Қысқы Олимпиаданың басталуына 31 күн қалды
Қазақстандықтардың қысқы Ойындардағы үлесі туралы аз-кем әңгіме

Сочи қысқы XXII Олимпия ойындарының басталуына тура бір ай мерзім қалды. Дүбірлі додаға алып баратын уақыт даңғыл жолға түсті. Спорттың 15 түрі бойынша 98 медальдар жиынтығын сарапқа салатын бәсекенің дуылы мен дабыры тым жақыннан естіле бастаған сияқты. Биылғы спорт жылының ең ірі оқиғаларының бірі болғалы тұрған бұл жаһандық жарыстан қазақстандықтардың да өзіндік күтері бар.
Қысқы Олимпиаданың басталуына 31 күн қалды
Қазақстандықтардың қысқы Ойындардағы үлесі туралы аз-кем әңгіме
Сочи қысқы XXII Олимпия ойындарының басталуына тура бір ай мерзім қалды. Дүбірлі додаға алып баратын уақыт даңғыл жолға түсті. Спорттың 15 түрі бойынша 98 медальдар жиынтығын сарапқа салатын бәсекенің дуылы мен дабыры тым жақыннан естіле бастаған сияқты. Биылғы спорт жылының ең ірі оқиғаларының бірі болғалы тұрған бұл жаһандық жарыстан қазақстандықтардың да өзіндік күтері бар.

Әдетте біз қандай бір ел құлағын тік тұрғызған сайыстар болмасын, оның алдағы болатын сынағында соның алдындағы көрсеткішке қарай бой түзеп, міндеттеме алып жатамыз. Осы тұрғыдан келсек, мұның алдында, 2010 жылы Канаданың Ванкувер қаласында өткен XXI Олимпия ойындарында біздің спортшылар қол жеткізген жалғыз күміс медаль сол тірек нүктесінің өзі болып шығар еді. Демек, енді бір күміс жүлденің қасында тағы бір қола медаль қосыла қалса, алдыңғы жолғы белестен асып өте шыққанымыз болып табылады.
Алайда, Қазақстан спортының тізгінін таяуда ғана ұстаған жаңа басшы Тастанбек Есентаев соңғы күндері бұдан да жоғары межені айтып қалып, абыр-сабыр көңілімізді ерекше елеңдетіп қойды. Мұндайда «жақсы сөздің жарым ырыс» екенін білдірген төрағаға «аузыңа – май, астыңа – тай» деу ғана керек шығар. Ал оның пайымынша, Қазақстан спортшылары осы жолы артық-кемі жоқ 6 медаль алып қайтулары керек. Баянның батыл айтылғаны ақиқат. Ол осы арқылы еліміз саңлақтарының осыған дейінгі 5 Олимпиадада алған барлық жүлделері саны бір-ақ қайталанатынын білдіріп отыр.
Бір қарағанда, ведомство басшысының сөзінде жан бар секілді. Осыны айтқанда, оның ойында ең алдымен, мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің, конькиші Денис Кузиннің, шаңғышы Алексей Полтораниннің тұрғанында күмән жоқ. Ал қалған спортшыларымызды бір-бірінен бөле-жара атауға біздің де батылымыз жетпей отыр. Дәлірегі, көз тиіп кете ме деген қаупіміз құпияның қалған жағын ашып тастауға жол бермей тұр. Тіпті, осы үштікпен үмітімізді жалғасақ та, алдыңғы белестің белдеуінен асып жығылатынымыз анық.
Дегенмен, бір нәрсе айқын: Қазақстан спортшылары кешегі кеңес кезеңінде де, кейінгі тәуелсіздік жылдарында да, жекелеген бір саңлақтары оқта-текте жарқ етіп көрініп қалғаны болмаса, тұтастай алғанда, ешқашан қысқы спорт түрлерінен азуын айға білеген мықтылар сапынан көрінген емес. Бұл үшін Одақ кезінде біздің атлеттер арасынан 12 өкіл ғана қатысып, олардың 5 медаль жеңіп алғанын айтсақ та жеткілікті. Ал егемендік шежіресінен бері бар-жоғы 6 жүлдеге қол артқанымызды жоғарыда сөз еттік.
Қазақстан спортшылары өзінің тарихында бірінші рет Ақ Олимпиадаға 1956 жылы өкіл аттандырды. Оны VII ойындарда бастап берген алматылық Александра Артеменко сол жылғы 26 қаңтар мен 5 ақпан аралығында Италияның Кортина д`Ампеццо қаласында тау шаңғысынан сынға түсті. 1960 жылғы 18-28 ақпан күндері АҚШ-тың Скво-Вэлли шаһарында ту көтерген VIII Олимпиадаға алматылық конькиші Юрий Малышев қатысып қайтты. Ал бұдан кейін, 1964 жылғы 29 қаңтар – 9 ақпан шеңберінде Австрияның Инсбрук кентінде шеру тартқан дода қазақстандықтардың қатысуынсыз өтті. 1968 жылы француздың Греноблінде керуен керген келесі бәсірелі бәсекеге тағы бір спортшымызды аттандырдық. Ол – алматылық конькиші Александр Керченко да өзінің алдындағы әріптестері секілді ойындар жүлдесінен тыс қалды. 1972 жылы 3-13 ақпанда Жапонияның Саппоро қаласында жарыс көрігін қыздырған аламанда бірінші рет республиканың өңірлік өкілі өнер көрсетті. Сеңді бұзған қостанайлық шаңғышы Иван Гаранин Қазақстан үшін алғашқы медальды алып берген спортшы болды. Бірақ бұл жолы емес. Ол келесі, 1976 жылы 4-15 ақпанда Инсбрукте көген керген Олимпиаданың 4х10 шақырымдық эстафетасында қола медальдың иегері атанды. Осы жолы бірінші мәрте ойындарға біздің республикамыздан екі спортшы қатысты. Екіншісі – павлодарлық Сергей Рябев конькиден сынға түсті. Бұл сайыстарда Қазақстаннан үшінші бір спортшы да болды. Бірақ ол – Өскемен хоккейінің түлегі Борис Александров мұнда Мәскеудің ЦСКА командасы атынан келді. Ал 1980 жылғы 13-24 ақпан ауқымында АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында арна тартқан Ақ Олимпиадаға біздің республикамыз спортшы қоса алмады. Есесіне, 1984 жылы 7-19 ақпан тізбегінде сол кездегі Югославияның Сараево қаласында дүниені дүр сілкіндірген дүбірге бізден бірінші рет 4 спортшы дүрмекті ұштастырды. Атап айтқанда, алматылықтар шаңғышы Владимир Сахнов пен конькиші Виктор Шашерин, өскемендік конькишілер Владимир Козлов пен Константин Коротков осы төрттікті құрады. Алайда, төртеуі де медальдың ауылына барған жоқ. Дегенмен, 1988 жылғы 13-28 ақпанда Канаданың Калгариінде өткізілген келесі ойындарда біздің қоржынымызға бірден 4 медаль түсті. Алматылық Владимир Сахнов пен көкшетаулық Владимир Смирнов алдымен 4х10 эстафетасында күміс медаль алып берді. Бұдан кейін мұны Смирнов 30 шақырымға шаңғымен жүгіруде – күміс, 15 шақырымдық қашықтықта қола медаль етіп ұлғайтты.
Қазақстан спортшылары соңғы рет бұрынғы Кеңес Одағы құрамасы сапында Олимпиадаға 1992 жылы қатысты. Сол жолы француздың Альвербиль қаласында 13-28 ақпан аралығында өткен жаһандық жарысқа бұрынғы кеңес спортшылары ТМД-ның біріккен құрамасы есебінде қатысты. Міне, осы құрамда біздің республиканың 8 атлеті болды. Бірақ шаңғышы Владимир Смирнов, трамплиннен секірушілер Денис Воднев, Андрей Вервейкин, фристайлшы Алексей Банников, конькишілер Вадим Шақшақбаев, Вадим Саютин, Евгений Санаров, Людмила Прокашева құрамындағы саңлақтардың бірде-бірі медальға қол жеткізе алмай қайтты.
Қазақ елінің 29 спортшысы қысқы Олимпиялық ойындарға бірінші рет дербес команда ретінде 1994 жылы барып, спорттың 8 түрі бойынша жарыс жолына шықты. Сол жолы ол Норвегияның Лиллехаммер қаласында ту көтерді. Бұл біздің Владимир Смирновтың асығы алшысынан түскен Олимпиада болды. Осында ол 50 шақырымға классикалық тәсілмен жүгіруде алдына жан салмай, қазақстандықтардың сонау 1956 жылдан бергі бірінші және әзірге соңғы алтын медалін алып берді. Бұдан соң 10 шақырымға классикалық тәсілмен және 25 шақырымға аралас әдіспен жүгіруде 2 күміс медаль алды. Сөйтіп, егемендіктің алғашқы ірі жарысында бір спортшымыз 3 бірдей медаль әкелді. Мұның өзі де әлі күнге дейін сыны бұзылмай тұрған рекорд болып есептеледі. 1998 жылы жапонның Нагано қаласының атын шығарған ойындарда да қанжығамыз бос қайтпады. Мұнда 5000 метрге жүгіруде конькиші Людмила Прокашева, 15 шақырымға еркін жүгіруде шаңғышы Владимир Смирнов қола медальдарды мойындарына тақты. Олар осылай 8 спорт түрі бойынша шайқасқан 60 спортшының абыройын асқақтатты.
Өкініштісі, келесі екі Олимпия ойындарында да спорттың 7 түрі бойынша 56 спортшыдан додаға қосқан Қазақстан құрамасы құрқол қайтты. Атап айтқанда, 2002 жылы АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында да, 2006 жылы Италияның Торино жерінде де медальдың ауылына таяп бара алмадық. Бұл біздің жоғарыда айтқан Қазақстанның қанша дегенмен қысқы спорт түрлерінен атын шығарған ел емес екенін тағы бір мәрте астын сызып тұрып көрсеткен факторлар болды. Содан кейінгі кезек Ванкуверге келді. Онда 8 спорт түрі бойынша 39 спортшымыз бақ сынасты. Ал үмітті ақтаған жалғыз биатлоншы Елена Хрусталева болды. Ол 15 шақырымдық жеке жарыста күміс медальды қанжығаға байлады.
Міне, сол Ванкуверден бері де арада төрт жыл ағып өте шықты. Бұл кезең қазақстандық спортшылар қатарында арыны қатты, екпіні елеулі түлектердің өсіп-жетіліп келе жатқанын байқатты. Енді сол өжет өрендеріміз қандай жүлде алып жатса да разы болатындай көңіл күйде тұрғанымыз рас.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан».