Өйткені жеңіл атлетика, жүзу, теннис сияқты спорт түрлерінің халықаралық федерациялары кейбір спортшылардың нәтижелерін назарға алып, арнайы жолдама бөледі.
Дәл қазір жанкүйер көкейінде жолдамадан бөлек, Олимпия ойындарының ашылу салтанатында еліміздің Мемлкеттік туын кімдер көтереді деген сұрақтың тұрғаны анық. Халықаралық Олимпиада комитетінің жаңа заңы бойынша ашылу салтанатында туды міндетті түрде бір ер және бір әйел спортшы көтеріп шығуы тиіс.
Олимпия ойындарында Ту ұстап шығу үлкен абырой және сол спортшыға үлкен жауапкершілік жүктейтіні айтпаса да түсінікті. Ту көтеріп шыққан спортшы оны жай көтеріп қана қоймай, жеңіспен оралуға барынша күш-жігерін салуы тиіс.
Әзірге ту көтеретін спортшылардың есімі еш жерде жарияланбады. Егер жолдама алған спортшылардың тізіміне қарайтын болсақ, үміткерлер ретінде Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова (әйелдер күресі) мен Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика) сынды спортшыларды айтуға болады. Сондықтан әйелдер арасында туды Эльмира Сыздықоваға немесе Ольга Рыпаковаға берсек, еш ұтылмаймыз.
Ал ерлерге келсек, бұл тұрғыда кандидаттар көп-ақ. Мәселен, боксшылар. Оның ішінде құраманың капитаны, аса ауыр салмақта әлемнің екі дүркін күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевты немесе әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетовті (81 кг) айтуға болады. Сондай-ақ балуандардың арасында да нар тұлғалы жігіттеріміз жетеді. Мәселен, еркін күресте 97 килодағы Әлішер Ерғали мен грек-рим күресінің шебері Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг) және дзюдошы Ислам Бозбаев (90 кг) лайық деуге болады.
Ту көтерудің де өзіндік жауапкершілігі бар. Сондықтан Туды ұстатарда спорт басшылары «жеті рет өлшеп, бір рет кескендері» абзал. Өйткені кейбір спортшыға психологиялық тұрғыдан ауыр тиюі мүмкін. Әсіресе, Олимпия ойындарынан медаль күтіп отырған спортшыларға қиындау. Оны осыған дейінгі өткен Олимпиадалардан байқауға болады.
Мәселен, еліміз тәуелсіздігін алып, өз алдына дербес мемлекет ретінде қатысқан алғашқы Атланта Олимпиадасында Туды Қазақстан Президентінің қолынан даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов алған-ды. Алайда ашылу салтанатында Туды боксшы Ермахан Ыбрайымов көтеріп шықты. Өйткені Дәулет Тұрлыханов ашылудың ертесінде бірден белдесуге түсетін болды. Ермахан өз кезегінде Атлантаның қола медалін жеңіп алып, өзіне артылған сенімді ақтап шықты.
Жалпы, тәуелсіздік алғалы бері қатысқан жазғы Олимпия ойындарында Ту көтеріп шыққан спортшылардың ішінде тек Ермахан Ыбрайымов қана ерлік көрсеткенін айта кетейік. Атланта Олимпиадасынан кейін Ермахан Сидней Олимпиадасында да сондай құрметке ие болды. Президенттің алдында «Сиднейде Көк байрағымызды желбіретіп барып, желбіретіп қайтамын», деп уәде берген боксшы Олимпиада чемпионы атанды.
2004 жылы Афина Олимпиадасының ашылу салтанатында Туды дзюдошы Асхат Жіткеев ұстап шықты. Алайда ол Грекияда жүлде ала алмады. Алғашқы айналымда Беларусь балуаны Игорь Макаровтан ұтылып қалған отандасымыз артынша жұбаныш белдесуінде әзербайжандық балуаннан жеңіліп, қола медальдан да күдер үзді.
2008 жылы Бейжің Олимпиадасында Атлантадағыдай жағдай қайталанды. Қазақстан Президенті қолынан Туды боксшы Серік Сәпиев қабылдап алғанымен, күнтізбеге байланысты боксшымыз ашылу салтанатына қатыспады. Сөйтіп бұл құрмет ауыр атлет Бақыт Ахметовке бұйырды. Бірақ Ахметовті жүлдегерлер қатарынан көре алмадық. Сенім артқан спортшымыз жарыс қорытындысы бойынша бесінші орынға тұрақтады. 2012 жылы Лондон Олимпиадасында балуан Нұрмахан Тінәлиев (суретте) Туды алып шыққанымен, өкінішке қарай, ол да алғашқы белдесуінде швед балуанынан ұтылып, елге ерте оралды.
Рио Олимпиадасына Туды таэквондошы Руслан Жапаров алып шығып еді. Русланнан кемінде қола медаль күтілгенімен, оған жеребе өте ауыр түсті. Алғашқы жекпе-жекте 2015 жылғы әлем чемпионы әзербайжандық Радик Исаевтан, қола медальға барар жолда 2008 жылғы Олимпиада чемпионы, оңтүстіккореялық Чха Дон Миннен ұтылып қалды.
Көріп отырғанымыздай, Олимпиаданың ашылу салтанатында Ту ұстағандардың қай-қайсысы да «желбіретіп барып, желбіретіп қайтатындай» күш-қайраттары жеткілікті өрендер. Осы жолы да біз өз спортшыларымызға сенеміз. Ел намысын абыроймен қорғайтын жерлестерімізге Ермахан Ыбрайымовтай бақ пен бабы қатар шауып, Көк туымыздың тұғырын биік етсе екен деген тілек қосамыз.