07 Қаңтар, 2014

Ақжан ата

406 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бір ойшылдың «Ұлттың рухын көтеру белгілі бір уақыт ағымына ғана тиесілі емес, шексіз орындала беретін парыз» дегені бар еді. Сол секілді кеңес дәуірі кеңірдектен алып кері тартса да, ұлттың болашағы дегенде тақымын қысып, талай-талай тартысқа түс­кен, алған бетінен қайтпай жүріп, діттеген жеріне жеткен қазақ алыптары қатарлы ғұламаның бірі, бірі ғана емес-ау бірегейі Ақжан әл-Машани еді.

Бір ойшылдың «Ұлттың рухын көтеру белгілі бір уақыт ағымына ғана тиесілі емес, шексіз орындала беретін парыз» дегені бар еді. Сол секілді кеңес дәуірі кеңірдектен алып кері тартса да, ұлттың болашағы дегенде тақымын қысып, талай-талай тартысқа түс­кен, алған бетінен қайтпай жүріп, діттеген жеріне жеткен қазақ алыптары қатарлы ғұламаның бірі, бірі ғана емес-ау бірегейі Ақжан әл-Машани еді.  Айтулы оқымысты мамандығы геолог бола тұра, ұлт руханиятының көшбасында жүрді. Қазақ ғылымының туын тіккен Қаныш Сәтбаев Ұлттық ғылым академиясының іргесін қалағанда Мұхтар Әуезов, Ахмет Жұбанов қатарында оның ұлы шаңырағының уығын шаншысты. Академияның алғашқы корреспондент-мүше­сі болып сайланды. Әл-Фара­бидей данышпанымызды талас­қандардан білім-білігінің мық­тылығын көрсетіп, төрімізге әкеліп отырғызды. Абайдай алып тұлғаның түп-тамыры Әл-Фарабиде жатқанын ұлы ойшылдың трактаттары мен ұлы ақынның өлеңдерін салыстыра отырып, үзілмеген алтын арқауды, «Міне, қара, халқым, қадірлі қазақ жұрты» деп алдымызға тартты. Бұрын қазақ топырағында бола қоймаған геологиядағы маркшейдерлік істі айналысқа қосып, мамандар дайындау ісін орнықтырды. Қазақ фантастикасының негізін салып, қазақ ғылымына қажет, ашылған жаңалықты жариялап отыратын «Білім және еңбек» журналының жарық көруіне ұйытқы болды. Осындай ұлт алыбына арналған конференция елордадағы Мемлекет тарихы институтының ұйытқы болуымен «Ғұлама ғалым әл-Машанидің ғылыми мұрасының ұлттық идея контексіндегі тарихи құндылығы» атты тақырыпта өтті. Бұл басқосудың басты мақсаты – көрнекті ғалымның философиялық және қоғамтанудағы іргелі ең­бектерін зерделі зерттеу арқылы таныту, кейбір қасаң көзқарастардан арылту, бұған қоса оның сан-салалы бай мұрасын кешенді зерттеу нысанына айналдыру.

Конференцияда алғашқы сөзді Мемлекет тарихы институтының директоры, профессор Б.Аяған алып, ұлы дала тұлғалары туралы ой қозғап, бұған дейін Ә.Ер­меков, Ж.Тәшенов туралы нақты еңбектердің жарық көрге­нін, көркем әдебиетте тарихи тақырыпқа алғаш түрен салған жазушы І.Есенберлинге арналған кітаптың әзірленіп жатқанын, қайсар қазақ Иманжүсіп жайлы жинақ қолға алынғанын тілге тиек етіп, сондай асылдар қатарында Ақжан әл-Машанидың да тұрғанын атап өтті.

Институттың жетекші ғылыми қызметкері Сейітқали Дүйсен оқымыстының өмірі туралы жан-жақты мәлімет берсе, профессор Тұрсынхан Зекенұлы Ақжан әл-Машани үйіріне қосқан Әл-Фараби туралы деректерді алға тартты. Ал Еуразия ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, шығыстанушы Самал Болатова әл-Машани де Әл-Фараби секілді энциклопедиялық білімі бар білімдар екенін оның еңбектеріне сүйене отырып жеткізді. Аталмыш университеттің «Отырар» ғылыми кітапханасы директорының орынбасары, профессор Данагүл Махат ұлттық тек, интеллигенция туралы тарата айтып, атақты ғалым кеңес дәуірінің өзінде діннен қол үз­бегенін, Абайды жетік оқығанын, қазақ жұртында тұлғатанудың тұжырымдамасын алғаш жасаған адам екенін нақты мысалдармен еске салды. Профессор Бибихадиша Әбжаппарова техникалық интел­лигенцияның көшбасында Ақжан ағамыздың жүргенін, оның осы сала бойынша кадр дайындау ісіне қосқан үлесін тарата келіп, ғалымның атын Отанымыздың қалаларында көше, мектептерге беру арқылы жаңғырту қажеттігін айтты. Ғалымның келіні Зада Дүкенбаева атасының Құранды алғаш рет ғылыми тұрғыда талдағанын, өткен ғасырдың 60-жылдары Қаныш Сәтбаевтың Әл-Фарабиді зерттеуіне үлкен қолдау көрсеткенін, алғашқы Әл-Фараби туралы мақаласы Кувейт елінің ғылыми журналында жарияланғанда, оның ғылыми мәйегіне сүйсініп, Ақжан Машанов деген тегін Ақжан әл-Машани деп жазғанын, Ш.Әбдіраманның әл-машанитануға қосқан үлкен үлесін нақты мысалдармен көрсет­ті. Институттың аға ғылыми қыз­меткері Қанат Еңсенов әл-Машани мұрасын кешенді зерттеу жөніндегі өзінің нақты ұсыныс-пікірлерін білдірді. Бұл байламға басқосуға қатысқандар ден қойды. Осы күні кейбір жақсылар ұрпағының арасында тегіне тартпай, іздеуге жарамай, мұрасын танып-білмей кемшін соғып, үйлесімсіздік танытып жататындары жоқ емес. Бұл қай-қайсымызды да ойландыруы қажет. Ұлы тұлғалардың ұлы мұрасымен қатар ұрпағы да шоқ жұлдыздай шоқтықты болып тұрса, ұтылмасымыз анық. Осы конференцияда Ақжан әл-Машанидың немересі Гүлжан Мұхаметжанова игілікті іске ұйытқы болған ғалым­­­­дарға алғысын білдіріп, оқымыс­тыдан үйренген үлгісін, алған тәлімін айтып, бай мұрасына жанашыр екенін жеткізді. Тіпті, атасының асыл қасиеттерін еске түсіргенде толқып тұрды.

Сол сәтте А.Иүгнекидің «Кісінің текті, таза қылығы – нұр» деген сөзі ойға оралды. Конференцияға қатысушылар әл-Машанидің мұра­сы мен мұраға қамқоршы боларлық ұрпағының барына тәубе десіп тарасты.

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар

Атырауда үшем дүниеге келді

Аймақтар • Бүгін, 16:42