07 Қаңтар, 2014

Көңілі жас адамдар қартаймайды

790 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Болат аға Жайсаңбаевты көрген сайын осы қарттықтың өзі салыстырмалы ұғымдай көрінеді. Оның құрдастарына қарайсың да, бұлар онымен жасты деуге көңіл қимайды. Тіпті, олар бір-біріне қалжың айтып жатқанда басқалардың Бөкеңе қарай айтқандары артықтау көрінетіні де бар. Бірақ шындықты мойындамасқа лажың жоқ. Бөкең де 80 дейтін жасқа келіп қалды. Кейбір құрдастарындай мүжілмей, сергек көңілмен, жайдары жүзімен келді.

Болат аға Жайсаңбаевты көрген сайын осы қарттықтың өзі салыстырмалы ұғымдай көрінеді. Оның құрдастарына қарайсың да, бұлар онымен жасты деуге көңіл қимайды. Тіпті, олар бір-біріне қалжың айтып жатқанда басқалардың Бөкеңе қарай айтқандары артықтау көрінетіні де бар. Бірақ шындықты мойындамасқа лажың жоқ. Бөкең де 80 дейтін жасқа келіп қалды. Кейбір құрдастарындай мүжілмей, сергек көңілмен, жайдары жүзімен келді.

Бұл кісіні осылай көрсететіні, сірә, оның бойына біткен еңбек­қорлығы, қарапайымдылығы, адалдығы, тазалығы ма дерсің. Осыдан қырық жылдай бұрын оны алғаш көргенімізде Бөкең осындай сияқты еді. Сонда да өзінен көп кіші еңбектес әріптестеріне өзінің үлкендігін бұлдамайтын. Басқаға итере салу жоқ, жұмысты жастармен жарысып тындырып жатар еді. Сонысы үшін кейінгі буын Болат ағасын жақсы көретін.

Ал Бөкеңдердің жұмысы, қазіргідей емес, сонда қиын еді. Газетті басып шығару таңға дейін созылатын. Ең соңғы нүктені қоятын сол газет шығарушы, Бөкеңдер. «Социалистік Қазақ­стан» дейтін елдің бас газеті күн сайын шығады. Кезегің күнара болғанмен, әркез таңға дейін жүру жай қалжыратып қана қоймай, жүйкеге ауыр тиеді. Көп адам соны көтере алмайды. Тілі шығады, сол тіл басқаға тиеді. Міне, сол жүйкенің жұқаруы Бөкеңде бола қоймайтын. Оны өзгелерден ерекшелейтін де сол.

Көбіне біз басшыға, атағы бар тұлғаларға көбірек құрмет көрсетіп жатамыз. Оны да жөн делік. Басшы лауазымға, атаққа жету де жайдан-жай келмейді, оның жолында талай төгілген тер, қажырлы еңбек жатыр. Бірақ кейбір адамдардан сол лауазымды, атақты алып тастасаң, ар жағында түк те қалмайды. Ал Болат ағамызда лауазым да жоқ, атақ та жоқ, бірақ оған деген жұрттың құрметі бір пенденің басына жетерлік. Қашанда болсын бірсыдырғы азаматтық қалпы. Біреуден құрмет те сұрамайды, жасым үлкен деп төрге де ұмтылмайды. Ал үлкеннен де, кішіден де оған деген құрмет әрқашан дайын.

Әр адамның қадірі алдымен өз ұжымында аңғарылады ғой. Ұзақ жыл «Егемен Қазақстанда» газет шығарушы болып қызмет атқарғанда Болат Жайсаңбаев редакция ұжымының ең сыйлы адамының бірі болды. Оған тиянақты да тындырымды еңбегі­мен қатар, біреуге қалайда жақсылық жасасам деген пейілде жүретін жағымды мінезі себепші. Жұрттың бәріне жағу қиын дейміз ғой, ал Бөкең жағатын. Тіпті, жұмыс жайына орай біреуге дауыс көтерсе де сол адамның өзі оны сыйлаудан шектелмес еді. Жұмыс бабы дейтініміз бар, соған орай Болат ағамыз редакцияның барлық қызметкерімен байланыста жүрді. Түс шайысқан ешқайсысы жоқ. Тіпті, редакция басшыларының ішіндегі жұ­мыс­­­­қа деген талапшылықтары қат­қылдау Балғабек Қыдырбекұлы, Ержұ­ман Смайыл да Бөкеңе келгенде жұмсақтау еді. Ал қасында көбірек болатын корректорлар қауымы, жалпы редакцияның кіші буын қызметкерлері оны әке­сіндей, ақылшы ағасындай көрер еді. Кейбір қызметі басқа жаққа ауысқан Әбдімүтәл Әлібеков, Тілекқабыл Боранғалиев, Бақтияр Ерімбетов сияқты інілерінің әркез оны іздеп, сұрастырып жүретіні де бар.

Бөкең еңбек демалысына шық­қаннан кейін де өз ұжымынан қол үзген емес. Еңбек демалысы дегенде, Болат ағамыз оған екі рет шыққандай болған. Сол кездегі тәртіп бойынша зейнетке шыққан адам жұмыс істесе, зейнетақы төленбейтін болған соң, амалсыз кеткен еді. Аса білгір қызметкерінен редакция да қимай қоштасқан. Кейінірек тәртіп өзгерген соң, ол өзінің  көп жыл жұмыс істеген ұжымына қайта оралып, қайта бір жасағандай болған. Содан кейін редакция Астанаға көшкенше жастарға аға, ақылшы болып жүрді.

– 80 деген де аз жас емес-ау, бізді еңбек шыңдады ғой, – дей­­ді Болат ақсақал. – Мен өз ұжы­мым­нан ешқашан да қол үзгенім жоқ, «Егемен Қазақстан» газеті күн сайын үйіме келгенде ұжымыммен ұшы­расқандай болам. Кешегі күндер еске түседі. Көңіл жасарып қалады.

Көңіліңіз қартаймасын, Бөке!    

Мамадияр ЖАҚЫП,

«Егемен Қазақстан».

 

Соңғы жаңалықтар

Атырауда үшем дүниеге келді

Аймақтар • Бүгін, 16:42