Оның стратегиялық және символикалық мәні, ұлтты қалыптастырудағы салмағы, даму динамикасы – Қазақстанның бүгіні мен болашағының кескін-келбеті. Елорданы Алатау баурайынан Сарыарқа төсіне көшіру жөнінде қабылданған тарихи шешімнен кейін қала адам танымастай түрленді. Аты да, заты да өзгеріп, ешкімге ұқсамайтын екпінді қадамымен, бөлек болмысымен тұрғың келетін, көргің келетін асқақ мегаполиске айналды.
Ел тарихындағы ерекше белес
Тарихсыз ел де, болашақ та жоқ. Сондықтан барлық қазақстандыққа ортақ мереке – Астана күні қарсаңында бас қаланың қалыптасу тарихын бір шолып өтетініміз заңдылық.
Бас қаланы көшіру ел тарихындағы ерекше белес болғаны шындық. Әлбетте, астананы ауыстыру жұртшылықты елең еткізген ерекше оқиға болды. Әсіресе енді ғана ел болып, етек-жеңін жинай бастаған 90-жылдардың басында бұл шын мәнінде тосын құбылыс болғаны анық. Енді елестетіп көріңіз: адам өмірінде қоныс аудару айрықша орын алады. Тіпті балалы-шағалы отбасыны былай қойғанда, бойдақ адамның бір жерден екінші жерге көшуі оңай емес. «Кедей болсаң, көшіп көр» деп қазақ бекер айтпаса керек. Ал бүкіл бүтін бір елдің астанасын оңтүстіктен солтүстікке – 1 мың шақырымнан астам жерде жатқан шағын облыс орталығына көшіру үлкен қажырлықты, батылдықты, жүректілікті қажет етеді. Бұл идеяны тыңнан түрен салған тосын да тарихи шешім дейтініміз сондықтан.
Арқаның төсіне қадасы қағылған бас шаһардың өн бойында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолтаңбасы, ерен еңбегі жатқанын ешкім де жоққа шығара алмас. Астананы көшіру идеясы алғаш рет Тұңғыш Президенттің аузынан шыққан кезде көпшілік сол кезде мұны ойланбай, үстірт айтыла салған сөз деп қабылдады. Себебі бұл ұсыныс ел басына күн туған қиын-қыстау кезде, елдің енді ғана тәй-тәй басқан шағында айтылды. Ол кездегі жағдайдың қандай болғанын есті жұрт жақсы біледі. Бұрынғы одақтық байланыстардың кілт үзілуі себепті өндіріс тұралап, жұмыссыздық белең алған кез. Жаңа астананы тұрғызуға қаржы таппақ түгілі зейнеткерлердің, бюджеттік қызметкерлердің ақшасын тауып бере алмай, елдің қиналып жүрген кезі. Дәл осындай қиын сәтте Елбасының астананы ауыстырамыз деген ұсынысты төтесінен қоюы жұртқа қиял-ғажайыптай көрінгені рас. Бірақ сол кезде ешкім де бұл идея жүзеге асырылып, ел экономикасын алға сүйрейтін локомотивке айналатынына сенбеген еді. Бірақ Елбасы табандылығынан тайған жоқ. Елорда шежіресін парақтасақ, Тұңғыш Президент 1994 жылдың 6 шілдесінде өткен Жоғары кеңестің пленарлық мәжілісінде сөз сөйлеп, дәйекті тұжырымдарымен идеясын нақтылап, «ертедегі ер бабамыз Едігеден бастап, айбынды Абылайға дейінгі хандарымыздың бәрі Есіл бойында орда тіккендерін» айғақтап, ел астанасы Ақмола өңіріне көшетініне нүкте қойды. Сөйтіп Елбасының Жарлығымен Ақмола қаласы 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап Қазақтан Республикасының астанасы болып жарияланды. Ал Ақмоланың Қазақ елінің астанасы ретіндегі халықаралық тұсаукесері 1998 жылдың 10 маусымында жарияланды. Осы сәттен бастап, байырғы қаланың бағы жанып, жұлдызы жарқырады. Оның қысқа мерзім ішінде қалай түлегеніне сол кезде студент болған біз де куә болдық. Күні кеше өзіменөзі бұйығы күн кешіп жатқан қаланың тіршілігі аяқ астынан жанданып, маңайдың бәрі тотыдай таранды. Құрылыс қат-қабат жүргізілді. Шаһар тәулік бойы қалғымайтын қалаға айналды. Астананың алғашқы халықаралық тұсаукесеріне еңбектеген сәбиден, еңкейген кәріге дейін дайындалды. Мемлекеттік мекемелерді былай қойғанда, балабақшадан тартып, жоғары оқу орындары – бәрінде қызу дайындық жүрді. Бірде-бір мекеме одан тысқары қалған жоқ. Бәрінің жүрегінде астаналық деген рух ұялаған керемет сәт еді бұл. Өзім оқыған Еуразия ұлттық университетінен 800 студент «Қасиетті отау» атты театрландырылған қойылымға қатыстық. Белгілі хореограф Жанат Байдаралиннің жетекшілігімен бұл қойылымға екі ай бойы үздіксіз дайындалдық. Оның мемлекеттік мән-маңызы ерекше екенін сол кезде әр студент жүрегімен сезініп, бірде-бір дайындығынан қалмай барып жүрді. Халықаралық тұсаукесерде қойылған әрбір қойылым мен шырқалған әрбір ән бас қала – бар қазақтың астанасы екенін айшықтап, сол кезде орыстана бастаған Ақмоланы бір серпілткен еді. Ел астанасын ауыстырудың түп-тамырында да ата-баба мекенін қазақыландыру, оған көз сұғын қадап жүрген жат пиғылдылардың бөтен ойына бөгет қою мұраты жатқан еді.
Бағдары айқын бас қала
Президенттің 1998 жылдың 6 мамырындағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болды. Осы атаумен Қазақстан елордасы жаңа мыңжылдыққа енді. Ал 2019 жылдың наурызынан бастап Қазақстанның жаңа президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен Нұр-Сұлтан болып өзгертілген қала тұрғындары бүгінде 1 млн 200 мыңнан асты. Қала қарқынды дамып келеді. Мұнда ұлт дамуының жаңа парағы ашылып, жарқын шежіресі жазылып жатыр.
Жалпы, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласын әлемдегі ең әдемі шаһарлардың біріне айналдыру мәселесі елорда мәртебесін алғалы жүргізіліп жатыр. Көз ілеспес жылдамдықпен дамыған шаһардың сұраныстары да ұлғайып, бағыт-бағдары көбейді. Елорданың өн-бойына заманауи келбет беру, қаланың жаңа әкімшілік орталығын құру мақсатында бас жоспардың тұжырымдамасын әзірлеуге тұңғыш рет халықаралық ашық конкурс жарияланды. Әлемдік сәулет өнерінің небір шеберлері қатысып, ұзын-ырғасы 50-ден аса жоба келіп түскен сайыста жапон архитекторы Кисе Курокаваның жобасы үздік деп танылды. Елбасының өзі: «Қаланың тарамдалған сақиналы композициясы мен оның өрісті нысанын ұсынатын Курокаваның Бас жоспары біздің көшпелі ата-бабамыздан жеткен ұлттық серпінді сезімді ескеретіндіктен және қаланың орталық бөлігінің ландшафт ерекшелігі номадтардың ежелгі көшпелі тұрақтарының пішінін еске салатындықтан көп жағдайда жаныма жақын сезілді», деп еске алды.
Ал елорданың бас жоспарын жасауға қатысқан белгілі архитектор Серік Рүстембеков: «Алғашқы кезде біз ескі орталықты жаңғырту жұмыстарымен айналыстық. Өйткені Астана еліміздің бас қаласы болып жарияланғаннан кейін орталық мемлекеттік органдарды орналастыру басты мәселелердің бірі болды. Осылайша, елорданың алғашқы келбеті қалыптаса бастады. Кейін шаһардың көркем бейнесін айшықтап, жаңа ғимараттар бой көтерді. Астана көз алдымызда көз ілеспес жылдамдықпен дами бастады. Менің жобам бойынша дүниеге келген «Миллениум» галареясы, «Бизнес сервис орталығы», Қаржы министрлігі алдындағы алаң, Астаналық саябақтағы «Аквапарк» кешені, елорданың алғашқы ауданы – «Самал» тұрғын үй кешені – бас қаланың дамуына қосқан үлесім. Бірақ сол кезде біз Есілдің сол жағалауы бүгінгідей көркейіп, жағасына ел қонады деп әсте ойлаған емеспіз. Есіл-дертіміз оң жағалауды жандандыру еді. Бірақ қаланың жоспарлы құрылымы мен құрылысын дамыту жөніндегі тұжырымдама бойынша елорданың аумақтық дамуы тек батыс және шығыс бағыттарға ғана емес, оңтүстікке, Есіл өзенінің сол жағалауына қарай жүргізілуі керектігі жөнінде шешім шықты. Ал өзен арнасы қаланың қос қапталын бөліп тұратын негізгі өзегі ретінде қарастырылып, оны жағалай көркем нысандар тұрғызу көзделді. Сол жағалаудың алғашқы үш ғимараты – «Ақорда» резиденциясы, «Қазмұнайгаз», «Бәйтеректің» қазығын Елбасының өзі қағып, қай жерде орналасу керек екенін көрсетіп берді. Кезінде ашық алаңқай болған сол өңірлер қазір адам танымастай өзгеріп, қалай келісті қала болғанына менің өзім таңғаламын», дейді.
Иә, Есілдің қос қапталында бой көтерген шаһар бүгінде алып мегаполиске айналды. Қаланың осынша қарқынды дамитынын әйгілі сәулетші Курокаваның өзі болжай алмапты. Ол 2030 жылға қарай елорда халқының саны 850 мыңға жетеді деген. Бірақ қала бұл межеден әлдеқашан асып кетті. Ал одан кейінгі бас жоспарға сәйкес елорда тұрғындары 2030 жылы 1,2 млн адамды құрайды делінген. Бұл көрсеткішке де былтыр жетіп алдық. Он жыл ішінде бас қала халқы екі есеге өсті. Айталық, 2010 жылы 650 мың тұрғын болса, биыл
1 млн 200 мың адамға жетті. Сондықтан енді бас шаһардың 2035 жылға дейінгі бас жоспарына түзетулер енгізілмек. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. «Қаланы дамыту кезінде халықтың жылдам өсу қарқынын ескеру қажет: бұл – тұрғын үй және әлеуметтік объектілер құрылысы, атап айтқанда, қолжетімді жеңілдікті тұрғын үй, мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер, сондай-ақ инфрақұрылым, жол желісі құрылысы және т.б. Алдағы уақытта жаңа үйлер мен нысандарды сумен, кәрізбен және жылумен қамтамасыз ету үшін ЖЭО-3 және су жобаларын іске асырамыз. Сондай-ақ кәріздік тазарту құрылыстары мен электр қосалқы стансаларын жобалаймыз. Қаланың нөсерлі кәріздері жұмыс істей алуы үшін нөсердің құрылыс желісі кеңейтілді, бірнеше ауданда қосымша нөсер кәріздері пайда болады. Сонымен қатар қалада бірқатар көпір, жол, жаңа көше салынып жатыр. Сондықтан жұртшылықтың пікірін ескере отырып, бас жоспарға түзетулер енгіземіз. Бұл түзетулер жыл бойы жүргізіледі деген жоспарымыз бар», деп жазды әкім.
Өркендеу өлшемдері
Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласының қалыптасуына үлесін қосып, алғашқы қадасын қағысқандар елорданы ең бақытты қалалардың бірінен санайды. Астана, әсіресе құрылыс жағынан айы оңынан туған қала екенін айтады мамандар. Мысалы, елордада туып-өсіп, онымен біте қайнасып, осында лауазымды қызметтер атқарған азаматтардың бірі Николай Тихонюк: «Тың игеру жылдарында да елордада қарқынды құрылыс жүргізілгені есімде. Онда да ең мықты сәулетшілер осы жобамен айналысып, осында бірінен кейін бірі бой көтерген ғимараттарға ең жақсы, ең сапалы құрылыс материалдары пайдаланылды. Кейін Астана болғанда да елде жоқ ерекше ғимараттар еліміз бойынша алдымен қазіргі Нұр-Сұлтанда салынды», дейді.
Иә, елорданың арқасында мамандарымыз сәулет өнерінің әлемдік стандарттарына сай келетін небір талғампаз талаптары мен шарттары бойынша құрылыс салуды үйренгенін ешкім жоққа шығара алмас. Өйткені алғаш құрылысы жүргізіле бастағанда елорданы отандық емес, шетелдік компаниялар тұрғыза басады, ал отандастарымыз олардың технологияларын меңгеру жағынан аз еңбектенген жоқ.
Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласы қай жағынан да өзге өңірлерге өнеге болып, қарқынды өркендеп келеді. Оның өркендеу өлшемдерінде шек жоқ. Жақында ғана баспасөз мәслихатында қала әкімі Алтай Көлгінов пандемияға немесе карантиндік шектеулерге қарамастан бас қала экономикасы өсіп жатқанын, құрылыс жұмыстарында өткен жылы 10 пайызға жуық өсім болса, биылғы жартыжылдықтың көрсеткіші одан асып кеткенін айтты. Былтыр 3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл
3 млн 200 мың шаршы метр іске қосылған.
Президенттің тапсырмасымен қолжетімді баспана құрылысы да үш есеге артқан. Бұл бағыттағы статистиканы келтіре кеткен қала басшысы 2018 жылы 1 100 пәтер, 2019 жылы 2 900 пәтер берілсе, былтыр оның саны 7 мыңға жеткенін айтты. Ал биыл 10 мың әлеуметтік пәтер салынбақ.
«Бұл баспананы әлеуметтік топтарға, мұқтаж азаматтарға тапсырамыз. Әсіресе кезекте тұрған азаматтар мен Отбасы банктің салымшылары баспанаға ие болады. Тұрғын үй сертификаттарының сомасын 1 млн теңгеден 1 млн 500 мың теңгеге көбейттік. Екінші деңгейлі банктермен келісімге келдік. Қазақстан ипотекалық компаниясымен бірге әлеуметтік сала мен бюджет қызметкерлеріне 1 мың пәтер бөліп жатырмыз», дейді әкім.
Сондай-ақ өткен жылы 1 трлн 100 млрд инвестиция тартылған болса, қазіргі уақытта бұл жағынан 30 пайызға жуық өсім байқалған. «Өндіріс көлемі де артуда. Ең маңыздысы орта және шағын бизнес өкілдері азайған жоқ. Себебі пандемияға байланысты қиындықтар болды. Карантиндік шектеулер де өзінің кері ықпалын тигізді. Бірақ соған қарамай орта және шағын бизнестің 152 субъектісі тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға көп», деді А.Көлгінов.
Әлеуметтік нысандар саны да артып келеді. 2019 жылы 6 мектептің, 2020 жылы 11 мектептің құрылысы аяқталса, биыл 40 мың орындық 15 мектеп салынады. Оның барлығы осы жылы тапсырылады. Сол арқылы үш ауысымда оқытатын мектептер мәселесі шешіліп жатыр. Өткен жылдың қорытындылары бойынша осындай мектептер саны екі есеге азайып, 8 мектептен 4 мектеп қалған.
Елордада газдандыру жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Биыл 143 мың тұрғын газға қосылған. Өткен жылы 350 шақырым газ құбыры жүргізілген. «Көктал-1» мен «Көктал-2» кенттерінде жұмыс аяқталды. «Агроқалашық» және басқа шағын аудандарда 43 мың отбасыға газ құбыры тартылды. Биыл 317 шақырым құбырды тартуымыз қажет. Соның 200 шақырымының жұмысы аяқталды. Осы жылы «Агроқалашық», «Промышленный», Оңтүстік-шығыс, «Күйгенжар», «Мичурин», «Интернациональный» тұрғын алаптарында жұмыс аяқталады. Яғни жеке сектордың 143 мың тұрғыны газға қол жеткізеді. Бұған қоса 1-ЖЭО мен 2-ЖЭО-ның су жылыту қазандықтарын газға көшіруіміз керек. Өткен жылы 4 су жылыту қазандығын газға көшірдік. Өзге 9 қазандық бойынша жұмыс биыл аяқталады. Сонда барлық қазандықтар газға көшіріліп, ауаға таралатын зиянды қалдықтар айтарлықтай азаяды», дейді қала басшысы.
Міне, елорданың дамуын цифрлармен өрнектесек, көрсеткіштері осындай. Азат елдің айбынына айналған астананың алар асуы әлі алда. Тәуелсіздіктің бойтұмарына айналған бас шаһар талай ел сүйсіне қарайтын әлемдегі ең ажарлы әрі қауіпсіз шаһар болатынына сенім мол.