Туризм • 02 Шілде, 2021

Баянауылдың туризмі шежірелі тарихымен маңызды

756 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Үкімет бекіткен туризм саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бар. Осы бағдарламаға ең перспективалы 10 туристік бағыттың қатарында Баянауыл курорттық туристік аймағы да енген. Жалпы, өңірдегі туризмнің маңызы Баянауылмен тікелей байланысты. Көрікті табиғат аумағы туризм кластерін дамытуға дайын тұр. Туристерді тартудың басты нысаны – тарихи орындар да аз емес. Оның үстіне өңірді көркейтуге үлес қосатын еңселі ескерткіштер де бой көтермек. Бірақ жаңа жобаларды жүзеге асыру барысында сынға ілінген жайттар да аз емес.

Баянауылдың туризмі шежірелі  тарихымен маңызды

Былтыр қыркүйек айында өңірімізге белгілі архитектор, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Шығыс елдерінің Халықара­лық сәулет академиясының коррес­пондент-мүшесі, профессор Самат­бек Бөкебай келіп, өзінің Баянауылға арнап жасаған жобасымен таныстырған еді. Жоба­ны жан-жақты талқылаған жиынға облыс әкімінің орынбасары Асайын Байханов, аудан әкімі Қанат Кәрімов, ауданның құрметті азаматтары мен ел ағалары қатысты. Жобаны облыс әкімдігі де қолдап, жоспарға бекітті.

Әйгілі сәулетшінің бұған дейін Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласындағы және облыс орталықтарында, еліміздегі барлығы 54 қалада 200-ге жуық жоба жасағанын ел жақсы біледі. Мысалы, ол – Нұр-Сұл­тандағы «Қазақ Елі», «Халықтар достығы» монументтерінің, Атыраудағы «Исатай мен Махамбет» ескерткіштерінің авторы.

Ал архитектордың Павлодар өңіріндегі жобасы «Баянауылға кіреберіс кешен», «Мемориалдық кешен» және «Музей кешені» деген үш кезеңнен тұрады.

«Біздің мақсат – Баянауылға келген қонақтарды аудан тарихымен жан-жақ­ты таныстыру. Негізгі автожолдан ауылға кіреберіс жер заман талабына сай өзгер­тіледі. Қазір тұрған стелла бүгінгі таным-түсінік бойынша ескірген деп ойлаймын. Жаңадан бой көтеретін стелла қазақы ою-өрнектермен көмкеріліп, гранитпен қапталады. Стелланың түр-пішіні маңайдағы биік таумен, айдын шалқар көлмен, қалың орманмен үйлесім табады. Стелланың сыртқы пошымы қазақтың ұлттық аспабы домбыраға ұқсайды. «Баянауыл» деген жазу жазылады. Биіктігі 20 метр болады. Жоба жүзеге асырылса, көлік мәселесі де шешіліп, жол қатынасы оңтайлана түседі. Ал мемориалдық кешен «Жолаушы» дүкеніне қарама-қарсы бағыт­та, кіреберіс жолдың оң жағында орналасады», дейді С.Бөкебай жоба туралы сөзінде.

Архитектор айтқан жерде спорт кешені де салынады екен. Оның тұсындағы бос тұрған 2 гектар аумаққа саябақ құрылысы жүргізіледі. Сондай-ақ мұнда бой көтеретін Олжабай мен Жасыбай батырға арналған ескерткіш өзінің терең мән-мағынасымен ерекшеленбек. Ескерткіштің артындағы паннода қос батырдың ерлігін әйгілейтін шайқас фрагменті суреттеліп, өмірбаяндары жазылады. «Келушілер рухани демалыспен қоса, тарихпен таныса алады. Үшінші кешен академик Қ.Сәтбаевтың мемориалдық музейіне қарсы бағытта, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимаратының жанында орналасады. Бұл жерде бос тұрған ғимаратта Өлкетану мұражайы салынбақ. Сондай-ақ бұл аумақта тарихи саябақ болады. Шоң би мен Шорман бидің ескерткішін жаңа­дан орнатамыз. Балбал тастар кешені Өлке­тану музейінің алдына қойылады», дейді сәулетші.

Ал сәуір айында еліміздің белгілі тұлғалары, ауданның құрметті азаматтары мен қоғам белсенділері облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовқа хат жолдап, Олжабай мен Жасыбай батырлардың құрметіне Баянауылда кешенді ескерткіш орнату, облыс орталығында Олжабай батырға ескерткіш орнатып, есімін көше атауына беру жөнінде ұсыныс жолдаған екен. Қазір ұсыныс қолдау тауып, облыс орталығындағы Мир көшесіне Олжабай батырдың атын беру жөніндегі мәселені қалалық мәслихат қарап, қабылданған шешімді республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жіберген.

Бірақ жақында Баянауылда құрылысы басталуға тиіс «Мемориалдық кешен» төңірегінде дау шықты, әлеуметтік желі қолдану­шылары бұл туралы әртүрлі пікір­лер жазды. Кейбіреулер Тәуелсіздік үшін күрес­кен батырларға ескерткіш қойған дұрыс десе, енді біреулер жобаға бөлінген қыруар қаражат өз-өзін ақтай алатынына күмәнді екенін жеткізді. «Ескерткішке қыруар қаражат бөлгенше, сол қаржыны түй­дек мәселесі көп ауылдардың жолдарын жөндеуге, су құбырларын тартуға жұмса­ған жөн» дегендер табылды.

Аудан ақсақалдары да өз уәждерін айтты. Аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының міндетін атқарушы Қайрат Сарбасовтың айтуынша, батырларға ескерткіш орнату – үлкен құрмет. «Баянауылдықтар бұл бастаманы қолдайды. Бірақ ескерткіштің орналасатын жері қолайсыз және жоба­лық-сметалық құжаттама бойынша құры­лыс жұмыстарына 1 млрд 51 млн теңге қарастырылып отыр. Қаражаттың басым бөлігі ескерткіш орналасатын жер­дің дайындық жұмысына кетеді. Өйт­кені жер сазды, балшықты. Сондықтан ескерт­кішті Баянауылға кіреберістегі табиғи шоқылардың біріне қою керек», дейді Қ.Сарбасов.

Екіншіден, стелланы ауыстыруға да жергілікті бюджеттен 416 млн 199 мың 757 теңге қаржы бөлінбек.

Жалпы, баянауылдықтар қыруар қара­жат бөлінді деген жобалардан әбден зәрезап болған. Себебі олардың көбі іске ас­пай, орта жолдан тоқтаған. Мәселен, Баянауыл­да туризмді дамыту үшін деп бөлінген қыруар қаражатқа шағын аэродром, «Мырзашоқы» шаңғы кешені салынды. Қазір бір ұшақ ұшпай аэродром да, қар түспейтін шаңғы кешені де бос қалды. Бюджет қаржысына салынды деген аэродром нысаны үшін ауданның бұрынғы әкімі Оразгелді Қайыргелдинов істі болды. Жаңажол ауылы бағытындағы жол жөн­деу мәселесі бойынша да қылмыстық іс қозғал­ған-ды...

Енді аудандық «Ардагерлер кеңесі» айтқан қыруар қаражат мәселесіне келсек, аудан экономикасының нақты секторы бөлімі биыл 24 мамырда мемлекеттік сатып алулар порталына «Олжабай және Жасыбай батырларға ескерткіш орнатуға» тендер жариялаған. Өтініштерді қабылдау
8 маусымда аяқталыпты. Ал порталда ілінген хабар­ландыруда көрсетілген мәліметте ескерткіш орнатуға бөлінетін қаржы – 793 717 460 теңге болса, лоттық техни­калық ерек­шеліктер бөлімінде жұмыстың смета­лық құны 949 733 767 млн теңге деп көрсе­тілген.

Бүгінде Олжабай және Жасыбай батыр­ларға арналған ескерткіш жобасы сарап­тамадан өтіп, мемлекеттік конкурс жария­ланған. Құрылыс жұмыстары басталатын уақыт та жақын. Ескерткіш қоладан құйылады. Тұғырымен есептегенде, биіктігі 26,5 метрді құрайды. Айналасына аумағы 2,6 гектардан тұратын мәдени-демалыс саябағы салынады. Саябаққа бөлінген аумақ – аудан орталығына кіреберістегі бос жат­қан сазды жер. Жоба аясында қоғам­дық қызмет көрсету орындары да қарастырылған.

«Жобаның жалпы құны – 934 млн теңге, оның 560 млн теңгесі – демеушілер есебінен. Бөлінген қаражатқа 600-ден астам ағаш отырғызылады, суландыру жүйелері, 2,5 мың шаршы метр гүлзар, ішкі көшелер, жарықтандыру жүйесі, балаларға, жастарға арналған алаңдар жасалады», дейді аудан әкімі Қанат Кәрімов.

Туризм саласынан бұрын, курорттық аймақ болу үшін Баянауылдың кіреберісі дайын да емес, әлі бәз-баяғы қалпы: ығы-жығы орналасқан үйлер, жөндеу көрмей тұрған автобекет, шашырай орналасқан нысандар көзге ұрып тұр. Оң жақта құлайын деп тұрған ескі үйлер көп.

«Табалдырығыңа табын» дейді қазақ. Облысқа қызмет етуге келетін әрбір әкім келе сала Баянауылды дамытпақшы, туризмін өркендетпекші болады. Бірақ ешқайсысы да туризм аймағына жол бас­тайтын Баянауыл ауданының кіреберісіне көз салмай-ақ кетті. Есесіне жай кетпейді, арттарына қыруар қаражат жұмсалса да аяқсыз қалған жобаларын қалдыра кетеді. Әкімдер келді-кетті, ал ауылдардағы су­дың, жолдардың жағдайы күні бүгінге дейін бітпейтін мәселеге айналған.

Иә, Баянауылдың табиғаты мен тарихы ерекше үйлесім тапқан. Тау мен тасы – түгел тарих. Былтырғы жолсапардан біз «Баянауылдың туризмі табиғатын сақтауымен маңызды» деген мақала жазсақ, енді міне, тарихымен де, өткеннің шежірелі жолымен де маңызды екенін жазып отырмыз.

Былтыр біз жазған мақаладан кейін биыл Қарашат-Жайма бағытындағы авто­жолдың Жаңатілек ауылына дейінгі 32 шақырымын жөндеу үшін сметалық жоба әзірленіп, жоба мемлекеттік сараптамадан өтіпті. Енді басқа ауылдар да жолдың, судың, дұрыс жасалмаған жобалардың мехнатын тартпаса екен дейміз.

Сонау заманда Жоңғар шапқыншылығы кезінде Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөген­бай, Олжабай, Малайсары, Жасыбай, Баян батырлардың жерімізді қорғаудағы жан­кешті ерліктері қазақтың қасіретін жеңіл­детіп, демеу болды. Олай болса, «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр» демей ме?! Ұлы батырларымыздың ескерткіштегі бей­не­лері арқылы туған ұрпақтарына ой салып, демеу болып, рухтандыра берсін дейік.

Кезінде Ұлы Отан соғысының батырларына арналған ескерткіштер барлық ауыл, қалада жасалды. Қазаққа тәуелсіздік үшін шайқасқан батырларымыздың ескерткіші артық болмайды, одан рух алатын ұрпақ бар. Ал құжат-қағаздары дайындалған, қыруар қаржы бөлінген, жаңадан құры­лы­сы басталғалы жатқан жоба бүкіл баянауыл­дықтардың үмітін ақтайды деп ой­лай­мыз. Жобаның жүзеге асырылуын жан-жақтан қадағалап, бақылауға ал­сақ қана ол ел игілігіне беріледі деген сенімдеміз.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы