Басындағы байлығын бауырындағы баласымен өлшеген қазақ сәбидің есіміне де ерекше мән берген. Ат қоятын адамның өзін аттай қалап, таңдап алған. Өздері құрмет тұтатын, елге сыйлы азаматтарға сәбиінің есімін қойғызған немесе бауыр еті баласына ырымдап, елге танымал тұлғалардың есімін берген.
Қоғамның түрленіп, заманның ауысуына байланысты ат қою дәстүрі де өзгеріп отыратыны заңдылық. Есімдер де ескіріп, қайта түрленіп, жаңарып отырады. Бұған сол дәуірдің ағымы, сол кездегі мәдени-тарихи оқиғалар да әсер етеді. Мысалы, ертеде жиі қойылған Тоқсанбай, Сексенбай, Жетпісбай деген өңкей «байларды» қазір қоя алмайсыз.
Кей кездері отбасының жеке ырым-сеніміне, арман-мақсатына қарай қойылатын есімдер де бар. Айталық, Қазақстанда ең көп кездесетін есімдердің қатарында «ұл» деген түбірі бар есім тұр: Ұлболсын, Ұлбала, Ұлжалғас, Ұлдана... деп кете береді. БҰҰ-ның халықтың өсіп дамуымен айналысатын сала мамандары жүргізген зерттеуге сүйенсек, 1905-2010 жылдар аралығында елімізде есімі «ұлмен» басталатын 75 400 әйел бары анықталған. Ал 2010-2019 жылдары мұндай аты бар қыздардың саны 12 264 болған.
Не десек те балаға ат қоюға келгенде қазақтан артық фантазиясы ұшқыр халық жоқ шығар, сірә?! Қазір есім қоюдың өзі бәсекеге айналып кеткендей. Жұртшылық баласына елде жоқ ерекше есімдерді қоюға құмар. Олардың бәрі бірдей мән-мағыналы, жарасымды болса бір жөн, естір құлаққа ерсі естілетін есімдер де естіліп қалып жүр. Мысалы, өткенде «Еуразия» бірінші арнасы еліміздегі ерекше есімдердің тізімін жария етті. Сонда Теңгебай Ақшабек Миллионерұлы деген азамат та арамызда бар екенін құлағымыз шалып қалды. Ол ол ма, ғаламтордағы ақпаратқа сүйенсек, Ромео, Теңіз, Эдельвейс, Ақсақал Арыстанбек, Саммидастана, Эверест деген отандастарымыз да, оның сыртында елімізде 27 Мәслихат, 21 Мәжіліс, 13 Нұрлыжол, 9 Нұротан, 7 Сенат, 7 Партия есімді азамат бар көрінеді. Сенеміз бе, сенбейміз бе? Бірақ есімге байланысты жарияланған материалдардың астына жазылған пікірлерді қарасақ, елімізде шынымен де мұндай «ғажайып» есімдер көп екенін аңғарасыз. Сенбеске лажың жоқ. Мысалы, Ләззат есімді қыз жазыпты: «Менің сіңлімнің аты НұрӘбіНаз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құрметіне қойылған, аты-жөнінің алғашқы буындары алынған» дейді. Енді бір баланың аты НұрҚасым екен. Ырымшыл қазақ президент болсын деген ниетпен, қос президенттің есімі қосарланған атты баласына берсе керек. Санамаласақ, Елбасы, Бәйден деген есімдер де елімізде көп екен.
Ұрпағыңа жарасымды ат қою да – үлкен өнер. Халқымыздың ізгі дәстүрі бойынша балаға мән-мағыналы ат қою – ата-анаға аманат. Жалпы, адамның есімі оның өміріндегі үш кезеңіне: балалық және жастық шағына, қарттық кезеңіне сәйкес келуі керек екен. Баяғыда бір ағамыз сәбиіне Жауқазын деген ат қоймақшы болды. Сонда көпті көрген әжеміз: «Балам, жауқазын деген жас өмірге ғана қатысты айтылады. Басқа ат ойлап тап!» деп тыйып тастағаны есімде. Міне, көнекөз қарияларымыз ат қоюдағы ырым-тыйым, наным-сенімдерді ерекше сақтаған, ат қоюға абай болған.
Адам есімдерін зерттейтін антропонимика деген ғылым бар. Осы саланы зерттеп жүргендер адамның аты оның өміріне, тағдырына әсер ететінін айтады. Бұл пікір жайдан-жай айтылмаса керек. Әнебір жылдары Қазақстанда Қорлан атты әйел есімін ауыстырғанын жұртшылықтың есінде болар. Ол «өз атым өзіме түк ұнамайды, бүгінге дейін көрген қиындықтарым осы атыма байланысты сияқты болады да тұрады. Сондықтан есімімді өзгертуге бел байладым» деген еді. Ал кейде жаңа туған сәбиге тіл, көз тимесін деп, сиықсыз есімдер де қойыла салатыны бар. Бірақ ең дұрысы – нәрестенің есімі айтуға ұялмайтындай, әдемі де мағыналы болғаны абзал. Балаңыз есімімен мақтанып, соған сай марқайып жүрсе, жаман ба?! Бала атына қарап өседі, атына сай болуға тырысады, сондықтан есім қойғанға да естілік керек екенін естен шығармаған жөн-ау.