08 Қаңтар, 2014

«Мотоциклді маған мінгіз!»

353 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жексенбай мен Рақым бірінші кластан оныншы класқа дейін бірге оқыды. Екеуінің үйі бөлек демесеңіз, әлі күнге іргесі ажыраған емес. Ауыл азаматтарының бір-біріне деген құрметі, әсіресе, той-құдалықтарда білінеді. Жексенбай қызын ұзатқанда құдалыққа Рақым досын ертіп барды.

Жексенбай мен Рақым бірінші кластан оныншы класқа дейін бірге оқыды. Екеуінің үйі бөлек демесеңіз, әлі күнге іргесі ажыраған емес. Ауыл азаматтарының бір-біріне деген құрметі, әсіресе, той-құдалықтарда білінеді. Жексенбай қызын ұзатқанда құдалыққа Рақым досын ертіп барды. Жексенбайдың бұл құрметін Рақым қос келінді қатар түсіргенде қайтарды. Рақым­­ның құдасының үйінің қақ төрінде Жексенбай отырды.

Енді ешкімнен жасырмай-ақ қоялық, Жексенбайдың тағдыры әдепкіде тегіс жолдың бойымен дөңгелеп кете қойған жоқ. Өмір­дің бұралаң жолын да көрді, соқтықпалы, соқпақсыз жермен де жүрді. Бәріне кінәлі – арақ. Өзінің заманында төңірегіне ғұлама молда атанған шалдың немересі ішімдік деген дертті бойына әскерден жұқтырып келген еді.

Жексенбай осынау теріс әдетін үйленген соң да тастап кете алмады. Үйден береке қашты. Келіншегі беті-көзі көгеріп, төркініне жиі кететін болды. Мұның туыстары құдағиға жалынып-жалпайып, келіндерін қайта әкеледі. Алайда, Жексен араға ай салмай келіншегін тағы төмпештің астына алады.

Ақыры Сарыағаштағы құдағи шарт кетті. «Ішіме сыйған қыз сыртыма да сияды. Алқаштың теп­кісіне беретін қыз жоқ! Аулақ, түге!» деді.

Арада алты ай өткенде Жек­сенбай бәрібір шыдай алмады. Ең алдымен, бірі төртке толған, екіншісі екіге келген екі қызын сағынды. Көп сұлудың ішінен таңдап алған Алтыншашын да жамандыққа қиған жоқ. Осылай бір қызып отырған күні Сарыағашқа, қайын жұртқа тартып кетті.

Әділін айту керек, мұны ене­сі де тым жек көрмейтін. Тек мінезінің жеңілтектігіне, ерке­лігіне ренжитін. Әйтпесе, адал екендігін біледі.

Бұл қымсына басып кіріп келгенде екі қызы бірін-бірі қаға-соға: «Көке!» деп тұра ұмтылды. Кемпірдің кеңсірігіне ащы жас кептеліп қалды. Алайда, бойын тез жинады. «Әйел ұрғанды көрсетейін саған! Күйеусымақ...», деп оқтауды ала ұмтылды. Жексенбай «жаздым, жаңылдым» деп жатыр.

Кемпірдің шарты қысқа болды. «Отан боламын десең кемі үш жыл осы шаңырақта тұрасың. Екеуің де көз алдымда жүресіңдер. Әрі қарай көреміз...».

Осылайша, Жексенбай Сары­ағаштан, қайын жұрттан бір-ақ шықты. Сонда Нысанбай атты үлкен ұста бар екен, соған үйре­нуші болды. Арағын ада-күде қойып кетпегенмен, әйел ұрмайтын болды.

Енесі ақылды кемпір еді, үш жылдан соң қызы мен күйеу баласын әп-әдемі қылып, еліне әкеліп салды. Үш-төрт күн қонақ болып қайтарында құдағиы Ұлдықызға: «Жексенбайжанды жұмыспен тұсап ұста. Жұмыстың соңына түссе, арағын да бірте-бірте қойып кетер», деп қатаңырақ тапсырды.

Ауылға келген соң кеңшардың құрылыс цехына жұмысқа орналас­ты. Мұның қолынан келмейтіні жоқ. Жексенбайға тапсырыс беру­шілер көп. Өкінішке қарай, арақ қайтадан жиіледі.

Жұмыстың аяғында бұл бар, клас­тасы Рақым бар, жеті-сегіз жігіт арақ ішіп отырған. Сөз реті келгенде Жексенбай арақты қой­ғысы келетінін айтқан. Сол сәтте Рақымның: «Сен қойсаң мұрнымды кесіп берейін!» демесі бар ма?!

Ерегес осылай басталды. Ақы­рында екеуі көптің көзінше бәстесті. «Бүгін 1988 жылдың 14 тамызы. Аман болсақ осы жігіттер бәріміз 1998 жылдың 14 тамызында тап осы жерде жолығамыз. Сол уақытқа дейін сенің бір грамм арақ ішкеніңді естімесем, астыңа сол сәт жап-жаңа «Урал» мотоциклін мінгіземін. Керісінше болса, «Урал» мотоциклін сен маған мінгізесің», деді Рақым.

Бұл көптің көзінше қол берді.

Обалы не керек, Жексенбай сол он жылда бір татып алған жоқ. Тоқсаныншы жылдары құрылыс кооперативін құрып, жұмыс істеуге сонау Алматыға дейін шығандап кетті. Білетіндер: «Жексенбай пә­терлерге еуроремонт жүргізгенде өзге ұсталар тамсанып қарап тұрады», дейді.

Арақты үзілді-кесілді қойған соң, жұмысы да жүріп кетті. Өзіне бір емес, екі үй тұрғызып алды. «Қа­рашаңырақта отырсың ғой», деп інісіне дағарадай үй салып берді. Алдына мал бітті.

Сонымен, 1998 жылдың 14 та­­мызында баяғы сегіз жігіт құры­лыс цехының алдына жиналды. Араларында Құрманбек қана жоқ. Марқұм 1991 жылы жол апатынан қайтыс болып еді.

Бұл келе Рақымға: «Уралдың» кілтін әкел», деді. Дейтініндей бар. Сөзінде тұрып, жарты жұтым да ішпеген. Оны мына куәлар да растап тұр.

– «Уралды» сен маған мінгі­зесің! – деді Рақым.

– Қалайша?

– Солайша! Менімен бәстес­кеннен кейін маған ерегесіп арақты қойдың ба, қойдың. Сол он жылда бір емес, бірнеше үй салдың ба, салдың. Қораң малға толды ма, толды. Бұрынғы естіген ең жылы сөзің «әй, алқаш» болушы еді, бүгінде Жақа болдың. Қане, жаман болған жерің?! Осының бәрі менің арқам емес пе?! «Уралды» қайта сен маған мінгіз!

Жексенбай түтігіп кетті. Бірақ, Рақымның уәжіне уәж қайтара алмады. Үйіне барды да теріс қарап жатып алды. Дегенмен, ойланып қараса, содан бері мұның шаңырағына расында да бір «Урал» емес, мың «Урал» болатын береке кіріпті. Бір уақытта: «Алтыншаш-әй, ана қисықтың сөзінің жаны бар, әй!», деп орнынан атып тұрды.

Осы оқиғаны естіген ауылдың адамдары көпке дейін Рақымды кінәлап жүрді. Алайда, Жексенбай кластасына түк те ренжіген жоқ.

Қазір Рақым Жексенбайдың фирмасында жұмыс істеп жүр.

Абай БАЛАЖАН,

«SKIFNEWS.KZ» онлайн-газетінің бас редакторы.

Соңғы жаңалықтар