Әлем • 01 Шілде, 2021

Онжылдық санақ: Демографияға алаңдаған әлем елдері

2467 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары саясат, экономика, денсаулық сақтау салаларындағы ірі оқи­ғалардың көп бол­ғаны соншалық, кейбір әлеуметтік мәселелер солардың тасасында қалып қойды. Кемінде әр он жыл сайын өтетін халық санақтарының биылғы нәтижелері маңызды деректердің шетін шығарды. Әлемде бір емес, бірнеше ел демография саласында да дағдарыс бола ма деп алаңдаулы.

Онжылдық санақ: Демографияға  алаңдаған әлем елдері

Өткен айда екі бірдей алпауыт ел халық санағының нәтижесінде ел тұрғындарының саны олар ойлағаннан да ерте қысқара бастайтынын айтып, дабыл қақты. Олар қоғамда бала туу деңгейі азайып, қартайған халық экономикалық өсім алып келмейтінін алға тартады. Ел үкіметтері мұндай сценарий­ден неге қашқақтайтыны түсінікті.
2020 жылғы санақ бойынша АҚШ-та халық санының өсу қарқыны соңғы 10 жыл ішінде 1930 жылдардан бастап ең төменгі деңгейге дейін баяулаған. 2020 жылғы 1 сәуірдегі елдегі халық саны – 331,5 миллион адам, 2010 жыл­дан бергі өсім – 7,4 пайыз ғана болған. Ал Қытайдың «бір отбасы – бір бала» саясаты 2016 жылы тоқтағанымен, елдегі бала туу деңгейі аса өспе­ген. Екі ел халқының жақын ара­да қартаймайтыны белгілі бол­ғанымен, үкіметтер қазірден мәсе­ле көтеріп, демографиялық құлды­рау­дың алдын алмақ ниет танытып отыр.
Зерттеушілердің пікірінше, әлем қоғамға орасан әсері бар бала туу деңгейінің күрт төмендеуіне дайын емес. Жалпы, жағдай осылай жалғасса, ғасыр соңына дейін барлық елде тұрғындар саны азаймақ. 2100 жылға қарай Испания мен Жапонияны қосқанда, 23 елдің халқы екі есе азаяды деген де болжам бар. Мәселен, Жапония халқы 2017 жылғы ең жоғары көрсеткіші – 128 миллионнан ғасыр соңына қарай 53 миллионға дейін азаюы мүмкін. Ал Италияда халық саны 61 миллионнан 28 миллионға дейін күрт төмендейді деп күтілуде. Тұрғындар саны екі есе азаятын 23 елдің қатарында Испания, Португалия, Таиланд және Оңтүстік Корея да бар.
Бұл жағдайды болдырмас үшін не істемек керек? Кейбір елдер отбасыларды балалы болуға ынталандыру үшін қаржылай көмек беруге тырысады. Мәселен, Ресей былтыр балалы болған аналарға қомақты ақшалай көмек беруге уәде етті. Дегенмен, сарапшылар мұндай саясат жеміс бермейтінін алға тартады. Оның орнына бала өсіруге қолайлы болатын мемлекеттік деңгейдегі жүйені қалыптастыру маңызды дейді. Оған қолжетімді бала күтімі, ата-аналар үшін жұмыс уақытын бейімдеу, ер адамдардың үй жұмысына көбірек араласуы секілді шараларды жатқызған.
Қолжетімді бала күтімі деге­німіз – мемлекеттен ақша алып отыру емес, Үкіметтің отба­сыларға баланы өсіруде көр­сететін жан-жақты қолдауы. Жа­понияда халық саны азайып бара жатқан Наги-Чо деген шағын қаланың мысалы көпке үлгі болып отыр. Тоғыз жыл ішінде қаланың отбасына бағытталған арнайы бағдарламасының арқасында бала туу деңгейі бір әйелге 1,4-тен 2,8-ге дейін, яғни екі есе артқан. Отбасылар сондай-ақ балаларға арналған жеңілдіктер мен жәр­демақы алып отырған. Одан бөлек, қаладағы балабақша бағасы елдегі орташа көрсеткіштен екі есе арзан болған. Бұл – Жапониядағы шағын қаланың жеткен жетістігі. Бәлкім, бұл мысал өзге де елдер мен қалалардың керегіне жарап қалар. Дегенмен, әр елдегі саяси, экономикалық, әлеуметтік жағдай әртүрлі болғандықтан, бір мемлекеттегі сәтті бағдарлама екінші қоғамға тура солай әсер етпеуі мүмкін.
Шығыс Азия тұрғындарының көбі өздеріндегі тым қатал еңбек талабы көп жағдайда үй мен жұмысты бірдей алып жүруге мүмкіндік бермейтінін айтады. Оңтүстік Корея – әлемдегі бала туу деңгейі ең төмен елдердің бірі. Елде отбасыларды ынталандыру үшін 130 миллиард доллардан астам қаражат жұмсалған. Олардың қатарында тегін бала күтімі, тұрғын үй жеңілдіктері немесе ЭКО жасату шығындары бар. Одан бөлек, балалы болуға итермелейтін арнайы демалыстар беру секілді креатив шешімдер де бар. Десе де, Оңтүстік Кореядағы жағдай әлі де өзгермей тұр. Ата-аналар көп балалы болуды жұмыспен қатар алып жүру өте қиын деп есептейді. Үлкен қалаларда мемлекеттік балабақшаларға кезек күту уақыты 7 жылға дейін жетеді екен, ал жекелері тым қымбат. Жоғарыда айтылған үкімет шараларының ешқайсысы отбасын кеңейтуге қарама-қайшы қиын жұмыс талабы мен еңбек тәртібін өзгерте алмаған.
Отбасы құндылықтарына кедергі болатын қатал жұмыс тәртібі Шығыс Азия елдерінде, әсіресе, Оңтүстік Корея, Қытай мен Жапонияда кең тараған. Жұмыс істемеуге тағы болмайды. Батыс елдерінде бұл тәртіп сәл жеңілірек болғанымен, мансап пен отбасы қатар тұрғанда көбі қызметін таңдайды. Бұл – Батыс мәдениетінің бір бөлігі болып кетті. Ал енді «чайлдфри», ағылшынша балалы болғысы келмейтіндер қатары Шығыста да көбейіп келе жатқан секілді.
Қазақстанда Президент ұсын­ған «Аңсаған сәби» бағдар­ламасы бойынша жылына квота санын 7 мыңға жеткізу мәсе­лесі шешілді. Бұл бала туу көрсет­кішінің төмендеуі әлемдік құбы­лыс екенін және әр мемлекет өз мүм­кіндігінше шара қолданып жат­қанын көрсетеді.
Дегенмен, Қазақстандағы жағдай басқаша. Ұлттық статистика бюросы 2020 жылы елімізде бала туудан рекордтық көрсеткіш орнағанын мәлімдеді. Соңғы жоғары көрсеткіш 1987 жылы тіркелген, ол жылы 417 мың нәресте дүниеге келген екен. Ал былтыр елімізде 425 625 бала туған. Әйтсе де бізді де өзге елдердің күні күтіп тұрмағанына кепілдік болмаған соң, қазірден барлық мүмкіндікті жасай берген абзал болар. Өйткені баланың аз туы­луы денсаулық немесе әлеуметтік мәселелерге емес, көбіне елдің экономикалық жағдайына байланысты секілді. Озық дамыған мемлекеттер халқы кәсіби мансап пен өзінің жеке басының әлеуетін отбасы, бала-шағадан жоғары қояды. Бала күтімімен үйде отырып қалған әйелдің кәсіби қызметі тұралап қалатыны көп әйел адамды алаңдатады.
Сол себепті де сарапшылар жұмыс талабын жеңілдетіп, балалы адамдарға бейімдей білу де маңызды шешімдердің бірі болар еді деп отыр. Жарты жұмыс күндік орындар көбірек ашып, кішкентай баласы барларға түсі­ніс­тікпен қарауға болатынын ұсынады. Дамыған елдер арасында қызметтегі әйелдердің балалы болуына жақсы жағдай жасаған Швеция мысалы көп айтылады. Стокгольм университетінің демография бөлімінің басшысы профессор Гуннар Андерссон өмірдің бір кезеңінде әйелдер мен ерлердің кішкентай балалары болатынын және оған түсіністік танытып, үйге ерте қайтуына сеп болу керегін баса айтты. Оған қоса, жұмыс уақытын қысқартпай-ақ, жұмысты балалы қызметкерлерге ыңғайлы етудің жолдары бар. Мәселен, 2017 жылы жүргізілген зерттеу Германияда кең жолақты Интернеттің пайда болуы мен жоғары білімді әйелдердің туу деңгейінің өсуі арасындағы байланысты анықтаған екен. Үйде жұмыс істей отырып, әйелдер балаларымен көбірек уақыт өткізуді таңдаған. Ал жоғары білімі жоқ әйел­дер мен ер адамдарға жасалған тура осындай зерттеудің нәтижесі мұндай болмаған. Финляндияда да осыған ұқсас жағдай орын алған. Пандемия кезінде елдегі бала туу көрсеткіші өскені бай­қалған. Әрине, бұл қашықтан жұ­мыс істейтін әйелдердің бар­лығы балалы болуға дайын дегенді білдірмейді. Әр елдің нәтижесі бір-біріне ұқсамайды. Сауалдамаға қатысқандар үй жұ­мысына ер адамдар қол ұшын созған өңірлерде отбасылардағы бала саны көбірек болғанын көрсеткен. Осылайша, сарапшылар егер үкіметтер елдегі бала туу деңгейін көтеремін десе, үй­дегі қызметті тең бөлуді ұсынып отыр. Бұл – адамзатты алаңдатқан мәселенің ықтимал шешімдерінің бірі ғана. Жалғыз бір шара бүкіл елдің жағдайын түзей қоймасы анық. Демография проблемасы жан-жақты жүйе мен стратегияны қажет етпек. Сондай-ақ әйелдер мен ер азаматтарға берілетін бала күтіміне байланысты жеңілдіктер де маңызды рөл ойнайды. Әсіресе, бала күтуге берілетін мерзім мен қаражат сомасы маңызды.
Жер бетіндегі адам саны­ның азаюы қоршаған орта үшін керісінше жақсы нәрсе дей­тіндер де болуы мүмкін. Бірақ қар­тайғандар саны көп қоғамда эко­номикалық өсім болмай, салық төленбей, денсаулық сақтау саласына айтарлықтай күш түсетіні белгілі. Сол себепті көп елдер бұл мәселені көші-қон тұрғысынан шешуге тырысады. Сырттан жұмыс іздеп, көшіп келген халық сол елдің тірші­лігін жалғастырады. Осы үрдіс бай­қалған елдер саны көбейіп келеді.
Еліміздегі алдағы халық са­нағы тұрғындар санының өсу динамикасын саралап, бұл қауіп бізге төнер-төнбесін анықтамақ. Дегенмен, дамыған елдердің үл­гісінен кейін, қазірден ана мен баланың мәселесін шешіп, қоғамда отбасылық құндылықтардың үстем болуына назар аудару керек шығар деген ой түйесің.