Тәуелсіздік • 09 Шілде, 2021

Салт атты экспедиция Семейге келді

610 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Ат үсті – әулие». Елорда маңындағы Бозоқ қалашығында атқа қонған жігіттер күн жүріп, түн жүріп Жиде­байға – Абайдың туған жеріне жетті. Мың шақырымдық салт аттылар экспедициясын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ұлттық Ат туризмі федерациясы ұйымдастырып отыр.

Салт атты экспедиция Семейге келді

Әуелі салт аттылар экспе­дициясы қасиетті Шыңғыс­тауға былтыр жол тартпақшы болған. Оған әлемді жайлаған індет кедергі болып, ат тұяғы басып өтетін Бұйратау, Баян­ауыл, Қар­қаралы секілді та­биғи парк­тер жабылып қал­ған. Сөйтіп, жос­пар кейінге қалады. Кейін деп жүріп, орайы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына келген екен.

Мың шақырымды жүріп өту туралы ойды экспедиция же­текшісі Берік Ақылбеков тас­таған. Рухтандыратын ұсы­­нысты тақымды жігіттер қол­дай кеткен. Бірақ мың ша­қырымдық жолға ұзақ дайын­далды. Нұр-Сұлтан – Баян­ауыл, Нұр-Сұлтан – Қор­ғалжын бағыттарында сапарлап жүрді.

– Ат үстінде жиырма күн жүру оңай емес. Бірақ ой-санаң, денең ат үстіне көндігеді. Ал­ғашқы күндері қиналдық. Әсіресе, Әлкей Марғұлан ауы­лы мен Мәшһүр Жүсіп ара­сындағы жол ауыр болды. Күн ыстық. Аттарды суаратын су таппадық. Өзіміз торсыққа құйған сумен таңдай жібітіп отырдық, – дейді экспедиция мүшесі Ержан Жаубай.

Алайда ат байлаған ауылдарында қонақжай қауым түскі, кешкі астарын әзірлеп, күтіп алып отырған. Семейге қарасты Доғалаң ауылына жеткенде жігіттердің шаршағаны басылып, керісінше атқа төселе бастаған. Төселмегенде дейміз, бабаларымыз атпен жорыққа шығып, ат үстінде ұйықтап жүр­ді емес пе?! Аттан десе, бү­гінгі ұрпақ та осал емес. Асау­ды ауыздықтап, абыройды ас­қақ­татып жүргендер жетеді. Сөйтіп, салт атты экспедиция Шыңғыс тауын аралап, Абайға жеткенде аудан халқы құшақ жая қарсы алған.

Экспедиция мүшелерінің ендігі жоспары – Алтай мен Кас­пий арасын атпен жүріп өту. Бұл үшін ат ерттейтін жі­гіт­­терге үл­кен әзірлік керек. Тұл­­­пар­лар­дың да төзімдісі таң­далады.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Абай ауданы