08 Қаңтар, 2014

Мәртебелі Сенат

1605 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Тәуелсіз еліміздің әлеуметтік-экономикалық және ішкі-сыртқы саясатта бүгінгідей табыстарға жетуіне, сонымен бірге, біздің демократиялық, құқықтық мемлекет болып қалыптасуымызға 1995 жылы 30 тамызда Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылдануымен еліміз тарихында алғаш рет қос палаталы Парламенттің өмірге келуінің зор ықпалы болды.

Тәуелсіз еліміздің әлеуметтік-экономикалық және ішкі-сыртқы саясатта бүгінгідей табыстарға жетуіне, сонымен бірге, біздің демократиялық, құқықтық мемлекет болып қалыптасуымызға 1995 жылы 30 тамызда Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылдануымен еліміз тарихында алғаш рет қос палаталы Парламенттің өмірге келуінің зор ықпалы болды.

Сол бір тұстың жылнамасын еске алар болсақ, 1995 жылдың желтоқсан айында Сенат депутаттарының сайлауы болып өтті де, 1996 жылдың 30 қаңтарында Алматыда қос палаталы заң шығарушы орган – Қазақстан Парламенті өз жұмысын бастаған-ды. Енді ел тарихында «Парламент», «Мәжіліс», «Сенат» деген саяси мәні бар заң шығарушы биліктің жаңа символындай болып, жаңа сипаттағы мемлекеттік биліктің тәуелсіз тармағы қалыптасты.

Қазір Парламенттің еліміздегі заң шығару қызметін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган екенін, оның қос палатадан тұратындығын әркім жақсы біледі. Алайда, қоғамда біздің Парламент неліктен қос палатадан тұрады, бір палаталы Парламент те жеткілікті емес пе деген пікірлер ішінара болса да, айтылып қалатыны бар. Шындығында, Қазақстан Парламенті неліктен қос палаталы, мұның қажеттілігі бар ма? Қоғам мен ел үшін тиімділігі қандай?

Міне, осы мәселеге талдау жасамас бұрын алдымен Сенаттың тарихына үңіліп көрейік. «Сенат» сөзі латынның «senatus» сөзінен шыққан «қария», «ақсақал» деген мағынаны білдіреді. Ежелгі Римдегі жоғары мемлекеттік кеңес қызметін де әуелде Сенат атқарған. Сол ежелгі Рим Сенаты сайлау заңдары мен оның нәтижесін бекітті, магистраттар қызметін бақылады, оларға кеңес берді, сыртқы саясатпен айналысты, қаржылық және діни рәсімдердің орындалуын қадағалады. Яғни, іс жүзінде мемлекетті Сенат биледі. Сондықтан да Сенат басында ең көрнекті деген, мемлекетке еңбегі сіңген, халыққа әбден танымал және беделділер тұрды. Кейін, Рим империясы тұсында Сенаттың маңызы мен саяси ықпалы төмендеп кетті де, ол жай ғана бір дәулетті әулеттер өкілдерінің жиналысына айналды.

Қазіргі уақытта Сенат көптеген елдерде Парламенттің жоғары палатасының қызметін атқарады. Парламент палаталарының құрамы, өкілеттілігі мен қалыптасу тәртібі және өзге де құрылымдарымен ерекшеленеді. Палаталардың жоғары және төменгі болып бөлінуі заңдардың алдымен төменгі палатада қабылданып, одан кейін жоғары палатаның қолдауына жіберілетіндігін білдіреді. Алайда, көптеген елдердің жоғары палатасы заңға өзгеріс енгізе алмайды. Міндеті заңды мақұлдаумен немесе оның қабылдануына келіспеумен шектеледі. Бұл төменгі палатаның саяси маңызға көбірек ие екендігін көрсетеді. Өйткені, заң жобасы негізінен төменгі палатада талқыланып барып, өткізіледі. Ел үкіметі де төменгі палата алдында есеп береді және жауапты болады. Президент немесе үкімет басшысы Парламентті тарату құқығына ие болса, ол құқық тек төменгі палатаға ғана қатысты болып келеді.

Ал Қазақстан Республикасында бұл құ­қық­тың өзгешелігі де бар. Яғни, бізде ел Пре­зиденті Парламент палаталары төрағаларымен және Премьер-Министрмен кеңесіп барып, Парламентті немесе Парламент Мәжілісін тарата алады. Парламент Сенатының өкілеттігінің де басқа елдерге қарағанда өз артықшылықтары да бар. Мысалы, біздің Парламент Сенаты депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданған заң жобасы нақтылы заңға айналады және ол он күннің ішінде Президенттің қол қоюына жіберіледі. Ал Сенатта депутаттардың көпшілік даусымен қабылданбаған заң жобасы Мәжіліске кері қайтарылады. Бұл жайында Ата Заңымыздың 61-бабы, 5-тармағында: «Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен заң жобасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Мәжіліске жіберіледі. Егер Мәжіліс депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен ұсынылған өзгерістермен және толықтырулармен келіссе, заң қабылданды деп есептеледі. Егер Мәжіліс нақ сондай көпшілік дауыспен Сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларға қарсы болса, палаталар арасындағы келіспеушілік келісу рәсімі арқылы шешіледі», деп нақтылы айтылған.

Конституциялық заң жобасы да осындай тәртіппен шешіледі. Бірақ конституциялық заң жобасында Сенатта да, Мәжілісте де депутаттардың кемінде үштен екісі жақтап немесе кері дауыс берулері керек. Қазақстан Конституциясындағы Сенатқа қатысты конституциялық нормалар Қазақстан Парламенті Сенатының да Мәжіліске пара-пар өкілеттігінің бар екендігін көрсетеді.

Әлемнің алпыстан астам елінде қос палаталы Парламент бар. Бұл негізінен федеративтік мемлекеттер үшін қажет және тиімді болып келеді. Парламенттің қос палаталы құрылымы – федеративтік мемлекеттер үшін міндетті элементтердің бірі. Бұл тетік федеративтік мемлекеттің әрбір субъектісінің мүддесін қорғау үшін ойлап табылған. Өйткені, жоғары палатаға, жер көлемі мен тұрғындарының санына қарамастан, әрбір субъектіден бір мөлшерде депутаттар сайланады. Жоғары палата депутаттарын сайлау төменгі палатаға қарағанда демократиялы емес. Атап айтқанда, жоғары палата депутаттарын сайлауда көпшілік елдерде жанама сайлау түрі қолданылады және жоғары палата депутаттығына сайлануға төменгі палатаға қарағанда жоғарылау жас шегі қойылады.

Қазақстан Парламенті Сенатының қажеттілігі мен саяси маңызын түсіндіру үшін АҚШ Сенатының тарихына үңілгеніміз жөн. АҚШ-та өкілдер палатасына – 25, ал Сенатқа 30 жасқа толғандар ғана сайлана алады. Біздің елімізде де жас шегі белгіленген. АҚШ сенаторларын халық тікелей сайлайды. Ал, сонымен бірге, әлемнің кейбір елдерінде және Қазақстанда жоғары палата депутаттарының бір бөлігін Президент немесе сондай құқық берілген жоғары лауазымды тұлға тағайындайды. Жоғары палатаға сайланған немесе тағайындалған депутаттар үкіметке жақындау позиция ұстанады, төменгі палатаның үкіметке қарсы түбірлі әрекеттер жасауын шектеуге мүмкіндік береді.

Көптеген елдердің Парламенті жоғары палатасының тарихында Сенат депутаттары ел өмірінде маңызды рөл атқарады және олар жоғары беделге ие болып келеді. Мысалы, қос палатадан тұратын АҚШ Конгресінде жоғары палата – Сенат елдің мемлекеттік билік тармағында және саяси өмірінде маңызды орын алады. Тоғыз жылдан кем емес азаматтығы бар және жасы 30-ға толған әрбір АҚШ азаматы сенатор болуы үшін өзі сайлауға түсетін сол штаттың тұрақты тұрғыны болуы шарт.

Сенат төменгі палатамен бірге (Өкілдер палатасы) заңдар қабылдаумен қатар, министрлерді, Жоғарғы Соттың судьяларын, федералдық судьяларды тағайындауға қатысады және импичмент мәселесінде қорытынды шешім қабылдайды. Лауазымы бойынша елдің вице-президенті Сенат төрағасы болып табылады. Вице-президенттің іс жүзінде басқа жұмыстардан қолы босамайтындықтан, Сенатта Уақытша төраға (president pro tempoze Cenato) басшылық жасайды. Ал сол уақытша төрағалыққа көпшілік дауыс алған партиядан ең жасы үлкен сенатор сайланады.

АҚШ Сенатының саяси маңызы жағынан жоғары тұратындығын Сенатты ресми түрде «АҚШ Конгресінің Сенаты» демейтіндігінен, «АҚШ Сенаты» деп саяси мәнін арттыра атауынан-ақ аңғаруға болар еді. Сенатқа қарағанда Өкілдер палатасына сайлану әлдеқайда жеңілдеу, өйткені, олардың өкілеттігі 2 жылға ғана ұласады. Әрбір 2 жыл сайын өтіп тұратын сайлауда бұл палатаға 435 депутат сайланады. Өкілдер палатасының депутаты конгрессмен, ал Сенат депутаты сенатор деп аталады.

Конгрессмен лауазымы – сенаторлыққа және губернаторлыққа апаратын жол. Кон­грессмен болмаған адамның сенаторлыққа немесе губернаторлыққа сайлануы да неғайбыл әрі ол өте қиынға соғады. АҚШ-тың көптеген сенаторлары мен губернаторларының бі­разы бұған дейін 8-10 жыл қатарынан кон­грессмендік жолдан өтіп келгендер. Өзінің конгрестік қызметінде бедел жинаған жә­не халыққа танымал болғандар ғана сена­тор­лыққа немесе губернаторлыққа ұмтыла алады. Бұл елдің тарихында 20 және одан көп жыл конгрессмен болғандар да аз кездеспейді.

Сенатор болудың конгрессмендерге қа­ра­ғанда, өзіндік қиыншылықтары мен ерекшеліктері де бар. Сенаторлыққа сайлану үшін әуелі жоғары қызметте істеуің және де бірнеше рет сайланған конгрессмен немесе ірі қаланың мэрі болуың шарт. Өз штатыңда және де тұтас ел бойынша беделің, кеңінен танымалдылығың болмайынша сенаторлыққа өту де мүмкін емес. Әрине, мол қаржыңның болуы да көп мәселені анықтайды. Өйткені, үгіт-насихат жұмыстарын қомақты қаржысыз белсенді жүргізу қиынға соғады. Әуелі сенаторлықтан үміткерді сол штаттың партия (республикалық немесе демократиялық) ұйымы ұсынуға тиісті. Партияның атынан түспеген кандидаттың қай сайлауда болсын жеңіп шығуы екіталай. Ал сенатор болып сайланған адам бірден АҚШ-тың «элиталы» тобына өтеді.

Өкілдер палатасы негізінен заң шы­ға­рушылықпен айналысса, сенаторлар ел­дің саясатын белгілеуге де, кадрлық тағай­ындауларға, жоғары лауазымдық тергеуге, ішкі және сыртқы саясатқа да араласып, қатыса алады. Сөйтіп, әр сенатор өз лауазы­мына қарай елдегі ықпалды және белгілі тұлғаға айналады, АҚШ Президентімен және кез келген жоғары лауазымды тұлғамен тікелей байланыс жасап, араласа алады, олардың қабылдауларында болады. Алты жыл мерзімге сенатор болып сайланған олардың әрқайсысы бар күш-жігерлерін өз қызметтері мен беделдерін арттыруға жұм­сап, сол арқылы танымал болуға ұмтылады.

Сенаторлықтың алғашқы алты жылдық мерзімінде нәтижелі әрі жақсы қызметімен таныла алғандар екінші мерзімде өтетін сайлауда да жеңіске оңай ие бола алады. Мұндай екінші қайтара жеңіске жеткен сенатор енді сол өз штатының саяси жұлдызына, америкалық бүкіл саяси жүйенің танымал адамына айналып, онан кейін тағы да қайра  сайлануға мүмкіндіктері болады. АҚШ тарихында танымал әрі үлкен беделге иелердің 20-30 жыл бойы сенатор болып сайлануы қалыпты жағдай. Мысалы, Оңтүстік Каролина штатынан сайланған Стром Тэрмонд 48 жыл қатарынан сенаторлық қызметте болды. Ол 2002 жылы 100 жасқа келгенде ғана өзінің кандидатурасын келесі мерзімге ұсынбады. 2003 жылы өзінің сенаторлық өкілеттігін тоқтатып, бірнеше айдан кейін, яғни 101 жасында дүниеден озды. Бұдан кейінгі орынды Эдвард Кеннеди (АҚШ Президенті Джон Кеннедидің інісі) алады. Сенаторлық қызметі 1962 жылы басталған Кеннеди қатарынан 8 рет сайланған. 2006 жылы 8-ші рет қайта сайланып, 2009 жылы қайтыс болды.

АҚШ Сенатының тарихындағы осындай жарқын мысалдарды келтіргендегі мақсатымызды өз елімізде, яғни унитарлы Қазақстанда қос палаталы Парламенттің қаншалықты қажет екендігін айту болатын.Ағылшынның саяси ойшылы Иеремия Бентам қос палаталы парламенттің кемшілігі мен артықшылығын зерттей келіп, нәтижесінде пайдалы деген қорытынды жасайды. Ол өзінің «Заң шығарушы жиналыстардың тактикасы» атты еңбегінде қос палаталы құрылымның артықшылығы туралы: «Әртүрлі құрылған қос палата болған тұста оның біреуі екіншісінің табиғи ауыздығы (тежегіші) болып шығады. Оның үстіне, бұл демагогия қатерін азайтады, өйткені, бірде-бір адам екі палатада бірдей ықпалға ие бола алмайды. Ақыр соңында халық сеніміне ие болу жағынан жарыс туындайды. Сөйтіп, конституцияның мұрты бұзылмайды, деп жазған болатын.

Қазақстанның да қос палаталы Пар­ла­менті өзінің құрылымы жағынан келгенде, И.Бентам айтқандай, АҚШ және басқа да елдердегі сияқты республиканың жоғары заң шығарушы органы қызметінің пікір алшақтықтарын азайтып, өзара ынтымақтаса жұмыс істеуін мақсат етіп келеді. Сенат Мәжілістің асығыс қабылданған шешімдері мен өзге де «қызуқандылықтарын» тежеп отырады, сабырға, мәмілеге келтіреді, қа­теліктерін түзейді, сүзгіден өткізеді, кем­шіліктердің өтіп кетпеуін қадағалайды.

Әлем елдеріндегідей Қазақстан Рес­пуб­ликасы Парламенті Сенатының депутаттары да елдің саяси элитасының негізі ретінде саяси биліктегі кадрлар құрамын қалыптастырады. Тәуелсіздік алғаннан бері егемен мемлекеттің негізін қалауда, оны нығайтуда, кәсіби парламентаризмнің қалыптасуында, Қазақстанды әлемдік қоғамдастыққа танытуда Сенат де­пу­таттарының атқарған қызметі мен жұмсаған күш-жігерлері аз болған жоқ. Бұл орайда, бүкіл республикаға кеңінен танымал әрі бедел мен абыройға ие болған және де ел мүддесін сөйлеген, сөйтіп, ықпалды қайраткерлік, беделді саясаткерлік халық сыйлайтын тұлғаға айналған адамдар аз емес. Олар осы сенаторлық қызметтерімен көпшілікке таныла білді десек, артық айтпағанымыз.

Мемлекет басшысының депутаттармен кездесіп отыруы Парламенттің мәртебесін арттырумен бірге, заң шығару қызметінің онан әрі жақсара түсуіне, депутаттардың өз қызметтерімен алаңсыз айналысуларына, кәсіби парламентаризмнің нығаюына, жақсы тәжірибелердің жинақталуына және заң шығарушы органның қызметін үнемі назарда ұстауға, оның тыныс-тіршілігінен хабардар болуға үлкен мүмкіндіктер туғызады. Ал депутаттар өз кезегінде ой-пікірлерін білдіруге мүмкіндік алады. Бұл заң шығарушылық үдерістерге қатысты Елбасының ұстанымы мен көзқарасын ашық әңгіме барысында тани білу арқылы мемлекеттік маңызды мәселелерді шешуде, заңдардың мемлекет сая­сатымен ұштасуда көмегін тигізеді. Әрине, біздің түсінігімізде Парламент қабырғасында пікірталастың орын алуы қалыпты жағдай, бірақ ол мемлекет пен қоғамды жікке бөлуге алып келетін жайларға ұрындырмауы керек. Н.Назарбаев Парламент палаталары мен оның депутаттарының қоғамды одан әрі демократияландыру және, сонымен қатар, жаңғырту үшін аса күрделі міндеттерді біртіндеп шешуге атсалысатындықтарына сенген болатын. Сол сенім ақталып та келе жатыр.

Парламент Сенаты қызметінің сыртқы қатынастардағы ең маңызды бағыттарының бірі басқа мемлекеттердің парламенттерімен және парламентаралық ұйымдарымен ынтымақтастық орнатуы болып табылады. Бұл орайда өзге мемлекеттердің парламенттерімен (парламенттер палаталарымен) және халықаралық парламенттік ұйымдармен парламентаралық ынты­мақ­тастық туралы келісімдер жасасуға, сон­дай-ақ, ынтымақтастық жөнінде топтар құруға да құқы бар. Қазіргі уақытта Сенатта шет мемлекеттердің парламенттерімен парламентаралық ынтымақтастықтың қырық шақты тобы құрылып, белсенді жұмыс жасау­да. Сонымен қатар, Қазақстан Парламенті бір­қатар өңірлік және халықаралық пар­ламенттік ұйымдардың да мүшесі болып табылады және 14 халықаралық пар­ла­менттік құрылымның жұмысына қаты­сады. Бұл мәліметтер Қазақстан Парла­менті мен Сенатының халықаралық ынты­мақ­тастықты орнықтыруда да маңызды рөл атқаратындығын және олардың сыртқы қаты­настағы қауырт жұмыстарының бар екендігін көрсетеді. Сенаттың бұл бағыт­тағы қызметінің арқасында шет елдермен халықаралық байланыстар кеңейіп, Қа­зақстанның әлемдік қоғамдастықтағы беделі артып келеді.

Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» кітабында: «Осы бір жылдары демократияландырудың аса маңызды институты – парламентаризмнің дамуына толық жағдай жасалды. Қос палаталы кәсіби Парламент уақыт сынынан сүрінбей өтті, онда сан салалы мүдделердің өкілеттілігі қамтамасыз етілген. Біз – осы жолмен Орталық Азияда батыл қадам жасаған бірінші елміз. Басқалар біздің ізімізбен жүріп, тәжірибемізді пайдаланды. Конституция қолданылған жылдардың ішінде бірде-бір саяси қайшылық дағдарысқа ұласқан жоқ. Барлық дау-дамай конституциялық рәсімдер шеңберінде шешілуде. Мемлекеттік институттар арасындағы өзара қатынастардың жүйесі қалыптасты», деген болатын.

Міне, бұл жай біздің тәуелсіз елі­міз­ді тарихтың аса қысқа мерзімінде демо­кратиялық және құқықтық жолмен дамыта отырып, әлем сүйсінерлік бүгінгі өркендеуге жеткізді.

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,

Парламент Сенатының депутаты.

Соңғы жаңалықтар