Саясат • 01 Шілде, 2021

Жаңарған Мәжілістің жұмысы нәтижелі. Жетінші шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясы аяқталды

283 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кеше Парламент Палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда жетінші шақырылымдағы жоғары заң шығарушы органның бірінші сессиясының жұмысы аяқталды. Іс-шараға Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин қатысты.

Жаңарған Мәжілістің жұмысы нәтижелі. Жетінші шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясы аяқталды

Отырыс барысында Мәжіліс Спи­кері бірінші сессияда атқарылған жұмыс жөнінде баяндама жасады. Нұр­лан Нығматулин сессия жұмысы Қазақ­стан­ымызға 30 жыл толған мерейлі кезең­де басталғанын атап өтіп, депутат­тық корпустың заң шығару жұмы­сын­дағы негізгі басымдықтар Елбасы­ның Стратегиялық бастамаларын, Пре­зиденттің сессияның ашылуында алға қойған міндеттерді жүзеге асыруға арналғанына назар аударды.
Cонымен қатар Мәжіліс Төрағасы қос Палаталы кәсіби Парламенттің құрылғанына да биыл 25 жыл толғанына тоқталып, биыл өткен кезекті Парламент сайлауында Мәжіліс құрамы 70 пайызға жаңарғанын атап өтті.
Мәжіліс жұмысындағы тағы бір ерек­шелік, бірнеше комитеттің төрағалары және хатшылары бұрын болмаған парламенттік оппозициядан сайланды. Мәжіліске өткен барлық фракцияның, сонымен бірге Қазақстан халқы Ассам­блеясының депутаттары бірінші күннен бастап бірлесе жұмыс істеді.
Бірінші сессия барысында Парламент Палаталарының 3 бірлескен отырысы, Мәжілістің – 23, Сенаттың 21 жалпы оты­­рысы өткізілді. Қос Палата депутат­тары­ның қарауына 104 заң жобасы келіп түскен. Бүгінде олардың 63-і қабыл­данып, 58 заң жобасына Президент қол қойды.
Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, де­путаттық корпус Мемлекет басшы­сы ұсынған саяси реформаны заңна­малық жағынан қамтамасыз етті. Бұл бағытта еліміздің «Сайлау туралы» Конс­ти­туциялық Заңына түзетулер енгізілді. Онда Президенттің ұсынысы бойынша саяси партиялардың Мәжіліске өту шегі 7-ден 5 пайызға дейін төмендетілді. Сайлауда берілетін барлық деңгейдегі бюллетеньдерге «бәріне қарсымын» деген қосымша графа енгізілді. Тағы бір ерекшелігі, ауыл және ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлауды қамтамасыз ететін нормалар қосылды.
Бұл нормалар мемлекеттік органдар мен халық арасындағы байланыс­ты күшейтуге, әкімдердің тұрғындар ал­дындағы жауапкершілігін нығайтуға және ауыл азаматтарының саяси бел­сен­ділігін одан әрі арттыруға ықпал етеді.
«Осы сессияда біз қабылдаған және бүкіл елдің назарында болған тағы бір заң жобасы – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» құжат. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен заң деңгейінде нақты шешім қабылданды. Енді жерімізді шетелдіктерге сатуға да, жалға беруге де толықтай тыйым салынды. Осы саланың басқа мәселелерін шешу үшін Парламент жер қатынастары туралы заң жобасын қабылдады. Заңға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға беру институтын сақтай отырып, жерді жекеменшікке беруді 5 жылға тоқтату туралы норма енгізілді», деді Мәжіліс Төрағасы.
Сонымен қатар «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға тиісті түзетулер енгізіп, әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау, білім, шағын және орта бизнес, еңбекпен қамту салаларына, инфрақұрылым, басқа да маңызды бағыттарды дамытуға қосымша қаражат бөлінді. Мысалы, әлеуметтік саланы нығайтуға 374 млрд теңге қаралса, 140 млрд теңге қаржы республикалық және жергілікті жолдарды жөндеуге, қайта қалпына келтіруге бағытталды. «Жұмыспен қамтудың жол картасына» 100 млрд теңге, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыруға 70 млрд теңге ақша бөлінді. Короновирус індетіне қарсы күреске байланысты бюджеттен 265 млрд теңге қаражат қарастырылды.
«Бір мәселе туралы ерекше айту керек. Бұл – елімізде қалыптасқан коронавирус індетіне қарсы күреске байланысты. Бұл мәселенің еліміз үшін, халқымыз үшін маңыздылығын ескере отырып, бюджеттен 265 млрд теңге қаражат қаралды. Осының барлығы, әрине, аз ақша емес. Сондықтан Парламент барлық қаражатты мақсатқа сай тиімді пайдалануға әрқашанда қатаң бақылау жасап келеді. Себебі бюджеттің әрбір тиыны нәтижелі, тиімді жұмсалуы керек. Оны әрбір қазақстандық азамат білуі қажет және сезінуі қажет», деді Нұрлан Нығматулин.
Мәжіліс Спикері өткен сессияда Парламент 31 халықаралық және мемлекетаралық келісімді ратифи­ка­ция­лағанын айтты. Екі Палата депутаттары­нан қолдау тапқан «Қазақстан Респуб­ли­касының халықаралық шарттары туралы» заң басқа елдер мен ұйымдардың арасында мемлекетіміздің мүддесін қорғауды қам­та­масыз етеді. Мысалы, олар Қазақ­стан алдында алған міндеттерін жүзеге асыр­маған жағдайда, еліміз халықаралық шарт­тарды орындауды тоқтататын болады.
Нұрлан Нығматулин бірлескен оты­рыста атап өткендей, осы сессияда Пар­ламенттің екі палатасының жұмысында Мәжіліс пен Сенат депутаттары өздері бастамашы болған 24 заң жобасы қаралды. Оның 15-і қабылданды. Заң жобалары қоғам өмірінің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған.
Атап айтқанда, олар – Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы Конс­титуциялық Заң, Әкімшілік құқық бұ­зушылық туралы кодекске өзге­рістер енгізуге қатысты заң жобалары. Жүргі­зілген реформалар сот жүйесіне жа­ңа білікті мамандарды жұмылдырып, әділ сот төрелігін қамтамасыз етуді көздейді. Мұндай шаралар, ең алдымен, халықтың соттарға деген сенімін нығайту үшін қабылдануда.
Сонымен қатар депутаттар бастама­сымен «Әлеуметтік кәсіпкерлік және міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру мәселелері туралы», «Қа­шық­тықтан жұмыс істеуді құқықтық рет­теуді жетіл­діру мәселелері туралы» және «Инклю­зивті білім беру мәселелері туралы» және бас­қа бірқатар маңызды заң жобасы әзір­ленді.
Өткен сессия барысында Парламентте 3 «Үкімет сағаты», бір Парламенттік тыңдау, 35 дөңгелек үстел өтті. Коми­тет­тердің 8 көшпелі отырысы болды.
Бірінші сессия жұмысы барысында Мәжіліс депутаттары – 233, Сенат депутаттары 45 депутаттық сауал жолдады. Олар индустриялық-инновациялық даму, қаржы, банк жүйесі, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және өңірлік даму, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, қорғаныс, құқық тәртібі, ақпараттық қауіпсіздік және басқа да маңызды мәселелерге арналды. Осы сессия барысында Парламент депутаттарына азаматтардан 6158 хат келіп түсті, олар қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаралды.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығ­ма­тулин бірінші сессия кезеңінде Пар­ламент Палаталары депутаттарының қатысуымен барлығы 170-ке жуық халықаралық іс-шара өткізілгенін атап өтті. Сенат пен Мәжіліс Төрағаларының басқа елдердің өкілдерімен кездесулері халықаралық ынтымақтастық үшін зор маңызға ие болды.
Сессия барысында қос палатаның депутаттары 12 халықаралық парламенттік ұйым шеңберінде белсенді жұмыс істеп, жоспарлы түрде әлемнің 80-нен астам елінің Парламент өкілдерімен ынты­мақ­тастықты дамытуды жалғастырды.
«Осы сессияда уақыт талабына сай жасалған жедел және нақты қадамдар­дың арқасында біз Елбасымыз және Прези­дентіміз алға қойған міндеттерді сапалы заңдармен қамтамасыз еттік. Ол заңдар ең алдымен, әрбір азаматты әлеуметтік жағынан қорғауға, азаматтардың өзекті проблемаларын шешуге, өмір сапасын арттыруға ықпал етті. Сонымен бірге тиімді заңдардың арқасында елімізде саяси, экономикалық реформаларды одан әрі жалғастыруға заңнамалық тұрғыдан нақты қадамдар жасалды. Сондықтан жетінші шақыры­лым­дағы Парламенттің алғашқы сессиясында қол жеткен нәтижелер Тәуел­сіздіктің 30 жылдығына қосылған зор үлес деп білеміз», деді Мәжіліс Төрағасы.
Алдағы жұмыс жоспарына тоқталған Нұрлан Нығматулин келесі сессияда Мәжіліс депутаттарының алдында көптеген маңызды міндеттер тұрғанына тоқталды. Қазіргі уақытта төменгі Палата қарауында 35 заң жобасы бар. Олардың ішінде «Өнеркәсіптік саясат туралы», «Өсімдіктер дүниесі», «Семей ядролық қауіпсіздігі аймағы туралы», «Әскери полиция органдары туралы» заң жобалары бар. Сонымен қатар, келесі сессияда құқық қорғау қызметінен өту тәртібін жетілдіру, мемлекеттік жастар саясаты, «Қоғамдық бақылау», басқа да өзекті мәселелерді шешуге арналған заң жобаларын қабылдау көзделіп отыр.