1997 жылы тәуелсіз Қазақстан Елбасының бастауымен «Қазақстан-2030» Стратегиясы айқындаған жаңа даму жолына түскен болатын. Сол кезде, жаңа іргетасын қалаған жас мемлекеттің алдында үш бірдей қастерлі міндет тұрды: мемлекеттің іргетасын қалау мен нарықтық экономикада серпіліс жасау, әлеуметтік мемлекеттің негіздерін қалау, қоғамдық сананы қайта өзгерту. Бұл міндеттер Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында заңды жалғасын тапты.
Қазақстан жаңа даму жолына түскенде «Алдымен экономика, содан соң саясат» ұстанымын берік негізге алды. Әлемдік саяси үрдісте бұл қуатты қағиданы «Қытай құдіретінің» атасы Дэн Сяопин енгізген болатын.
1997 жылы тәуелсіз Қазақстан Елбасының бастауымен «Қазақстан-2030» Стратегиясы айқындаған жаңа даму жолына түскен болатын. Сол кезде, жаңа іргетасын қалаған жас мемлекеттің алдында үш бірдей қастерлі міндет тұрды: мемлекеттің іргетасын қалау мен нарықтық экономикада серпіліс жасау, әлеуметтік мемлекеттің негіздерін қалау, қоғамдық сананы қайта өзгерту. Бұл міндеттер Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында заңды жалғасын тапты.
Қазақстан жаңа даму жолына түскенде «Алдымен экономика, содан соң саясат» ұстанымын берік негізге алды. Әлемдік саяси үрдісте бұл қуатты қағиданы «Қытай құдіретінің» атасы Дэн Сяопин енгізген болатын.
Осы ұстанымға негізделген саяси-экономикалық дамудың өміршеңдігін Қытай елінің әлемдегі ең қуатты державаға айналуының өзі-ақ айқын дәлелдеп берді.
Қазақстан өз дамуының алғашқы қадамдарынан бастап, 1948 жылы қабылданған «Адам құқығының баршаға ортақ декларациясында» жарияланған негізгі құқықтар мен бостандықтарды конституциялық тұрғыдан бекітті.
Қазіргі таңда, Қазақ елі бейбітшіліксүйгіш қадамдарымен әлемдік эталон ретінде танылған. Бұл турасында, кезіндегі БҰҰ Бас хатшысы Коффи Аннан Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы білгенде осы ұйымды БҰҰ-ның кішкене көшірмесі ретінде бағалаған болатын.
Осы уақыт аралығында Қазақстан экономикасы қарыштап даму үстінде болды. Елімізге 160 млрд. доллардан астам шетел инвестициясы тартылып, бұл көрсеткіш бойынша ТМД елдері арасында алдыңғы орынға шықты. Елбасы Жолдауында айқын көрсетілгендей, «Нәтижесінде, 2012 жылдың қорытындысы бойынша ІЖӨ-нің көлемі жағынан біз әлемнің экономикасы дамыған 50 елдің қатарына кіреміз».
Елбасы Жолдауында ХХІ ғасырдың он жаһандық сын-қатері алға тартылып отыр. Жолдаудан үзінді келтіретін болсақ, «Тарихи уақыт аса жеделдей түсуде. Әлем қарқынды түрде өзгеруде және болып жатқан өзгерістердің жылдамдығы адамды таңғалдырады». Енді Қазақ елінің геосаяси жағдайын саралайтын болсақ, бұл қатерлердің өзектілігі арта түседі. Себебі, Қазақстан үш діни-саяси өркениет ислам, христиан және будда-конфуциандық әлем қиылысында орналасқан ел. Оларға тән қайшылықтар мен бір-бірімен теке-тіресушілік осы геосаяси ортада аса асқына түседі және мұны соңғы уақыттарда Орталық Азия аумағында орын алған жаһандық деңгейдегі бірқатар оқиғалар дәлелдей түседі.
Тарихи уақыттың жеделдеуі мен елдердің экономикалық дамуындағы теңгерімсіздік заңсыз көші-қон мәселесін де ерекше алға тартып отыр. Қазір елімізде, әртараптан келген өз ұлтымыздан басқа қанша келімсектер жүргендігін құқық қорғау органдарының өзі де айқындай алмай отыр. Олардың көпшілігі еліміздің әртүрлі аумақтарындағы қылмыстық ахуалды ушықтырып, тұрғындар қауіпсіздігіне нұқсан келтіруде.
Қазақ елінің ендігі алдына қойған басты мақсаты – Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру. Елбасы Жолдауында «Соңғы 20 жылдан астам уақытта біз қоғам өмірінің барлық салаларына өте жоғары қарқынмен жаңғырту жүргіздік» деген болатын. Елбасы өз Жолдауында Қазақстан халқына осы мақсатқа жету жолында шешілуі тиіс жеті бірдей стратегиялық міндет жүктеп отыр және мұның өзі тарихи уақыттың сын-қатерінің алдын алудағы аса көреген қадам. Осы міндеттердің ойдағыдай шешілуіне үлес қосу әрбір қазақстандықтың қасиетті борышы болып табылады.
Жолдауды рет-ретімен саралап шығатын болсақ, менің ойымша, бірінші бағыттағы ерекше назар аударарлық мәселе – бұл мемлекеттік сыртқы қарыздарды реттеу мәселесі. Елбасы елдің мемлекеттік қарызының деңгейін тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеп отыр. Жаңа ғасырды сілкіндірген экономикалық дағдарыс кезінде көптеген елдердің сыртқы қарыздары кесірінен экономикалық дефольтқа ұшырағаны баршамызға белгілі. Сондықтан, Елбасы тарихи сын-қатерге сәйкесті елдің ертеңгі экономикалық қауіпсіздігін де ойлап отыр және бұл мәселені тұңғыш рет аса жоғары деңгейде көтерді.
Елбасы Жолдауында атап көрсетілгендей, «Қазақстан экономикасы – әлемдік ауқымда көлемі шағын экономика... Ел біртұтас корпорация секілді жұмыс істеуі тиіс...». Осы арада АҚШ, Жапония елдеріне тән корпоративті мәдениет ұстанымдарын зерттеу жұмыстарын қазақстандық университеттерге жүктеудің тиімді әсері болатындығы сөзсіз.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының пікірінше, «...табиғи ресурстарды басқарудың түбегейлі жаңа жүйесін енгізу қажет». Осы жерде, Қазақ елінің қазба байлығын күн санап құны кете бастаған АҚШ долларына сату мәселесін қараудың ұшқыны бар. Осыған дейін де Елбасы АҚШ долларының орнына жаңа әлемдік валюта енгізу мәселесін отандық және халықаралық баспасөз беттерінде бірнеше мәрте көтерген болатын және бұл ойлар да тарихи сын-қатермен үндесіп жатыр.
Елбасы ойына сүйенетін болсақ, «Отандық кәсіпкерлік жаңа экономикалық бағыттың қозғаушы күші болып табылады». Осы арқылы Елбасы орта тап құраушы күш орта және шағын кәсіпкерлерге үлкен сенім артып отыр. Бүкіләлемдік саяси-әлеуметтік ой-пікірге сүйенетін болсақ, кез келген елдің тұрақтылығы мен тиімді дамуының тірегі байлар мен кедейлер емес, тек орта тап болып саналады әрі бұл жаңа кезеңдегі тарихи сын-қатердің алдын алудағы стратегиялық міндет болып отыр.
Елбасы «Жаңа кезеңдегі әлеуметтік саясаттың маңызды құрамдас бөлігі ретінде ана мен баланы қорғауды жариялап» отыр. Осыған байланысты, мынадай ұсыныстар жасауға болады. Біріншіден, бес бала тәрбиелеп отырған аналарға ғұмырлық төлемақы тағайындау. Екіншіден, Ресейдегі тәжірибеге сүйене отырып, «Ана капиталы» мемлекеттік бағдарламасын қабылдау. Бұл шаралар тарихи сын-қатер тудырып отырған демографиялық құлдырауды тоқтатудың аса мықты тетігі болар еді.
Елбасы алға қойған аса басты міндеттердің бірі – «...ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеу...» және бұл да тарихи сын-қатердің алдын алудың қуатты шарасы. Осы міндетті ойдағыдай шешу жолында бірнеше шараларды іске асыруға болады. Біріншіден, Қазақстанда қызмет істеп жүрген шетелдік және отандық корпорациялардың мамандар даярлауға отандық университеттерге тапсырыстар беруін және оны қаржыландыруын заңнамалық тұрғыдан бекіту әрі ондай корпорацияларды салық жеңілдіктерін беру арқылы мемлекеттік қолдау. Екіншіден, отандық университеттердің халықаралық қорлар гранттарын пайдалануларына толықтай еркіндік беру. Үшіншіден, ғылыми-педагогикалық кадрларға әлеуметтік жағдайлар туғызу аса маңызды.
Қазақстанның көп векторлы сыртқы саясаты да өз жемісін беріп отыр. Ендігі жерде «Біз Кеден одағын және Біртұтас экономикалық кеңістікті нығайтатын боламыз». Елбасымыз посткеңестік аумақтағы саяси-экономикалық интеграция патриархы екендігін тағы бір мәрте дәлелдеп шықты және осының өзі тарихи сын-қатерге ынтымақтасып қарсы тұрудың аса тиімді аумақтық әріптестігі.
Елбасы Жолдауының өзегі – «Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көп конфессиялы қоғамымыз табысының негізі». Сонымен қатар, патриотизмге тәрбиелеу ісінде олқылықтар да бар. Әлі күнге дейін, патриотизмге тәрбиелеу ісінде «ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен» деп тарихи сабақтастықты негізге аламыз, мұның дұрыстығы күмәнсіз, бірақ тек бір сарынды тарихи анахронизм тиімсіз бола бастады. Жаңа дәуірдің жаңа қаһармандары болуы тиіс және олар бар да. Мысалы, күші басым лаңкестермен жалғыз арпалысқан ішкі істер әскерінің сайыпқыран сарбазы Ербол Отарбаевтың ерлігі, лаңкесті өз денесімен жауып қаза болған тараздық тәртіп сақшыларының ерлігі, Елбасы өз Жолдауында атап өткен Лондон Олимпиадасы спортшыларының жетістігі және т.б. Бұл келтірілген мысалдар Қазақстан халқының тарихи сын-қатерге қарсы тұруға отансүйгіштік рухы барын дәлелдей түседі. Ендігі мақсат осы рухты жаңғыру жолына бағыттай білуде.
Елбасы Жолдауында тіл мен дін мәселесі де жаңа сипатта көтеріліп отыр. Қазақ тілі барша қазақстандықтарды біріктіруші күшке айналуы тиіс және «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде». Қазақ тілін жаңа деңгейге көтеру жолындағы тиімді шаралардың бірі ретінде, мемлекеттік тілді еркін меңгерген басқа ұлттар өкілдерінің жалақысына үстеме қосуды ұсынуға болады. Ал, дін мәселесіне келетін болсақ, Қазақстанның барлық ислам елдерінің ішіндегі ең зайырлы ел екендігін естен шығармау қажет. Мұның өзі Қазақ елінің тарихи сын-қатерге қарсы тұруға этникалық және діни-конфессиялық қуатының жеткілікті екендігін айқын көрсетіп отыр. Ұлтаралық тұрақтылық пен дінаралық татулық Қазақстан қоғамының тарихи сын-қатерден аман-есен өтуінің нақты кепілі.
Сонымен, қорытындылай келетін болсақ, «Қазақстан-2050» атты жаңа стратегиялық бағытты жүзеге асыруда бізге – Қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктеледі. Бұл біздің тек парызымыз ғана емес, бұл бізге аса зор міндеттер де жүктейді.
Мұқтар ӘБІЛСЕЙІТ,
Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры,
тарих ғылымдарының докторы, профессор.
ОРАЛ.