Әлем • 01 Шілде, 2021

Жаһандық жылыну: 3,5 млрд адамға қауіп төнуі мүмкін

1496 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қоршаған ортаны қорғау... Пластиктен бас тарту... Бұл бүгінде екінің бірі пікірін айтатын тренд тақырыпқа айналды. Қоршаған ортаны қорғау өзіміздің денсаулығымыздан бұрын заманауи­ болып көріну үшін қажет сияқты. Экология тақырыбында сөз сөйлеп, көпшіліктің назарын аударуға тырысып жүргендер қа­та­ры да көбейіп жатыр. Алайда пластик заттарды тұтынумен қатар, ғаламға төнген тағы бір қауіптің барын ұмытамыз. Ол – жа­һандық жылыну. Ғалымдар бұл тақырып турасында не дейді екен?

Жаһандық жылыну: 3,5 млрд адамға қауіп төнуі мүмкін

ХХ ғасырдың басында ғалымдар Жер планетасындағы температураның өзгеруін зерттеп, жыл сайын температура жоғарылап отырғанын анықтаған. Ал 1980 жылы жылыну үрдісі жеделдегені байқалған.
1998 жылы Массачусетс универ­ситеті мен Аризона ден­дро­хронология универ­сите­тінің ғалымдары Жер тем­пературасының 1000 жылдағы өзгерісі туралы зерттеу жария­лаған. Термометр болмаған кез­дегі ауа температурасын сол заман туралы ақпарат беретін дерек­көздерден зерделеген. Нәти­жесінде, біраз уақыт нормадан алшақтау бәсең болып, ал ХХ ғасырда температураның жоға­рылауы күрт өскенін көреміз.
Science журналының 2013 жылғы нөмірінде авторлар бұл тақырыпты тағы да көтереді. Олар келген шешім де жоғарыда аталған әріптестерінің ойымен бірдей. Соңғы жүзжылдықта Жер шарындағы жылыну үрдісі жеделдеген. Тағы бір ескеретін жайт – Жер шарының Күннен алыстамағаны. Яғни ауа температурасы қалыпты болған кездегі орбитамен бірдей. Бұл жылынуға парниктік газдардың эмиссиясы себеп дейді.
Парниктік газдар әсері, негі­зінен, табиғи үрдіс. Тіпті бұл Жер шарын өмір сүруге қолайлы етеді десек те болады. Бұл Жер шары бөлетін жылуды атмосферадағы белгілі бір газдар сіңіріп, оны қайта бөлуінен пайда болады.
Табиғи парниктік газдар қатарына көмірқышқыл газы (СО2), метан мен азот оксиді жатады. Мыңжылдықтар бойы табиғат атмосферадағы бұл газдар­дың деңгейін өзі реттеп келді. Бұл адамдар энергия алу үшін тау жыныстарын өр­тей бастағанда өзгеріске ұшы­рады. Ал ол өз кезегінде СО2 эмиссиясының артуына алып келді. Атмосферадағы табиғи теңгерім бұзылғаннан кейін Жер шарының жылынуы басталады.
«Жаһандық климаттың жай-күйі 2020» баяндамасына назар салсақ, БҰҰ-ға қарасты Әлемдік метеорологиялық ұйым былтыр ауа температурасы 1,2 градус Цельсийге жоғарылағанын жазған. Бұл баяндама авторлары да парниктік газдар эмиссиясының өсуі климаттың өзгеруіне негізгі себеп дейді.
2001 жылы климаттың өзгеруі бойынша мемлекетаралық топ индустриялық кезеңге дейін мыңжылдықтар бойы­ атмо­с­фе­радағы СО2 концентрациясы 280 млн ppm-ді құрағанын, ал 1999 жылдан бастап 367 млн ppm-ге дейін жеткенін айтады. 2021 жылы бұл көрсеткіш 415 млн-нан бір-ақ шықты. Мұндай жоғары көрсеткіш миллион жыл бұрын болған деседі.
Мемлекетаралық топ 1988 жылы БҰҰ-ға қарасты ұйым ретінде құрылған. Оған 195 ел мүшелік етеді. Топта климаттың өзгеруіне қатысты ғылыми деректер сараланады. Бұл құрылым да жаһандық жылыну адамдардың өзі қолдан жасап алған үрдіс деп ұйғарды. Яғни энергия алу мақсатындағы әрекеттерінің салдары осыған алып келген. Ол кезде тіпті homo sapiens тіршілік етпеген. Ал мұхит деңгейі қазіргіден 30 метрге жоғары болыпты.
NASA Ғарыш зерттеу инс­титутында климат зерттеумен айналысатын Бенджамин Кук жаһандық жылыну себебін іздеу өткен ғасырда басталғанын айтады. «Ғылымда ғалымдардың көзқарастары келіспейтін мәселелер көп. Дегенмен, жа­һандық климат мәселесіне келгенде ғалымдардың ойы бір жерден шығады. Климаттың өзгеруіне тау жыныстарын жағу себеп болды», дейді ғалым.
Климаттың өзгеруі мәселесі тақырыбындағы 2019 жылы жарияланған 11 602 ғылыми мақаланы зерттеу нәтижесінде авторлардың барлығы адами фактор туралы жазғанын оқуға болады. Тіпті Бенджамин Кук жаһандық жылынудың басқа себебін тауып, зерттеп, дәлелдеген адам ғылымға елеулі өзгеріс алып келерін, Нобель сыйлығын иемдену мүмкіндігі барын айтады. Бұл, әлбетте, адами фактордан басқа себеп жоқ дегенге саяды. Толғандыратыны – бұл үрдісті тоқтатуға күш салмасақ, 2070 жылға қарай түгел планета аптап ыстыққа душар болмақ.
Сонымен, жаһандық жылыну – адамдардың өздері туғызған мәселе. Жоғарыдағы зерттеулерде ғалымдар 50 жылдан кейін 3,5 млрд адамның өмір сүруі мүмкін емес аймақтарда қалу қаупі барын ескертеді. Бұл тек болжам ғана, өйткені адамзат баласы әлі СО2-нің шамадан тыс бөлінуімен бетпе-бет келмеген.
Адамның қолымен жасалған дүние болса, бұл жағдайды қолға алуға не кедергі деген сұрақ туындайды. Дегенмен, барлық елдің жаңартылатын энергия көзін қолдануға көшуге мүмкіндігі жоқ. Сондықтан бұл мемлекеттердің ғана емес, Жер планетасының әрбір тұрғынының жауапкершілігінде екенін есте ұстайық.