Қазақстан • 07 Шілде, 2021

Құйрықты жұлдыздай ағып өткен...

806 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Адам баласын аяуды білмеген зобалаң жылдар ақиқаты әлі де терең зерттеліп, біте қойған жоқ. Алаш деп атқа қонған аяулы тұлғалардың қилы тағдырларын анықтап, елге сіңірген еңбектеріне әділ бағасын берсек, олардың ұлтын сүйген ұлық бейнелері кейінгі ұрпаққа үлгі болар еді.

Құйрықты жұлдыздай ағып өткен...

Отыз бір жыл ғана ғұмыр кешкен, Алаш аспанынан құйрықты жұлдыздай ағып өткен, жаратқан ие қисапсыз қасиет дарытқан, айрықша талант сыйлаған Зарап Темірбекұлының туғанына биыл 115 жыл толып отыр. Оның шыққан тегі, өскен ортасы туралы бір ауыз сөз айта кетелік.

Әкесі Темірбек Мұсаұлы Арқадағы ән падишасы – Ақан серінің алдында тәлім алған, тәрбиесін көрген адам деседі. Араб, парсы тілдерінде білім алған ол Көкшетау төңірегіне аты мәлім, атақты шонжар Шөбектің Серәлісінің приказчигі болып жұмыс істеген.

Шындықты сүйген, әрқашан ақиқатты айтпай тұра алмаған, ақ алмастай жар­қылдаған өткір азамат сол дәуірде айбарынан ай ығатын Серәлінің өзіне қалт жіберген қадамын, әділетсіздігін бетіне басып айта білген деседі. Ел арасында Темірбек ақын айтыпты деген отты өлең-жырлар бертінге дейін сақталған. Оның ішінде «Жер, қоныс жайлы», «О, дүние!» деген толғаулары да бар. Бұл толғауларында ақын адам бойындағы адамгершілікті, парасат пен пайымды жырлайды. Айтқаны болып, дегені орындалып тұрған күштілердің әділетсіздігін айыптайды. Жалғыз ел ішіндегі жай ғана емес, патшалық Ресейдің парасатсыз сая­­сатын әшкере етеді. Ақын өлеңдерін оқы­ған адам олардың біршама көркем екен­дігін мойындар еді.

Зарап Темірбекұлы 1906 жылы Көк­шетау төңірегіндегі Үңгір деп аталатын табиғаты тамылжыған өңірде өмірге келген. 1912 жылы алты жасқа толғанында ел қамын жеген ер мінезімен, қазақтың қара сөзін маржандай тізген шешендігімен, шырылдаған шындықты айта алған өр мінезімен танылған әкесі өмірден өтеді. Әйтсе де, бала Зараптың табиғи таланты, жаратқан ие бойына сыйлаған тама­ша қасиеті жетімдіктің шылауында қал­дырмай, жарыққа шығуына, жарыққа ғана емес, қиялай аспанға көтеріліп, жарық жұлдызға айналуына бөгет бола алмаған.

Алдымен, ауылда білім алған. Екі жыл. Одан кейін 1921 жылы ағасы Айтжан Темірбекұлы Көкшетау қаласындағы жеті жылдық мектепке береді. Бұл мектепте екі жыл білім алады. 1923 жылдан 1925 жылға дейін Қызылжар қаласындағы сол кездегі іргелі оқу орнының санатындағы қазақ педагогикалық техникумында оқи­ды. 1931 жылы зейінді жастың қарым-қабі­летін шамалаған БКП өлкелік комитеті Зарапты Мәскеуге оқуға жібереді. Әйтсе де зейінді жас денсаулығына байланыс­ты оқуын жалғастыра алмайды. Алты-ақ жыл білім алу бақыты бұйырған. Бі­рақ сол білімнің өзі мол қазына іс­петті. Зарап Темірбекұлы табиғи талан­ты­ның арқасында замандастарының алды болды. Көзін көргендердің, сөзін есті­гендердің куәлік етуіне қарағанда, жақ біт­кеннің шешені. Әсіресе, баяндама жаса­ғанда ұйытып, әр пікірін балталаса бұзыл­мастай етіп, шегелеп жасайтын болған. Оған себепші болған білімге деген құмарлығы. Мәселен, Зарап Темірбекұлы Қызылжардағы техникумда оқып жүрген кезінде білім бағдарламасымен шектеліп қалмай, қосымша оқулықтарды көбірек оқуға тырысқан. Сол алғырлығының арқа­сында екі жыл білім алған кезінде бі­лім ошағындағы үш жүзге жуық құр­бысы­ның арасынан суырылып шық­қан. Оқи жүріп қалалық комсомол коми­теті­нің бюро мүшесі, губерниялық комсомол комитетінің инспекторы қыз­мет­те­рін қатар атқарған. Сол кезде не­бәрі 18-19 жаста. Кейін Атбасар, Көк­ше­тау, Қарағанды, Алматы, Ақтөбе қала­­ла­­рындағы әрқилы мекемелерде қыз­мет істеген. Қай жерде жүрсе де аңса­ға­ны әділдік болғанға ұқсайды. Бай­лар­­дың есігінде жүрген жалшыларға «Қос­­шы» ұйымы арқылы шарт жасасып, ала алмай жүрген еңбекақыла­рын тө­лет­кізіп отырған. Өсіп-жетілуіне, дү­ние­­та­нымына, көңіл көкжиегінің ке-­­
ңе­юі­­не Біләл Малдыбайұлы тәрізді
Алаш қай­­рат­керлерінің ықпалы тиген­дігін ­айта кет­­кен абзал.

Міне, осылайша ұшқан ұядан тәлім алған, әке тәрбиесін көрген Зарап өз заманында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері ретінде танылған. Қоғам қай­­раткері ғана емес, жүрдек қалам иесі. «Лениншіл жас», «Еңбекші қазақ» газет­тері мен «Қазақстан большевигі» журналында әдеби қызметкер, редак­тордың орынбасары, бас редактор болып қызмет еткен. Және бір қызығы, аса талантты Зарап Темірбекұлы бірқатар газет-журналда бір мезгілде жұмыс істепті. Соның барлығына үлгеріп, мінсіз жұмыс істеу үшін қаншалықты қажыр-қайрат, ақыл-білім керектігін шамалай беріңіз.

Сонау 1927 жылы Зарап Темірбек­ұлы Ақтөбенің губерниялық комсомол коми­тетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған. Губерниялық комсомол конференциясында оны алғаш көрген Ах­мет Жұбанов тілінің шешендігіне, пікі­рінің орнықтылығына тәнті болып: «Жасы өзіммен шамалас болса да оның от­тылығы, тартымдылығы, жастар ара­сындағы бедел-құрметі асқар таудай болып көрінді. Бір жарым сағат баяндама жасады. Қолында бір парақ қағазы да жоқ. Зейінділігі мен зеректігіне, өзіне тән шеберлігіне, ой астарының тереңдігіне таң қалдым. Ақтөбеден шалғай жат­қан ауыл аттарын, жер аттарын жадына тоқып алған. Мен Зарапты лаулай жанған жалынға теңер едім», деп жазған. Кейін Ахмет Жұбанов Зараптың қызы Алмаға көп қамқорлық көрсеткен екен, өнерге баулыған, дұрыс бағыт-бағдар сілтеген және бұл қамқорлық Зарап Темірбекұлы нақақтан-нақақ халық жауы атанып атылып кеткеннен кейін көрсетілген. Ал ол уақытта «халық жауының» ұрпақтарына елжірей қарау кез келген ердің қолынан келе бермейтін жанашырлық еді.

Табиғат шіркін бір адамның басына талантты үйіп-төгіп беретініне куә болатынымыз бар. Арғы тегінде өрісті өнерге деген ынта-ықылас, қанында ыстық қасие­ті бар Зарап Темірбекұлы тамаша әнші болған деседі. Әсіресе, Арқаның ән өнерінің дүлдүлдері – Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақтың әндерін нақышына келтіріп орындаған. Осы арада қазақтың ән-күйін жинақтаушы А.Затаевич әйгілі Ақан серінің «Құлагер» әнін Зараптың орындауында нотаға түсіргендігін айта кетуге болады. Бұл кезде Зараптың жасы небәрі 17-де екен. «Құлагер» аса зарлы, айрықша мұңды ән. Көкірегің қарс айрылмай тыңдамау мүмкін емес.

Актерлік шеберлігі де адам айт­қы­сыз екен. Талантына талайды тәнті еткен Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Ке­бек» пье­сасындағы Жапалдың, Кебек­тің, «Қара­гөздегі» Сырымның бейне­лерін сомда­ған. Өнерге құлай берілген­діктен болар, губер­нияның басшы қыз­меткерлерімен үзеңгі қағыстырып жү­ріп театр сахнасына шыққан. Осы бір жай­дан-ақ тал бо­йындағы қарапайымдылық­ты қапысыз аңғаруға болады. 1926 жылы губернияның комсомол комитетін­де хатшы бола жүріп, оқу бөлімінің жа­ны­нан құрылған театр­да еңбек еткен. Спектакль барысында бо­йындағы қа­рым-қабілетпен жарқырай та­нылған. Кон­цертке де қатысыпты. Ха­лық әндерін на­қышына келтіре орындайды екен. Осы пікір­лерімізде дәлел ретінде Серке Қо­жам­құловтың естелігінен бір шө­кім үзінді келтіре кетелік. «Зарап жас теат­рымыздың жанашыр ұстазы бол­ды», депті сахна серкесі.

Жазуға қабілетінің қаптал жететінін жас­тайынан аңғартса керек. Қолына қа­лам ұстаған кезден бастап газет-жур­нал­дардың белсенді тілшісі болған. Жүз­деген ойлы мақала жазған. Ел ішінде­гі іргелі мәселелерді көтерген. «Еңбек­ші қазақ» газетінің бір жылғы санынан жиыр­­мадан астам көлемді мақаласын көруге болады. Оның барлығында да ел қамын қаузаған, болашақ жайын бажайлаған өткір сөз бен ұтымды пікір бар. «Лениншіл жас», «Кеңес ауылы» газеттерінде «Біз қалай көмектесеміз?», «Комсомолдар қосшы ұйы­мында не істеп жүр?», «Әдебиет май­данындағы комсомолдар», «Дала тол­қыны», «Комсомолдар қызу шайқаста» атты публицистика­лық материалдары жарық көріпті. Жал­ғыз мақала ғана емес, көрерменге рухани нәр сыйлайтын пьесалар да жазған. «Жаңа өмір», «Жанта­лас» пьесалары 1930 жылдың желтоқсан ­айында Жұмат Шаниннің режиссерлігі­мен қойылыпты. Басты рөлдерді Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев ­сом­даған.

Алаштың арда ұлдарын баудай тү­сір­ген 1937 жылдың қоңыр күзінде «Ле­ниншіл жас» газетінің редакторы Зарап Темірбекұлына «халық жауы» деген жал­ған жала жабылады. 1938 жылдың 27 ақпаны күні Алматы қаласында бірқатар Алаш зиялыларымен бірге ату жазасына кесілген. Арада жиырма жыл өткеннен кейін, яғни 1959 жылдың қаңтар айында КСРО Жоғары сотының әскери алқасы Зарап Темірбековті жазықсыз деп тауып, ақтау туралы қаулы шығарған.

Жары Сақыпжамал «халық жауы­ның әйелі» ретінде 1938-1946 жылда­ры «АЛЖИР» лагерінде айдауда болды, қы­зы Алма 8 жаста, ұлы Жаңарт 4 жас­та екен. Қатал тағдыр екеуін екі жаққа айырып жіберген. Тектінің ұрпағы тегін болмайды, Алма Зарапқызы П.И.Чайков­ский атындағы балалар музыка училище­сін үздік бітіріп, Алматы мемлекеттік консерваториясын қызыл дипломмен тәмамдаған. Бар ғұмырын өнерге арнаған. Ал ұлы Жаңарт Қырғызстандағы балалар үйінен қашып шығады. Жолда Шотпай есімді ақсақалға жолығады. Көпті көрген көнекөз Шотпай ақсақал Жаңартты бауырына басқан. Сөйтіп, Қырғызстанда ғұмыр кешіп жүрген хабарын анасы естиді. Әдейілеп іздеп барып, кеудесіндегі қалдан баласын таниды. Туған жерінен әдейілеп анық­тама алғызып, Жаңарт Зарапұлы деп жаз­ғызады. Сөйтіп, тектінің тұқымы елімен қайта қауышқан.

Зарап Темірбекұлы құйрықты жұл­дыздай ағып өткен мағыналы да жарқын өмірінде небәрі 12 жыл ғана қоғамдық, партиялық жұмысқа араласқан екен. Аз ғана уақыттың ішінде елге өнеге көрсетіп, кейінгіге мәңгілік мұра болатын дүние тастап кетті.

 

Ақмола облысы