Қоғам • 09 Шілде, 2021

Көлеңкелі экономиканы жоюға көмектеседі

265 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жер қа­тынастарындағы өзгерістер туралы заңға қол қоя отырып, күрмеуі шешілмеген қоғамдық маңызы бар мәселенің түйінін тарқатты. Бұл заңды бәріміз күттік. Ел болып үміт арттық. Сол үмітіміз ақталды.

Көлеңкелі экономиканы  жоюға көмектеседі

Ел Президентінің тапсырмасымен Жер комиссиясы құрылып, таласқа толы тартыстан, қызу талқылаулардан кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған маңызды, нақты ұсыныстар жасалды. Ондай ұсыныстардың саны жүзден асады. Осылайша маңызды нормалардың басым көпшілігі заңда көрініс тапты. Әрине, осы өзгерістерге қар­сы тарап та болды. Алайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың ше­телдіктерге жер сатуға тыйым салу және жер қаты­настарында туындаған мәсе­лелерді шешу туралы батыл шешімдерінің, қайратты қа­дамдарының пәрменімен осы заң қабылданды. Отан­дас­тары­мыз жақсы білетіндей, жер мәселесі резонансқа то­лы еді. Соған қарамастан, қо­ғам Мем­лекет басшысын қол­­дады.

Заңдағы негізгі өзгерістер мен толықтырулар: қазақ­стандықтар мен Қазақстанның заңды тұлғаларына 49 жылға дейінгі мерзімге ауыл ша­руашылығы мақсатындағы жерлерді жалға беру құқығын беруді, жалға беру мерзімі өткеннен кейін жаңа мерзімге ұзартуды, сондай-ақ мемлекеттен сатып алмай, жер пайдаланушылар арасында ауыл шаруашылығы мақ­са­тындағы жерлерді жалға алу құқығын иеліктен шы­ғаруды көздейді. Бұл ретте жерді пайдалану мерзімі – кемінде бес жыл. Сондай-ақ жер қатынастары жөніндегі органдарды хабардар ету – міндетті шарт болып саналады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурс­­тарын басқару жөніндегі комитетіне жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау функция­лары әкім­діктерден қай­тып алынды. Халықтың қажеттілігін өтеу мақсатында жергілікті жағ­дайларды ескере отырып, жайылымдарды басқару жоспарына сәйкес, қажетті жайылым жерлердің шекаралары анықталады.

Барлық өркениетті елдер секілді, ауыл шаруашылығы мақсатындағы қолжетімді жер учаскелері туралы ақпарат мемлекеттік жер кадастрының интернет ресурсында ашық орналастырылады. Ақпаратты жасыру халықтың сенімсіздігі мен наразылығын туғызып келген еді. Енді бұдан былай мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпарат­тық жүйесінде меншік иесі/жер пайдаланушы бағанында жер учаскесі иесінің аты-жөні немесе заңды тұлғаның БСН-і көрсетіледі.

Қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке беру туралы мораторий 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды. Сонымен қатар аталған заң сыбайлас жем­қорлық мәселесіне қатысты құқық бұзушылықтарды жа­сауға мүмкіндік беретін көп­теген олқылықтардың алдын алды. Мәселен, шаруа қожалығына арналған жердің нысаналы мақсатын өзгертіп, оны бағбандыққа немесе сая­жай құрылысына икемдеуге тыйым салынды. Бұған дейін осы салада көп заң бұзушылық жасалып келген еді. Яғни шаруа қожалығына арналған жер учаскелерін көгалдандыру және саяжай құрылысына өз­герту деген сылтаумен ондай учаскелер ауыл шаруа­шы­­лығы айналымынан шы­ғарылып келген болатын. Мұн­дай ауыл шаруашылығы жер­лерінің көлеңкелі айналымы миллиардтаған теңгеге бағаланады.

Мемлекеттік жер инспекторлары аудан немесе қала әкімдерінің қас-қабағына қа­ра­майтын бұрынғы жер инс­пек­циясы жүйесіне ораламыз. Бұл – сыбайлас жем­қор­­­­­лыққа қарсы қадам. Космомониторинг енгізіледі және ауыл шаруашылығы жерлерінің игерілгені немесе игерілмегенін осы космо­мо­ниторингтің қорытындысы айқындайды. Барлығы нақты әрі объективті болмақ. Осы­лайша мақсатына сай пай­даланылмаған орасан зор аумақты қамтып жатқан ауыл шаруашылығы жерлері қай­тарылатын болады.

Алдағы уақытта «Цифр­ландыру туралы» Заң қабыл­данатыны анық. Онда жер учаскелерін берудің электрон­ды тәртібі, электронды кон­курс­тар, электронды құжат ай­­­­на­лымына көшу жұмыстары реттеледі. Барлық жер-кадас­тр­лық істер, мәліметтер, ақ­параттар жер қатынастары бойынша рәсімдер цифрландырылады. Тиісінше, кез келген цифрландыру сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мылға бастайды.

Ел Президенті қол қойған жер қатынастарындағы өз­герістер туралы заң  жалға алын­­ған ауыл шаруашылығы мақ­­сатындағы жерлерді эко­номикалық айналымға тар­туға, жер­гілікті халықтың жайы­лым­дық жерлерге қатысты қа­жеттілігін өтеуге, ауыл ша­­­­­руашылығы жерлерінің ны­­­саналы мақсатын өз­гер­туге және жердің пайда­ла­нылуы мен қорғалуын ба­қылауға қойылатын талаптарды күшейтуге, ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жер учаскелері бойынша ақ­па­рат­тың ашықтығына қол жет­кізуге жеткілікті мүмкіндік беріп, оң әлеу­меттік-эконо­микалық серпін береді деп кү­тіледі. Осының барлығы Пре­­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ашықтыққа, шы­найы­­лыққа бағытталған «әділ қоғам және тиімді мемлекет» құру саясатының, ха­лыққа қажет реформаларды жүр­гізуге мүмкіндік берген «Халық үніне құ­лақ асатын мем­лекет» тұжы­рым­дама­сы­ның ар­қасында мүм­кін болып отыр.

 

Марат БӘШІМОВ,

заңгер, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры