07 Қаңтар, 2014

Білім мен тәрбиені ұштастыру

942 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

арқылы кемел келешектің иесі – жас ұрпаққа кең жол аша аламыз

XXI ғасыр, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, бой жарыстыратын емес, ой салыстыратын, озық білім мен іргелі ғылымның ерекше жетістіктерімен танылатын заман болып тұр. Мұны Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында және «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты тапсырмасында жан-жақты көрсетіп берді.

арқылы кемел келешектің иесі – жас ұрпаққа кең жол аша аламыз

XXI ғасыр, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, бой жарыстыратын емес, ой салыстыратын, озық білім мен іргелі ғылымның ерекше жетістіктерімен танылатын заман болып тұр. Мұны Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында және «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты тапсырмасында жан-жақты көрсетіп берді.

Мысалы, стратегияда «Мен сіздерге – жаңа буын қазақстан­­­­дықтарға сенім артамын. Сіздер Жаңа бағыттың қозғаушы күші­не айналуға тиіссіздер» десе, жоғарыдағы 20 тапсырма­да Ота­нымыздағы білім беру жүйе­сін жаңғыртудың үш басты бағы­тын айқындап, «...білім беру меке­мелерін оңтайландыру, оқу-тәрбие үдерісін жаңғырту, білім беру қызметкерлерінің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру» жайын нақты белгіледі. Біз осы мін­деттер үдесінен шығу жолында бүкіл жұмысымызды қайта қарап, жүйелі жүргізуге ден қойдық. Оның оң нәтижелері де қазір байқала бас­тады.

«Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы – мұғалім» деп ұлы ақын Мағжан Жұмабаев мең­зегендей, ұл мен қызға сауатты білім, саналы тәрбие беру ісі тікелей оқытушыға қатысты екені белгілі. Осыны басты бағытқа алып, ұстаздар ұжымын жетілдіруге баса назар аудардық. Содан болар, мектептердегі мұғалімдердің 94 пайызын жоғары білімді мамандар құрап отыр. Өткен 2010-2013 жылдардың көрсеткішіне көз салар болсақ, жоғары санат­ты мұғалімдер 33 пайызға, бірін­ші санатты мұғалімдер саны 26 па­йызға көтерілді. 813 ұстаз білік­тілігін арттыру курстарынан өтті. Жыл сайын өтіп келе жат­қан «Жыл мұғалімі» конкурсын­да М.Арын атындағы №24 мектеп­тің ұстазы Мұрат Бұланов ағымдағы жылы бас жүлдегер атанды. Республикалық байқауларға қатысқан ұстаздарымыз да жүлделі орындармен оралды. Балабақшамен қамту мәселесі де өз шешімін тауып келеді. Қаладағы бүлдіршіндердің 85 пайызы мектепке дейінгі мекемелермен қамтылған. Алдағы уақытта мұны 100 пайызға жеткізу үшін жұмыстар жүргізілу үстінде.

Еңбектің жемісі – оқушының алған білімімен өлшенетіні белгілі. Халықаралық және отандық олимпиадалар мен ғылыми жоба бәсекесіне қатысқан талапкерлердің 8-і бірінші, 16-сы екінші, 19-ы үшінші орындардан көрініп, абыройымызды биіктетті. Осы жылы 60 оқушы өздерінің алған білімінің мықты екенін әлемдік білім сайыс­тарында дәлелдеді.

Қаламыздағы 12 мектеп «E-learning» оқу жүйесіне көшсе, таяуда оған сол қатарға 7 мектеп қосылды. Алған білімді сарапқа салатын ҰБТ-ның нәтижесі де жыл санап өсіп келеді. 2013 жылы тест тапсырған 936 түлек жақсы көрсеткішке ие болды. Осы арада мына бір нәрсені айта кетсем деймін. Мектеп бітірушілер соңғы жылдары тест арқылы емтихан тапсыру үрдісіне ерекше мән бере бас­тады. Ағымдағы жылы сынақтың бұл түріне қатысуға талпынғандар 79 пайызды құрады. 14 «Алтын белгі», 9 «Үздік аттестат» иелері мақтанышымызға айналып отыр.

Саламатты өмір салты бойынша «Қазақстан-2050» Стратегиясында нақтыланған мәселелер бойынша да жұмыстар ұйымдастырылуда. Оқушыларды сабақтан тыс уақытта спорт ойындарына жұмылдыру ісі жүйелі жүргізіледі. Қазір қаламызда 34 спорт түрінен секция­лар жұмыс істеп тұр. Онда 7000-ға таяу оқушы жаттығуда. 2600 оқушы спорт кешендерінде, стадиондарда, спорттық клубтарда, секцияларда 28 спорт түрінен жаттығу жұмыстарымен айналысып келеді.

Білім берумен қатар, тәрбие ісі тәлімді болса оқушы озық үлгіден жаңылмайды. Біз осыған ерекше ден қойып отырмыз. Бұл шараға тек қана мұғалімдерді жұмылдырып қоймай, ата-аналарды қатыстыру дәстүрге айналды. Балалар мен жасөспірімдерді 5 мектептен тыс мекеме өздерінің қамқорлығына алған. Олар алуан түрлі тәрбие жұмыстарын жүргізеді. Әсіресе, ұлттың өміршең өнегесіне ерекше мән беріп, халықтық дәстүрімізді арқау етіп, алуан түрлі іс-шараға ұйытқы болуда. Оқушылар сабақтан тыс уақытта қосымша білім беретін 2187 мекемеде оқып жүр. Сондай мекемелердің бірі Н.Тілендиев атындағы музыка мектебі дер едім.

Елбасының жаңа стратегия­сында 2025 жылға қарай қазақстан­дықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс екендігі жүктеліп отыр. «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады», деген еді Елбасы. Бұл тапсырманың мүлтіксіз орындалуы үшін біз қазірден бастап мемлекеттік тілді барлық балабақша, орта мектептерде оқытуды жүйелі қолға алуға тиістіміз. Осыған байланыс­ты тиісті орындарда қазақ тілін оқыту мәселесінің жоба-жоспары жасалынды. Әсіресе, өзге тілді мектептерде мемлекеттік тілді пән аясында тереңдету бойынша мұғалімдерге талап қойыла бас­тады. Мұндай ауқымды шаралардан ата-аналар да тыс қалмауы керек деп білемін. Себебі, тілді үйрену отбасынан, ошақ қасынан тамыр жаюы тиіс. Бір ерекше атап өтейін дегенім, 2012 жылы өзге ұлт өкілдерінің 165, 2013 жылы 170 ұл-қызы қазақ тілінде білім алуға тілек білдірді. Оқушылардың ынта-ықыласын арттыру мақсатында өзге ұлт балаларының арасында қазақ тілінен шаралар өткізуді дәстүрге айналдырдық. Соның оң нәтижесі деп Астанада болған «Мемлекеттік тіл – мәртебеміз» атты республикалық байқауда Абай атындағы №1 гимназияның 11-сынып оқушысы Даяна Лим мен №14 орта мектептің 6-сынып оқушысы Дмитрий Мурашкиннің озықтар қатарынан табылуы дер едім. Ал қазақ тілі мен әдебиеті пән олимпиа­дасында №14 гимназияның 8-сынып оқушысы Амина Идигова, №17 орта мектептің 9-сынып оқушысы Алина Готунок, Н.Островский атындағы № 8 білім ұясының 10-сынып оқушысы Расима Конишева, № 4 мектептің 11-сынып оқушысы Наталия Кузнецова мен 8-сынып оқушысы Ким Ир Сен, тағы басқа талапкерлер мемлекеттік тілді құрмет тұтумен қатар, қазақ тілінің бай мұрасын меңгеруге талпынып келеді. Әрине, атқарған істен алда тұрған міндеттер аз емес. Оны да стратегия талабына сай жүзеге асыру жұмысы бірте-бірте жүзеге аса беретін болады. Бір сөзбен айтқанда, білім беру ісі мен тәрбиені ұштастыра жүргізсек, кемел елдің келешегі саналатын ұрпақ Отанына қалтқысыз қызмет етіп, қадірлі азамат, елін сүйген патриот болып қалыптасары анық.

Болат ТҰРЫСБЕКОВ,

Талдықорған қалалық білім бөлімінің басшысы.

Соңғы жаңалықтар

Атырауда үшем дүниеге келді

Аймақтар • Бүгін, 16:42