Қазақстан • 11 Шілде, 2021

Өнертапқыш өрт сөндірудің тиімді тәсілін тапты

1008 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әулиеата өңірінің тұрғыны Марат Аюбаев бұл күнде бірқатар жобаны ойлап тапқан өнертапқыш ретінде белгілі. Жас күнінен техниканың қыр-сырына қанығып, өз бетінше талмай ізденіп, нәтижесінде жиырмаға жуық жаңалық ашқан. Жаңалықтарына алған патенті де бар.

Өнертапқыш  өрт сөндірудің тиімді тәсілін тапты

Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын инженер мамандығы бойынша тәмамдап, қырық жыл бойы қызмет атқарған кейіпкеріміз бүгінде зейнет жасында. Дегенмен өнертапқыш осыдан біраз уақыт бұрын өрт сөндіру машинасын ойлап тауыпты. Марат Аюбаевтың айтуынша, аталған жоба өртті сөндірудің тиімді жолдарын ұсынады әрі тілсіз жауды жедел ауыздықтауға көмектеседі.

«Қазір қарап отырсақ, талай адам өрттің салдарынан қайтыс болуда. Қызыл жалынның табиғатқа, қоршаған ортаға да тигізер зия­ны орасан. Біз әрбір адамға өз туысымыздай қарауымыз керек. Өрттен зардап шеккендер, ажал қармағына ілініп жатқандар үшін де жаным ауырады. Осындай жағ­дай­ларды көріп отырып, менде мұн­дай апаттан қалай құтыламыз, қайтсек мұның алдын алуға болады деген сұрақ болды», дейді өнертапқыш.

М.Аюбаев қазіргі кезде өрт сөндіру жүйесінде қателіктердің бар екенін айтады. Ол өзінің жобасында жанармай құю бекеттерінде және қазандық орталықтарында жарылыс немесе өрт оқиғасы орын алған жағдайда қолданылатын тиімді жолдарды ұсынады. Өнер­тапқыш нысанның төбесіне жарылыс клапанын орнатып, оның төбесіне жеңіл материал қойып, сол арқылы өртті немесе қысымды сыртқа шығарып жіберуге болатынын айтуда. Жалпы алғанда, бұл өрт сөндіру машинасының адам өміріне тигізер пайдасы көп екен. Әрі бюджет қаражатын үнемдеуге де таптырмайтын тәсіл болып отыр.

«Мәселен, өрт оқиғасы далада орын алса, оны сөндірудің машақаты көп. Сол өртті көп адамдар болса да, көп техника қатысса да, әрең өшіреді. Бұған көп шығын кетеді. Мұндай жағдай өзге мемлекеттер мен еліміздегі басқа қалаларды айтпағанда, Жамбыл облысында да орын алған болатын. Бір ғана Меркі ауданындағы жанармай құю бекетінің өртенгенін ел біледі. Ал мен өртті бу қысымымен өшіру тәсілін ойлап таптым. Физикалық заң бойынша 1 текше метр судан 500 текше метр бу алуға болады. Сонда салыстыратын болсақ, «Аюбаевтың өрт сөндіру машинасы» 5 мың қазіргі өрт сөнді­ру машинасымен бірдей», дейді М.Аюбаев.

Сонымен қатар «Аюбаевтың өрт сөндіру машинасында» орналасқан немесе оған жалғасқан ұңғы арқылы аталған машина өрт­ті жағалап, оны будың қысымы арқылы өшіріп отырады. Тіпті бұл тәсілге көп адам мен тех­ни­каның да қажеті жоқ екен. Өнер­тапқыштың айтуынша, өрт кезінде машина экипажында 4-5 адам болса да жеткілікті. Сол кезде өртті сөндірудің жылдамдығы артып, бұл адам үшін де, қоғам үшін де тиімді болмақ.

Тілсіз жау қай кезде де қауіпті. Өрт оқиғасының салдарынан талай адам опат болып, талай нысанға зақым келуде. Одан бөлек, оның материалдық залалы тағы бар. Бұл ретте М.Аюбаев өзі ойлап тапқан өрт сөндіру машинасының осындай тиімді жақтарын айтып берді. Сонымен қатар «Аюбаевтың өрт сөндіру» машинасын басқа да жағдайларға қолдануға болады. Мәселен, бұл жоба жұқпалы инфекция таралған бөлмелер мен мүліктерді залалсыздандыруға, кене немесе басқа да улы жәндік­терді өлтіруге, қыстың күні қатып қалған су құбырларын ерітуге, цистерналарды немесе өзге де жа­нармай құйылған ыдыстарды бумен шаюға керек екен. Мұның бәрі де адамның қауіпсіздігі үшін қажет дүниелер болып отыр. Егер өнертапқыштың бұл жобасына қолдау болатын болса, бәлкім бір­қатар мәселе оң шешімін табатын ба еді.

Кез келген жобаны іске асыру үшін қаражат керек екені белгілі. «Аюбаевтың өрт сөндіру машинасын» қолданысқа енгізу үшін де қыруар ақша керек. Өнертапқыш өзі ойлап тапқан бұл жобасының өміршең екенін, адамға, қоғамға пайдалы екенін айтуда. Тіпті ол 2019 жылы өрт сөндіру машинасын тәжірибе сынағынан да өткі­зіп көріпті. Оған Алматы қаласы­нан тиісті мамандармен қатар, Жамбыл облысының әкімдігі­нен және жергілікті төтенше жағ­дайлар департаментінен де мамандар қатысыпты. Сондай-ақ М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің мұнай, газ және механика факультеті кеңесінің де оң шешімі берілген. Өнертапқыштың аталған «Өрт сөндіру технологиялары» бойынша өнертабысымен танысу және талқылау кезінде өңір ғалымда­ры оны оқу үрдісіне пайдалану мүм­кіндіктерін қарастыру жөнінде де айтқан. Алайда өнертапқыш енді бұл жобасына еліміздің Тө­тенше жағдайлар министрлігі, Жамбыл облысының әкімдігі сияқ­ты тиісті орындар көңіл бөліп, қолдау көрсетсе дейді.

 

Жамбыл облысы