Кеше, еліміз аумағындағы жолдарда әртүрлі жағдайлармен қалып қойған 120 жолаушыға көмек көрсетілді. Бұл туралы «Хабар» телеарнасы хабарлады.
Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне жүгінсек, «Астана-Шідерті» бағытындағы тас жолдың 118-ші шақырымында автобус бұзылып, құтқарушылар 50 жолаушыны діттеген жеріне жеткізген. Павлодарға қарай жолға шыққан екінші көлік те «Астана-Павлодар» трассасында тоқтап қалған екен. Оның ішіндегі 30 жолаушыға да көмек көрсетілді.
Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласынан Астанаға қарай бет алған үшінші автобус Ақмола облысының Целиноград ауданы маңында қатты аязға шыдас бермей, жарты жолда бұзылып қалған. Алайда, осы автобуста болған 40 жолаушыға басқа көлік бөлінді.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметі бойынша, өткен сенбі күні ел аумағындағы жолдарда бұзылып, далада қалып қойған көліктерден 177 адам құтқарылған. Ал «Қазгидромет» мамандары республика көлемінде қатты аяз бүгін де болатынын ескертеді.
Бақытбек Кенешұлы.
Дереккөз: «Хабар» телеарнасы
Фото: Sky 24. ru.