Қазақстан • 11 Шілде, 2021

Қуаңшылыққа қарсы қарекет

600 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Сиыр жылы сырбойылықтар үшін қиын жыл болып тұр. Соңғы уақытта арнасы төмендеп келе жатқан дарияның көктемде толып ақпайтыны қыстың күні-ақ белгілі болған. Мұндайда жауын-шашынның да көмегі көп еді. Алайда синоптиктер осы жылы ылғал жылдағыдан аз түсетінін жиі ескертіп отырды. Шынымен де, көктемде қылтия бастаған шөп шықпай жатып күйіп кетті. Арал ауданында күн жылына көлдер жағалауы ұйыққа айналып, су ішуге барған мал батып өле бастады.

Қуаңшылыққа қарсы қарекет

Көктемнің соңғы айында осы ауданда қыстан күйсіз шыққан мал шығыны көбірек тіркелді. Аудан әкімдігінің есебі бойынша бүгінге дейін 553 малдың өлексесі актіленіп, жойылған. Аудандағы төрт түлік қайта түгенделіп, бел­­гіленген нормативке сәйкес ал­дағы қысқа қажетті жемшөп мәселесі пысықталды. Қазір қа­жетті 9 095 тонна шөптің 22 па­йыз­ы тасымалданыпты. Қысқа шөп дайындайтын ерікті бригадалар жасақталып, көршілес Сырдария, Жалағаш, Қармақшы және Қазалы аудандарынан арнайы аралдықтарға бөлінген ша­бындық жерлерді оруға дайын­дық үстінде.

Жалпы аудан аумағы шөп шығымына байланысты үш ай­маққа бөлінді. 13 елді мекен «қы­­зыл», 6 ауыл «сары», ал 4 ауыл «жасыл аймақта» тұр. Аудан әкім­дігі жанындағы төтенше жағдай­лардың алдын алу жөніндегі комиссия төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылдап, бұл облыстық және аумақтық мем­лекеттік органдардың келісімдері негізінде Әділет министрлігінің ашық НҚА порталында 24 маусымда жарияланды. Жоспар бо­йынша министрлік оны бекітуі тиіс.

Әкімдік мәліметінше, дария бойындағы каналдарды тазалау, тоспалар салу, мен елді ме­кендер аумағындағы су ұңғы­маларын іске қосу қолға алынады. Ең бастысы, шөп бағасын тұрақтандыру мақсатында шаруа қожалықтарының тасымал шығындары өтелмек. Сонымен қатар Ақтөбе облысының Ыр­ғыз ауданындағы шаруа қожа­лық­тарынан тегін шөп әкелу ке­лісіліп отыр екен.

Қам жасамаса алдағы қыста қай ауданға да оңай тиейін деп отырған жоқ. Қызылорда қа­ласы мен барлық ауданда ар­найы штабтар құрылып, ша­бындық жерлердің нақты кө­лемі айқындалуда. Жеке шаруа­шылықтарға тиімді бағада мал азы­ғын сатып алатын жағдай жа­сау үшін әр елді мекендегі ауыл шаруашылығымен айналы­сатын ірі кәсіпкерлермен меморандумдар жасалды. Бүгінде аудандарда шөп жинайтын бригадалар жасақталып, науқан бас­талып кетті. «Жасыл ел» жас­тар қозғалысы арқылы күріш атыз­дарының, арықтар мен жаптардың басынан шөп оратын бригадалар ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, 3 шаруашылық «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК АҚ арқылы 490 тонна арпа сатып алуға келісімшарт жасасып, біртіндеп шаруашылықтар жемді қабылдап жатыр. Сонымен қатар биыл мал азықтық дақылдардың көлемі былтырғыдан 5,4 мың гектарға артық егіліп, 66,4 мың гектарға жетті.

Облыс бойынша биылғы қыс­қа 961,2 мың тонна мал азығы қажет. Өңірдегі жоңышқалық ал­қаптардың бірінші орымы 119,8 мың тонна болды. Жыл ая­ғына дейін 220,2 мың тонна жоңышқа жиналып, қалған 741,9 мың тоннасы табиғи шөп­пен және күріш сабанымен то­лықтырылатын болады. Бұл қуаң­шылыққа ұшыраған жұрттың жайы жергілікті биліктің наза­рында тұрғанын көрсетеді. Одан бөлек, жуырда облыстық кәсіп­керлік палатасы өкілдері қи­налған елдің ортасына барып, жағдайларымен танысып қайтты.

– Қазір қуаңшылық қай өңірде де байқалып тұр. Бірақ Аралдағы ахуал тым ауыр. Жүздеген мал опат болып, ауыл адамдары аман қалғанын арзанға болса да сатуға көшкен, – дейді кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Жас­ұлан Серіков. – Қолы ұзын кәсіпкерлер шүйгінді жер іздеп көшіп кетсе, ауылда қалғандары да қолдан келген қарекетін жасап жатыр. Сондықтан да шағын шаруашылықтарға жемшөп субсидиясын беруді кешіктірмей қолға алған жөн.

Ендігі мәселе, төрт түліктің нақты санын анықтау. Аудан бойынша өлді деген 553 бас ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің деректер базасына енгендері ғана. Сырғаланбаған, құжаты жоқ малдар бұл есепте жоқ. Өтемақы төленген жағдайда да оның иесіне ештеңе тимейтіні анық. Мал санын жасыру жалғаса берсе ертең ауданға жеткізілетін жемшөп жетпей қалуы да мүмкін. Мұндай жағдайда кімнің қорасынан қанша түлік өріп шығатынын жақсы білсе де, ауыз ашпай келген ауыл әкімдері мен ветеринар мамандар да жауап беруге тиіс. Жыл сайын­ жұрттың қорасындағы малын есебіне енгізіп, «бізде биыл мал басы бәлен пайызға өсті» деп жалындатып сөйлеуге құмар әкімдер енді сол түлікті сақтап қалуға қа­рекет жасауы керек.

Палата мамандары ұңғыма қазу Аралдан өзге аудандарда да қолға алынуы керек деп есептейді. Олар биыл көктемде облыс әкімдігі мен орталық органдарға мал азығы қорын құру жөнінде ұсыныс жолдапты. Жемшөпті арзан кезде сатып алып, қыста шаруашылықтарға сол бағамен тарату арқылы ет бағасын тұрақтандыруды көз­деген бұл ұсыныс Премьер-Ми­нистрдің орынбасары Р.Скляр мен «Атамекен» ҰКП тарапынан қолдау тауып еді.

Қазір облыста мал азығын дайындауға еріктілер тобы да жұмылдырылып жатыр. Мысалы, Арал ауданында қиналған ел­дің қажетіне жараймын деген 30 жас Жетес би, Қаратерең ауыл­дық округтерінен шөп орып, шаруаларға жеткізіп беруге дайын.­ Сырдария ауданы Шіркейлі ауылдық округіндегі «Мәді қажы» серіктестігі де қуаңшылықтан қи­налған жұртқа алғаш қол ұшын созған құрылымның бірі. Шаруашылық басшысы Сейіт­камал Сұлтановтың ай­туын­ша, бұлар аралдықтарға 5 мың бау жоңышқаны көмек ретінде жеткізген. Жақында осы серіктестікке барған облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жұрт болып жұмылғанда ғана қи­ындықтан шығуға болатынын айтты.

– Арал, Қазалы аудандарында қуаңшылыққа байланысты мал азығының жетіспеушілігі орын алуда. Осы ретте, аймақтағы шаруа қожалықтары шөпті басқа облыстарға сатпас бұрын осы екі ауданға қолжетімді бағада ұсынуы керек. Біз осындай бірлік танытқан жағдайда ғана бұл қиын кезеңнен шығамыз, – деді облыс басшысы.

Облыс әкімінің тапсырмасымен жемшөп­тен та­рыққан шаруаларға жәр­дем­десуге ерік­тілер күш жұмыл­дыруда. Жаңа­қорғанның тау беткейіндегі шаруалар үшін «Түгіскен» тұқым шаруа қожалығына қарасты аумақтан тегін шөп оруға мүм­кіндік берілді. Бұл бастаманы қолдай жөнелген Қыраш және Қосүйеңкі ауылдық округтері жас­тары іске кірісіп кетті. Шиелінің «Ақмая» шаруа қожалығында 7 480 бау шөп жиналып, оның 2 500-і ауыл тұрғындарына таратылып берілді. Жалпы, «Жастар ресурстық орталығының» бастамасымен жүзеге асырыла бас­таған «Жастардан жәрдем» акция­сы аясында аудандардағы ерікті жастар осылайша игілікті іске жұмылды. 

Қиындықты жеңуге жұмылып, қуаңшылыққа қарсы қарекетке кіріскендердің тірлігі алғашқыда абдырап қалған ауылдағы ағайын­ның көңілінде үміт отын оята бастағандай.

 

Қызылорда облысы