Елорда • 06 Шілде, 2021

Нұр-Сұлтан қаласында құтқарушылар саябағы ашылды

479 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елорда күні мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Нұр-Сұлтанда құтқарушылар саябағы ашылды деп хабарлайды Egemen.kz.

Нұр-Сұлтан қаласында құтқарушылар саябағы ашылды

Құтқарушылар саябағының ашылу салтанатына елорда әкімі Алтай Көлгінов, ҚР ТЖ министрі Юрий Ильин, ТЖ департаменті елордалық гарнизонының басшылығы мен жеке құрамы, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері, өрт сөндіру кезінде қаза тапқан батырлардың туыстары қатысты.

Құтқарушылар саябағының аумағы балалар мен ересектерге арналған аймақтарға бөлінген. Қала тұрғындарына арналған демалыс аймағы бар. Оған қоса, азаматтық қорғау қызметінің үздіктеріне арналған құрмет тақтасы орнатылған. Құтқаршылар саябағы А. Янушкевич пен А. Пушкин көшелерінің қиылысында орналасқан. Саябақ өрт сөндіруші-құтқарушылар мен қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқандар құрметіне абаттандырылған.

Сондай-ақ, аумақта 1964 жылы шыққан АЦ-30 МАЗ 205 арнайы өрт сөндіру машинасы тұр. Бұған дейін бұл көлікті қазақстандықтар Елбасы жайлы фильмнен көрген.

«Саябақта 150-ге жуық ағаш отырғызылды. Аумақты әлі де дамыта түсеміз. Біз үшін қала тұрғындарының бос уақытын пайдалы өткізетін орындар санын арттыру маңызды. Биыл 150 аула мен 40 қоғамдық кеңістік (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) саламыз. Жалпы алғанда, 70-ке жуық аула мен қоғамдық кеңістіктің жұмысы аяқталып, ашылғалы тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша абаттандыру кезінде көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінеді», деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.

 

Былтыр Нұр-Сұлтанда 76 гектар аумақ абаттандырылды.