Өнер • 02 Шілде, 2021

Тәуелсіздігімізді тұмар еткен өнер шеруі

537 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ел егемендігінің еңселі отыз жылында қазақ өнері мен өркениеті, әдебиеті мен мәдениеті ерекше жанданып, тың серпін алғаны анық. Ұлттық өнеріміз жаңаша дамып, заманауи деңгейге көтерілді. 

Тәуелсіздігімізді тұмар еткен өнер шеруі

Тәуелсіз еліміздің талантты ұл-қыздары қазақстандық музыка мәдениетінің бүкіл байлығын өз биігінде көрсетіп, дүние жүзіне паш етуде. Бір Димашымыз арқылы бүкіл бір ұрпақтың бейнесін қалыптастырдық. Ол өз замандастарының талғамы мен талпынысын оятты десек артық айтқандық емес. Сондай-ақ, Республикамыздың ірі мегаполистерінде бой көтерген жаңа мәдениет нысандары Үкімет тарапынан қолдау тауып, қарқынды жұмыстар атқарып, талантты өнерпаздарымыздың қалыптасуына барынша жағдай жасауда. Ал, еліміздің шалғай мекендеріндегі өнер ошақтарының бүгінгі жай-күйі жақсы ма, ауылдағы мәдениеттің деңгейі қандай деген сұрақ көптің көкейінде тұрғаны тағы рас.

Осы тұрғыдан қарағанда, Мемлекет басшысының Жолдауындағы «Бәсекеге қабілетті болу үшін бірегейлікті, ұлттық дәстүрімізді сақтай отырып, ілгері жылжу жолында тіліміз бен дінімізді, біліміміз бен санамызды, өнеріміз бен өркениетімізді, әдебиетіміз бен мәдениетімізді дамыту, ауылдар мен аудандардағы білім сапасы мен спорттық және өнер үйірмелерін жандандыру, сонымен бірге, азаматтардың сауаттылығы мен біліктілігін арттыру мақсатында Үздіксіз білім беру тұжырымдамасын әзірлеп, кәсіби білім берудің бүкіл жүйесін еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар қалыптастыруға бағыттау» мәселелері өте өзекті екенін мойындауымыз керек. Өз кезегінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі осы бастамаларды негізге ала отырып, бірқатар ауқымды іс-шаралардың қанат қағуына мұрындық болып келеді.  

Айталық, мәдениет пен өркениеттің мекені болған Алатаудың бөктерінде осы маусымда дүркіреп өткен өнер шеруі өз қатысушыларына ерекше әсер сыйлады. Былтыр бірінші рет Нұр-Сұлтан қаласынан бастау алған «Сәлем, Елорда!» республикалық өнер фестивалі биыл Алматыда жалғасын тапты. Сол үш күннің ұмытылмас сәттерін іс-шараның басы қасында жүрген мамандардың сөзімен жеткізуді жөн көрдік.

Ғазиза Ғабдрахымова:

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы директорының орынбасары.

– Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы мен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын жалау еткен өнер фестивалін биыл Алматыда филармонияның базасында өткізудегі басты мақсат неде?

– Алматы және Алматы облысы - жер жәннаты Жетісу өңірі өнер мен мәдениетке тұнған көптеген тарихи-мәдени нысандардың, руһани құнды жәдігерлердің орналасқан мекені, жыр алыбы Жамбыл бабамыздың туған топырағы.  Сондай-ақ, 85 жылдан аса бай тарихы бар еліміздегі ең үлкен мәдениет мекемелерінің бірі Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы тұтас бір дәуірдің, қазақ өнерінің өткені мен бүгінінің айнасы. Құрамында Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі, ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі, Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласы, ҚР Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі сыңды ірі әрі беделді ұжымдар, әлемге танымал солистер, жеке орындаушылар, талантты музыканттар, сонымен қатар, дыбыс және жарық қоюшы техниктер, режиссер-продюсерлер, мықты менеджерлер, костюмерлік цех және әкімшілік-басшылық қызметі жұмыс жасайды. Бұл дегеніңіз, білікті мамандардың шоғыры орналасқан шоқтығы биік қарашаңырақтың өңірлерден келген қатысушыларға кәсіби деңгейде үйретері мен берері көп дегенді дәлелдейді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тікелей қолдауымен жобаны үйлестіруші «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымы» жанындағы «Республикалық концерттік-гастрольдік қызмет орталығынан фестиваль жалауын үлкен жауапкершілікпен қабылдап, іс-шаралардың жақсы өтуіне филармония ұжымы ұйытқы болды. Келешекте Қазақстанның басқа қалаларында өткізу жоспарда бар.

– Осы фестивальдің жалпы жөн жобасы туралы толық айтып беріңізші.

– Ауылдар мен аудандардағы мәдениет үйлерінде өзіңіз білесіз, сахна безендіру, музыкалық аспаптарды жаңарту, сахналық киім тіктіру мәселелерінен бөлек цифрлық техниканың, жарық және дыбыс құрылғыларының тапшылығы бар, немесе, облыс орталықтарындағы концерттік залдарда қойылған соңғы үлгідегі  құрылғылардың тілін жетік білетін мамандар жетіспей жатады. Осы үш күнге ұласқан өнер шеруі ең алдымен Қазақстанның өңірлерінен келген мәдениет саласы қызметкерлерінің өзара тәжірибе алмасуына, рухани-шығармашылық тұрғыдан олардың кәсіби шеберлігін дамытуға, өңірдегі мәдениет ұйымдарының имиджін арттыруға және Алматы облысының негізгі объектілеріне ат басын тіреп, шығармашылық шолу жасауға мол мүмкіндік тудырды. Облыс, аудан, қала деңгейіндегі орындаушылар мен қызметкерлердің басын біріктірген осынау өнер шеруіне еліміздің барлық облыстарынан жүзге жуық қатысушы келді. Өңірлерден келген облыстық филармония мен аудандық мәдениет үйлерінің өнерпаздары, менеджерлері, жарық және дыбыс қоюшы техниктері, режиссерлері, көркемдік жетекшілері мен әкімшілік қызметкерлері үшін арнайы шеберлік сабақтары өткізілді. Жобаның ұтымды тұсы да осы деп есептеймін. Жөні де, жосығы да бөлек бұл фестивальге келген қонақтардың көздеріндегі өз кәсібіне деген махаббаты мен жаңашылдықты үйреніп-білуге деген ықылас-ниеттері біздерді қатты толқытты. Олардың мықты мамандардың шеберлік сабақтарынан алған әсерлері мен тың дүниелерге деген таңданыстарын екі ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес. Соңғы жылдары министрліктің бастамасымен көптеген ұтымды жобалар жасалуда. Осы дүниелер келешекте де жалғасын тауып жатса, өңірлердегі әріптестеріміздің үлкен қалаларда тәжірибеден өтіп, біліктілігін шыңдауға көп көмегін тигізер еді. Біз осындай үлкен бастамалардың басы-қасында жүріп, өз тарапымыздан аз да болса септігіміздің тигеніне өте қуаныштымыз.      

– Өңірлерден келген қатысушылар ірі ұжымдармен бір сахнада жұмыс жасады, дайындық барысындағы ерекше сәттермен бөліссеңіз.

– Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі мен ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен филармонияның үлкен сахнасында фестивальдің қорытынды концерті өтті. Өңірлерден келген өнерпаздар танымал тұлғалармен, Филармонияның және Қазақконцерттің белді солистерімен бірге ән шырқады, күй тартты. Бұған дейін ірі оркестрлермен жұмыс жасап көрмеген жеке орындаушылар өздері үшін көп жаңалық ашты дер едім. Себебі, жеке дауыста өз еркіндігімен нотасыз өнер көрсетіп жүрген орындаушы үшін бүтін бір оркестрдің сүйемелдеуінде дирижердің жетекшілігіне бағына отырып өнер көрсету оңай болған жоқ. Көп дайындық жасалды, сахна және сұқбат беру мәдениетінен сабақтар берілді, ұжыммен жұмыс жасау жолдары үйретілді, режиссерді тыңдау, түсірілім барысында тұс-тұстағы камераларға жұмыс жасау, оркестрді сезіну, дирижерге бағыну - фестиваль қатысушыларының көпшілігі үшін үлкен тәжірибе болды. Оркестрдің дыбыс үндестігінің ерекшелігі өңірлерден келген өнерпаздардың делебесін қоздырып, шабытын шарықтатқанын көрерменнің ыстық ықыласынан-ақ байқауға болады. Жалпы қызығы мен шыжығы қатар жүретін бұл саланың тізбектеп айтар тұстары өте көп қой. Ең бастысы еңбегіміз еш кетпегенін, қатысушылардың алғысын алғанымызды мақтанышпен айта аламын. Шеберлік сабақтарының қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға біліктілік сертификаттары табысталды.

 

Жандос Омаров:

Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы директорының орынбасары.

– Бұған дейін облыстық филармониялар арасында шығармашылық байланыс аз болды. Үлкен ұжымдармен, танымал тұлғалармен бір сахнада өнер көрсету екінің біріне бұйырмайтын еді. Осы фестиваль аясында ынтымақтастық пен әріптестік қарым-қатынасты жандандыру жолдарын кеңінен талқылап, еліміздегі мәдениет мекемелері өзара ортақ меморандумға қол қойды. Бірқатар конференциялар барысында талқыланған өзекті мәселелер біздерге әр өңірдің жұмыс жасау әдіс-тәсілдерін, заманауи тәжірибелерді ұтымды пайдалану жолдарын білуге септігін тигізді. Концерттік бағдарлама құру және сценарий мен режисерлік жұмыстардың артық не кем тұстарын ажырату бойынша көп дүниелерді көкейімізге түйдік. Бәрімізді бір үйдің балаларындай көріп, өз білімімен бөліскен Қарлығаш Исақызына алғысым шексіз. Біздерге осындай мүмкіндік жасаған ұйымдастырушыларға ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта да осы фестивальді бұдан да биік деңгейде ұйымдастырып, әр жылда жаңадан жазылған әр түрлі жанрдағы шығармалардың тұсауы кесілсе және осы өткізілген іс-шара аясында бір ортақ жинақ шығарылса деген сұраныс бар. Сол жинақтағы құнды дүниелерді біз өз өңірімізде қолданатын едік. Биыл қатысуға мүмкіндігі болмаған әріптестерімізбен келер жылда аманшылықта қауышуды бұйырсын деп тілеймін.

 

Қарлығаш Ажиева:

Режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

– Кәсіби режиссер ретінде өз көзқарасымды білдіретін болсам, бұл жобаны ұйымдастыру өте өзекті дер едім. Неге десеңіз, көптеген өңірлердегі концерттік мәдени мекемелерде режиссер қызметі жоқ, бар болса оның бағасын білмейді, талабына бағынбайды. Кез-келген ұжымда міндетті түрде бұл маман болуы керек деп санаймын. Сондай-ақ, әр облыстың өз қоржынында мол тәжірибелі бай репертуары бар. Соларды қолдана отырып, бұдан да жоғары дәрежеде концерттік бағдарлама жасауға болады. 

Фестиваль қатысушылары, осы үш күннің ішінде менің балаларымдай болып кетті, олар өз жұмыстарындағы қиыншылықтарды айта отырып, олардан шығу жолдарын талқыладық, келешекке көптеген жоспарлар құрдық. Алматының тыныс-тіршілігін, пандемия жағдайындағы шығармашылық адамдардың жаңаша бағыт алып қалай жұмыс жасап жүргенін және қаладағы көптеген өнер кеңістіктерін көрсетуге тырыстым. Жалындап тұрған жас әрі талантты әріптестеріммен танысқаныма бақыттымын және осы алғашқы таныстығымыз соңғы болмайтынына сенемін.

– Әңгімемізді өнердің жанашыры ретінде өзіңіздің бір ауыз тілегіңізбен тәмамдасақ.

– Шын өнерлі адам ауылдан шығады ғой. Талай таланттарымыздың туған топырақтың шаңында тұншығып жатқаны жанымызды жабырқатады. Жастарымызды музыкалық түрлі бағыттарға баулып, ұлттық әрі классикалық және оркестрлік әрі аспаптық орындаушылық өнермен жіті таныстыру мақсатында өткізілген осынау игі іс-шара алдағы уақытта да жалғасын тауып, өңірлердегі өнерпаздардың танылуына, олардың шығармашылығының шыңдалуына және кәсіби тұрғыда дамуына тұрақты түрде ықпал етсе деген тілегіміз бар. Илеп отырғанымыз бір терінің пұшпағы болғандықтан, бар мүмкіншілігімізді өнердің игілігі жолында қолдануға біз әрқашан әзірміз.  

 

АЛМАТЫ