
Алматы мемлекеттік дәрігерлердің білімін жетілдіру институты хирургия кафедрасының профессоры, қан тамырлары хирургі, медицина ғылымдарының докторы Әбдімәжит БЕСПАЕВПЕН әңгімеміз адам ағзасында үлкен рөл атқаратын қан тамырлары мәселесі төңірегінде болмақ...

Алматы мемлекеттік дәрігерлердің білімін жетілдіру институты хирургия кафедрасының профессоры, қан тамырлары хирургі, медицина ғылымдарының докторы Әбдімәжит БЕСПАЕВПЕН әңгімеміз адам ағзасында үлкен рөл атқаратын қан тамырлары мәселесі төңірегінде болмақ...
– Қан тамырлары ауруларын қалай анықтауға болады? Оның белгілері қандай? Аяқтағы қан тамырларының кеңейіп, білеуленуі, яғни варикоздың болуы неліктен?
– Сұрағыңыз өте ауқымды. Оны бір сөзбен айтып түсіндіру қиындау. Артерия қан тамырларының ауруларына келсек, ол әлеуметтік маңыздылығы жағынан өте күрделі ауру қатарына жатады. Мысалы, инсульт және жүрек инфаркты аурулары ми мен жүректі қанмен қамтамасыз ететін артерия қан тамырларының қысылуынан қан айналымының бұзылуынан туындайтын өте ауыр патология.
Статистикалық ақпарат бойынша инсультпен ауырған адамның 37 пайызы қайтыс болса, тірі қалғандарының 20 пайызы ғана бастапқы жұмыс орындарына қайта оралады, қалғандары неврологиялық жетіспеушілік салдарынан мүгедек болып қалады.
Көктамыр ауруларының артерия қан тамырының ауруларымен салыстырғанда, өз ерекшеліктері бар. Әйелдерде аяқтың көк тамырының варикозды кеңеюі жиі кездеседі. Оның себебі – кеңселік жұмыс, гиподинамия, ұзақ уақыт көлікпен жүру артық салмақ, гармональдық препараттар қолдану, т.б. Әсіресе, алғашқы жүктіліктен кейін шамамен 50 пайыз әйелдерде көк тамырдың варикозы пайда болады. Халықаралық классификация бойынша көк тамырдың варикоздық кеңеюі негізінен 6 сатыға бөлінеді. Оның бастапқы белгілері – кешке қарай аяқтың ісінуі, жайсыздық, балтыр етінің сыздап ауруы немесе аяқтың «тас байлап қойғандай» ауырлауы. Ал егер дер кезінде емделмесе, онда қарапайым көктамырдың веноздық кеңеюі келе-келе трофикалық өзгерістерге әкеліп соғып, ұзақ уақыт жазылмайтын аяқ жарасына ұласады.
– Қазіргі кезде елімізде қан тамырлары хирургиясының деңгейін, дамуын қалай бағалаған болар едіңіз?
– Елімізде қан тамырлары хирургиясының даму қарқыны мен деңгейі жоғары деп айтуға болады. Бүгінде Қазақстанның алдыңғы қатарлы клиникаларында құрсақ аортасы, мықын-сан артерияларына және оның тармақтарына күрделі реконструкциялық операциялар жасалады. Соның ішінде Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық ауруханасындағы 30 төсектік қан тамыры хирургиясы бөлімшеcінде жылына 400-ге жуық жоспарлы және шұғыл реконструкциялық операция жасалып, адам өмірі сақталады.
Әрине, медицинаның аталмыш саласын Америка және Еуропа деңгейімен салыстыруға болмас. Бірақ ол біздің қан тамырлары хирургтары білімінің немесе біліктілігінің төмендігінен емес, қажетті медициналық құрылғылардың, аппаратуралардың жеткіліксіздігінен. Мысалы, кейінгі кезде көк қан тамырдың кеңеюін лазермен емдеу тәсілі көпшілікке белгілі бола бастады. Ал біздегі қолданылып жүрген аппараттар қай жағынан болса да ескірген. Сондықтан 2012 жылы Германиядағы медициналық лазер аппараттарын шығаратын «Dornier MedTech» фирмасы директорының атына хат жібердік. Мақсатымыз Алматы мемлекеттік дәрігерлердің білімін жетілдіру институтының (АМДБЖИ) базасында Лазер орталығын ашу. Көп ұзамай Алматыға фирманың директоры Лерх Михаэль мырзаның өзі келіп, екіжақты меморандумға қол қойылып, олар оқу орталығын лазер аппараттарымен қамтамасыз етуді өз міндетіне алды. Ал бізге, яғни АМДБЖИ-ға «Dornier MedTech» фирмасының медициналық лазер аппараттарын сатып алу жүктелді. Қаржы тапшылығының салдарынан осы бастамамыз әзірге іске аспай отыр.
– Айтыңызшы, осы салада отандық ғалымдардың қол жеткізген жетістіктері бар ма? Қандай жаңа емдеу тәсілдерін игердіңіздер?
– Қазіргі кезде қан тамырлары хирургиясында рентгенэндоваскулярлық ангиопластикалық операциялар кеңінен қолданылып келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын интубациялық жалпы жансыздану (общий наркоз) тәсілімен тек күрделі реконструкциялық операция жасау арқылы емделетін науқастар, қазіргі кезде ренэндоваскулярлық ангиопластика тәсілін қолдану арқасында шамамен бір-бір жарым сағаттың ішінде қысылған артерия қан тамырын кеңейтіп, қажет болған жағдайда арнайы стент орналастырып, қан айналымын бастапқы қалпына келтіре алады. Айта кету керек, осындай күрделі операция жергілікті жансызданумен (местный наркоз) жасалады, әрі науқастар 3-4 күннің ішінде ауруханадан үйіне шығады. Бұл тәсілмен емдеуге болатын қан тамырлары ауруларын айта кетер болсақ, ол бүйрек артериясының стенозы, артериявеноздық мальформация, диабетикалық ангиопатия және жиі кездесетін мықын-аяқ қан тамырларының облитерациялық атеросклероз салдарынан қысылуы. Тағы бір айта кетер жағымды жаңалық, съезде шетелдік әріптестеріміз кеуде-құрсақ, қолқа тамырының аневризматикалық кеңеюін рентгенэндохирургиялық тәсілмен арнайы стентграфт протезін аорта ішіне салу арқылы емдеуге болатын жолдарын көрсетіп, шеберлік-дәрістерін өткізді. Келешекте бұл тәсілді біздер де қолданатын боламыз.
– Әбдімәжит Тасыбекұлы, елімізде осы салада маман даярлау мәселесі қаншалықты шешілген? Cондай-ақ, Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтында мамандардың біліктілігін арттыруда қандай қадамдар жасалуда?
– Былтыр қыркүйек айында АМДБЖИ-дің ашылғанына 50 жыл толды. Қазіргі таңда аталмыш институт бірден-бір медициналық жоғары оқу орындарынан кейінгі білімді жетілдіретін және қосымша білім беру бойынша мамандар дайындауда еліміздегі алдыңғы қатардағы оқу орны болып табылады. Шын мәнісінде институттың алғашқы іргетасы қаланған жылдардан бастап қазіргі кезге дейінгі деңгейі жер мен көктей. Мұнда жоғары квалификациядағы білікті доцент, профессорлар мен оқытушылар дәріс оқиды. Десек те, денсаулық сақтау саласын білікті кадрлармен қамтамасыз ету қазіргі кезеңде өзекті проблема болып отыр. Мәселен, кадрлардың қартаюы. Сол себепті, АМДБЖИ-дің кафедра қызметкерлері студенттермен, интерндермен жыл сайын кездесіп, ашық есік күнін ұйымдастырып, әр кафедра өз мамандығының ерекшелігін, қажеттілігін айтып, үгіт-насихат жүргізіп отырады. Жоғарыда айтқандай, бүгінде Орталық қалалық клиникалық ауруханасы қан тамырлары бөлімшесінде 16 резидент оқып, ангиохирургия мамандығын игеруде. Олардың үшеуі – 3, бесеуі 2 жыл, сегізі бірінші жыл оқуларын бастады. Мәселен, менің қарамағымда 5 резидент бар. Оқу мерзімі төрт жыл. Біз, яғни кураторлар, олардың сапалы білім алуына жауаптымыз. Келешекте бізден дәріс алып, біліктіліктерін жетілдірген қан тамырлары хирургтары халыққа сапалы, сауатты қызмет көрсетіп, ерен еңбегімен абырой атаққа ие болады деген сеніміміз бар. Бір алаңдататын жәйт, бір бөлімшеде жүріп аурулардың аздығынан резиденттер қан тамырлары патологиясының қыр-сырын толық қамти алмайды, екінші жағынан клиникалық практиканың тапшылығынан оқу сапасы төмендейді. Сондықтан, Алматыдағы ауруханалардың бірінде тағы бір қан тамырлары бөлімшесі ашылса, жоғарыда айтылған проблемалардың шешілуіне, соның ішінде әлеуметтік маңызы бар жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітімді және мүгедектікті төмендетуге, сондай-ақ медицина кадрларын дайындауда үлкен үдеріс болар еді.
– Әлеуметтік маңызы жоғары жүрек-қан тамырлары аурулары проблемасы қалай шешіліп жатыр? Қазіргі кезде дәрігерлердің көрсеткен медициналық қызметтерінің сапасы емделушілерді қанағаттандырмай отыр. Себебі не?
– Меніңше, ең алдымен, негізгі әлеуметтік мәні бар аурулардың диагностикасын күшейту қажет. Аурудың диагностикасы анықталған жағдайда ғана оны жан-жақты емдеуге болады. Жүрек-қан тамырлары аурулары диагностикасының ақсауы ЖОО-да студенттерге сапалы білім беруде жатыр. Бізде, шынын айту керек, медициналық ЖОО-ларда 4-5 курс студенттеріне жүрек-қан тамырлары аурулары кабинетте оқытылады. Себебі, ҚазҰМУ клиникалық оқу базасы болып саналатын ауруханалардың бірде-бірінде қан тамырлары бөлімшесі жоқ. Демек, науқасты көзімен көріп, қолымен ұстамаған студент, диплом алып, дәрігер болғанда диагнозды қалай дұрыс анықтасын. Бұл – аксиома. Өкінішке қарай, бүгінде медициналық ЖОО бакалавриат жүйесіне көшкен соң 5 жылда «шала піскен» мамандарды көптеп шығарып жатыр. Шынын айту керек, АМДБЖИ-ға біліктілігін жетілдіруге келген мамандарды біз қайта оқытамыз. Бұдан туындайтын екінші проблема – медициналық білім беру жолдарын жетілдіріп, теориядан практикаға көбірек көңіл бөлу қажет. Керек болса, ЖОО оқу бағдарламасын қайта қарастырып, өзгерту керек.
«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының мақсаты – халықтың денсаулығын одан әрі нығайту, негізгі әлеуметтік мәні бар ауруларды, соның ішінде қан айналымы жүйесінің ауруларынан өлім-жітімнің жүз мыңға шаққанда 2013 жылы 374-ке, 2015 жылы 353- ке дейін төмендету жоспарланып отыр. Мамандығым қан тамырлары хирургі болғандықтан, осы жерде айта кету керек, қазіргі кезде халық саны 2 миллионға жуық Алматы қаласында қан тамырлары ауруларына жедел жәрдем көрсететін жалғыз бөлімше бар. Ал қалған ауруханаларда бөлімшені былай қойып, штатта ангиохирургтар жоқ. Қаладағы ауруханалар мен перзентханалардан әртүрлі патологияларға (мысалы: құрсақ аортасының аневризмасы, артерия немесе вена тамырларының тромбоэмболиясы, жүкті әйелдер вена тамырларының өрлемелі тромбозы және жатырдан қан кету, т.б.) байланысты шұғыл ангиохирургиялық операция қажет ететін шақыртулар түскенде, қан тамырлары хирургтарына көлік жіберіп жатады. Кей кездері қан тамырлары хирургтарының көмегі қажет болып, 2 ауруханадан бір мезгілде шақырту түседі. Қаладағы кептелістермен жеткенше дер кезінде жедел ангиохирургиялық көмектің кешігуінің салдарынан ауру асқынып, емшара нәтижесі ойдағыдай болмай, дәрігер жеткенше науқас қайтыс болатын оқиғалар да кездеседі.
– Әбдімәжит Тасыбекұлы, соңғы сауал, қан тамырлары хирургиясының маманы ретінде көктамыр ауруынан болатын варикозды болдырмаудың шаралары мен ем жолдарынан кеңес бере кетсеңіз?
– Әрине, көктамырдың варикоздық кеңеюін болдырмаудың шаралары бар, оны күнделікті жағдайда қолдануға болады. Мәселен, емдік гимнастикамен күнделікті үзбей айналысу; физикалық жаттығулар жасау (жаяу жүру, суға жүзу, велосипед тебу, т.б.); жатарда аяқтың астына жастық қойып, 10-15 см көтеріп жатқан өте пайдалы; өкшесі 5 см биік немесе тым жалпақ өкше аяқ киім кимеу; күнделікті жатар алдында аяққа тізеден төмен контрастық душ қабылдаған пайдалы, ол көктамырдың тонусын қалпына келтіріп, қан айналымын жақсартады; саунаға, ыстық ваннаға түсуге болмайды. Ал емдеу жолдары – ауру бастапқы сатыда консервативтік түрде емделеді, яғни көктамырдың варикоздық кеңеюінің дәрежесіне қарай дәрігердің нұсқауы бойынша арнайы дәрі-дәрмек қолданылады. Егер де варикоз кеңейіп, көктамыр асқынып, жедел тромбофлебит пайда болса, онда операциялық жолмен емдеу қажет.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».