08 Қаңтар, 2014

Қос қанат

330 рет
көрсетілді
31 мин
оқу үшін

«Сәбит Оразбай», «Асанәлi Әшiмұлы».

Сiрә, бұл – баспасөзде өткен ғасырдың 60-жылдары басталған есімдер. Және бұл өзi теңiздей телегей, терең тақырып. Iлгерiректе бiреудiң: «Осыларды неге айналдыра бересiң?» дегенiне қарадай күйiп-пiскенiм бар. Оның пендешiлiк ойының ненi меңзеп тұрғаны белгiлi едi. «Құдай-ау, талант ортақ емес пе, бәрiмiз де туысқан, жерлес емес пе едiк», демеймiн бе? Тiптi, оған Сабыр Адайдың: «Көрсетпе, Құдай, сен ендi ноқталы жаттың жетегiн, Асыр сап асыл ұл-қызым сүйдiрсiн гүлге етегiн. Әр қазақ – менiң жалғызым. Жалғыздың тiлеп тiлегiн, Жалғаннан мәңгi өтемiн!» деген өлең жолдарын шырылдап тұрып оқығым келген. Ұшқыр уақыттың өзi қазiр сол ойымызды өз биiгiне алып шыққан екен. Шынында: «Осыларды неге айналдыра беремiз?». Былайша айтқанда, «дұрыс» сауал қойып отыр. Расында, ойланбаған екенмiн. Соның кiлтiн ендi тапқан тәрiздiмiн.

«Сәбит Оразбай», «Асанәлi Әшiмұлы».

Сiрә, бұл – баспасөзде өткен ғасырдың 60-жылдары басталған есімдер. Және бұл өзi теңiздей телегей, терең тақырып. Iлгерiректе бiреудiң: «Осыларды неге айналдыра бересiң?» дегенiне қарадай күйiп-пiскенiм бар. Оның пендешiлiк ойының ненi меңзеп тұрғаны белгiлi едi. «Құдай-ау, талант ортақ емес пе, бәрiмiз де туысқан, жерлес емес пе едiк», демеймiн бе? Тiптi, оған Сабыр Адайдың: «Көрсетпе, Құдай, сен ендi ноқталы жаттың жетегiн, Асыр сап асыл ұл-қызым сүйдiрсiн гүлге етегiн. Әр қазақ – менiң жалғызым. Жалғыздың тiлеп тiлегiн, Жалғаннан мәңгi өтемiн!» деген өлең жолдарын шырылдап тұрып оқығым келген. Ұшқыр уақыттың өзi қазiр сол ойымызды өз биiгiне алып шыққан екен. Шынында: «Осыларды неге айналдыра беремiз?». Былайша айтқанда, «дұрыс» сауал қойып отыр. Расында, ойланбаған екенмiн. Соның кiлтiн ендi тапқан тәрiздiмiн.

Райымбек («сахнаның ақыны» – Қ.Мырза Әлі), Есболған («мұрнына дейiн күлетiн әртiс» – Р.Нұрғалиев), Әнуар («қорғансаң – қалқан, сiлтесең – семсер болған» саңлақ – А.Сүлейменов), Асанәлi – («Алаштың ақтаңгерi» – А.Сейдiмбек), Сәбит («Сүйеу қартпен құбылыс жасаған» – Ә.Сығай). Бұлар – бозбала кезiнен жұптарын жазбай өткен жүйрiктер. Таланттың кеңдiгi сонда, Асекең де, Сәбең де өзiнiң кiтаптарында, әр кездегi толғаныстарында олардың айрықша дарыны, алабөтен қасиеттерi туралы айтады да отырады. Асекең: «Тiптi, менi осылардың артына сол үшiн де қалдырған болар», деп те жазды. Жазу, айту өз алдына, қолдан келгенше, солардың отбасына қолғабыс етiп, есiмдерiн есте қалдыруда аз еңбек еткен жоқ. Мiне, кең таланттың кем таланттан бiр артықшылығы осында. Кем талант бүгiнге ғана қызмет етедi, кең талант келешекке қызмет етедi.

Соншалықты дарынды бола тұра, соншалықты адамгершiл болу да көп жағдайда мүмкiн емес («Адам көп, адамгершiлiк аз»). Бәлкiм, осынау қасиет оларға гендiк код арқылы берiлгенiн былай қойғанда, алдындағы алыптар мектебiнен алып қалған тағылымы ма екен. Сөз жоқ, бұл мектеп болмаса, бәлкiм, Ыдырыстар, Фаридалар, Сәбиттер, Әнуарлар, Асанәлiлер болар ма едi, жоқ па едi. «Менi өлгенде Шәкеннiң қасына қойыңдар», деген Елағаңның (Е.Өмiрзақов) сөзi қандай сөз десеңшi. Сол аманатты Серағаңдар орындады. Мiне, осындай ұлы достық, алғаусыз ақиқат арқауына айналған мектептен өткен Асанәлiлердiң, Сәбиттердiң адамгершiл болмауына әддi қайсы?!

Әдетте, талантты адамға жалғыздық тән дейдi. Ол рас. Бұл – өмiрде де, өнерде де дәлелденген нәрсе. Абай да «атадан алтау, анадан төртеу» бола тұра («Моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным») жалғыздықпен алысқан. Толстой да, Достоевский де жалғыздықта өмiр сүрген. Атағынан ат үркетiн, абыройы аспандап тұрған, айнала қоршаған ағайыны бар Асекеңнiң де, Сәбеңнiң де өзiн жалғыз сезiнетiнi жалған емес. Әрине, қарапайым ой түйсiгiне салып айтсақ, халқының ортасында отырып, неге жалғыздық күйiн кешсiн. Алайда, бұлар өтiрiк өмiр сүруге дағдыланбаған. Өнерде де өтiрiк күлу, өтiрiк жылау аса қауiптi құбылыс екенiн тумысынан сезiнген. Көрер көзге қиянатқа шыдай алмайды. Барды бар, жоқты жоқ деп үйренген. Содан да болар, олар өздерiнiң жалқы екенiн бiледi.

Олар – Асанәлi Әшiмұлы, Сәбит Оразбай. Қазiргi апаларымыз, басқа азаматтар «тәйт әрi» дей қоймас, бүгiнгi қазақ сахнасының екi абызы, тiрi шежi­ресi осы екеуi десек және артық кетпеспiз.

Бұл екеуiнiң тағы бiр артықшылығы, жан серiгi – ой, парасат. Екеуi де асқан әңгiмешiл. Қазақшыл, ұлтшыл, елшiл, мемлекетшiл. Тәуелсiздiктiң арғы-бергi жылдарындағы екеудiң әңгiмесiне қазақ өнерiнiң тағдыры мен тұлғаларының қайсыбiрiнiң де өмiрi арқау болмаған кезi жоқ. Қаллеки, Елағаң, Серағаңдардан бастап, өз буыны одан кейiнгi буын туралы толғанбаған сәті сирек. «Алматы ақшамында» Асанәлi Әшiмұлының күнделiктерi жарияланды. Мұнда да театрдың тарихы тұнып тұр, өмiр-өнер, әрiптестерi туралы толғану басым. Қазiрдiң өзiнде бiр кiтаптан асып кеткен Сәбит Оразбайдың әңгiмелерi «Жақсыдан сөз қалсын» деген айдармен жүйелі түрде «Алматы ақшамында» жарық көредi. Мұнда да – ел, театр өмiрi. Кейде осы екеуiн тiрi қойған тағдырға риза боласың.

Сiрә, «талантты тану үшiн де талант керек» деген сөз рас. Бұлар бiр-бiрiнiң қадiрiн жақсы бiледi және басқа ортадағы орнын да жақсы сезiнедi. Себебi, дарынды адамдар. Бiр-бiрi туралы ақжарылып, бүкпесiз сөйлейтiнi де содан.

«Жұрт Асанәлiнi азамат ретiнде де, үлкен шығармашылық тұлға ретiнде де жақсы бiледi. Елiмiздiң бетке ұстар актерi, режиссерi. Мен оның азаматтық үнiн жоғары бағалаймын. Ал актерлiгiне байланысты айтарым, мықты актерлер бар шығар, бiрақ, Асанәлiнiң орны бiр бөлек. ...Адам ретiнде достыққа, жолдастыққа адал. Өсек-аяңнан аулақ. Бiреудi қызғану, көре алмау деген таби­ғатында жоқ. Өнерiн өмiрiнен жоғары қойған және басқалардың да өнерiн бағалай бiлетiн азаматтардың бiрi... Қазақ өнерi үлкен қарашаңырақ болса, Асанәлi соның не шаңырағы, не ке­регесi, не ұстыны деп айтар едiм. Асанәлiмен бiз мақтануымыз керек. Мақ­танамыз да!» деп Дулат Исабековтiң айтқаны осы екi кiсiге де арнап айтылған десе де болғандай. Олай дейтiнiм, «Алматы ақшамындағы» әңгiмелерiнiң бiр тақырыбын Сәбеңнiң қызғаныш деген қызыл итке арнағаны бар. Асағаңның өзi айтпақшы, «Бұларды дұшпандары, өздерi асырап ит еткен күшiктерi өсiрдi».

Сөзiмiзге тағы бiр куәдүр ретiнде Сәбеңнiң мына бiр пiкiрiне құлақ са­лайықшы:

«Ол түскен фильмдер қазақ кино­сының тарихында алтын әрiппен жа­зылған туындылар. «Қыз Жiбек» қан­дай, «Атаманның ақыры», «Транссiбiр экспресi» қандай! «Қыз Жiбекте» Бе­кежанның рөлiн Құрманбек Жан­дар­­бековтен кейiн жерiне жеткiзiп орын­даған осы – Асанәлi».

«Сәбит қалай жақсы айтқан», деп балаша қуанды Асағаң. Әрине, жақсы айтады. Адалдық айтқызып тұр ғой. «Мұндай сөздi Дулаттан күтпеген едiм», дедi. Әрине, күтпейсiз. Өйткенi, бiреу айқайлап айтады, бiреу үнсiз ғана iштей мойындайды, сүйсiнiп жүредi, онысын бәрiбiр бiр күнi ақтармай тұра алмайды, себебi, талант бiр-бiрiн танымай тұра алмайды. Бұл – шын талантқа, классик адамға ғана тән қасиет. Кешегi Оралхан, Ақселеудей үзеңгiлестерiнiң айтқанын бүгiнгi қазақтың классик қаламгерiнiң жаңғыртуы заңдылық.

«Сәбит Оразбай – ұлттық өнеріміздің бәріміз мақтаныш етер тұлғаларының бірі». Асекең Сауытбек Абдрахмановпен («Егемен Қазақстан», «Шеберліктің шыңы – шындық», 30.10.2013) сұхба­тын­да осылай деді. Мiне, бұлар осылай. Бiр-бiрi туралы осылай төгiледi. Асекең әдеттегi юморымен-ақ, кiшкентай бiр детальмен-ақ «бұның бiр кемшiлiгi бар, бiр-ақ әйелi бар» дегенi – Сәбеңнiң адам ретiнде де, өнерпаз ретiнде де тума, таза талант екенiне ақсамас айғақ. Бұдан асырып та айтып жүр. Ал, мынау әрi әзiл, әрi естен шықпайды. Риясыз. Шынында да Сәбең туралы бiр жылдары «Тазалық туралы толғаныс» деп жазып едiк. Соны Асекең де растап отыр. Талантты адам қашанда талантты. Бұлардың тiптi өтiрiгiнiң өзi шындыққа бергiсiз ғой.

Бұлар – бiр соқпаққа түсiп алып, жұртты жалықтырудан ада, жан-жақты талант. Кiсiге көлеңкесiн емес, шуағын түсiретiн талант. Өзi талантты адамның қыры мен сыры да көп. Бiрi сурет салса, бiрi сурет түсiредi. Және сол суретiнiң астына мәндi, мазмұнды мәтiн де жазып қояды. Мәселен, Асағаң Ыдырыс Ноғайбаевтың суретiн салады да, астына: «Батыр бейнелi, бойлы, үндi, ырысты, сағындым Ыдырысты», не болмаса Серағаңның суретiн салып: «Мiнезi баладай, ойы данадай, қайран Серағам-ай!» дейдi. Көңiлде тез жатталып қалады. Талант қайда да талант, ал, не iстейсiз?

Сәбең – фотоөнердiң хас шеберi, тiптi, бұл кәсiп ол кiсiге алданыштан гөрi, өмiрiнiң бiр алтын арқауына айналған. Бүгiнгi әкемтеатр мұражайындағы сарғайған суреттерде Сәбеңнiң шебер қолтаңбасы жатыр. Ал ендi сол суреттi түсiрiп қана қоймай, шығарып, астына мәтiнiн жазып, өзiңе ерiнбей-жалықпай әкелiп беретiн ұқыптылықты қайда қоясыз? Бұл бұл ма, Сәбеңнiң әншiлiгiн, ән шығаратынын қайда қоясыз? Ән болғанда қандай! Қазiр жер-көкке сыймай аһылап-үкiлеп, ыңқылдап-сыңқылдап ән салғыш болып алған бiреулер осындай ән шығарса жанын қоярға жер таппай, төбеңiздi ояр едi. Жоқ, Сәбең оны өнерпазға тән, қарапайым қалып деп қабылдады. «Тоқта ботам, атаң келед артыңда!», «Бүгiн менiң туған күнiм...», «Сүрiнiп кетпе» тәрiздi Мұқағалидың сөзiне жазылған әндерi ел жүрегiне ұялап қалғалы қай заман! 1982 жылы Ташкент жақта бiр ақсақалдың аузынан жазып алған «Төле бидiң толғауына» да өз жанынан ғажап мақам қосып, елдiң туындысына айналдырып жiбердi.

Күнi кешегi телетеатр «Қымыз­хананы» жұрт неге сағынады? Сәбит Оразбайдың термешiлiгi, әншiлiгi осы «Қымызханада» мүлдем бөлекше қырынан көрiндi. Халқымыздың жадынан өше бастаған, тек жергiлiктi жерлерде ғана жылт етiп көрiнетiн осы бiр алтын бастау – дәстүрлi өнерiмiздi сол жылдарда қайта жаңғыртып, үйiрiне қосқанның бiрегейi де Сәбең едi. Сол жылдарда Жамбылдың Өтеген дас­танын радиоға жаздырды. Жәкеңнің Сүйiнбайдан алған батасын Сәбеңдей айтатын адам сирек. Қысқасы, небiр қисса, дас­тандарды талмай айтып, актерлiк өнердiң бiр қанатына айналдырғаны және осы қасиеттiң осы буын өкiлдерiне көбiрек тән болып, кейiнгiлерге дарығаны да – айтып болмайтын шындық.

Менiң бiр қайран қалатыным, бұл кiсiлерде жауапкершiлiк өте күштi. Бiреулер үшiн белгiлi бiр тұлға туралы айта салу оңай көрiнсе, бұлар кәдiмгiдей толғаныс күйiн кешiп айлар бойы жүрiп алады. Бiрде Сәбең: «Осы бiр кiсiге бара алмай жүрмiн. Салық Зимановты айтамын. Бұл бiр заңғар адам. Жүрiс-тұрысы, сөйлеу мәдениетi, шешендiгi, өлшеусiз бiлiмiне өмiр бойы қайран қалдым. Шоқаннан кейiнгi қазақтың билерiнiң ұстанымын ғылыми айналымға енгiзген бiртуар жандардың бiрi едi ғой. Желтоқсандағы сөзiн айтсайшы. Түбi бiр айтармын-ау, бiрақ, әзiрге жүрегiм дауалар емес», дейдi.

Мiне, өзi әлдеқашан тұлғаға айналған адамның тұлға туралы қалам тербеуге жүрексiнiп жүруiнiң өзi түйсiне бiлген адамға қандай тағылым десейшi. Өзiмiз де күнi кешеге дейiн қай жерде, қандай жиынға Зиманов қатысады десе, елден бұрын барып отырушы едiк. Мiне, сол ұлы тұлға туралы ойымыздың ендi келiп бiр арнада тоғысуын қараңызшы.

Сәбеңнiң Өзағаң, ұлты үшiн өзiн де, өзгенi де аямаған, аянбаған, ұлтының ұлы мұраты жолына денсаулығын берген Өзбекәлi Жәнiбеков туралы телефон шалулардың бiрiнде мерейленiп айтқаны бар едi.

Мархабат көкемнiң мәнерiмен сөй­­лесек, бiрде «Хабарға», «Таңқал­маңыз­ға» сұхбат берiппiз. Өзағаң туралы өзек­жарды ойымызды айтыппыз.

– Өзағаң туралы жақсы айттың, – дедi қашанда сергек Сәбең. – Немерелерiм: «Ол кісі кiм болған?» деп сұрады. Сенiң арқаңда олар да бiлiп қалды, жақсылап айтып бердiм.

Мен де қуанып қалдым, әрине. «Өза­ғаң кiм?» деп сұрайтын бала бар ма қазiр? Болмаса сол балаға өмiрден осындай тұлғалар өткен деп көшелi әңгiме айтатын үлкен бар ма? Орта мектептерде «Тұлғатану» деген пән енгiзу керек деп бiрнеше рет ұсыныс айтқан мақала жазып едiк, қолдаусыз қалдық. Бұл мiндеттi әзiрге газет рубрикасына айналдырып, өзiмiз атқарып жатырмыз.

Бұдан шығатын қорытынды не? Есебiн тауып, мақтанып қалу емес. Ай­тайын дегенiмiз басқа. Таласбек Әсем­құлов бауырымыздың жазғанындай, француз қаламгерлерi арасында күнi бүгiнге дейiн бiр-бiрiне тiптi телефонмен сағаттап роман оқитын әдет әлi жоғалмапты. Ал бiздiң қоғамда бiр-бiрiмiздi оқымайтын, оқыған күнде де үнсiз қалатын бiр дерт бар екенi рас қой. Бұл екi кiсi де мұндай кеселден аман. Оқып қана қоймайды, ойын ашық, бүкпесiз айтады. Ойыңа ой, пiкiрiңе пiкiр қосады, кiсiнi қанаттандырып жiбередi. Пенде ғой, егер бұл кiсiлердiң бойында кемшiлiктер болса соны жүйелi түрдегi оқумен, iлiм-бiлiммен жойып келе жатқан жандар.

Шетiнен шебер бұл буынның бiз әңгiме етiп отырған осы екi өкiлiнiң осы жасқа келiп, сүйiктi болуы екiнiң бiрiнiң маңдайына жазылмаған. Осының бәрi – өмiрге, өнерге, айналасына адалдықтың, тазалықтың арқасында келген абырой. «Абырой Алланың қасында», дейдi. Сол армандай алыс, асқақ абыройды Алла бұл екеуiне үйiп-төгiп бердi. Ең бастысы, соны ұстап тұру да – шын таланттың қолынан келетiн тiрлiк. Асекеңнiң өзi айтпақшы: «Бiреулерге атақ берген, бiреуге соны ұстап тұратын абырой бермеген», бұл екеуiне берген. Рухани мұратқа адалдықтың, елге қызмет етудiң нәзира үлгiсi осындай болады. Екеуiн қатар көрген сайын ұлт абыройы қол ұстасып келе жатқандай күй кешесiң. Бiр-бiрiнiң бағасын бiлу, өзгенiң де бақытын бағалау, аялау деген осы. Осы бiр асыл туған тектiлiк өнердегi қай буын өкiлдерiне де жұғысты болса екен дейсiң.

Осының бәрi қайдан басталды? «Бұлақ басынан тұнады», деген сөз бар. Бұлар – адал сүт емгендер. Осынау ұлы достықтың басында қайран бiздiң арды ойлаған шешелер тұр. Сәбеңнiң, Асағаңның аналарынан қалған қасиет бұл. Мiне, сол алтын үзiктi үзiп алмай бүгiнге жалғап келе жатқан жам­поз­дардың асыл қасиетiн жаза алсақ, жеткiзе алсақ, қанекей? Ал ендi бар ғой, бұл тақырыпқа бiр кiрсеңiз, тек нұрланасыз да отырасыз, оның шет-шегi көрiнiп бiтпейдi, ерке желдей есiп отырып жазуға болады. Бұл тақырып Асекеңнiң кiтаптарында, Сәбеңнiң жазбаларында жет­кiлiктi айтылады.

Аса бiр жоғары деңгейге көтерiлмеген бүгiнгi рухани сұраныстың орнын, бос кеңiстiктi Сәбит Оразбайдың ауызша әңгiмелерiнiң қағазға түскен нәзира нұсқаларының толтыра бастағанын ендi жасыра алмаймыз. Өмiр мен өнердiң талай өткелегiнен өткен Сәбеңнiң өзi де әуелде осы тiрлiгiмiз қалай болар екен деп сәл толқу күйiн кешсе де, қазiр өзiнiң бұл әлемге кiрiп кеткенi сонша тоқтай алатын түрi жоқ. Таяуда осы жарияланымдар «Алматы ақшамының» кітапханасы» сериясы аясында «Өмірдің өзі – театр» деген атпен жеке кітап болып жарық көрді. Қысқасы, газетiмiздiң тұрақты авторына айналған Сәбеңнiң жарияланымдары белгiлi себептермен жарық көрмей қалса, оқырмандардан әжептәуiр сын еститiн жағдайға жеттiк. Халықтан биiк сыншы жоқ. Осының өзi де табанды еңбектің рухани жетiстiкке айналғанының бiр белгiсiн бiлдiрмей ме?

Қазiр шынын айту керек, өтiрiк те өрге басып тұрған заман. Ал, өнерге өтiрiк жүрмейдi. Кешегi күннiң әңгiмесiн бүгiнгi тiрi шежiре Асекеңдер, Сәбеңдер айтпаса, ертеңгi күнi ол әңгiменi бiреулер өтiрiк айтуы әбден мүмкiн. Расында да, қазiрдiң өзiнде де өткен күннен естелiк айтушылардың бiрсыпырасының өзiнiң мүддесiн ойлай отырып, өзiн бiр жанашыр жан болғандай көрсетiп, өтiрiк қосып айтатыны да байқалмай қалмайды. Ал ендi бiр iрi тұлға туралы айта қалса, өзiн ол кiсiден бiр сәт те төмендетпей сөйлейтiндер бар. Сондай-ақ, сұхбат бере қалса, иә болмаса бiр мақала жаза қалса, сонысын бiреуден есе қайтару үшiн ұтымды пайдаланып, әр тақырыпқа, әркiмге бiр ұрынып, ақыр соңында өзiнiң пендеуи пиғылынан хабар берiп алатындар да бар. Әрине, мұндайдың бәрiн кемеңгер халық, ойлы оқырман бiле қояды. Ал, ендi Сәбеңнiң әңгiмелерiнде соның бiрде-бiрi жоқ. Әрине, Алла тағала әу баста соншалықты дарын берген соң, сол дарынның қосалқы бөлшектерi, ағымдары – сезiмнiң, әсiрешiлдiктiң сарындары болмай қалмауы да мүмкiн емес қой. Өйткенi, ет пен сүйектен жаралған пенде ғой, бiрақ, бiр де бiр фальш жоқ. Белгiлi бiр тұлға туралы айтқанда өзiн жөнсiз тықпалау және жоқ. Әңгiменiң әсерлiлiгi сонша, сол тұлғаны биiктетiп жiберiп, өзi соның тасасында қалып қояды. Сондықтан да көпшiлiк оқырманның сүйiспеншiлiгiне, көзайымына бөленген осы бiр жоба­мыздың рухани олжаға айналғанына мақтанамыз. Қысқасы, Шәкен Айманов қайтыс болған жылы туған балалар алып Айманов туралы «естелiк» айта бастаған тұста бастап кеткен бұл жобамыздың орынды болғанына бек қуаныштымыз. Ең алдымен өткеннiң әңгiмесiн отыз сегiз жасында өте күрделi образ Сүйеу қартты сомдап, құбылыс жасаған Оразбаевтың айтуы да заңды. Аяулы Асағаң халқымызды өзiнiң шытырманға толы күнделiктерiмен, Сәбең шуаққа толы тартымды әңгiмелерiмен тамсандырып жатыр.

Бұлар неге мықты, неге текшiл?! Өйткенi, олар Қаллекишiл, Шәкеншiл, Елубайшыл, Серәлiшiл, Сәбирашыл болды. Ал, бiз Өзбекәлiшiл, Сәбитшiл, Асанәлiшiл болдық. Бiзден кейiнгi, одан кейiнгi буын кiмшiл болар екен?! Бұл – мәселенiң мәселесi. Өйткенi, Құман мен Меруертке барып отырып: «Сiздер қандай фильмде ойнадыңыздар?» деп сауал қоятындардың кiмшiл болатынын ойлаудың өзi қауiптi.

Қос абыздың бүгiнгi жеткен абырой-атағы, сөз жоқ, өзiнiң Алла тағала берген дарыны, талантының арқасы. Абырой-атақтың өзi бiреулерде жасанды болады. Олар ұмытылып қалмас үшiн тiлi мен жағына сүйенiп, қазымырлана сөйлеп, жасандылықтың шыңына шығып, қайта-қайта кеш өткiзiп, тіпті, той-томалақ басқарып, сол баяғы алдамшы атағын сақтап қалу жолында тыным таппайды. Бiрақ, не жылуы, не нәрi жоқ ондай орташа таланттардың болашағы да жоқ, жадыдан тез өшедi. Мұндайда құр босқа таусылып сөйлеудiң қажетi жоқ. Ойымызды кемеңгер Асқар Сүлейменов айтып қойыпты. «Өтiрiктi айта берсең, шындыққа айналады, ал шындықты айта берсең, қартайып, өтiрiкке айналады». Ал мынадай дарынды адамдарды, Тәңiрi айрықша жаратқан жандарды атақ-абырой өзi iздеп келедi. Олар «халқым менi ұмытады-ау» деген ойдан мүлдем ада. Тәуелсiздiктiң жиырма жылдығында Асекең екеумiздiң «Егемен Қазақстанда» сұхбатымыз шықты. Сонда: «Жұрттың бәрiнде бизнес бар, белгiлi адамдар абыройын алға тартып, өзiнiң бизнесiн жасайды. Осы жағы сiзде қалай шешiлген?» – деп сұрақ қойдым. Асекең: «Менiң бизнесiм – өзiмнiң жиған абыройым, атағым. Ешкiмнiң алдына ештеңе сұрап барған емеспiн. Үй салсам да, мешiт салсам да, маған абырой-атағым салып бердi», – деп жауап берген едi. Расында, Оразбаевтар, Әшiмовтер – пендеуи дүниеден қашанда биiк. Теңiздерде, мұхиттарда алысқа жүзетiн алып кемелер сияқты, өмiрдiң ұсақ-түйегiне мән бермейдi. Өйткенi, шынайы талант. Ал дарынды адам – бар жағынан дарынды. Егер Асанәлi де, Сәбит те актер болмаса, басқа салада да дара шығар едi. Өйткенi, Тәңiрi өзi айрықша етiп жаратқан. Мәселен, Асекеңнiң актерлiк, режиссерлiк, лекторлық өнерi өз алдына. Оның сыртында қалам ұстайтыны да бар. «Алматы ақшамында» бiр жылдай күнделiгi жарияланды. Сол күнделiктерiнiң барлығында елдiң тарихы, мұңы, қуанышы тұнып тұр. «Майраның әнi», «Жан бөлек» атты кiтаптары жарық көрдi. Кейiнгi кiтабына редактор болдым. Бiр жыл мұрағатына түсiп отырып бес томдығын дайындадым. Қаншама қазынаға кезiктiм. Сонда түйгенiм – бұл кiсiнiң жазушылық қабiлетi де жоғары. Ал ендi айтқыштығы, от тiлдi орақ ауыздылығы өз алдына. Айтқыштығы дегенде, ел есiнде жүрген әзiлдерiн былай қойғанда, кейде ел көкейiндегi ойды сахнадан айтатынын жұрттың бiрi бiлсе, бiрi бiлмеуi мүмкiн. Мәселен, «Апат» спектаклiнде Асан шал – Асағаңның қамығып, iшi өртенiп тұрып «жердi сатпаңдар» деп арыстандай ақырып жiбергенi бар едi. Сол тұстағы ең өзектi мәселенi ол сахнаға осылай алып шыққан. Кейiннен сол спектакльге қатысып отырған бiр шенеунiктiң зәре-иманы қалмады деп те естiдiк. Сол спектакльде ғой деймiн: «Ей, адам жерге табын!» деп, мәртебелi ақынымыздың сөзiне жылдар өткен соң түзету енгiзгенi және бар.

«Қазiргi талғам мәселесiн ойласам, мынадай бiр түсiнiк, өлшем қалыптасып бара ма деп қорқамын. «Голливуд жұлдыздарының» өнерiн көрiп өсiп жатқан бүгiнгi аңғал, ұрыншақ ұрпақ «актерлiк өнер дегенiмiз, шын актер дегенiмiз осы екен ғой» деген ойға табан тiреуi де хақ. Олардың көбісі жақсы спортшы, каскадер шығар, бiрақ, актер емес. Олар образға ене алмайды, өйткенi, көрген мектебi жоқ. Қазiргiнiң тiлiмен айтсақ, шын мәнiндегi актерлер емес, «бое­виктер». Бүгiнгi көрермендер бiр сәттiк қана сыртқы әсермен, алданышпен өмiр сүрiп жатыр. Ал актерлiктiң кiсiнiң iшiне сәуле түсiретiн құдіреттi, тектi, бекзат өнер екенiн кiмнен сұрасақ екен?! Менiң құрметтi профессорларым бұған не дейдi?

Амал жоқ, осы бiр барақатсыздау сауалыма өзiмдi-өзiм шамам келгенше жауап беруге мәжбүрлеп, ұлы актриса Майқанованы актерлiктiң эталоны етiп алған жағдайым бар».

Асанәлi Әшiмұлы «Қазақ актри­саларының Қаллекиi» атты мақаласын осылай бастайды. Бұрын өз жақсы­ла­ры­мызға өз iшiмiзден теңеу таба алмай жатушы едiк. Асекең Сәбираға теңеудi өз iшiмiзден табады. Және кiмге теңейдi десеңшi!?

Осы мақаланың бастауындағы сөздiң өзi бiздiң бүгiнгi биiгiмiз, өлшемiмiз туралы толғануға жетiп жатыр. Кешегi биiк­тiк бүгiнге өлшем бола ма? Бiз неге одан да биiк болмауымыз керек? Актер­лiктi саф өнер, бекзат өнер биiгi­не көтер­ген Асанәлi, Сәбиттердiң бүгiн­гi өз соқ­пағын, өз болмысын табуға тиiс­тi кейбiр әрiптестерi неге Голливуд, Бол­ливуд «жұлдыздарын» биiк көредi?!

Шынайы өнер, шын өнер қайда? Ұлы өнер, бекзат өнер, асыл тектi ақсүйек өнер қайда, кешегi күнмен қалып қойды ма? «Кiсi болмысына енетiн өнер» дегенде ұлы Абай актерлiктi де ойлаған болар-ау?! Сол ұлы ұстаз айтқан болмысты неге iздейдi, неге сағынады Асағаңдар, Сәбеңдер?!

Бiрде сол «боевиктердiң» биiгiне шыққан Джеки Чан теледидардан көзi жасқа шыланып:

– Жұрттың бәрi менi жұлдыз дейдi. Мен боевикпен жұлдыз болғым келмейдi. Үлкен образ жасағым келедi, шын актер болғым келедi. Шын жылағым келедi, шын күлгiм келедi, – дедi.

Шын жылау, шын күлу. Сәбиралардың ойынын Чандар көрмесе де, бiз көрдiк қой. Осынау сахнаның жаны дерлiк егiз сти­хияның көкесiн көрсетушi едi-ау, солар. Олардың тiрi күнiнiң өзiнде аңыз­ға айналғаны сонша, тiптi, бұл кiсi­лер ойнағанда театрға жедел жәрдемдi ша­қыр­тып қояды екен дегендi де естiгенбiз.

Сiрә, бұл – жаһандық проблема. Бұл – әлi де болса бiздi iздеп тауып алатын жаны сiрi еуроцентристiк көзқарастың бiздi айналшықтап, өкшелеп қоймай жүргенiнiң белгiсi. Асекең мен Сәбеңнiң ойлай­тын қаупi осы. Ол қауiп бiзге келдi, әлдеқашан келдi. Әлемнiң озық ойлы­лары сенiң өнерiңнен әлемдi, голли­вуд­тық ықпалды iздемейдi, сенi iздейдi. Сондықтан, ең алдымен, өзiңдi өзгертiп, өзiңдi бейнелей алсаң ғана, өзгелер сенi мойындайды. Сенiң өзге болғаның өзгеге керек емес.

Екi абыздың да осылай ой теңiзiн кешiп келе жатқанына қаншама күндер, қаншама түндер өттi екен?! Оларды осындай ой жосығы қаумалап алған.

Мiне, қос абыздың осы ойы қазiр бiздiң өнерге керек-ақ болып тұр. Керек болса, қабылдар, болмаса, бiрi бар өшiн күнделiктен алып, бiрi әңгiмесiн айтып жаздыртып қояр. Бүгiнге керек болмаса, келешекке қажет болар деген ой.

Бiзде баламен де, шағамен де айтысып, әркiмге бiр ұрынып алдағы ақсақалдығы беймәлiм болып тұрғандар да бар. Ертең солар ақсақал болады-ау деген жайды ойлаған сайын төңiрегiңде бiр мұң иектеп жүрiп алады.

Қашанда ел деп елеңдеп, елегiзген осы бiр ерекше екеудiң ойын оқыған сайын кiмнiң болса да тынысы ашылып қоя беретiнi сөзсiз. Сол елдiң басы Елбасының қайсыбiр кездесу сайын екеуiне ерекше елжiрейтiнi тегiн дейсiз бе? Өнерге өлермендiктi, қаскөйлiктi, бүлдiргiнi алып келумен өмiрi өтiп бара жатқан әлдебiреудей арбау, арандату, алдаумен емес, Алаштың алдағы абыройына алаңдаумен таңы атып, күнi бататын ерекше екеуден үйренетiн нәрсе көп. Бiз бұл жолы мақаламыздың ықшамдалған нұсқасында соның бiр тамшыдайын ғана сөз ете алсақ, ол да бiр жетiстiк.

Ортамызда ұзақ жүрiңiздершi, қазақ сахнасының қасиет қонған қос қанаты!

Қали СӘРСЕНБАЙ,

Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi.

Алматы.

Соңғы жаңалықтар