Коронавирус • 08 Шілде, 2021

Вице-министр Hayat-Vax пен CoronaVac вакциналары азайғанын айтты

281 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов Hayat-Vax және CoronaVac вакциналарының тапшылығы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Вице-министр Hayat-Vax пен CoronaVac вакциналары азайғанын айтты

«Hayat-Vax және CoronaVac вакциналарын Қазақстанға шектеулі көлемде жеткізгенбіз. Ең басынан бастап партиялардың бәрін дәл ортасынан бөліп жартысын бірінші компонентіне, жартысын екінші компонентіне сақтап отырмыз. Қазіргі кезде Hayat-Vax-тың бірінші компонентінің қалдығы 13 мыңдай. Қазақстан бойынша 486 мыңнан астам адам екпесін алды. Сол себептен екінші компоненттің вакциналары медициналық мекемелердің, ұйымдардың қоймаларында сақтаулы тұр. Hayat-Vax және CoronaVac-тың бірінші компонентін алған азаматтар екінші екпесін сол мекемелерден ала алады. Еліміздің біраз қалаларында расында да вакцина бітейін деп қалды», деді вице-министр орталық коммуникациялар қызметінде.

Марат Шоранов аталған вакциналардың қосымша партиясын әкелу мәселесін шешу үшін келіссөздер жүргізіп жатқанын да атап өтті.

«Біз бұл вакциналарды бір мезгіл келісімшартпен алып келгенбіз. Қазір келіссөз процесі жүріп жатыр. Шешімі зауыттың өндірістік көлеміне және келісімшарттарына байланысты. Біз нақты мерзімін белгілеуге тырысамыз», деді министрдің бірінші орынбасары.