Тарих • 07 Шілде, 2021

Ескілік пен естіліктің арасы: Ырғыздан Ырғызбайға дейін

642 рет көрсетілді

Өлкетанушы, кәсіпкер, мектеп мұғалім­дері мен оқушылары, мемлекеттік қызмет­керлер мен еңбек ардагерлерінен құралған топ «Ырғыздан Ырғызбайдың еліне» атты сапарға шығып, Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданын көктей, Шыңғыстау баурайындағы қасиетті орындарды аралады. Ырғыз ауданы азаматтары Абайдың 175 жылдығына орай жоңғар шапқыншылығы заманында Ырғыз өзені бойында өмір сүрген Құнанбай Өскенбайұлының ұлы атасы Ырғызбай ауылының көш жолымен жүріп өтуді өткен жылы жоспарлаған. Індеттің кесірінен сапар кейінге шегеріліп, биылғы маусымның соңында ғана Абай еліне жол түсті.

Абай Құнанбайұлының Ырғызбай, Кеңгірбай, Торғай есімді бабаларының өздерімен аттас өзендер бойында туып, дуалы ауыз тұлғалар болғаны ауызекі әңгімеде айтылып қалатын. Ырғыз ауда­­нының әкімі Әділкерей Әуелбаев Абай жұртына сапарды «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасының шеңберінде этно­туризмді дамыту бағыты бойынша тамаша ұйымдастырды. Облыс әкімі Оң­дасын Оразалин осы жобаны ел Тәуел­сіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ұлы тұлғаларымыздың есімдерін жаң­ғыр­т­ып, жастарды отансүйгіштікке баулу ба­ғы­тындағы тың бастама екенін ма­құлдады.

Қасиетті Шыңғыстау жеріне ырғыз­дық­тар автокөлікпен, темір жолмен және ұшақ­пен жетті. Автокөлікпен ат­тан­­ған топ құрамындағы Ақтөбе телеар­на­сының журналистері Торғай мен Жез­­қазған даласын, Жаңаарқа, Ұлытау, Қар­қаралы аудандары аумағындағы қасиетті орындарды, тарихи нысандар­ды бейнетаспаға түсіріп, жол бойы ауыл тұрғындарынан сұхбат алды. 1849-1852 жылдары Қарқаралы округінде аға сұл­тан болған кезінде Құнанбай қажы сал­дырған мешіт-медресе бүгінде мемлекет қарауына алынып, Қарқаралы аудан­дық Құнанбай қажы атындағы орталық ме­шіт деп аталады.

Семей қаласында ырғыздықтарды қала әкімдігі қызметкерлері, қалалық мә­дениет бөлімінің мамандары, ­Шәкә­рім атындағы Семей мемлекеттік уни­вер­ситеті өкілдері күтіп алды. Қонақтар Се­­мейде «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік та­рихи-мәдени және мәдени-мемориал­дық қорық музейін, Абай оқыған Ахмет Риза медресесін тамашалап, А.Нев­зоров атындағы Өнер музейі, Алаш қай­раткерлері білім алған, 1903 жылы ашылған М.О.Әуезов атындағы педа­гогикалық колледжді аралап, Абай ауданына сапар шекті. Абай дүниеге келген Сырт Қасқабұлақ, Құнанбай әулеті жерленген Ақшоқы, Мұхтар Әуезовтің туған ауылы – Бөрілі, Жидебайдағы Абай мен Оспан, Шәкәрім мен Ахат Шәкәрімұлы кесенесіне, Зере мен Ұлжан ана зиратына дұға оқып, Еңлік-Кебек кесенесіне аялдап, сапарды аудан орталығы Қарауылда аяқтады.

Қарауыл ауылында өткен «Ырғыз өңі­рі мен Абай елінің ортақ құндылықта­ры» танымдық конференциясында Ыр­ғыз ауданының әкімі Әділкерей Әуел­баев: «26 мамырда Ырғыз ауданының құ­­рыл­ғанына 100 жыл толды. Осы айту­лы күнді біз шама-шарқымызша атап өттік. Қазақтың тарихи, киелі жерлерінің бірі – Ырғыз патша бекінісі түрінде салынғаны тарихтан белгілі. Қазақ елінің басында­ғы түрлі оқиғалар да Ырғызды айналып өткен жоқ. Біздер ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Ырғыздан шық­қан мемлекет қайраткерлеріне арнап «Алты арыс» кітабын дайындадық. Жинақ жа­қында баспаға беріледі. Ел басына қиын күн туған соғыс жылдары, одан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдары Ырғыз ауданынан 23 Социалистік Еңбек Ері шыққан. Сол ке­зеңде мұндай тамаша жетістікке жетіп, еңбегі бағаланғандар өте сирек еді.

Бүгінде Ырғыз аумағынан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізі өтіп жатыр. Келесі жылы республика­лық деңгейде еліміздің батысын елордамен байланыстыратын автокөлік жолы бас­талады деп жоспарлануда. Біз мил­­лиондаған жылдар бұрын Ырғызға құ­ла­ған Жаманшың метеориті айналасын абаттандырып, туристік орталыққа айналдыруға кірістік. Аудан аумағының төрттен бір бөлігін алып жатқан «Ырғыз-Торғай» резерват аумағында туристік маршрутты дамытуды ойластырдық», деп жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ аталған жиында Абай мен Ырғыз аудандары арасында мәдени шаруашылық байланыстарды жандандыру туралы меморандумға қол қойылды.

«Ұлы Абайдың 175 жылдығы қар­са­ңында Ел Президенті Қ.Тоқаевтың тіке­лей тапсырмасымен Семей жерінде ха­лыққа тағылым беретін, кейінгі ұрпаққа үлгі болып қалатын көптеген игілікті іс­ атқарылды. Аудан шекарасы Бөрілі мекенінен бастап, ақын туған Сырт Қас­­қабұлақ, Ақшоқыдағы Құнанбай қажы қорымы қоршалып, Құнанбай қажы атындағы мемориалдық кешен- мұражай салынды. Иісі қазақтың аяулы мекені Жидебайдағы Абай-Шәкәрім кешені жаңғыртылды. Аудан орталығы Қарауылда Құнанбай қажы атындағы мешіт салынып, 1976 жылдан бері жөн­деу көрмеген су құбырлары қайта жаңар­тылды.100 орындық балабақша салы­нып, 1 қыркүйекте балдырғандарға есігін ашады.

Ырысты, тарихи тамыры тереңге жа­­йылған Ырғыз ауданы тұрғындары­ның зия­раты қазақтың бас ақыны – ұлы Абай­ға деген шексіз құрметі деп білеміз. Осы сапардан кейін Ақтөбе облысы Ыр­­ғыз ауданы мен ШҚО Абай ауданы ара­­­сындағы қарым-қатынастарға, мә­дени-экономикалық байланыстарға тың серпін беретін бірлескен жобаларға жол ашылады деген ойдамын», деді Абай ауданының әкімі Нұржан Әбдікәрімов.

Ұлы Абаймен бес ата туыстығы бар 85 жастағы ақсақал Манатай Балтақайұлы өзін Ырғызбайдан туған Мырзатайдан таратады. «Ырғызбайдан Мырзатай, Өс­кенбай, Өсер, Жортар есімді төрт ұл тараған. Ырғызбайдан Мырзатай, одан Жұман, одан Толғанбай, одан Балтақай. Балтақайдан – мен», дейді ақсақал.

 

«...Патшадан қазақ үшін мүфти сұрап»

Абай ауданының орталығы Қа­ра­уыл­да «Ырғыз ауданы мен Абай елінің ортақ құндылықтары» тақырыбында өт­кен басқосуда Құнанбай бабалары­ның ақтабан шұбырынды жылдары Ыр­ғыз, Торғай, Кеңгір өзендерінің бо­йын жайлағаны туралы ауызша дерек­тер көп айтылды. Шыңғыстау баурайы жоң­ғардан босаған соң Мамай батыр бас­таған батырлар атажұртқа қозғала бас­тайды. Ақтөбелік өлкетанушы Бек­арыс­­тан Мырзабайұлы көш жолы тура­лы тө­мен­дегідей дерек берді: «Асан Қайғы Еділден аттанғанда ағасының баласы, қарға бойлы Қазтуғанды, өз баласы Абат, Оймауыт тайпасының өкілі Шерғұтты­ны ертіп, Жемнің бойын біраз уақыт жайлап, Хантөрткүл деген жерде кеңес құрады. Осы кеңесте қарға бойлы Қазтуған әрі қарай көшетінін айтады. Асан Қайғының баласы Абат:

− Орманбет би өлген күн,

Он сан ноғай бүлген күні Қазтуғанды төбе би деп танып, «Өлсек бір шұңқырда, тірі болсақ бір тудың астында боламыз» деп қылыш сипап ант берген. Абат пен Қазтуған Асан Қайғыдан бата алғанда Шерғұтты:

− Ей, Қазтуған, Қазтуған,

Бағың сенің көп болып,

Ақылың сенің аз туған.

Еділ жұрттан айырылып,

Оңалмассыз мәз туған.

Сенің барар жерлерің

Қар жаумайтын жаз туған.

Жазда болса жайы жоқ,

Еділдей жердің майы жоқ.

Тәжірибелеп қарасаң,

Бұл сапардың жөні жоқ.

Біз бұл сапар еткелі

Орманбет би онда өлді,

Байтақ әулие мұнда өлді.

Мәулімберді, Қарасақал,

Ойылдан өтіп, Жемде өлді.

Қайтатұғын кез келді. Мен бармаймын» деп бас тартты. Соңынан өрген жұрт үш бағытқа бөлінгенде Асан Қайғы былай деп қоштасқан:

«Отыз екі сала Өлкейік,

Тоқсан сала Торғайым.

Ыршып аққан 25 сала Ырғыз,

Балығы тайдай тулаған,

Бақасы қойдай шулаған. Бір замандарда жетім бала, жесір қатыннан мыңғыртып мал айдаған ел боларсың. Аттың сауырына сыймайсың ғой»...

 25 сала Ырғыз өзенінің шағын саласы ежелден Бақсайыс деп аталады. Бұл жер Түркістан мен Дөрбенттен ке­летін ислам үлемдерінің Арқаға өтер жо­лы екен. Бақсайыс Әзірет Әліден та­рай­тын Ысқақтың 7 ұрпағы болса, Мұх­тар Әуезов Бақсайыс әулиенің 45-ші ұрпағы. Бақсайыстан тараған Асан қожа салдырған медреседен білім алған Досжан ишан Қашақұлы Құнанбаймен бірге Меккеге қажылыққа барып тәкия үй салдырған. Меккеге барған қазақ­тар тоқтайтын қонақүй жеті қазақ­­­тың қар­жысымен тұрғызылды» дегенді біз Дос­жанның атқосшысы болған Өтәлі қа­жының баласы Айладырдан (Өзбек­станнан көшіп келген) естідік. Осы мәліметті Досжан хазіреттің туған жиені Зайнолла қари мен тама Нұрпеке ишан­ның немересі Зайнағи Әбдірахман да рас­тайды. Меккеден жер алып, тәкия үй салуға қаржы жұмсаған жеті адам мына кісілер: қырғыз Шәбден қажы, Ұлы жүз­ден Қасымбек датқа, Орта жүзден Құ­нанбай Өскенбайұлы, ағайынды Аппаз бен Мырқы деген Сыр бойындағы жап­пас руының кісілері, Досжан хазі­рет Қашақұлы, тама Нұрпеке ишан. Жеті адам кеңес құрғанда, Құнанбай Өскен­байұлы ең бірінші болып тақиясын ше­шіп ортаға қояды да, қалтасынан алтын салған. Жер сатып алынып, қонақ үй құрылыс басталғанда, осы жұмысқа басшылық Досжан ишанға (1815-1896) аманатталып, ол Меккеде қалды. Қо­нақ үй екі жарым жылда салынып біт­кен соң Досжан Қашақұлының атына рәсім­деледі. Сол уақытта қажылыққа барған қазақтардың қонақүй құрылысы туралы араб елдерінің архивтерінде деректер болуы мүмкін. Бүгінде Меккедегі қазақ қонақүйінің банктердегі есепшоты, оған түскен қаржы жолдары зерттеуді күтіп жатыр. Ал Досжан ишан елге келген соң мешіт-медреселер салып, бала оқытып, руханият пен ағартушылыққа үлкен еңбек сіңірді. Оның медресесінен ХХ ғасыр­дың басында көптеген білімді азамат шықты. Досжан Қашақұлы «Әл-Асқария» медресесінде оқитын Жұмағали Оразалыұлын (1860-1904) Меккеде кезіктіріп, оқуына қаржылай көмектескен. Жұмағали елге оралғанда Досжан ишан­ның жалғыз қызы Ұммагүлсімге үйле­ніп, медреседе оқытушылық жұмысқа кіріседі. Жұмағали саясатқа да араласқан. Бірінші Мемлекеттік Дума сайлауы ал­дында түрлі қайшылық туғанда, мұ­сыл­ман фракциясының жетекшісі Әли­хан Бөкейхановтың шақыртуымен Санкт-Петербургке келген Жұмағали Оразалы­ұлы жер мәселесіне қатысты француз тілінде 1,5 сағат сөйледі. Осыдан кейін Жұмағали аяқ астынан науқастанып, елге жеткен бойы қайтыс болды.

1930 жылдары Шилісу бойындағы Дос­жан ишан мешіті атқора, арақ сататын дүкенге айналды. Қазір Темір ауда­нындағы тарихи, киелі орын санала­тын Досжан ишан кешені мемлекет қам­қорлығына алынып, қайта жаңғыртылып жатыр», деді.

 

Қарттардан естіген бір дерек

Ырғыз бойындағы бір ауылдың адамы шығындап кеткен үш түйесін іздеп тауып келе жатқанда көшіп кеткен ауылдың жұртына тап болады. Ортада тігулі тұрған жалғыз үйден «Ерім аман болса, жұртта қалар ма едім?» деген әйел дауысы шығады. Келіп жөн сұраса: «Ата жұрт Шыңғыстау жаудан босатады деген хабар келген соң жұрт үдере көшті. Ерім өлді, жүк артатын түйем болмаған соң бір ұл, бір қызыммен жұртта қалдым», деп жылайды. «Түйеме қалаған нәрсеңді бересің бе?» дегенде, бәйбіше: «Төрт жастағы бұйрабас қызымды берейін. Бірақ аманатқа қиянат жасамай, тәрбиелеңіз өсіріңіз», дейді. Әлгі кісі үш түйесін түгел беріп, қызды алып кетеді. Бала өсіп, кәмелет жасқа жет­кенде Кенжебек есімді баласына қос­қан. Осы кішкентай қыздан Қашан, Тұ­ғыр деген екі ұл туып, бүгінде Ақтөбе облы­сының Шалқар, Ырғыз ауданында Қашан мен Тұғырдан тараған ұрпақ көп. 1990-шы жылдары Дүйсенғали Байбатшин деген ақсақал өзінің Тобықты әжесінен тарағанын айтқан еді.

Қарқаралыға Қызылордадан керуен жүргізетін бір кісіге Құнанбай «Әйелің ұл тапса, нәрестенің есімін Кірекес қой» деп айтады. Бүгінде Қызылорда облысында Кірекес әулеті көп. Ақкете Қаржауов деген кісі 1954 жылы жазылған қолжазбасында Уфаның медресесін бітірген соң әке ақылымен игі жақсылардың батасын алу үшін ауыл аралағанын жазады. Құнанбай ауылында келгенде, ол кісі жоқ екен. Үйде шекесі торсықтай Ибрагим деген ұлы болғанын жазады. Бір апта қонақ бо­лып, Құнанбай келмеген соң қайтуға жиналғанда, Ибрагимнің әжесі мен анасы «Пайғамбардың есімін айтуға ың­ғайсыз болғандықтан, қосымша есім қоюын сұрағанда, ол есіне «Абай» деген сөз түскенін жазады. Өйткені ауылға келе жатқанда арбаның шашылған бі­лік темірін тобықтының Өмірзақ ұс­тасы жақсылап құрсаулап берген екен. То­бық­ты елі арбаның білік темірін «абай темір» деп атайды. «Абай темірдей айналасын уысында ұстайтын, ақылға жүйрік болсын» деп батасын бергені жазылған. Осы мәлімет Қаржауовтың ұрпақтарынан жазып алғанын айтты Бекарыстан Мырзабай.

 

 Қасқабұлақтың киесі

Абай ауданының шекарасында Қас­қабұлақ ауылдық округінің әкімі Асхат Мұқатаев, Абай аудандық газетінің редакторы болған, бірнеше кітаптың авторы Әсет Медеуханұлы, Абай аудандық тілдерді дамыту және мәдениет бөлімінің басшысы Елдар Оразалин күтіп алды. Елдар – «Абайдан соң» циклді романдарын жазған атақты жазушы Кәмен Оразалинның ұлы. Ол: «Ырғызбай баба­мыздың туған жері Ырғыз өзенінің бойы, Кеңгірбай баба Кеңгір өзенінің бойында туса, Торғай – Торғай бойында дүниеге келген деп естігеніміз бар», деді. Абай та­ғылымын жалғастырған жазушыға Әзіл­хан Нұршайықовтың «Абайды Мұхтар арқалап әлемге танытса, әлем білген Әуе­зовті арқалауға иығын Кәмен тосты. Алып­ты алып арқалайды деген алып сөз шын­дығы осыдан шығады..» дегенінен артық баға жоқ.

Абай туған Сырт Қасқабұлақ абаттандырылып, туристер үшін жақсы кешен тұрғызылған. Тал-теректер жайқалып өскен, төбешік басына белгі орнатылған, төмендегі Абай бұлағы жан-жағы тас­пен өріліп, кешен аумағы қоршалған. Төбешікке барар тасжолдың екі жағында ақынның қара сөздері үш тілде жазылып, төменде ақ шаңқан киіз үйлер тігіл­ген тұтас этноауыл тұрғызылған. Осы жер­дегі Абай бұлағын бұрынғылар «Тәке­жанның қасқа бұлағы» депті.

Мұхтар Әуезовтің туған ауылы Бө­ріліде әкесі Омархан мен анасы Нұр­жамалдың кесенесі тұр. Әсет Медеу­хан­ұлының айтуынша, Шыңғыс­таудың бауыры – Бөрілі төңірегі ертеден қасқыр­дың ұясы болыпты. Мұхтар жас кезінде аңшылық еткен. «Көксеректі» оқып, кинофильмді көргенде Шыңғыстаудың баурайын айнытпай түсіргенін аңғарасыз. Жазушы 1928 жылы Ташкентте Орта Азия университетінде оқыған жылдары Джек Лондонның романы желісімен «Көксеректі» жазған. Шынымен де ертеректе Бөрілі маңында ауылдың иттерін жеп, құйрықтарын шаншып кететін қасқыр болған. «Бөрілі – Құнанбайдың күзеуі болған жер. Абайдың алғашқы қыстауы Ақшоқыда еді. Онда бәйбішесі Ділдәнің үйі болса, Бөріліден Әйгерімге арнап қыстау салды. Осы қыстау үйде Мұхтар дүниеге келген. Ұлы Абайдың мерейтойы қарсаңында қыстау қайта жаңартылып, Мұхтар Әуезовтің тарихи-өлкетану музейі болып ашылды», деді Әсет Медеуханұлы.

Бақшайыс (Саид Камалиддин) әуле­тінен тарайтын Мұхтардың үлкен атасы Бердіқожаның баласы Әуез ақсақал 1830 жылы туып, 1917 жылы қайтыс болған. Араб, шағатай тілдерін жақсы білген дана қарт Ырғызбай әулетінің сыйлы кісісіне айналған. Құнанбай балалары оны «Әу аға» десе, Әуез ақсақал Абайды «жиенжан» деп атаған.

Бөріліге жақын жерде Ералы жазығы бар. Ералы – романдағы Бөжейдің әкесі Кеңгірбайдың бабасы. Шұбартөбеде қос мұңлық – Еңлік пен Кебек жерленген. Осы оқиға тұңғыш рет 1892 жылы «Дала уәлаяты» газетінің 31-36-сандарында «Қа­­зақтың есінен кетпей жүрген бір сөзі» тақырыбымен жарияланды. Одан кейін 1897 жылы «қазақи тұрмыстық хикаят» болып жарыққа шықты.

Әсет Медеуханұлы: «Абай Бала Шақ­­пақ деген жерде қайтыс болған. Ол жер­ден көп бұлақ бастау алады. Одан әрі Балқашқа қарай ағатын сегіз өзен болды. Абай заманында шөбі жел­кіл­деп, тал-терегі майысқан, өзен суы бұр­қырап, бұлақтары ағып жататын жер­лер көп болған. Президентіміз Қ.Тоқаевтың Семейге келгенінде «Абай­ды ұлықтағанда, Абайдың әкесі Құ­нан­байдың тарих алдындағы рөлін ұмыт­пауымыз керек» дегені көкейімізде жатталып қалды. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл жолы Құ­нанбай қорымын қайта жасап, Құнанбайға арнап музей ашуды облыс әкіміне тапсырды. Бұрын Қазақстанда Құнанбайға арналған музей жоқ еді. Қазақ өмірінің энциклопедиясына айналған «Абай жолында» Құнанбай мен Абайды қанша қарсы қойса да, бәрібір Абайдың артында Құнанбай айғайлап тұрады емес пе? Мұхтар Әуезов 1933 жылы жариялаған бір мақаласында Құнанбайды «бірбеткей, намысқой адам» деп сипаттайды. 1826 жылы Қарқаралы округі ашылғанда, Абайдың атасы Өс­кенбай Ырғызбайұлы тобықты елінде тұң­ғыш старшын билігіне ие болған. Ырғызбай әулеті осы елді тоқсан жыл бойы биледі. 1916 жылы Кәкітайдың баласы Біләл ең соңғы болыс болды. Абай да қатарынан он сегіз жыл болыс болды.

Ырғыз ауданынан келген делегация жол бойы М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы алғаш көрініс болып қойылған Ойқұдық жазығына да аялдады. Бұл жерден тағдыр тәлкегіне түсіп, ат сүйретіп өлтірген қос мұңлық ажал құшқан төбе де қашық емес. Ел аузынан жеткен сөз. Еңлік пен Кебек адал құшқанда, Шың­ғыс­таудың үңгірінде жылап қалған нәрес­тені ауылдағы емші жасырынып барып алып, алыс ауылға апарып тастайды. Нә­рес­тенің есімі Ермек екен. Одан хабар жоқ. Бірнеше ғасыр бұрынғы күңгірт тарт­қан оқиғаларды тірілтетін елдің есті де, ескерімді азаматтары екені анық. Ал тари­хи-киелі орындарды қалпына келтіру батырларымыздың қаны, арулардың көз жасы сіңген, түрлі оқиға өткен жерлерді анықтаудан басталады. Ол үшін қазақтың ауызша тарихын жүйелеу керек. Абай жұртына барған сапардан соң осындай ой түйдік.

 

Ақтөбе – Шығыс-Қазақстан – Ақтөбе

Соңғы жаңалықтар

Күрескер Гейне

Әдебиет • Бүгін, 23:17

Ажалды жеңген Аспан

Әдебиет • Бүгін, 23:16

Ағаш көшеті егілді

Аймақтар • Бүгін, 23:08

Цифрландыруға басымдық берді

Қазақстан • Бүгін, 23:07

Superpave технологиясы енгізіледі

Қазақстан • Бүгін, 23:06

Шымбұлақтағы шаңғы маусымы

Туризм • Бүгін, 22:52

Қасқыр

Өнер • Бүгін, 22:50

Доллар бағамы қайта өсті

Қаржы • Бүгін, 16:12

Ұқсас жаңалықтар