Облыс әкімдігінің қолдауымен қолға алынған экспедициялық қазба жұмыстарына облыстық тарихи-өлкетану музейінің және облыстық білім басқармасы жанындағы туризм, өлкетану және экология орталығының ғылыми қызметкерлері, белгілі ғалымдар, Зеренді, Жақсы және Атбасар аудандарынан келген студенттер мен оқушылар қатысуда.
2021 жылдың 15 маусымында басталған археологиялық қазба жұмыстары тарих ғылымдарының док-
торы, профессор Виктор Зайберттің жетекшілігімен жүзеге асырылуда. Осы өлкеде Ботай мәдениетіне жататын ежелгі қоныстың бары сонау 1990 жылдары белгілі болыпты. 2000 жылдардың басында Қазақстан мен АҚШ-тың ғалымдары экспедициялық зерттеу жүргізген. Онда тарихи ескерткіштің өлшемдері белгіленген. Қазба жұмыстарының ауқымы 38 шаршы метрді құрайды. Ғалымдардың алғашқы болжамына қарағанда, елуге жуық шұңқырлар көне замандағы тұрғын үйлердің орны болуы мүмкін.
– Қазу барысында топырақтың алғашқы қабаттарынан микролиттер, қырғыштар, сәл тереңірек қаза бастағанымызда, остеологиялық материалдар, негізінен жылқы сүйектері табылды. Сондай-ақ материалдардың арасында тері илейтін қырғыштар, қыш ыдыстардың сынықтары, жебелер мен найзалардың ұштары, тасбалталардың сынған бөліктері, қайрақтар кездесуде. Бурабай мен Зеренді аудандарында да ботайлықтардың қорымдары табылғаны белгілі, Біржан сал ауданында да осындай мәдениет анықталып отыр, – дейді облыстық тарихи-өлкетану мұражайының аға ғылыми қызметкері, экспедицияның ғылыми жетекшісі Жасұлан Үкеев.
Ежелгі дәуірден сыр шертетін тарихи мұраны зерттеуге бағытталған жобаға облыс бюджетінен 4 миллион теңге қаржы бөлініпті. Экспедиция 1,5-2 ай ішінде аяқталады деп көзделуде. Қазба жұмыстары қолға алынғалы алаңнан 50-ге тарта артефакті табылған. Оларды ғылыми зерттеу үшін Алматы және Қарағанды қалаларындағы зертханаларға жолдамақ. Ал ДНК талдауларын анықтау үшін Швецияның Уппсала қаласындағы зертханамен келісім жасалған.
Көкшетау