08 Қаңтар, 2014

Қанағат ет, кәсіпкер...

406 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ел Үкіметі шағын және орта бизнесті қолдау бағытында ауқымды жұмыс жасады. Атап айтқанда, елімізде кәсіпкерлікті қолдаудың нормативтік-құқықтық базасы қалыптастырылды, бизнесті тексеруге бірнеше мәрте мораторий жарияланды. Дағдарысқа қарсы мемлекеттік бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлікті несиелеуге қомақты қаржы бөлінді. Салықтық жүктеме төмендетіліп, салық салудың жеңілдетілген жүйесімен жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қолдау көрсетілді.

Ел Үкіметі шағын және орта бизнесті қолдау бағытында ауқымды жұмыс жасады. Атап айтқанда, елімізде кәсіпкерлікті қолдаудың нормативтік-құқықтық базасы қалыптастырылды, бизнесті тексеруге бірнеше мәрте мораторий жарияланды. Дағдарысқа қарсы мемлекеттік бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлікті несиелеуге қомақты қаржы бөлінді. Салықтық жүктеме төмендетіліп, салық салудың жеңілдетілген жүйесімен жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қолдау көрсетілді.

Мемлекет тарапынан көр­се­тілген осындай қамқорлықты тиімді пайдаланған кәсіпкерлердің бірқатары бүгінде аяғынан тік тұрып, шаруаларын бірыңғайлап алды. Үкімет қолдауына жауап ретінде олар өздері құрған серіктестік пен кәсіпорындарға жергілікті тұрғындарды жұмысқа тартып, елдегі жұмыссыздардың санын азайтуға атсалысты. Олар бір жағынан, өздері өндірген өнімдерін халыққа кеңінен тарату арқылы салық түсімінің көлемін ұлғайтса, екіншіден, отандық тауар өндірісін дамытуға үлкен үлес қосуда.

Адал еңбектің арқасында өздерін де, өзгелерді де ризалап жүрген кәсіпкерлер елімізде жетіп артылады. Бірақ, өкінішке қарай, кәсіпкерлердің бәрі бірдей ондай емес болып шықты. Олардың арасында жалған кәсіпкерлікпен айналысып, көп ақша тауып жүргендері де, мемлекет тарапынан көрсетілген қамқорлықты тек өз мақсаттарына бұрып алып, қоғамға зиянын тигізіп жүргендері де бар екен.

 Жалған кәсіпкерліктің экономикалық қылмыстың бір түрі екені белгілі. Ал, экономикалық қылмыс мемлекеттің дамуына кедергі келтіреді. Өкінішке қарай, бүгінде қылмыстың тап осы түрі кәсіпкерлер арасында жиі болмаса да, ішінара кездесіп қалады.

Жарты жылда 17 жалған кәсіпкер...

 Қалалық салық басқармасы қызметкерлерінің мәлімдеуінше, басқарма бойынша ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін 17 адам жалған кәсіпкер ретінде тіркелген. Олар салықтан жалтару арқылы мемлекетке ҚҚС бойынша 2 326 795,9 мың теңге мөлшерінде зиян келтірген. Жасырын жолмен пайда тапқысы келгендер тек биыл ғана пайда болып отырған жоқ, олар ел аумағында бұдан бұрын да жиі болмағанымен, анда-санда бір төбе көрсетіп қояды. Соның өзінде жалған кәсіпкерлерден келетін зиян шаш етектен. Мысалы, 2005-2009 жылдар аралығында жалған кәсіпкерлікпен айналысқан И.Галаган дейтін азамат мемлекетке 491 632 318 теңгеге зиян келтірсе, тағы бір жалған кәсіпкер «Стройэкспорт» ЖК жетекшісі А.Килимов мемлекетке 238 488 619 теңге көлемінде зардап шектірді. Бұлар жалған құжат жасау арқылы мол пайда табуды көздеген. Олардың қылмысты істерін сот анықтап, кінәларын мойнына қойды. Сөйтіп, жоғарыда есімдері аталған айлакер кәсіпкерлер ішкен-жегендерін қайта құсуға мәжбүр болды.

 Облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің өкілдері берген мәлімет те осыған ұқсас. Олардың айтуынша, 2011 жылы белгісіз біреулер «СДО-Силикат» ЖШС атынан мұнай өнімдерін алу және оны тарату бағытында жалған кәсіпкерлікпен айналысып, мемлекетке 105 миллион теңге көлемінде зиян келтірген. Бұдан басқа «Стройком-К» ЖШС атынан әрекет жасаған белгісіз тұлғалар да жалған есеп құжаттарын жасау арқылы әріптес мекемелерінің салықты тиісті мөлшерде төлемеуіне себепші болған. Сөйтіп, олар 388,5 миллион теңге мөлшерінде бюджетке зиян шектірген.

Тексертпеу үшін түрлі амалдар жасайды

 Ал, Орал қаласы бойынша мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы қызметкерлерінің пікірінше, кейбір кәсіпкерлер өздеріне берілген жеңілдіктерді місе тұтпай отыр. Тазалық сақшыларының айтуынша, бұдан біраз уақыт бұрын «Мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, осыған байланысты жоспарлы тексерулер саны әжептәуір азайған. Мысалы, бұрын кондитерлік цехтар мен қоғамдық тамақтану орындары айына бір немесе үш айда бір қадағаланса, қазіргі таңда аталған нысандар жарты жылда бір-ақ рет тексеріледі. Ал, азық-түлік сататын сауда нүктелері жылына тек бір рет қана тексеріледі. Толықтырылған заң бойынша мемлекеттік тіркеуден өтіп, ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерді 3 жыл уақыт өтпейінше, тексеруге болмайды. Бұл жағдайлардың барлығын мемлекетіміз елімізде шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында жасап отыр. Бірақ, өкінішке қарай, кейбір кәсіпкерлер мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдайды ел игілігі үшін емес, керісінше, тек өз пайдасына ғана жаратуға тырысады. Мысалы, жоғарыдағы заңды пайдаланып, кейбір кәсіпкерлер санитарлық тексерулерді мүлдем болдырмау мақсатында бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан асханасын немесе дүкенін 3 жылдан кейін бас­қа біреуге жалға беріп немесе өз туысына сатқан болып, өзге атпен тіркеуден қайта өткізеді де, жұ­мы­сын одан әрі жалғастыра береді.

Бірақ, құжат бойынша бұл сауда нүктесі басқа адамға көшкендіктен, ол жаңадан ашылған нысан болып есептеледі де, заң бойынша оны тексеруге болмайды. Осындай жолмен кейбір кәсіпкерлер онсыз да сиреп кеткен жоспарлы тексеруді мүлдем жасатпауға тырысады. Тазалық жоқ жерде неше түрлі жағдайдың орын алатыны белгілі. Жаңағыдай әрекет жасаған шағын бизнес иелерінің кесірінен ел арасында жұқпалы аурулар таралуы мүмкін.

Заңмен міндеттеу керек

Былтыр жазда үрмелі ойын­шық­тардан құрастырылған ойын алаңы және оның зияны жөнінде жазып, дабыл қаққанбыз. Сол жолы қаладағы осындай бірнеше ойын алаңының қожайындарымен және Орал қаласы бойынша мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы қызмет­кер­лерімен жолығысып, осы бағытта бірнеше сұрақ қойдық. Сонда ұйымдастырушылар ойын алаңын құрудың ережесі жөнінде білмейтіндіктерін аңғартса, СЭС қызметкерлері оларды тексеруге құқықтары жоқ екендігін айтып, ақталды. Кәсіпкерлер биыл да қаланың әр жерінде ойын алаңдарын жасақтап, ақша табуда, ал балалардың өмірі үшін мұның қауіпті екеніне ешкім пысқырып та қарап жатқан жоқ. Дүкендерден мерзімі өтіп кеткен тағамдарды да жиі кездестіретін болдық. Мысалы, осы жолдардың авторы жақында бір дүкеннен ет консервісін алып, ол бұзылып кеткесін кері әкеліп тапсырды. Көршілердің бірі тағы бір дүкеннен жаңғақ дәнін сатып алып, одан жыбырлаған уақ құрттарды көріп, қоқыс салатын жәшікке лақтырып тастағанын айтты. Дүкеннен мерзімі өтіп кеткен кәмпит сатып алған танысым оны пайдалануға қауіптеніп, «жойып»­ жіберді...

Осы тақырыпта сұхбаттасып отырғанымызда, СЭС қызметкері толықтырылған заңға сәйкес өздерінің ісін жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлерге бара алмайтынын айтып, оларға сауда мәдениетін ең болмаса, сол аймақтағы кәсіпкерлер қауым­дастығы немесе «Даму» кәсіп­кер­лікті дамыту қоры» АҚ арқылы үйрету керек деген болатын. Тұ­тынушылармен мәдениетті қарым-қатынас қалыптастыруды және адам қауіпсіздігі мен ең­бек заңдылығын сақтауды кәсіп­керлерге заң арқылы міндеттеп қою керек. Сонда ғана елімізде жаңа дамып келе жатқан кәсіпкерлік қызметтің сапасы артып, дұрыс жетіледі, дейді мамандар.

Жалақы бермей, еңбекті қанайтындар да бар

Айтпақшы, кейбір кәсіп­кер­лер арасында жұмыс көзін ашқанымен, қызметкерлері мен жұмысшыларына еңбекақы төлемей, құр уәдемен тойдырып жүре беретіндер де кез­де­седі. Облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің қызметкерлері бізге осындай жағдаяттар жөнінде нақты ақпараттар да берді. Мамандардың айтуынша, өздерін қорғауды сұрап, өтініш айтып келетіндердің көбісі жеке кәсіпкерлерде жұмыс істейтін адамдар екен. Олардың сөзінше, жеке кәсіпкерлердің көбісі жұмысқа алған адамдарымен еңбек шартын жасауға аса құлықты емес. Басқа жерден жұмыс таба алмай, осы жерге қалайда табан тірегісі келіп тұрған адамның мұндай талапты бірден қоя алмайтыны түсінікті жағдай. Жұмысшы еңбегін қанау деген осыдан келіп шығады. «Оларды қорғау үшін жұмыс беруші мен жұмысшы арасында еңбек шарты жасалуы керек. Мұндай құжатсыз оларды біз қалай қорғаймыз?» дейді еңбек инспекторлары. Осы жағдайды қаперге салған мамандар жұмысшымен арада еңбек шартын жасауды кәсіпкерлерге заңмен міндеттеу керек дегенді айтты. Адами құқықтары тапталған жұрт осындай шағыммен «Нұр Отан» ХДП облыстық бөлімшесі жанындағы қоғамдық қабылдауға да жиі келетін көрінеді. Аталмыш қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Гүлжан Мұқтарқызының айтуынша, мұндай мәселелер көп жағдайда осы бөлмеде кесте бойынша қабылдау жүргізіп отырған құзырлы орган өкілдерінің ықпалымен оңды шешіліп жатады.

 Ел Үкіметі тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау-көмекті барынша пайдаланып, жеке ісін дамытып алған кейбір кәсіпкерлердің арасында мемлекетке салық, жұмысшыларға жалақы төлемегенімен тұрмай, жергілікті билік өкілдеріне қарсы шығып, заңға бағынғысы келмейтіндері де бар. Мұндай фактілер еліміздің түкпір-түкпірінде кездеседі. Мемлекет тарапынан қолдау алған кәсіпкерлер арасында өз өнімдерін жергілікті тұрғындарға қолжетімді бағаға ұсынып жатқандары да өте сирек. Олардың өзі жергілікті биліктің ықпалымен анда-санда әлеуметтік мекемелерге көмек көрсеткен сыңай танытып қояды. Оның үстіне Сыбайлас жемқорлыққа және экономикалық қылмысқа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Марат Ахметжановтың «Қазақстанның 16 ірі компания­сы ұзақ жыл бойы радикалдық діни ағымдарды қаржыландырып келген», деген өткен айлардағы мәлімдемесіне халықтың бейжай қарамағаны анық. Аталмыш 16 ірі компанияның артында еліміздің 16 ірі бизнесмені тұрған жоқ па?

 Міне, осындай жағымсыз әрекеттері арқылы бизнес өкілдері халықтың наразылығын туғызуда. Бұл жағдайдың ел экономикасын жақсартуды көздеген мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыруға кедергі келтіретіні анық. Сондықтан, Үкімет тарапынан берілетін көмек қаржыны алу үшін кәсіпкерлердің жоғарыдағы талаптарды іс жүзінде орындауы және оның халықпен қарым-қатынасы мен адамгершілік қадір-қасиеті ескерілсе екен дейміз.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

журналист.

Батыс Қазақстан облысы.

 

Соңғы жаңалықтар