Осы бір екі жастың тойы өткеніне біраз болып қалды. Жұптары жарасқан Мейіржан Қуанышев пен Сәуле Сламбекқызының тату-тәтті тіршілігі екінің бірін тәнті еткендей. Мейіржанның қос жанары семіп қалған ғашық жары Сәулеге ілтипаты мүлдем бөлек. Ол қаладағы бір күзет бөлімінде еңбек етеді. Жалақысы да мәз емес. Жұмыстан оралған бойда Сәуленің қас-қабағына қарап, үй тіршілігіне белсене араласып кетеді. Қолдары босаса бірге серуендейді, той-думандарға барады, сыр ағытып қайтады. Иә, мұндай қос жүректері ұғысқан ғажап жандар өмірі екінің біріне өнеге десек, артық болмас.
Осы бір екі жастың тойы өткеніне біраз болып қалды. Жұптары жарасқан Мейіржан Қуанышев пен Сәуле Сламбекқызының тату-тәтті тіршілігі екінің бірін тәнті еткендей. Мейіржанның қос жанары семіп қалған ғашық жары Сәулеге ілтипаты мүлдем бөлек. Ол қаладағы бір күзет бөлімінде еңбек етеді. Жалақысы да мәз емес. Жұмыстан оралған бойда Сәуленің қас-қабағына қарап, үй тіршілігіне белсене араласып кетеді. Қолдары босаса бірге серуендейді, той-думандарға барады, сыр ағытып қайтады. Иә, мұндай қос жүректері ұғысқан ғажап жандар өмірі екінің біріне өнеге десек, артық болмас.
Аялдамада автобус күтіп отырғандар әңгімені одан-бұдан қозғап отыр. Қасыма бейтаныс бір кісі келіп отыра кетті.
– Қай жердің жігіті боласың?
– Аралдың Ақшатауынанмын. Тасбөгеттегі Мұратбаев көшесінде тұрамын.
– Зейнеткерсің бе?
– Әлі үш жыл бар. Қалада бір мекемеде ағаш жонушымын. Есік, терезе істеймін. Жалақым 45 мың теңгедей, екі ұл, екі қызым бар. Екеуі студент, ақылы оқуда. Зайыбым үй шаруасында. Жұмыстан әлгі әзірде шықтым.
– Жақсы екен, үрім-бұтағың өсіп келеді екен, азаматым!
– Шүкір, шүкір аға! Ал, өзіңіз қандай қызмет істейсіз? – деп бейтаныс кісі қарсы сұрақ қойды. Шешіліп сөйлеуге шықты.
– Зейнеткермін. Бірер жылда сексеннің төбесін көрейін деп тұрмын.
– Ағасы, әлі қуатты көрінесіз. Біз алпысқа жетпей діңкелеп қалдық, – деп әзіл қағыстырды.
Әңгімеміз жалғаса берді. Автобустан әлі хабар жоқ. Екеуара біраз әңгіменің басын шалдық.
– Отбасын құрған ұл-қыздарың бар болар, інім дей бергенімде: – Ә, бұл сұрақ сәл ауырлау тиіп тұр. Бір ұлым жақында үйленді. Келінімнің екі көзі көрмейді. Балам осы қызға үйленем деп отырып алды. Қазір бірге тұрамыз. Сонау 1972 жылы салып алған төрт бөлмелі үй сәл-пәл тарлық қылғандай. Көңіл жарасса бәрі кең ғой. Соғыс жылдарында корей, чешен ағайындарға бір бөлмемізді босатып берген бабаларымыз, – дей бергенде автобус келді. – Сау болыңыз аға! – деп бейтаныс жігіт Тасбөгет қонысына қарай аттанып кетті.
Мен келер автобусқа отырдым. Ұзақ ой үстінде келемін. Ұлы жақында үйленген, келінінің екі көзі көрмейді. Мұнда қандай сыр бар? Екі жастың қосылуы мені таңырқатумен болды. Бірер күннен соң қала іргесіндегі Тасбөгет қонысынан Қуаныш Қыпшақов атты жігіттің отбасын іздеуге шықтым. Мұратбаев көшесіндегі №71-ші үй екен. Аула ішіндегі бір бөлмеден станок дауысы естілді. Алдымнан бұдан бірер күн бұрынғы кездескен жігіт ағасы ұшырасты. Шағын бөлмеде ағаш жонып жатыр. Дереу жұмысын тастай салып, үйге қарай беттедік.
Алдымыздан енесі Жаңагүл, бұларға ілесе ұлы Мейіржан, келіні Сәуле шықты.
– Отау құрғандарың құтты болсын!
– Рахмет аға, – деп Мейіржан, Сәуле екеуі іле дастарқан жайды.
– Ал, әңгімені айта отыр, жас отау иесі Мейіржан?
– Аға, мен биыл жиырма алтыдамын. Ата-анам қартайып келеді. Несін жасырайын, нағыз келін жұмсайтын кезі. Қыздарға көз салып жүргенмін. Бірде досым Нұрлыбектің үйіне бардым. Әйелі Эльвираның қасында бір қыз шай ішіп отырды. Сымбаты келіскен. Біраз сыр ағыттық. Өзін Сәуле деп таныстырды, телефонының нөмірін сұрадым. Арада бірер ай өтті.
– Сәуле, өзіңмен қосылу ойымда бар, қалай қарайсың? – дедім.
– Ой, Мейіржан-ай, менің екі көзім көрмейді ғой. Сенің отбасыңа салмақ түсіремін, саған да оңай тимейді.
– Жоқ, саған қосыламын. Отбасыммен ақылдастым, Сәуле! Мен сені сүйемін...
– Қинамашы, Мейіржан! Мендей мүгедек жанды қайтесің?
Осы сәтте Мейіржан көзінен жасты іркіп алды. Қарсы алдында тұрған Сәуленің қос жанарынан тамшылаған жас жігіт көкірегін жуып кетті. Қос ыстық құшақ от болып шарпылды. Жігіт төс қалтасындағы орамалымен көз жасын тия алмай ұзақ тұрды.
– Ата-анамның алдынан өтіп, батасын алайық, – деген Сәуленің өтінішін құп алды Мейіржан.
Күздің шуақты күндерінің бірі еді.
Сәуленің отбасына күйеу жігіт Мейіржан Қуанышевтің ағайын-туыстары келді. Екі жасқа ақ бата жауды. Ұзату тойының болар күні белгіленді. Сәуленің әкесі Сламбек педиатр-дәрігер, анасы Анна терапевт-дәрігер еді. Тойды қаланың Гагарин шағын ауданындағы «Түймекент» дәмханасында өткізуді ұйғарды. Сонымен той-думан жақсы өтті. Келер той Мейіржан Қуанышевтің отбасында жалғасты.
Әлгі әзірде Мейіржан телефон шалды. Бүгін ағайын-туғандардың басын қосып, атасы Сламбек пен зайыбы Аннаны қонаққа шақырыпты. Солармен дастарқандас болудың маған да сәті түсті. Құрақтай ұшып, қонақтарды күтіп жүрген Мейіржан-Сәулелер тағы да қарша жауған көптің батасын алып, қол жайып тұрды.
Бұл күндері жас отбасылар тату-тәтті өмір сүруде. Алдағы армандары ұшан-теңіз. Жаңа пәтерден екі бөлмелі үй тисе, бір шаңырақ болып отырсақ дейді. Қайсыкүні учаскелік дәрігер үйге келіп, Сәуленің перзентханаға емделу қажеттігіне нұсқау беріп кетіпті. Қуанышевтар әулетінде тағы бір той-думан кезек күтіп тұрған сыңайлы. Дүниеге жас сәби келер күн жақындай түскен тәрізді. Ал, бұған қуанбай көр. Қос жүрек – қос ғашық осы бір сәтті тағы да асыға күтіп отыр.
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ.
Қызылорда облысы,
Тасбөгет ауылы.