Театр • 09 Шілде, 2021

Опера жұлдыздары өнер көрсетті

764 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Astana Opera Халықаралық опера академиясының салтанатты ашылуына орай шетелдік және отандық опера жұлдыздарының қатысуымен театр сахнасында концерт өтті. «Астана Операның» жетекші солистері мен шақырылған опера әншілері жоғарғы деңгейде музыкалық кештің ауқымды бағдарламасын ұсынды. Вокалистердің өнері мен театрлық әсерлер, әртістердің сән-салтанатты костюмдері, италиялық шебер Серджио Металлидің эксклюзивті бейнепроекциялары аталған концертке ерекше әсер берді.

Опера жұлдыздары өнер көрсетті

Театрлық көпшілік сахна көріністерінің ерекшелігі – сахна кеңістігіндегі әр бұрыштың өзіндік өмірі, тыныс-тіршілігі болды. Ал осынау тіршілікке ресейлік опера режиссері Михаил Панджавидзе жан бітіріп, мизансценаларды айрықша талғаммен орналастырды.

Бұл кеште симфониялық оркестр әрбір нөмірде түрлі дыбысталды. Оған кәсіби дирижерлер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин, Джузеппе Акуавива (Италия), Руслан Бай­мурзин жетекшілік етті. Ал бас хормейстер – Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.

Айгүл Ниязова мен Саян Исиннің орындауын­дағы М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсынан Айтыс пен Мереке би кештің шымылдығын ашты, ұлттық нөмірлер батыс еуропалық классикамен алмасты – С.Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсынан Серкенің каватинасы, Дж.Пуччинидің «Тоска» операсынан көрініс, «Турандот» операсынан Калафтың ариясы және тағы басқа көп­теген композициялар орындалды. Сондай-ақ Марианджела Сицилия, Риккардо делла Шукка, Маттиа Росси (Италия), Бадрал Чулуунбаатар (Моң­ғолия), Бауыржан Әндержанов, Медет Чотабаев, Жұпар Ғабдуллина, Талғат Мұсабаев, Салтанат Ахметова, Азамат Жылтыркөзов, Аль­фия Каримова, Болат Есімханов, Шыңғыс Ра­сылхан, Расул Жармағамбетов және т.б. опера сах­насының танымал есімдері өнер көрсетті.

«Мұндай маңызды концерттің қатысушысы болғаныма қуаныштымын. Нұр-Сұлтанда алғаш рет өнер көрсету мүмкіндігі туды, осы шаһардың, осындай керемет театрдың тамаша энергетикасын сезіндім. Бүгін өзім үшін қашан да маңызды болған әрі маңызды болып қала беретін екі арияны – Ш.Гуноның «Ромео мен Джульетта» операсынан Джульеттаның ариясын және Дж.Вердидің «Травиата» операсынан Виолеттаның ариясын орындадым. Менімен бірге сахна төрінде «Астана Опера» Халықаралық опера академиясының бір бөлігі саналатын әншілер, оқытушылар өнер көрсетті, олардың орындаушылығына, дыбысталуына тәнті болдым. Жас дарындарды осындай жоғары деңгейде үйлестірілген академияда оқуға тарту өте маңызды деп есептеймін», деп атап өтті Марианджела Сицилия.

Ал Риккардо делла Шукка: «Жас әншілердің дамуы мен өз тәжірибесінің ауқымын кеңейтуге мүмкіндік берудің пайдасы зор деп білемін. Ла Скала театрының Академиясы маған осы мүмкіндікті берді, әлемдегі барлық жас әншілерге, оның ішінде жаңа Astana Opera Халықаралық академиясының вокалистеріне осындай тәжіри­беден өтуге кеңес беремін», деді.

Салтанатты кешке Мәдениет және спорт ми­нистрі Ақтоты Райымқұлова, театр қайрат­кер­­лері, музыкалық сыншылар мен басқа да мәде­ниет, қоғам қайраткерлері қатысты.

Еске сала кетейік, Astana Opera Халықаралық опера академиясы вокалистермен өз жұмысын күзде бастайды.