Футбол • 04 Шілде, 2021

Жартылай финалистер анықталды

324 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Еуропа жасыл алаң­да­рында өтіп жатқан фут­­болдан Кәрі құрлық бі­ріншілігінің ширек финал ойындары өз мәресіне жетті.

Жартылай финалистер анықталды

¼ кезеңге шыққан 8 үз­дік команда ішінен ірік­телген 4 ұжым енді финалға шығу үшін бақ сынайды. Жартылай финалға жолдама ал­ған төрт құраманың ішін­де Италия, Испания және Дания құ­рамалары бұған дейін кем дегенде бір мәр­те Еу­ро­па чемпионы деген мәр­тебелі атаққа ие болған. Ал өзін футбол әліппесін ойлап тапқан ел санайтын Англия 60 жылдың ішінде әлі тұғырдың биік сатысынан көріне ал­май келеді. Ағыл­шын­­дар­дың осы күн­ге дейінгі ең ірі же­тістігі – үшінші орын (1968, 1996 жылдар).

Биылғы Еурода қалайда бас жүлдені Англияда алып қалуға ниеттенген (финал Лондонда өтеді) британиялықтар өз тари­хындағы айтарлықтай тәуір чем­пионатты өткізуде. Гарет Саутгейттің командасы ширек финалда Украинаны 4:0 есе­бімен ойсырата ұтып, құрлық турнирінің жартылай финалына шықты.

Римде өткен кездесудің 4-минутында ағылшындар есеп ашып үлгерді. Рахим Стер­лингтен пас алған капитан Харри Кейн мер­гендігімен көзге түсті. Бұл – оның Еуродағы небәрі екінші голы. Осы голдан кейін аздап абдыраған украи­налықтар 10-минуттан бастап ес жиды. Тіпті Пикфорд қақпасы ма­ңында сенімді шабуылдар ұйым­дастыра бастады. Яремчук пен Ярмоленко бастаған жігіттер бірнеше рет айып алаңына кіріп, ағылшын жанкүйерлерінің зәресін ұшы­румен болды. Бірақ өткір ша­буылдардың бірі де нәтиже берген жоқ.

Екінші таймда ағылшындар қайтадан қаһарына мінді. Әуе­лете көтерілген допқа бірін­ші болып жеткен Харри Ма­гуайр есепті еселеп кетті. Ал 50-минутта Кейн дубль авторы атанды. «Ливерпуль» ли­­дері Джордан Хендерсон 63-минутта ұлттық құрама са­пындағы алғашқы, бұл ойын­дағы төртінші голды соғып, Ан­глияға сенімді жеңіс сыйлады.

Осылайша, Андрей Шев­ченко шәкірттері Еуроға жаңа тарих жазу үшін келген Англия құра­масына қарсы еш амал жасай алмады. Командалардың дең­гейі ойын бойы ерекшеленіп тұрды. Комментатор әріп­те­сі­міз айтпақшы, Донецкінің «Шах­­тер», Киевтің «Дина­мо» ойыншылары мен «Тот­тен­­хэм», «Манчестер Юнай­тед», «Манчестер Сити» ой­ын­шы­ларының деңгейі, әлбет­те, жер мен көктей болмақ. Мұ­ны Украи­наның бас бапкері Ан­дрей Шевченко ойынға дейін-ақ мойындап қойғандай еді.

Ал бұған дейін Әзербайжан астанасы Бакуде өткен Чехия мен Дания арасындағы матч дат құрамасының жеңісімен аяқталды. Тартысты басталған кездесуде жанкүйерлер голды көп күткен жоқ. Матчтың 5-минутында Ларсеннен пас алған дат жартылай қорғаушысы Томас Дилейни есеп ашты. Бұдан соң да айтарлықтай болмаса да Дания құрамасының ойындағы басымдығы бай­қалып тұрды. Каспер Хьюл­манд шәкірттері 42-минутта таблодағы көрсет­кішті есе­леді. Ұрымтал сәтте қажет жер­­ден табылған шабуыл­шы Кас­пер Дольберг құра­ма­сының ба­сымдығын арттыра түсті. Екі құ­рама үзіліске 0:2 есе­бімен ат­танды.

Екінші тайм бастала салысымен Чехия құрамасы белсенді шабуылдауға көшті. 49-минутта Патрик Шик есеп айырмасын қысқартқанда, чехиялық жан­күйерлердің жүрегінде же­ңіске деген үміт оты қайта тұтанған-ды. Бірақ 1:2 есебі ойын соңына дейін өзгеріссіз қа­лып, Дания келесі кезеңге жолдама алды. Айта кетейік, Патрик Шик осы чемпионаттағы бесінші го­лын соқты. Осылайша, чех шабуылшысы гол саны бойын­ша Криштиану Роналдумен теңесті. Сондай-ақ 2004 жылғы Еуропа чемпионатында 5 гол соққан отандасы, сұрмерген Милан Бароштың да рекордын қайталады.

Қалған уақытта Чехия құ­рамасы белсене ұйымдастырған бірнеше шабуылын соңына дейін жеткізе алмады. Ал кей сәтте дат шабуылын той­таруға біраз уақыт жұмсауға мәжбүр болды. Допқа иелік ету және пастың дәл берілуі тұрғысынан Чехия құрамасы қарсыластарынан сәл басым тұрды. Дегенмен бұл аз­даған басымдық олардың есеп­те алға шығуы тұрмақ, теңес­ті­руге де мүмкіндік берген жоқ. Не­месе чехиялықтар бұл аз-маз мүмкіндікті өз кәдесіне жарата алмады деген дұрысырақ болатын шығар.

Финал жолдамасы үшін Англия мен Дания құрамалары ойнайды. Матч 7 шілде күні Лондонда өтеді. Кездесу Нұр-Сұлтан уақытымен 01:00-де бас­талады. Екі команда да топтық кезеңде жарытып гол соқпаған, есесіне плей-офф кезеңінен бас­тап ерекше күш алған ұжымдар қатарына жатады. Дания топтық кезеңнің алғашқы екі матч­ында жеңіліп, алайда соған қа­рамастан топтан шығып қана қоймай, жартылай финалға жетіп отыр. Еуропа чемпиона­ты осындай кереметтерімен бау­райды.

Ал бірінші жартылай финал матчында Испания мен Ита­лия кездеседі. Бұл кездесу 6 шілде күні Англия астанасы – Лондондағы «Уэмбли» стадионында өтеді. Айта кетейік, Испания ширек финалда Швей­­цария футболшыларымен негізгі уақытта тең ойнап, бәрібір матч соңындағы пенальти сериясы арқылы басым түсті. Бір айта кетерлігі, кездесудің алғашқы минуттарында Альбаның алыс­тан тепкен добын қайтармақшы болған швейцариялық футболшы Закария абайсызда Зоммер қорғаған қақпаға гол соғып алды. Өз кезегінде бұл – биылғы Еуропа чемпионатындағы онын­­шы, яғни рекорд автогол. 60 жылдық тарихы бар Кәрі құрлық біріншілігінің барлық чемпионатында жалпы 9 автогол соғылған еді. Биыл бір чемпионаттың өзінде 10 автогол соғылды. Бі­рін­шілік аяқ­талуына әлі үш матч бар. Демек, бұл көрсеткіш әлі де жа­ңаруы мүмкін. 

Тағы бір ширек финал бә­секесінде Италия бірінші тайм­да-ақ Бельгияны 2:1 есе­бі­мен жеңіп, жартылай фи­налға жолдама алған болатын. Бұл – Италия фут­бол­шыларының тарихи жетістігі. «Скуадра Адзурра» өкіл­дері 2020 жылғы Еу­ропа чем­пио­натының іріктеу кезе­ңінен бас­тап бүгінге дейін қа­тарынан 15-ші (5 матч фи­­налдық кезеңде) ойын же­ңіліс­­тің не екенін білмей келе жа­тыр. Сондай-ақ Ро­бер­то Ман­чини шәкірттері же­ңіліссіз ойын сериясын 32-ге дейін жет­­кізді. Ита­лиялықтар әлем ре­кор­­дын жаңалау үшін әлі үш матч жеңілмеуі керек. Әлем­дік рекорд Бразилия мен Испанияға тиесілі – 35 ойын.