01 Қаңтар, 2014

Мұратымыз – өркендеу

280 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

01-Мажит бекмеевШапқан аттай шапшаң уа­қыттың көші тағы бір жылды артқа тастады. Әр жылдың өзіндік өрнегі бар. Өткен жылы дамудың даңғыл жолына түскен елімізде іргелі істер атқарылды. Серпінді іс-қимылға біздің акционерлік қоғам да елеулі үлес қосты. Кәсіпорын 210,0 шақырым магистральды және бөлу жылу құбырларын, 23 бу қазандығын, 6 насос стансасын пайдаланады. Қазір біздің қызметіміздің игілігін 76 мың тұтынушы көріп отыр. Оның 74 мыңы жеке тұлғалар, қалғаны заңды тұлғалар болып табылады.

01-Мажит бекмеев

Шапқан аттай шапшаң уа­қыттың көші тағы бір жылды артқа тастады. Әр жылдың өзіндік өрнегі бар. Өткен жылы дамудың даңғыл жолына түскен елімізде іргелі істер атқарылды. Серпінді іс-қимылға біздің акционерлік қоғам да елеулі үлес қосты. Кәсіпорын 210,0 шақырым магистральды және бөлу жылу құбырларын, 23 бу қазандығын, 6 насос стансасын пайдаланады. Қазір біздің қызметіміздің игілігін 76 мың тұтынушы көріп отыр. Оның 74 мыңы жеке тұлғалар, қалғаны заңды тұлғалар болып табылады.

Қалалықтарды қыста жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етуде кідіріс болмас үшін үстіміздегі жылы 8,96 шақырым жылу желілері жаңартылды, оған 1250,0 мың теңгеден астам қаржы жұмсалды. Оның 6,27 шақырымы бюджеттік қаржы есебінен, 2,44 шақырымы тарифте қаралған қаржы есебінен қайта жарақтандырылды. Инвес­тициялық бағдарламаға сәйкес 0,25 шақырым жылу құбыры қайта жарақтандырылды және жаңартылды. Бұдан басқа 201,0 шақырым жылу желісіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алты насос стансасы және 23 бу қазандығы жөнделді. Қаланың жылу жүйесіне қаржы сала отырып, біздің кәсіпорын шаһардың жылумен қамтамасыз ету жүйесін дамытудың, қайта жарақтандыру және жаңартудың 2010-2014 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасын жасаған-ды. Бұл бағдарлама бойынша да бірқатар шаруалар тындырылды. Бір сөз­бен айтқанда, қалалықтардың қа­һарлы қыстан тоңбауына, ыстық судан кідіріс болмауына, тұты­нушылардың көңіліне кірбің түс­пеуіне алғышарт жасалды. Бұрыннан қалыптасқан дәстүр бойынша апаттық жағдайды кемітуге бағыт ұсталуда. Шыны керек, соңғы бес-алты жыл бойы басқа өңірлердегідей күрделі жағдай туындаған жоқ. Жаңа жылға дейін кәсіпорын қалыпты режімде жұмыс істеп келді. Бұл үрдіс Жаңа жылда да жалғасын табатынына бек сенімдімін. Қанша­ма қапысыз қамдандық десек те, іштей жылдың жайлы болғанын қалайтынымыз шындық.

Алдағы жылдан не күтесіз дегенде, тарифте қаралған 177,7 млн. теңге қаржыға 2,5 шақы­рымға күрделі жөндеуді сапалы жүргізсек деген ой бар. Жалпы, қайыптан тайып, бізге байланыс­ты емес жағдайлар туындамаса, жылу мен ыстық су бағасын бұрынғы деңгейде ұстауды қа­растырудамыз. Сондай-ақ, Жаңа жылда біздің қызметтеріміз үшін қарыздар тұтынушылар берешегін өтей бастаса құба-құп болар еді. Бұл өз жұмысымызға қатысты үміттер.

Өткен жылы жеке басымда да қуаныштар болды. Маған «Ақтөбе қаласының құрметті азаматы» атағын берді. Бұл құрмет мені кәсіпорын жұмысын бұрынғыдан да жақсарта түсуге жігерлендіреді. Біздің жұмысымыздың басты бағдары – тұтынушыларымыздың көңілінен шығу болмақ. Әзірге қалалықтар тарапынан жылу мен ыстық суға қатысты арыз- шағым түсе қойған жоқ. Бұл бізді бұрынғыдан гөрі жинақы жұмыс істеуге, қол жеткен биік­тен аласармауға міндеттейді. Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде өңір диқандарының соңғы жылдардағы қуаңшылықтың салдарынан күрделі жағдайға қалып жүргенінен хабардармын. Сондықтан қыста қар қалың түсіп, жазда жауын-шашынның мол болғанын қалаймын. Бұл диқан қауымының бітік егін өсіруіне негіз қалар еді.

Ал, жалпы еліміз бойынша алған бағытымызды ілгері апарудың сәтті қадамдары жалғасын табуына тілектеспін. Татулық пен тұрақтылықтың алтын арқауы ұлтаралық достықтың тіні бұрынғыдан беки берсін. Елбасы алға қойған асқаралы міндеттерді жүзеге асыруға барша қазақстандықтар бір кісідей құлшыныс танытса дегім келеді. Ұлттық салт-дәстүрімізді ұста­ну­ды, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуді басты бағдар етіп алатын кез де жетті. Жаһандануға жұтылмаудың басты қадамы жастарды отаншылдыққа, елін сүюге, тәрбиелеуге әрқайсымыз атсалысуымыз керек деген ой қаперге алынса деген де тілек бар. Табалдырықтан аттаған жаңа 2014 жылдан дастарқанымызға молшылық, шаңырағымызға шаттық әкелетіндей бағалы бас­тамалар, еліміздің әлем алдын­дағы беделін биіктететін қадам­дарымызға сәттілік тілеймін. Мерекелі де берекелі жыл болсын. Жаңа жыл барша қазақ­стан­дықтарға бақыт әкелсін, табысымыз молайып, тұрмысымыз жақсар­ған үстіне жақсара берсін де­гім келеді сөзімнің соңында.

Мәжит БЕКМЕЕВ,

«Трансэнерго» АҚ директоры,

облыстық мәслихаттың депутаты.

Ақтөбе облысы.

Соңғы жаңалықтар