Жасы жүзге таяп қалған кейуана ағымдағы жылдың 12 мамыры күні «Спутник-V» вакцинасының алғашқы дозасын салдырған екен. Жаңа жол ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның учаскелік медбикесі Гүлмира Алиева Ифрат Халяпованың жағдайының бірқалыпты екенін айтты. Жалпы, Жаңа жол ауылында 2910 адам тұратын болса, оның 1341тұрғыны вакцина салдыруы тиіс екен. Бүгінгі таңда 572 тұрғын ерікті түрде екпе салдырыпты.
«Ифрат Халяпова бұған дейін денсаулығына байланысты шағымданған емес. Екпе салдырмас бұрын әжейдің денсаулығының дұрыстығына әбден көз жеткізіп, қажетті шаралардың барлығын жасадық. Күнделікті жағдайын біліп тұрамыз», дейді медбике.
Ифрат Халяпова Ұлы Отан соғысы кезінде де тылда еңбек еткен қайсар жан. Сондай-ақ кезінде қант қызылшасын егумен аты шыққан Шу ауданындағы беделді қызылшашылардың бірі болған. Бүгінгі таңда 6 баласынан өрбіген 13 немере-шөберелерінің ортасында шаттыққа толы күн кешіп отырған қарт ана аурудан айығудың жалғыз жолы – екпе салдыру екенін айтады.
«Мен екпені өзім үшін салдырған жоқпын. Артымнан ерген ұл-қыздарым мен немере-шөберелерімнің денсаулығына алаңдадым. Бұл індеттен жапа шеккендерді көзімізбен көрдік. Жақыныңнан айырылудың қаншалықты ауыр екенін жақсы білемін. Сондықтан да кеш болмай тұрғанда вакцина салдыру керек», дейді Ифрат Халяпова