Спорт • 11 Шілде, 2021

Алматыда кәсіпқой бокс кеші өтті

293 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында кәсіпқой бокс кеші өтті. Асқар Салықбаев жетекшілік ететін MTK Kazakhstan менеджерлік компаниясының ұйымдастрыуымен өткен айтулы жарыстың басты жекпе-жегінде қазақстандық Сұлтан Зәуірбек пен шотландиялық Ронни Кларк жұдырықтасты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда кәсіпқой бокс кеші өтті

Екінші жартылай жеңіл салмақта өнер көрсетіп жүрген айтулы боксшылар Алатау бөктерінде WBO European нұсқасының чемпиондық белдеуін сарапқа салды. Сұлтанның есімі жергілікті жанкүйерлерге жақсы таныс. Кезінде әуесқойлар рингінде біраз белестерді бағындырған 25 жастағы қандасымыз қазіргі кезде кәсіпқойлар арасында тәуір нәтиже көрсетуде. Анықтап айтсақ, ол осыған дейінгі 10 кездесуінің барлығын жеңіспен аяқтап, жеті қарсыласын есінен тандырды. Қарсыласы – Ронни Кларк. Кезінде Еуропа чемпионы атанған 36 жастағы Шотландияның өкілі 25 рет шаршы алаңға көтеріліп, 21 рет басымдық танытты. Қос саңлақ арасындағы 10 раундқа созылған жекпе-жекте Сұлтан Зәуірбектің үстемдігі еш күмән туғызған жоқ. Біздің жігіттің мықтылығын барлық төрешілер бірауыздан мойындады. Осылайша, Сұлтан Алматыда алтын белбеуді иеленді.

Көпшілік аса ауыр салмақтағы Иван Дычко мен Денис Бахтов арасындағы бәсекені тағатсыздана күтті. Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында сан мәрте жеңіс тұғырына көтерілген 30 жастағы жерлесіміз кәсіпқой рингтегі өзінің тоғыз кездесуін АҚШ-та өткізіп, барлығында жеңіс тойын тойлады. Бұл – Дычконың Қазақстандағы алғашқы жарысы. 41 жастағы Денис Бахтовты да жанкүйерлер жақсы біледі. Қарағандыда туып-өскен ол кейіннен Ресейге қоныс аударды. Денистің кәсіпқойлар арасында жұдырықтасып жүргеніне табаны күректей 22 жылға жуықтады. Сол аралықта ол 58 мәрте рингке көтеріліп, 39 рет басымдық танытты. Кезінде даңқы дүркіреп тұрған Бахтовтың «болдырып қалғанын» бұл жолы анық байқадық. Иван оны бірінші раундта ұрып жығып, ауыр нокаутқа жіберді. 

Қазақтың мықты боксшылары – Дәурен Елеусінов пен Арман Рысбек арасындағы өзара кездесу де көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Әуесқойлар арасында елеулі табыстарға қол жеткізген қос қандасымыз кәсіпқойлар ретінде де «қара жаяу емес» екендерін байқатты. Бұл бәсеке барысында олар барын салды. Десек те Даурен қарсыласына қарағанда әлдеқайда алымды көрінді. Бесінші раундтан соң Арман жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты.

Кәсіпқойлар арасында жұдырықтасып жүргеніне аса көп уақыт болмаса да, миллиондаған жанкүйердің назарын өзіне аударып үлгерген Тұрсынбай Құлахметтің де қарқыны қуантарлық. Бұл жолы ол 35-тен аса кездесу өткізген Ресейдің сақа спортшысы Алексей Евченконы 10-раундта нокаутқа жіберіп, бірінші орта салмақтағы WBC International нұсқасының алтын белбеуін иеленді.

Сондай-ақ, Алматыдағы бокс кешінде Сағадат Рахманқұлов, Нұрбол Сұлтанбай, Талғат Шәйкен, Айдос Медет, Рахат Сейітжан, Ержан Залилов, Рай Сейітжанов, Қанағат Манаұлты сынды қазақтың былғары қолғап шеберлері өздерінің кезекті жеңістеріне қол жеткізді.