01 Қаңтар, 2014

Үш тілді үйрену – үлгі етер үрдіс

681 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

ERA 6986Бұл – әрбір ата-ананың міндеті

Қолыңызға 2014 жылдың тұңғыш нөмірі тиіп отыр. Негізінде жыл басталарда бірден проблемалық мәселелермен оқырманның басын қатыра беру онша дұрыс деп те саналмайды. Әйтсе де, Ерлан САҒАДИЕВТІҢ үштілділік проблемасын қозғаған ойлы мақаласын осы нөмірде жариялауды жөн көріп отырмыз. Елдің бәсекеге қабілеттілігі әркімнің бәсекеге қабілеттілігінен басталмақ. Мұның басты бір жолы – әлемде қордаланған, адамзат жинаған білім мен ақпаратқа жедел қол жеткізу. Ал оның ең сенімді жолы – сол білім мен сол ақпарат түгелдей дерлік тұнып тұрған ағылшын тілін меңгеру. Өзіміздің бір байлығымызға айналып үлгерген орыс тілін қоса. Өзіміздің ана тіліміздің қайнар бұлағынан қана іше, өз тұнығымыздан сусындай жүріп. Қазақы бітім-болмысымызды сақтауға үштілді болудың еш кері әсері жоқтығын осы мақала авторының бес баланың әкесі екендігінен де, үш тілді қатар, еркін меңгерудің қай салада да табысқа жол бастайтынын Ерлан Кенжеғалиұлының елімізге белгілі кәсіпкер, халықаралық IT–Университет ректоры екендігінен де көруге болады.

 

Бұл – әрбір ата-ананың міндеті

ERA 6986

Қолыңызға 2014 жылдың тұңғыш нөмірі тиіп отыр. Негізінде жыл басталарда бірден проблемалық мәселелермен оқырманның басын қатыра беру онша дұрыс деп те саналмайды. Әйтсе де, Ерлан САҒАДИЕВТІҢ үштілділік проблемасын қозғаған ойлы мақаласын осы нөмірде жариялауды жөн көріп отырмыз. Елдің бәсекеге қабілеттілігі әркімнің бәсекеге қабілеттілігінен басталмақ. Мұның басты бір жолы – әлемде қордаланған, адамзат жинаған білім мен ақпаратқа жедел қол жеткізу. Ал оның ең сенімді жолы – сол білім мен сол ақпарат түгелдей дерлік тұнып тұрған ағылшын тілін меңгеру. Өзіміздің бір байлығымызға айналып үлгерген орыс тілін қоса. Өзіміздің ана тіліміздің қайнар бұлағынан қана іше, өз тұнығымыздан сусындай жүріп. Қазақы бітім-болмысымызды сақтауға үштілді болудың еш кері әсері жоқтығын осы мақала авторының бес баланың әкесі екендігінен де, үш тілді қатар, еркін меңгерудің қай салада да табысқа жол бастайтынын Ерлан Кенжеғалиұлының елімізге белгілі кәсіпкер, халықаралық IT–Университет ректоры екендігінен де көруге болады.

Тіл мәселесі елімізде қызу талқылануда. Осыған тіпті саясаткерлер мен әртүрлі топтардың көңіл-күйі де араласып кетті. Ал, біздің ойымызша, оларды былай қоя тұрып, алдымен біздер, ата-аналар, өзара пікір алысып, ортақ түсініктің жолын өздеріміз іздегеніміз дұрыс сияқты. Өйткені, түптеп келгенде, тек біздер – ата-аналар өз перзенттеріміздің келешегіне тікелей жауаптымыз.

Әр отбасында бүлдіршіндер өсіп жатыр. Олар балабақшаға, мектепке барар шағында қазіргі заманда туып отырған қиын сұрақтың дұрыс жауабын табуымыз керек: баланы қай тілде сабақ беретін мектепке апарамыз – қазақ, орыс немесе ағылшын тіліндегі мектепке ме? Осы таңдау – бүгінгі күні қай ата-ананың да басын ауыртатын өзекті мәселе.

Менің бес балам бар. Сон­дықтан оларға керекті тіл мен мек­тепті таңдау мен үшін өте жау­­апты. Баспасөздегі тіл туралы пікірталасты назарымда ұстаймын. Кейде орынды пікірлер айтылса да, көбіне жалаң сөз, эмоция басым. Терең талдау, тиянақты деректерден немесе басқа халықтардың кейбір озық үлгілерінен шыққан қорытынды аз. Өткенді өнеге, мысал ету бар да, болашақ туралы әңгіме аз. Біз кім болғымыз келеді, әрбір азаматқа заман талабы енді 20, 30, 50 жылдан кейін қалай қойылуы мүмкін? Міне, осы сұрақтарға жауап көбінесе назардан тыс қалады. Ал олар өзекті мәселелер, егер еліміздегі адамның орташа жасы бүгін 70-те, болашақта одан да көп болады десек, бүгін балабақша есігін, мектеп табалдырығын бірінші рет аттаған бүлдіршінге бүкіл өмір бойы осы сұрақтарға жауап іздеуге тура келеді.

Мені осы мәселе көптен толғандырады. Бұл мәселеге өз пікірім, өз көзқарасым қалыптасқан сияқты. Солармен ата-аналармен, жалпы оқырмандармен бөліскім келеді. Тілдер туралы айту бір жағынан маған жеңілдеу сияқты: жеті жасыма дейін ауылда, әжемнің бауырында өстім, тек қазақша сөйледім. Жетіден жиыр­ма жасқа дейін мектепте оқу, әскери борышымды өтеу тек қана орыс тілінде болды. Содан кейінгі Америка Құрама Штаттарындағы сегіз жыл өмірімде ағылшын тілін үйреніп, сол тілде қызметімді жалғастырдым.

Енді қалыптасқан пікірді баяндауға көшейін. «Егер ана тіліңде оқымасаң сен қазақ болмайсың, оның бай мәдениетінен аулақ боласың», дейді біздің көптеген ағайындар. Екі жаққа бөлінген пікірталастың ең өзекті тұсы осы. Біздің ойымызша, осының негізінде білім мен мәдениеттің ара-жігін толық айыр­мау жатыр.

Білім берудің мақсаты – адамды заманауи теориялық жаңалықтармен сусандырып, озық технологиялар мен озық тәжірибе, үлгіге баулып, заманындағы білім мен біліктілік бәсекесіне бекем болатын азамат тұлғасын сомдау. Өзіне, отбасына, еліне керекті табыс тауып, тиімді еңбек ете алатын маман тұлғасын жасау.

Мәдени тәрбиенің мақсаты бөлек. Ол сенің ұлттық тілің мен діліңді, ұлттық болмысыңды сомдайды, өз тарихың мен өнеріңе үйретеді, басқа да халықтардың рухани қазыналарымен сусындандырады.

Білім мен мәдениеттің, біздің ойымызша, ара-жігі осы айтқандарда. Осыған қарамай тіл туралы пікірталаста білім мен мәдениетті бір-бірімен қосақтай береміз. Тереңірек үңілсек осының себебі, елімізде болып жатқан тарихи өзгерістерде сияқты.

Данышпан Абай заманында біздің халықтың бар білетінінің 95 пайыздайы тек қана қазақтар, Қазақ елі туралы еді. Бұдан басқа білім бұлағы бізде болған жоқ десек те сыяды. Сондықтан өзінің тілін, елінің тарихын білген, мәдени құндылықтарын игерген қазақ азаматы сауаттылар санатында болатын.

Содан кейін заман өзгерді, өмір күрделенді. Ресейге қосылғаннан кейін елге өндіріс келді, индус­трияландыру басталды. Білім мен біліктілікке қойылған талап күрт өзгеріп, күрт өсті. Оған сәйкес болу үшін білімді тек қазақ тілінде ғана емес, орыс тілінде де алу керек болды.

Одан кейін әлемде жаһандану үрдісі басталып, ол күннен-күнге ауқымы кеңейіп, терең бойлап келе жатыр. Біз әлемдегі ашық қоғам құрған елдердің бірі болып даму үстіндеміз. Бүгінгі жаһан­дану заманында сауатты болам деген адамға білім тек Қазақ­станда жасал­майды, тіпті оған қазақтардың қатысы шамалы десек те болады. Егер іргелі және қолданбалы ғылымдарды алсақ, олардың ашқан жаңалықтарын алсақ, бұл бұлтартпас шындық. Білім ауқымы еселеп өсті, ол тек қана мәдениет төңірегіндегі білім шарасынан әлдеқашан асып кетті. Мәдени тәрбие білім мен біліктіліктің өте маңызды бөлігі болса да, олардың тек бір ғана сипаты болып қалды.

Осыдан шығатын ең өзекті мәселе – өскелең ұрпаққа керекті заманауи білімнің тек қазақ тілінде жасалмайтыны. Ол білім әлем елдерінің әр тілінде жасалады. Дәлірек айтсақ, білім туралы ақпараттың негізгі арнасы ағылшын тілінде болатынын барша әлем елдері мойындаған сияқты.

Мына бір деректерге жүгініп көрейік. 2011 жылы әлемде ағылшын тілінде 550 мың кітап жарық көрген екен. Бұлар жаңа кітаптар мен аудармалар. Яғни, жаңа ойлар, жаңа идеялар. Сауатты боламын деген адамға керекті жаңа ақпарат. Сол жылы орыс тілінде 97 мың кітап басып шығарылды. Екі тілде шыққан кітаптардың салыстырма коэффициенті 1:5 (бір де бес), біздің Ресей көршімізден француздар шығарған басылымдар сәл төмен: 65000 (коэффициенті бір де сегіз). 2011 жылы қазақ тілінде 2300 кітап жарық көріпті. Яғни, ағылшын тілінде шыққан екі жүз кітапқа қазақ тілінде бір-ақ кітап келеді.

Слайдқа салып салыстырсақ былай болып шығады:

01-Ерлан Сағадиев-31-12-2

2011 жылы шыққан кітаптар:

Әртүрлі салалар үшін басылып шыққан ғылыми еңбектердің саны медицина бойынша ағылшын тілінде 14000, қазақ тілінде 147, экономика мен әлеуметтануда 29000 да 239, жаңа технология туралы 35000 да 191 кітап шыққан екен. Бұл тек біздің ғана басымыздағы мәселе емес. Әзербайжан, Грузия, Өзбекстан елдеріндегі жағдайлар да осындай, біздегідей, мүмкін одан да күрделі. Сондықтан көптеген әлем елдері Египеттен бастап, Мексика, Швецияға дейін олардың бәріне ортақ бір мәселе – әлемдегі сансыз ақпаратты өз тілдеріне аудару қажеттігі. Ал оны іске асыру ешбір елдің, ешбір бюджеттің қолынан келмейді.

Бүгінде техника, технология туралы ақпараттың 70%-ы ағылшын тілінде шығады. Сон­дықтан, егер сіз, мысалы, испан азаматы болсаңыз, сіздің испан тілінде бүкіл Латын Америкасы елдері сөйлесе де, өз тіліңізде техника туралы жаңа білімнің тек 3-4 па­йызын ғана ала аласыз.

Электрондық ақпараттың, яғни болашағы үлкен ақпараттың 80 пайызы ағылшын тілінде шығады. Қытай, орыс, жапон, француз, тағы басқа тілдерде осы ақпараттың тек 20 пайызы ғана жарияланады. Осыған байланысты әлемдік ақпарат арыны негізінен бір ғана ағылшын тілінде екендігімен бетпе-бет келіп отырған тек қана біздер, қазақтар емеспіз. Бұл бірінші өзекті мәселе.

Екінші өзекті мәселе – тілді жақсылап түсіне білетін жағдайдың керектігінде. Ол үшін әртүрлі салалардың, әсіресе, ғылым мен техника мамандары қолданатын терминдер қорын өз ана тіліңде жасауымыз керек. Осы тіл саласының оқымыстылары қолданбалы тілге керекті түсініктеме жасау үшін ең кемі 10 мың адам осы тілді белсенді түрде пайдалануы керек дейді. Мысалы, орыс философиясының түсініктеме аппаратын Ленин жасады. Ол марксизмнің ең кемі 10 мың идеологының қалыптасуына жол ашты, ал олар, өз кезегінде, орыс тіліндегі философия ғылымының түсініктемелік аппаратын жасады. Лениннің өзіне Гегель мен Кант еңбектерін жақсы түсіну үшін неміс тілін игеру керек болды. Ленин мұны өз еңбектерінде жазған.

Бірақ Гегельдің еңбектері кезінде не грузин, не қазақ, не әзербайжан тілдерінде жарияланған жоқ. Тек кейіннен «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ғана жекелеген еңбектерінің үзінділері аударылды. Мен Гегельдің еңбектерін түрік тілінде де таппадым. Оны осы тілдерге аудару үшін керекті түсініктеме аппаратын жасау керек еді, ал ол үшін ең кемі 10 мыңнан артық осы салада еркін сөйлейтін мамандар қажет.

Осыларға сүйене отырып не айтқымыз келеді. Бірін­ші­ден, әлемдік ой жүйесінің терең қатпарларын игере алмай, мысалы, жаңа біз сөз еткен немістің классикалық философия тұжырымдарын игере алмай, біздің балаларымыздың қазіргі заманда жоғары сауатты болуы қиын, ал онсыз келешегі бұлыңғыр. Екіншіден, біздің заманымызда білімнің жаңа салалары өмірге өте тез жылдамдықпен келіп жатыр. Оларды уақытында өз тілінде игеруге қандай мемлекет болса да оған мүмкіндігі жоқ, өйткені, түсініктеме аппаратын жасап үлгере алмайды.

Көптеген саланың мамандары осындай жағдайдан кейін ағылшын тілін игеріп, оны өзінің кәсіби мамандығының тілі деп біледі. Мысалы ұшқыштар, дәрігерлер, жаңа материал жасау мамандары, химиктер, ақпараттық технология мамандары өз саласындағы негізгі тіл деп ағылшын тілін айтады. Бұл үрдіс барған сайын басқа мамандықтарға да кеңінен етек жайып барады.

Біз аз халықпыз, әлемдегі ең озық елдің қатарына қосыламыз деген асқақ арманымыз бар. Ал ол үшін не істеуіміз керек? Тезірек ағылшын тілін игеруіміз керек. Біздің ойымызша, барша халқымыз осы тілді игеруі керек. Қай ел осы тілді тезірек игерсе, сол ел әлемдегі бәсекелікте басымдық алады.

Көптеген елдің халықтары өзінің ана тілімен қатар ағылшын тілін де толық игерген. Мысалы, барлық Скандинавия елдері, бүкіл Балтық бойы, Швейцария, Сингапур, Малайзия. Оңтүстік Кореяда ағылшын тілін таза сөйлейтіндер шамалы, бірақ барша халық осы ағылшын тілінде бірін-бірі жақсы түсінеді.

Жақында ағылшын тілін үйрену үрдісіне грузиндер қосылды. Басқа елдерден олар ағылшын тілінің 2500 мұғалімін әкеліп, өз мектептерінде бір-екіден жұмысқа орналастырды. Өзбекстан да білім берудің жаңа стратегиясын жасады, онда ағылшын тілін игеруге басымдық берілген. Қытай елі де өз жастарына ағылшын тілін белсенді түрде үйрете бастады. Бір сөзбен айтсақ, әлемдегі жаһандану үрдісінің өктем талабының бірі осы ағылшын тілін дамытуда болып отыр.

Франция көптен бері ағылшын тілін өз елінде қолданысқа енгізуге қарсы болғанын білеміз. Ал осы 2013 жылдың қыркүйек айында француздардың мектептерінде міндетті түрде ағылшын тілін үйрету пәні енгізілді. Мен бұрнағы жылы Францияда тұрдым. Тіл туралы осы елде болған қызу пікірталастың куәсі болдым. «Сонда қалай, ағылшын тілін енгізіп, ұлы француз тілін «Қызыл кітапқа» кіргіземіз бе?!» деген кейбір француз азаматтарының жанайқайын да естідім. Осыған қарамай, өткен жылы француздар мектебінің барлық сыныптарында ағылшын тілін үйрету басталды. Бұл бірден-бір шешім дұрыс дейді фрацуздар, өйткені, өз тілімізде бүкіл әлемнің ғылым мен техника, мәдени жаңалығының тек 5 пайызын ғана шығарып отырып, біздер әлемдегі бәсекеге бекем бола алмаймыз.

Бізге үш тілді меңгеру керектігін Елбасы айтты, биылдан бастап ол ұстаным орта мектепте енгізілді. Яғни, саяси шешім қабылданды, ендігі мәселе осы игі бастаманы жан-жақты және баянды түрде іске асыруда. Бірақ мемлекет шабан қимылдайтын құрылым ғой. Оның әрбір қадамын заңдастыруға, идеологиясын қалыптастыруға, басқа да жағдайларын жасауға уақыт керек. Біздер, ата-аналар, балаларымыз үшін ең қуатты, белсенді күшпіз, осы белсенділігімізді жастардың үш тілді де жақсы игеру ісінде көрсете білуіміз керек.

Үш тілді қатар игеру біздің тіліміз бен мәдениетіміздің дамуына кедергі келтіреді деген де күмән бар. Ол да негізсіз емес. Қайткенмен де ұлт болып осы мәселені терең ойластыруымыз керек. Біздің ойы­мызша, заманымыздың осындай өктем талабына кезігіп отырған, оларға өз жауабын тауып отырған басқа елдер тәжірибесіне тереңірек үңілуіміз керек.

Әрбір ұлттың тек өзіне тән, басқаларда жоқ рухани қоры, мәдени дәстүрі бар. Дегенмен, әлемдегі әлеуметтік жаңғыру үрдісі оларды бірінің ізімен бірі жүруге, бірінің тәжірибесін бірі қайталауға шақырады, тіпті мәжбүр етеді десек те болады.

Қазақстан өзінің мәдени болмысын сақтау мәселесімен кездесіп отырған жаһандағы жалғыз ел емес. Көптеген елдердің де алдында осы мәселе тұр. Тіл де, мәдениет те мәңгілік бір қалпын сақтамайды, олар да дамиды, өмірде болып жатқан құбылыстарға сәйкес жаңғырады.

Швеция, Норвегия, Дания, Финляндия халықтары жаппай ағылшын тілінде сөйлейді, іс қағаздары да осы тілде. Бірақ өз тілін ешқайсысы ұмытқан жоқ, ал төл мәдениетін айтарлықтай дамытып отыр. Малайзия халқы сонау Британия боданы заманынан ағылшын тілін жаппай игерген. Бірақ әрбір малай азаматы өзінің ислам дініне берік, ана тілінде өз мәдениетін өте жақсы дамытып отыр.

Жоғарыда аталған Скандинавия елдерінің тағы бір мәдени ерекшелігіне тоқтайық. Осы елдер барша әлемде «жасыл қоғам», «жасыл экономика» қозғалыстарын бірінші болып бастап, табиғатқа, жалпы әлемге деген көзқарастың өте бір керек те тиімді бағытын ашты. Біз «егер сен аңшы болмасаң, еркек емессің» деп жүргенде, олар табиғатқа, жан-жануарларға аянышпен қарап, оларды қорғау қозғалысын бастады. Осы үрдіс бүгін әлемнің басқа елдерінде де қолдау тауып отыр. Осы арқылы әлем елдерінің бір-бірімен мәдени ұқсастығы күшеюде.

Әлемде тынбай жүріп жатқан урбанизация үдерісі де мәдени ұқсастықты көбейтуде. Қазіргі әр елдегі мегаполистердің бір біріне ұқсас екені күмәнсіз. Ұлтты өсіріп, елді көркейтетін жолдың бірі осы. Қаланың өмір сүру дағдысы ерекше, оның саяси ықпалы мен мәні ерекше, қала адамы заман ағымына бейім. Өндірістік еңбек өнімінің өсуі, білім беру деңгейі де ауылдағыдан қалада артық. «Барлық ұлы мәдениеттер қала мәдениетінен бастау алды» деген неміс философы Освальд Шпенглер. Үлкен игілікке, кемелділікке қала арқылы жетуге болатынын Әл-Фараби бабамыз да айтып еді. Біздің елімізде де урбанизация үдерісі сонау кешегі кеңестік заманда басталып, егемендігіміздің тұсында жедел жүріп жатыр. Бұл да тіл мен мәдениеттің дамуына әсерін тигізбей қоймайды, тигізіп те жатыр. Егер біз төл тіліміз бен мәдениетімізді сақтағымыз келсе, әрбір ел тұрғыны осы тілде оқи да, жаза да білу керек. Ауқымы өте үлкен, бірақ шарапаты мол іс. Сонымен қатар, біз байқап отырғандай, тек бір ғана осы тілдің өзі бізді әлем деңгейінде бәсекеге бекем ете алмайды. Сондықтан да тиянақты түрде үш тілді игеру біздің ұлымыз бен қызымыздың шетелдердегі өз құрбыларымен тең түсіп, мынау күнде өзгеріп жатқан заманда өздеріне тиісті орындарын табуының бірден бір шарты дер едім.

Менің ойымша, ата-ана болып, ұлт болып заман талабын жақсы түсіне келіп аталмыш жолмен жүрген дұрыс. Сонда қазіргі тіл туралы пікірталас та дұрыс шешімін табады деп ойлаймын.

Сіз не дейсіз, ағайын?

Ерлан САҒАДИЕВ.

Соңғы жаңалықтар

Адам құқығы – басты назарда

Ата заң • 21 Ақпан, 2026