
Менің арманым – арғы тегі бір ноғайды қазақтың бауырым деп тануы, дейді «Ноғай» этномәдени бірлестігінің төрағасы Арсланбек Сұлтанбеков
Қазақстандық ноғайлардың бүгінгі музыкалық өнері туралы айтқанда, алдымен Астана қаласындағы «Ноғай мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінен бастағанды жөн санаймыз. 2008 жылы ашылған орталықтың төрағасы болып кәсіби музыкант, туған жерінде танымал композитор, әнші Арсланбек Сұлтанбеков сайланды. Оның өзгеше өрнекті шығармашылығы дүние жүзі ноғайларына танымал десек, қателеспейміз.
Менің арманым – арғы тегі бір ноғайды қазақтың бауырым деп тануы, дейді «Ноғай» этномәдени бірлестігінің төрағасы Арсланбек Сұлтанбеков
Қазақстандық ноғайлардың бүгінгі музыкалық өнері туралы айтқанда, алдымен Астана қаласындағы «Ноғай мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінен бастағанды жөн санаймыз. 2008 жылы ашылған орталықтың төрағасы болып кәсіби музыкант, туған жерінде танымал композитор, әнші Арсланбек Сұлтанбеков сайланды. Оның өзгеше өрнекті шығармашылығы дүние жүзі ноғайларына танымал десек, қателеспейміз.
Ол 2004 жылы қазақ жеріне көшіп келіп, жүрекжарды «Сәлем, Қазақстан» әнін жазды. Төрт жыл Президенттік оркестрдің эстрадалық тобының жетекшісі болып қызмет етеді.
А.Сұлтанбеков әндерін мазмұндық тұрғыдан саралағанда отансүйгіштік тақырыбындағы туындылары басымдық танытады. Бұл тырнақалды шығармаларынан бастап, қазіргі әндерінің арасына дейін жалғасқан тақырыптық бірізділік. Жыраулар поэзиясы болсын, орыс ақындары, өз өлеңі болсын ол аталмыш мазмұннан алыстамай келеді.
Жайықты алды, Жемді алды,
Еділді алды, Тенді алды,
Енді алмаған не қалды?
Ағалардың қолынан
Талпый тұрған құсты алды,
Енді алмаған не қалды?..
– деп Қазтуған жыраудың «Не қалды?» шығармасына жазған рухты әуенімен тыңдармандарын тәнті етіп жүр.
Ол 2005 жылы Жеңістің 60 жылдығына Қазақстан композиторларының патриоттық әндерінің конкурсы төрт номинация бойынша ұйымдастырылғанда екі номинация бойынша жүлдеге ие болады. Алғашқысы – «Таза мінсіз асыл сөз» деп басталатын толғауға жазылған «Асыл сөз» әні. «Бұл туындымды ноғай тілінде орындадым. Жалпы, конкурсқа ұсынылған шығармалар авторлары көрсетілмей ұсынылғандықтан, сайыстың әділетті өткеніне күмәнім жоқ», – дейді автор. Екінші шығармасы – ең жақсы солдат әні номинациясы бойынша үздік саналған «Хат» деген ән. Оның өлеңін домбырашы Рүстем Күлшебаев жазыпты.

ҚР Мәдениет қайраткері Арсланбек Сейітұлы 2011 жылы 16 желтоқсанда Анкара қаласында Халықаралық Ахмет Ясауи университетімен бірге Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап концерт қойды, ал бір жылдан соң жеке концерті Ыстамбұлда «Шығыс Түркістан» қорының қолдауымен берілді. Бұл кеш те ел Тәуелсіздігіне арналды. Осы жылы бүкіл Еуропаға шашырап кеткен ноғайларды аралап, оларды ұлттық рухтағы әндерімен сусындатып, қандастарының тіршілік тынысымен кеңінен танысып, өз отбасында 40-ақ (!) күн болыпты.
Елімізде ноғайлар саны ресми түрде аз болғанмен, қазіргі таңда Ресей жерінен (Дағыстан, Қобан, Карашай-Черкес, т.б.) қоныс аударып, тұрақтап жатқандар саны артып келеді. Солардың бірі А.Сұлтанбековтің ресейлік жерлестері, балаларға дейін өзінің кең танымалдық алып кеткен әнінің атымен «Қарт кешу» деп атайды. Әнші: «Қарт кешу – көне көш мағынасында беріліп тұр. Желеншік пен Қобан суларының арасында бірнеше ғасыр ноғай мешіті болған. Кейін орыстар бұзып, шіркеумен алмастырса да, Кеңес өкіметі бәрібір рухани үйді жермен жексен етіп, оның тастарымен Черкесск қаласының Ақ үйін қалайды. Осы тарихты естіп, толғаныспен «Қар кешу» әнін шығардым. Ән лезде бүкіл Кавказға тарап кетті. Өзім балалардың мені көріп «Қарт кешу» келе жатыр» деп айтқанын талай естідім», – дейді (әнді YouTube-тен тыңдай аласыздар).
Әнші Ставрополь аймағы, Эркин-Халк селосында (1965) дүниеге келген. Өскен отбасында әкесі ән, жырларды айтқан ал әжесі қобызда (кавказ гармонын ноғайлар қобыз дейді) өзін сүйемелдеп ұлттық сарындарды айтқан. (Бір қызығы, орыстан келген гармонь Түркия ноғайларында да қобыз аталады). Композитордың ана тілін жете меңгеріп, бүгінде ноғайдың көне музыкалық фольклоры негізінде шығармалар жазуы осы өскен ортасының ықпалынан.
Арсланбек кәсіби білімді Черкесск қаласының музыка училищесінде, гитара аспабы бойынша алады (1985-1989). Кейін өз дарынын Махачкала педагогикалық институтының музыка факультетінде (1989-1994) шыңдайды.
А.Сұлтанбековпен кездеспес бұрын алдын ала интернет беттерінен шығармашылығына шолу жасап, әндерінің мелодиясына, мәтініне назар аудардым. Туындыларында оның сезімталдығы, ұлтына деген шексіз махаббаты, халқының өткен тарихы мен болашағына ой-толғаныстары жан-жақты көрініс тапқан.
Астананың бір шетінде шағын пәтерді жалдап тұратын талантты музыканттың үйінде алты ішекті және он екі ішекті екі гитара, екі түрлі домбыра, ұрмалы аспаптары, қобызы, т.б. өнеріне қажетті дүниелері тар жерде аяқ алып жүргісіз екен. Тыңдарманға оның «Асыл сөз» әні гитарамен, Шалкиіз жыраудың «Лашын құс» жырына арнаған әуені домбырамен ұсынылып жүр. Композитордың «Тұлпар қайдан табарсың», «Қаңлы», «Ауырады жүрегім», «Ноғай ел» шығармалары ноғай тілдерінде, «Белый пароход», Доспамбеттің сөзіне «Мой караван» («Мен өкінбеймін», аударған А.Ануфриев) және т.б. әндері орыс тілінде тараған. Сонымен бірге, біраз әндерінің сөзін өзі жазыпты («Ноғай кешелер»).
Жалпы, композитор шығармаларын мәтіндік жағынан үш топқа бөлуге болады. Тарихи тұлғалар Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Асан қайғы толғау-термелері (орыс тілінде аудармалары бар), ресейлік ақындар өлеңдеріне жазылған туындылары және өз өлеңдері. Орыс тіліндегі әндерінің тыңдармандары Дағыстанда өмір сүретін отыздан астам этностың бәріне де түсінікті ортақ тіл болғандықтан, оның азаматтық үнін, жандүниесінің қалауын, өткен тарихқа, бүгінгі қоғамға көзқарасын білдіруге мүмкіндік береді. Өз сөзімен айтқанда, ол музыканы нан табатын мамандық қана емес, одан гөрі салмақты мақсатқа құрал етеді, бұл оның өнердегі жолының салмақты, байсалды ұстанымын аңғартады.
«Табиғатымда көптің алдына шығып, ән салу дегенді ұнатпаймын. Бірақ мені музыкант қылған, мына алдымда жатқан географиялық карта (1974)... ноғай халқының өткені мен бүгінгі жағдайы. Ұлтыма деген сүйіспеншілігім, оның тарихы мен дәстүріне деген ізденісім тереңірек басталған уақытта еріксіз кеудемді ән жарып шықты», – дейді музыкант. «Ноғайша әндерді насихаттау жағында жүріп композитор болып кеттім». Осылайша ана сүтімен дарыған, өскен ортасынан толыға түскен «репертуары» ноғай жүрегіне жақын әндер жазуға бейімдейді.
Композитор шығармашылығының тағы бір қыры оның ноғай аспаптарын жаңғыртып, насихаттауы. Айта кетсек, жаңартылған қылқобыз аспабының тарихы мынадай. Арсланбек Сейітұлына қылқобызды жасап, ойнап көруге түрткі болған оның Санкт-Петербург мұражайында сақталған суретті көруі болды. Мұражайда ілулі тұрған фотода «Село Мансуров. Конец XIX века» деген жазу көзіне оттай басылып, ХІХ ғасырда Солтүстік Кавказға келген фотографтың түсірген фотосына мән берсе, тура өзінің туған ауылындағы бір ғасыр бұрынғы мырзалардың халық алдындағы би дәстүрі екен. «Бүгінгі «Эркін халқ» селосы бұрын Нижняя Мансуровка аталған. Қырымда мансур ноғайлары деген халық бар. Солардың шоғырланған жері осылай аталған. Бұл жердің өте көнедегі атауы – «Қабақлар» болған», – деп ақпараттандырды ол.
А.Сұлтанбеков осы суреттегі және ноғай қобызды жеке бейнелеген суреттің көшірмесі негізінде аспап жасаушы шеберге қылқобыз пішінін сызып беріп, ойлаған мақсатына қол жеткізеді. Қазір өзі қайта жаңғыртқан қылқобызбен дауысын сүйемелдеп жүр. Әнші ноғай мәдениетінде ертеден бар қылқобыздың бүгінге дейін сақталмай қалуының тарихын былай әңгімелеп берді. «Бұрынғы Нижняя Мансуровка деген ауыл Кеңес өкіметі кезеңінде «Эркін халқ» деп өзгертілді. Мұндағы Мансуров – ноғай князьдарының фамилиясы, олар Едігенің тікелей ұрпақтары. Осы ауылға бала кезімде Карасова Бела Баубековна деген бір фольклоршы әйел келіп, анаммен сөйлесіп, ноғай музыкасын зерттеу үшін жол көрсетуді өтінді. Анам маған оны ертіп апарып, ауылдың ақсақалы, 80-нен асқан, көпті көрген Пашагерей деген қартқа жолықтыр деді. Мен 15-тердемін. Ақайдың үйіне барып мән-жайды түсіндіргенімде, қарттың көзі жасқа толып, сөйлей алмай, бізге «шық» деп ишарат жасады. Біз сасып қалып сыртқа шықтық. Мен қайтадан анама барып көргендерімді айтып, қарт сөйлей алмайды», – дедім.
Кейіннен естідім, анам барып, қартпен сөйлесіп, тілі шешілсін деп ащы судан ұрттатып, біз үйге қайта ендік. Дауысы әлі күнге дейін жадымда, Пашагерей атамыз қобыздың, домбыраның, ноғайларға рух беретін «Едіге» жырының қалай жойылғанын айтты: «1937 жылы аштық кезінде ауылға коммунистер келіп, кім «Едігенің» жырын жырлайды, кім домбырада ойнайды, кім қобыз тартады деп сұрайды. «Едіге» жыры, домбыра, қылқобыз. Олардың іздеп жүргендері менің туыстарымның арасынан табылды. Бәрі жыраулар еді. Мәдениетімізді зерттеп жүр екен деп бәрінің есімдерін айтып бердік... Ертесіне олардың бәрін сол түнде жоқ еткенін естідік».
Тарих беттерінде мұндай адамзатқа, құнды материалдық мұраларға және руханиятқа қиянат көп кездеседі. Қазақ та зардапты аяусыз шекті. Оның салдары әлі күнге дейін аңғарылады. 1937 жылға дейін кез келген той Қобан, Астрахань ноғайларында міндетті түрде «Едіге» жырынан басталып отырған. Қажетті салт-жоралардан соң міндетті түрде жырау шақырылып, «Едігеден» үзінді орындалған. Отызыншы жылғы аштық, коммунистер қуғынынан соң халықты рухтанатын өзегінен айырып, қараңғы қылу үшін жасалған қыспақтан кейін домбыра мен қылқобыз, «Едіге» жырының айтылуы бәсеңдеген, кейін мүлдем тоқтаған.
Халқының тарихындағы өткен осындай ауыр кезең, қысыммен жасалған руханияттық күйзеліс, оның ішінде музыка аспаптарының жойылуы болашақ сазгерді бейжай қалдырмады. Ата-баба өнері мен музыкалық дәстүрге қызығушылығы арта бастады. Ол қауіпке басын тігіп, Санкт-Петербургтегі мұражайдағы өзі туған ауылдың өткен ғасырдағы музыка мәдениетіне тікелей қатысты құжаттардың көшірмесін жасап (!), оларды жаңғырту жұмыстарын бастамақ болады. Осы бағыттағы шығармашылық жұмыстарын Қазақстанға келген соң жүзеге асырады. Аспап жасаушы шеберге қылқобыз жасатады.
Ноғай қылқобызының екі түрі бар. Біріншісі ... сазгер сызған суреті бойынша айтсақ, қазақ қылқобызымен бірдей, ал екінші нұсқасы ағаш, тері, жылқы қылы сияқты материалдардан жасалады, бір өзгешелігі – аспаптың шанағы бар. Ысқышпен орындалатын қылқобыздың пернелері де бар. Осыған сәйкес ойнау тәсілі пернелерді басу арқылы жүреді. Әнші қобыз сүйемелдеуінде Қазтуған жыраудың «Қайран да менің Еділім» жырын орындап жүр. Қылқобызбен дауысын сүйемелдеуді елімізде жаңғыртқан Б.Тілеухан екені белгілі. Оның бұл дәстүрді дамытудағы орнын әнші былай бағалайды: «Мен Б.Тілеуханның бұл салада ең биік деңгейде көрініп, өнердегі жаңашылдығы мен көрегендігіне бас иемін. Оның жыраулық дәстүрде ойнау тәсілдерін үйрендім. Мен үшін Бекболаттың орны өнердің шыңында».
Композитор өзінің қобызында ноғайдың қыз ұзату тойында осы күнге дейін ойналатын «Қыз шығару» әнін тартып жүр. Сонымен бірге, оның халық фольклорынан берген құнды материалдарының бірі – «Қобыз тартулар». Бұл мелодиялардың табиғаты би ырғағына бейім, жеңіл, ойнақы.
Сонымен, А.Сұлтанбеков шығармашылығы арқылы 80 жылға жуық ойналуға тыйым салынып, мұражайда суреті ғана тұрған қылқобыз жарыққа шықты. Әндерін сүйемелдеуші аспап ретінде домбыраның да рөлі үлкен. Осы домбырада ойнаған жастар интернет беттерінде кездеседі. Бұл, мәселен, 2008 жылы дағыстандық ұжымның Мәскеуде берген концерті. Өйткені, Дағыстанда далалық жерлердегі, шөл, құм арасындағы ноғай ауылдарында домбыра аспабы сақталып қалды. Бұл табиғаты қатал аймаққа көп ешкімнің қолы жете бермеді. «Тоқтамыс» (қазір Икон ауылы) ауылында бір адам қайтыс болғанда, оның жасырын сақтап келген домбырасын қайда қоярын білмей абдыраған туыстары аспапты өзімен бірге көмген», – дейді сазгер.
Әнші 1996 жылы алғаш рет Қобан ноғай театры делегациясы құрамында Дағыстанға Қараноғай ауданына гастрольмен барады. Халық бір-бірін жоғалтып алғаны сондай, тіпті бұлар Дағыстанда ноғайлар тұратынын білмеген. Қазір ол ауыл «Тереклі мектеп» деп аталады.
А.Сұлтанбеков репертуарында өзі шығарған 50-ге жуық ән бар. Елінен, жерінен айырылып, өктем ұлттан қысым көрген, руханиятын жалғастыруға тыйым салынып, еңсесі түскен елдің жанайқайы мен көнеде қалың халқына қызмет етіп, билік айтып, ел ішінің берекесі болған ақсақал, жыраулардың арманы мен мұңын Арсланбек шығармаларының алтын арқауына айналдырған. Ол өз ұлтының көне музыкалық фольклорының білгірі, туған елінің жоғын жоқтап, жыртығына жамау болуды мақсат тұтқан тұлға. «Менің арманым – арғы тегі бір ноғайды қазақтың бауырымыз деп тануы. Біз – бір халықпыз. Қазақстанда тәуелсіздікке қол жеткізіп, жемісін көріп келеміз. Қазақ елі алға ұмтылған, көп елдерден барлық салада да көш ілгеріде жүрген ел, болашағы жарқын мемлекет», – дейді ол.
Бақыт ТҰРМАҒАМБЕТОВА,
өнертану кандидаты, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер
институтының аға ғылыми қызметкері.
Алматы.