Спорт • 01 Шілде, 2021

Токиода белдесетін балуандар

184 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Грек-рим күресінен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Бақтияр Байсейітов Токиода алауы тұтанатын жазғы Олимпия ойындарына қатысатын балуандардың есімін атады. Олар – Мейрамбек Айнағұлов (60 кило), Демеу Жадыраев (77 кило) және Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кило).

Токиода белдесетін  балуандар

Қазақстанның грек-рим күресі шеберлерінің Токиоға толық құраммен баруына барлық мүмкіндігі болды. Олай деуге негіз, Олимпия ойындарының жолдамалары сарапқа салынған екі бірдей дүбірлі дода өз жерімізде өткен еді. Алғашқысы – 2019 жылы Нұр-Сұлтанда жалауы желбіреген әлем чемпионаты. Екіншісі – Алматыда шымылдығы түрілген Азия мемлекеттері арасындағы лицензиялық турнир. Өкінішке қарай, жерлестеріміз өз мүмкіндіктерін пайдалана алмай, небары үш жолдаманы қанағат тұтты. Әрине, бұл көңіл көншітерлік көрсеткіш емес.
Содан ұлттық құрама бапкерлері «Олимпиадаға кімдерді апарсақ?» деп біраз бас қатырды. Мәселен, 60 кило салмақ дәрежесінде екі бірдей мықты спортшы бар. Олар – Мейрамбек Айнағұлов пен Айдос Сұлтанғали. 27 жастағы Мейрамбек. Ол әлем чемпионатында екі рет жеңіс тұғырына көтерілді. 2017 жылы Паридже күміс алса, 2019 жылы Нұр-Сұлтанда қола медальді мойнына ілді. Одан бөлек, Азия ойындары мен құрлық біріншілігінде жүлдегерлер қатарына қосылды. 25 жастағы Айдос 2018 жылы Будапешттегі дүниежүзілік додада үздік үштікті қорытындылады. Десек те бұл жолы таңдау Айнағұловқа түсті. Себебі Мейрамбек соңғы кездері халықаралық додаларда жап-жақсы күресіп жүр.
77 кило салмақ дәрежесіндегі жағдай да дәл солай. Осыдан екі жыл бұрын өткен әлем чемпионатында Асхат Ділмұхамедов жеңіс тұғырына көтеріле алмағанымен, ширек финалға дейін жетіп, жолдамаға қол жеткізді. Оның Нұр-Сұлтандағы өнері жақсы әсер қалдырды. Асхаттың айтулы жарыс барысында Олимпия ойындары мен әлем чемпионатын екі реттен ұтқан ресейлік Роман Власовты қапы қалдыруы жоғарыдағы сөзіміздің айқын дәлелі. Десек те бұл салмақта Демеу Жадыраев та бар. Ол – 2017 жылы Парижде өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Асхат 34 жаста, Демеу 31-де. Содан мамандар екеуін түрлі жарыстарға апарып, қайсы жақсы нәтиже көрсетсе, соны Токиоға апарамыз деген шешімге келді. Бұл ретте Жадыраевтың жолы болды. Ол шет мемлекеттерде өткен турнирлерде басты қарсыласына қарағанда тәуір күресті. Сол себепті де бас бапкердің таңдауы Демеуге түсті.
Ал 87 кило салмақта Нұр­сұлтан Тұрсыновтың Олимпия ойын­дарына қатысуына ешкім қарсылық білдірмеді. Өйткені бұл салмақта бәсекелестік деңгейі төмен. Бірер жыл Азамат Құстыбаев тәуір нәтиже көрсетіп, құрлықтық деңгейдегі додаларда жүлде алған еді. Алайда төрт жылдан кейін боз кілемге қайта оралған оны Тұрсынов былтыр ел біріншілігінің финалында ұтып, елішілік жарыстарда өзіне тең келер ешкім жоқ екенін дәлелдеді. Одан кейінгі бәсекелерде де 30 жастағы Нұрсұлтан біраз белестерді бағындырды.
Міне, Токио төрінде осы үш балуанымыз өнер көрсетеді. Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы соңғы рет 1996 жылы Атланта Олимпиадасында алтын алған еді. Содан бергі кезеңде Георгий Цур­цумия (2004 жылы, күміс), Мкхи­тар Манукян (2004 жылы, қола), Нұр­бақыт Теңізбаев (2008 жылы, күміс) және Даниял Гаджиев (2012 жылы, қола) жүлдегерлер қатарына қосылды. Бірақ олардың ешқайсысы да Юрий Мельниченконың ерлігін қай­талай алған жоқ. Бәлкім, осы жолы үш қандасымыздың біреуі Қазақ елінің Әнұранын шырқатар?!