдық жерлерді қайтару керек. ХVІ ғасырдан бастап Әбілқайырдың немересі Мұхаммед шайбани бұрынғы хан атасының билігін орнатып, осы жерлерді қайтару үшін күрес жүргізеді. Міне, осы кезде 35-40 жыл бойы Қасым сұлтан Бұрындық ханмен бірігіп күресіп, нағыз ынтымақтың үлгісін көрсетеді. 1510 жылғы әйгілі Ұлытау шайқасынан кейін Қасым хан жеңіске жетті. Қасым ханның ұлылығы, атақ-абыройы бүкіл Дешті Қыпшақ даласына тарайды. Хан сайланып, оңтүстікке ғана емес, Қазақ хандығының аумағын тұтастықта сақтап, кеңейту үшін батыс бағытта да күрес жүргізді. Тарихтағы «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен белгілі заңдар жиынтығының элементтері де, эпизодтары да, жекелеген баптары да фильмнен көрініс табатын болады. Фильмде Қасым ханның рөлі, билік жүргізудегі ерекше қасиеттері, дәстүрді жалғастырудағы ұлылығы көркем тәсілмен тарқатылады. Бұл фильм ұлтымызға, бүкіл Қазақстан халқына, тіпті әлем жұртына Қасым хан бейнесін таныстырып, сіңіруде өлшеусіз рөл ойнамақ» дейді күндіз-түні түсірілімнің басы-қасында жүрген Б.Кәрібаев.
Фильмде Қасым ханның жастық шағы мен елге тұтқа болған егде кезін екі актер ойнайды. Жас Қасым ханды Данияр Оразаев ойнаса, ел бойынша жарияланған кастингтен, жүздеген үміткердің ішінен таңдалып алынған талантты актер Берік Айтжанов ханның кемелденген кезін кейіптейді. Беріктің актерлік дайындықтан бөлек, салмақ-қуатын арттыратын аса күшті физикалық әзірліктен өткені байқалады. Өйткені фильмнің әскери-жауынгерлік сахнасы өте көп. Сондай-ақ фильмде Айдос Әбдіқадыров (жас Бұрындық хан), Ерік Жолжақсынов (ересек Бұрындық хан), Нұрлан Әлімжанов (Мұхаммед Шайбани), Алтынай Нөгербек (жас Жахан Бегім), Шамшагүл Меңдиярова (қарт Жахан Бегім), Тұңғышбай Жаманқұлов (ересек Әли Рашид), Қуаныш Құдайберген (жас Әли Рашид) сияқты белгілі әртістер бой көрсетеді. Сценарий авторлары – Бекболат Шекеров пен Ақан Сатаев. Жобаның бас продюсері – Әлия Назарбаева.
Фильмді түсіру жұмысы биылғы ақпан айының соңында Алматы облысы Жаркент өңіріндегі Көктал кентінің маңында басталды. Режиссер Ақан Сатаевтың айтуынша, көркем туындының қысқы көріністері толық түсіріліп біткен. Әр режиссердің қолына 20 метр пленка ұстатып, әр актерге үш дубль жасауға ғана рұқсат етіп, өшіріп, қиып, қайта желімдеп қиналатын баяғы заман келмеске кеткен. Бүгінгі кино технологиясының жетілген құдіреттілігі сонда, түсірілген кадрлардың бәрі тап сол жерде, көлік ішіне орнатылған қондырғыда шетінен монтаждалып жатыр.
– Түсірілімдер ойдағыдай жүріп жатыр, жұмыстың жартысы аяқталды. Бүгін түсірілімнің 41-ші күні, біз шешуші әрі қиын сахналардың бірін түсіріп жатырмыз. Түсірілімге 300-ден астам адам жұмылдырылды – 56 каскадер, 200-ден астам шабандоз бар. Жұмыс жоспар бойынша жүріп келеді, – деді Ақан Сатаев.
Сондай-ақ режиссер шілде айының басында Алматы облысы Кеген ауылының маңында Қасым хан ауылының көшін түсіретінін, ал кейінгі түсіру жұмыстары Іле өзенінің бойында «Түркістан» декорациясында жалғасатынын айтты.
Фильмнің тұсаукесері Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне, 16 желтоқсанға жоспарланып отыр.
АЛМАТЫ