Руханият • 11 Шілде, 2021

Бекершілік

444 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Біздің көбіміз – өмір бойы ең ғажап, ең ұлы армандарымызды күнделікті күйбең тіршіліктің шаңына көміп, тұншықтырып, ақыр соңында сол босқа өтер бекершіліктің қо­лына беріп өлтірушілерміз. Ең қорқы­ныш­тысы – сол әурешілік бара-бара адам­зат­тың негізгі өмір мәніне айналып бара жатқан. Біз тіпті өзіміздің өмірге кел­гендегі ұлы мұ­раттарымызды біржола ұмы­тып, сол бекерге өтер бос ғұмырдың тұтас­тай құрбанына айналамыз. Әрине, әр адам – индивид. Біреудің өмірін құр бекершілік деп құрдымға ысыра салудан, жалпы жер бетіндегі барлық адам бес күн жалғанды бекер сүріп жатыр деуден аулақпыз. Өзінің саналы ғұмырын ғибратты кешіп өткен ғұламалар, данышпандар көп. Дегенмен біз айтып отырған күйреуік күйдің тұзағына тұтқындалғандар үлесі бәрібір көп.

Бекершілік

Кейде тіпті адам қарапайым өзінің сұ­лулығының да тұтқынына айналып, жалғанды ақыр соңында жалғыз өзі тәмамдайтын кездер болады. Асқан сұлу, керемет көрікті мына бір перизаттың айна алдында жалғыз отыруы бізді осы ойларға жетелеп кетті...

1892 жылы небәрі 18 жастағы қылқалам шебері Чарльз Алан Гилберт осынау ең әйгілі оптикалық иллюзияны жарыққа шы­ға­рады. «Бәрі – бекершілік» деп атаған картина өз көрермендерін әлі күнге дейін таң­ғал­дырудан талмай келеді. Тіпті осынау оп­ти­калық иллюзиямен бедерленген бейне әлі күнге дейін көптеген суретші мен фотографты өзіне елік­тіріп, жаңа сүрлеу салып келеді.

Біз кейде еріксіз шындықта жоқ нәрсені көреміз. Суретші Гилберттің бұл картинасына қарап тұрған адам ең әуелі қуарған бас­сүйекті көреді. Ал шын мәнінде ол – жай ғана айна алдында өзінің өмір жолына айнадағы ару арқылы үңілген сұлу перизат бейнесі.

Бұл жерде де айтарымыз, әлбетте кей адам бірден кербез келіншектің кескінін аңғаруы мүмкін. Әлемде қанша адам болса сонша махаббат, сонша жалғыздық, сонша көзқарас бары белгілі. Дегенмен қылқалам қиялының, құндылық құпиясының, сурет сиқырының күші бізді осынау картина алдында үлкен сұрақтарға жауап іздетеді.

Шынымен, бұл суретте бес күн жалғанның бекершілігін бейнелеген бас сүйек пе, жоқ өмірдің қызылды-жасылды сұлу сәттеріне алданып, өз сұлулығының құрдымына жұ­тылып, ұзақты күнге айна алдында отырған кербез келіншек пе?