Футбол • 05 Шілде, 2021

«Қайраттың» мерейлі сәттері

238 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл Алматының «Қайрат» футбол клубының атап өтуге тұрарлық мерейтойлық даталары өте көп. Мәселен, осыдан дәл 55 жыл бұрын КСРО біріншілігінің қорытындысы бойынша жерлестеріміз «Жеңіске деген жігері» үшін деп аталатын мәртебелі сыйлықты жеңіп алды.

«Қайраттың» мерейлі сәттері

Арада 10 жыл өткен соң алматылықтар Халықаралық теміржолшылар одағы кубогында топ жарса, 1976 жылы бірінші лига командалары арасындағы сайыста қарсылас шақ келтірмеді. Ал 1987 жылы «Қайрат» КСРО чемпионатында жетінші орынды иеленді. Бұл – Қазақстанда жасақталған команданың аталған додадағы ең жақсы көрсеткіші. Енді осы оқиғалардың әрқайсына жеке-жеке тоқтала кетейік.

1965 жылы «Қайрат» А класындағы екінші топта өнер көрсетіп, екінші орын­ға табан тіреді. Біз көш басындағы Ереванның «Араратымен» бірдей ұпай жиғанымызбен, қосымша көрсеткіштер бойынша армениялықтар алдымызды орап кетті. Соған қарамастан жерлестеріміз келесі маусымда мықтылармен күш сынасу мүмкіндігіне ие болды. 1966 жылы Жоғары лигадағы 19 команда арасынан алматылықтар 12 орынды иеленді. 36 кездесу өткізген біздің ойыншылар 35 ұпайды қоржынға салды. Тарқатып айтсақ, 12 рет ұтып, 13 рет жеңіліс тапты. Тағы 11 матч­та тең есеп тіркелді. Доп айыр­машылығы – 30:39. Осы жарыста қалың топтың арасында қалып қойсақ та, «Қайраттың» ойы­ны жақсы әсер қалдырды. Олар ешбір бәсекеде қарсыластарынан ірі есеппен жеңілген жоқ. Тіптен кейбір кездесулерде қиыннан қиы­стырып, маңызды голдар соқты. Маусым аяқталған соң осы жайттардың бар­лығы ескеріліп, қазақ­стандық клуб «Же­ңіске деген жігері» үшін сый­лығымен мара­патталды.

1976 жылы «Қайрат» Халықаралық теміржолшылар одағы кубогы жолындағы жарысқа қатысу құрметіне ие болды. Дәл сол маусымда қорғаушы Сейілда Байшақов пен қақпашы Құралбек Ордабаев сынды қос қандасымыз республикамыздың бас ко­мандасының жейдесін киген еді. Сейілда Жамбылдың «Энергетигінен», ал Құралбек Шымкенттің «Металлургінен» ауысып келді.

Айтулы доп додасындағы өздерінің тұсаукесер кездесуін жерлестеріміз Ко­ши­­­ценің «Локомотивімен» өткізді. Екі матч­ты да өз пайдасына шешкен «Қайрат» келесі кезеңге еш қиналмай өтті. Есеп – 4:1 (үйде), 1:0 (сырт алаңда). Келесі бәсеке шиеленіске толы болды. Алматыда София­ның «Славиясына» 1:3 есебімен есе жіберіп, жағдайын қатты қиындатып алды. Десек те Виктор Корольков жеткешілік еткен команда қарымта кездесуде барын салды. Керемет ойын өрнегін көрсеткен «Қайрат» өз жанкүйерлерінің көз алдында Болгарияның беткеұстар командасын жер сипатып кетті. Есеп – 3:0. Бұл голдардың авторлары – Евгений Пиуновский, Юрий Севидов және Владислав Маркин.

Финалда Бухарестің «Рапидімен» күш сынасты. Сырт алаңда Румынияның ең белді клубының бірімен өткен алғашқы ойында тең есеп тіркелді – 1:1. Үзіліске санаулы минуттар қалғанда Лупеску 11 метр­лік нүктеден қақпаны дәл көздесе, екінші таймның бел ортасында Сергей Рожков мергендік танытты. Шешуші матчта «Қай­рат» мынадай құрамда өнер көрсетті: Құралбек Ордабаев, Вале­рий Круглыхин, Александр Жуйков, Сейілда Байшақов, Владимир Асылбаев, Ев­гений Михайлин, Олег Долматов, Ва­лентин Солдатов (56 минутта оны Вла­дислав Маркин алмастырды), Евгений Пиуновский, Сергей Рожков және Юрий Севидов (65 минутта оны Виктор Абгольц алмастырды). Румыниялықтардың сапында өз елінің ұлттық құрамасының алты бірдей футболшысы ойнады. Бұл бәсекенің тағдырын бір ғана гол шешті. 45-минутта Севидов үш бірдей қорғаушыны алдап өтіп, Рожковқа әдемі пас берді. Сұрмерген мүлт кеткен жоқ – 1:0. Сөйтіп «Қайрат» Кеңес Одағы клубтары арасынан алғашқы болып Теміржолшылар кубогын жеңіп алды. Осы жеңістің арқасында алматылық фут­болшылардың барлығы да спорт шебе­рінің күміс белгілерін кеуделеріне тақты.

Иә, күллі қазақстандық жанкүйердің көзайымына айналған «Қайраттың» КСРО чемпионаттарында ала-құла өнер көрсеткенін жасыра алмаймыз. Біздің жігіт­тер бірде мықтылармен күш сынасса, енді бірде осалдармен ойнауға мәж­бүр болды. 1974 жылғы біріншіліктің қоры­тындысы бойынша көш соңында қалып қойған жерлестеріміз екі маусым бойы бірінші топта бақ сынады. 1975 жылы «Крылья Советов» (Куйбышев), «Динамо» (Минск) және «Торпедодан» (Кутаиси) қалып қойып, төртінші орынға тұрақтаса, 1975 жылы жарыс кестесінде жеке-дара көш бастап, қайта элиталық топқа қосылды.

1986 жылы Жоғары топқа оралған бетте алматылықтар адуынды ойынымен көзге түсті. Әсіресе Киевтің «Динамосы» (2:1) мен Мәскеудің «Спартагына» (1:0) қарсы кездесулерден керемет әсер алдық. Біз­дің жігіттер Кеңес Одағы футболының айтулы қос алпауытын тізе бүктіргенде, Ал­матыдағы Орталық стадионға жи­налған 30 мыңға жуық көрерменнің ерекше шаттанғаны да есімізде. Сол маусымда 30 кездесу өткізген алматылықтар 11-ін­де же­ңіске жетіп, 11 рет жеңілістің кер­мек дәмін татты. Тағы 8 бәсекені тең аяқ­­тады. Доп айырмашылығы – 33:39. Осы­­­лайша, жарыс кестесінде жетінші орынға жайғасты. Бұл – «Қайраттың» КСРО чем­пионаттарындағы ең жоғары көр­сеткіші.

Сол маусымда «Қайраттың» жартылай қорғаушысы Вахит Масудов КСРО біріншілігінде соғылған ең әдемі голдың авторы атанды. Бұл голды ол Алматыда Днепропетровскінің «Днепр» клубына қарсы ойында соққан еді. Ал үнемі шабуыл өтінде жүрген Евстафий Пехлеваниди қарсыластар қақпасын 10 мәрте дәл көздеп, сұрмергендер сайысында үздік ондықтың қатарына енді.