34 жастағы Нидерландтың велошабандозы Францияның оңтүстік өңірінде қоныс тепкен Каркасон мен Кийан қалалары аралығындағы 183,7 шақырымдық қашықтықты 4 сағат 16 минут 16 секундта жүріп өтті. Аустралиялық Патрик Конрад («BORA – hansgrohe») екінші орын алса, колумбиялық Серхио Игита («EF Education – Nippo») үшінші сатыға жайғасты. Бұл кезеңде «Астана» клубы мүшелері арасында Омар Фрайле ең үздік нәтижеге қол жеткізді. 30 жастағы испаниялық легионер мәреге алтыншы болып жетті.
Жалпы есепте Тадей Погачар («UAE-Team Emirates») жеке-дара көш бастап келеді. Жеті кезең бойы 22 жастағы словениялық сайыпқыранның алдына ешкім түсе алар емес. Оның нәтижесі – 56 сағат 50 минут 21 секунд. Екінші және үшінші орындарда – франциялық Гийом Мартен («Cofidis, Solutions Crédits») мен колумбиялық Уран Ригоберто («EF Education - Nippo»). «Астананың» серкесі Алексей Луценко сегізінші сатыға сырғып түсті. Жерлесіміз көш басындағы спортшыдан 6 минут 30 секунд қалып келеді.