08 Қаңтар, 2014

Керек кәсіпорын

400 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

 

Тараз қаласындағы «Құрылыс-полимер» сияқты өндіріс орны тек Чехия мен Оңтүстік Кореяда ғана бар

«Құрылыс-полимер» кәсіпорны мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылды. Бүгінде кәсіпорында 160-тан астам адам жұмыс істейтін болса, жақын болашақта олардың саны 250 адамға дейін жетуі мүмкін.

Тараз қаласындағы «Құрылыс-полимер» сияқты өндіріс орны тек Чехия мен Оңтүстік Кореяда ғана бар

«Құрылыс-полимер» кәсіпорны мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылды. Бүгінде кәсіпорында 160-тан астам адам жұмыс істейтін болса, жақын болашақта олардың саны 250 адамға дейін жетуі мүмкін.

Бүгінде полимерден жасалған өнімдер құрылыс индустриясында кеңінен қолданылады. Оның өндірістік технологиясы мен техникалық мінездемесі де «жақсы» деген бағаға ие болған. Мысалы, армирленген пленкалар (үлдірлер) бұған дейін тек қана Оңтүстік Корея мен Чехияда жасалып келген болса, оны енді Қазақстанда да өндіре бастамақ. Ал жол құрылысына қолданылатын тайқы дәнекерленген геосеткаларды жасайтын ел, тіпті, жоқ десе де болғандай. Сондай-ақ, торларды құрылыс саласы үшін, мысалы, қасбетке тұтуға, қорғаныстық-декоративтік жағдайда пайдалануға, жамылғы мен қоршау ретінде ұстауға және сылақ алдында да қолдана беруге болады. Кәсіпорын жалпы 24 түрлі өнім шығарады.

Полимер өнімдері темір, ағаш, темір-бетон, қиыршық тас сияқты тағы басқа да қымбат құрылыс материалдарын пайдаланудың көлемін қысқартып, тіпті, электр қуатын үнемдеуге де мүмкіндік береді, дейді мамандар. Мысалы, жаңадан жол төсеп, оны мерзімінде пайдалануға беруде осы технологияның арқасында шығынды 20 пайызға дейін азайтуға болады екен. Сондай-ақ, жолды жаңалап қайта жөндеу мерзімін 4-5 жылға ұзарта түсетін қасиеті де бар. Армирленген төсеніш үстіне бетон немесе цемент құйып, оны 6-7 сантиметр қалыңдықта жаю кезінде әр шаршы метрге 2500 теңге үнемделмек. Атап айтсақ, аталған өнімдерді қолдану бес қабатты үйдің құрылысын жүргізу кезінде өзіндік құнын 10-12% төмендетуге, I категориялы жолдың 1 шақырымының құрылысын жүргізу кезінде өзіндік құнын 9-10% арзандатуға мүмкіндік береді. Бұл орасан зор пайда. Кәсіпорынның өнімдері қазірдің өзінде сұранысқа ие. Мысалы, өнімдерді «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізін салуда шетелдік және жергілікті мердігерлер көп пайдалануда.

 Бұдан бөлек, жаңа өнімді қолдану, құрылыс сапасын жақсартып, оны еуропалық деңгейге көтере түседі. Жобаны жүзеге асыру үшін, яғни қажетті құрал-жабдықтарды алуға «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберіндегі несие де айтарлықтай көмектескен.

Зауыттың өндірістік кешеніне полимерлік өнім өндіретін 16 инновациялық желі кіреді. Енді ТМД елдерінде баламасы жоқ жаңа өндірістің облыстағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды бұрынғыдан да жақсарта түсетіні анық. Жобаның құны 1,8 миллиард теңгеге бағаланыпты. Мұнда бір жылда 32 миллион шаршы метр пленкалық (үлдір) және сеткалық (тор) өнімдер шығарылады. Сондай-ақ, 30 мың текше метр изоляциялық плиткалар жасалатын болады.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Жамбыл облысы.

 

Соңғы жаңалықтар